Ескі ақындық

Бөлім: Шәкәрім және дәстүр, дін 79

Мұны оқып ұландар,

Үмбетей жырын тыңдаңдар!
Байқап оқып әрбірін,
Ақылға салып бар сырын,
Не деп отыр, көр түрін.
Абылайдың алдында,
Салып отыр, көрдің бе,
Басына көшкен тағдырын,
Сыртын ұқпа мұны аңғар!
Бүгінгілер айтса жыр,
Буын бірдей бәрі бір.
Үмбетейше құбылтып,
Сала алмайды басқа түр.
Тақылдатып айтасақ,
Ұйқасқа жылдап қайтсақ та,
Аяқты бірдей бассақ та,
Шықпайды бізден терең сыр.
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Құраннан жеті үн ілген,
Жеті үнге сегіз сыр берген
Қазақтың сөзі ұзынды,
Сегізі сыр бір қыр берген.

Сөз ғылымын меңгерген,
Би, шешен, ақын сөз білген.
Нақылмен астарлап ұғымын,
Құраннан аят сыр түйген.

Сөз алма деп кісіден,
Кісілігіне қарап іс білген.
Ақылын алған ескі ақындар,
Сөзіне қарап меңгерген.

Ғылымын жанның түсінген,
Ғалым ғой сөзге жүгінген.
Аталы сөзге тоқтайтын,
Хан болар елді билеген.
(Б.Т.К)
*** ***
Жырдың жайын білмейтін
Бізде осындай ылаң бар.
Ескі ақын бізден әлі артық,
Ол кезде туған бала артық,
Жасымыздан шал артық,
Тақпақ пен мақал тағы артық,
Суырып салма жағы артық.
Айтады олар ойланбай,
Сыпыра жырау, Шортанбай,
Үмбетей мен Марабай
Алды артына қарамай,
Соққанда жыры суылдап,
Жел жетпейтін құландар!
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Ақылмен кісі аталар,
Сөз астарын бағамдар.
Пайдасыз сөзді алмаған,
Тектілік сөзден басталар.

Нақылыңда құран бар,
Аятпен ғылым сыры бар.
Мақалмен сүннет бекіген,
Қазақтай ұлт қайда бар.

Қазақпын деп мақтанар,
Біліммен зиялы аталар.
Сөзі жоқ мирас меңгерген,
Ақыл жоқ, қайдан ар болар.

Жеті арыс текке жалғанар,
Қазақта жаннан ғылым бар.
Үлкен бастың көркі бөркі деп,
Салмағы да лайық ар болар.

Жырында қазақ жеті үні бар,
Құраннан мақам ой алар.
Нақылмен қазақ жырында,
Ақиреттің ғайып сыры бар.

Желден жүйрік құландар,
Қуаты ойдың тұлпарлар.
Жыршылар мініп талабын,
Әлемге қуат қосқандар!
(Б.Т.К)
**** ***
Ескі жырдың ұйқасы-
Бірі қысқа, бірі ұзын,
Буындары бұзық деп,
Біз баспаймыз ол ізін.
Неге бұлай айтты деп,
Сынамаймыз негізін.
Ойлай келсек, ескі жыр
Салады тұлпар жүрісін,
Міне, байқа мұнысын.
Кейде жорға, кейде жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Кейде арындап, кейде шап,
Адымын алыс құлаштан,
Алады кейде тынысты.
Солқылдатып жүрісті,
Осындай жырды ұнаңдар!
(Шәкәрім әулие)
**** ***
Сөз сөйлеген мақалдап,
Астарын бүгіп тұспалдап.
Сөз мінезін кісілік,
Сар далада шапқылап.

Жылқыдай алуан жүрісті,
Жырлаған шешен не істі.
Өлеңмен ойын жеткізген,
Бейнелеп сырын тұрмысты.

Ел билеген даналар,
Майталман сөзге жорғалар,
Құлашын кеңге сермейтін,
Абыздар мен хан бабалар.

Тұлпардай кең тынысты,
Жылқыдай түрлі жүрісті
Қалдырған бізге мирасын,
Аманаттап дәстүр дін істі.
(Б.Т.К)
*** **
Құлпырмай ма тау мен жер?
Ескі жырды көрсеңіз,
Ойланып көңіл бөлсеңіз,
Сырына баға берсеңіз,
Таң қаларлық ісі бар,
Көңілді тартар күші бар,
Асықпай тыңдап, шыдаңдар!

Кейде жыршы айтады
Ақ бөкеннің жүрісін.
Зырқырап барып қайтады,
Алады тағы тынысын.
Төрт аяғы көрінбей,
Бұлдырап желер ерінбей,
Кейде қарғып кетеді,
Ылғи желіп, керілмей.
Жарқ беріп, бұл етеді,
Бұрынғы беттен бұрылып,
Барған сайын шынығып,
Кейде аяңдап, тынығып,
Айтылса соған қисынып,
Кетеді бойың исініп.
Ойнағандай құлын-тай,
Жырда болар талай жай,
Кетпеңіздер байқамай,
Боласың әлі бұған зар!
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Жер ананы құлпыртқан,
Құранның үні тылсымнан.
Үнді сөзге түрленткен,
Ұлттың ойы сөз ғылымнан.

Сөз қуаты нұрынан,
Сары, көк және қызылдан.
Ақ пен қара екі тек,
Тоғыз түр беріп құбылтқан.

Тоқсан ауыз сөз айтқан,
Тоғызбен түйіп тобықтан,
Ясауи баба жырлаған,
Сөз тегің, құран ұғынсаң.

Ескі жырдың ақылын,
Сөздің сырын нақылын.
Санмен байлап құранға,
Дана Абай жыры асылың.

Қалды ма бүгін ақының,
Ғылымын білген санының.
Адасты дінші, ғалымдар
Шеше алмай баба нақылын.

Жетесіз үлкен басында ар,
Қалмады билер сөз ұғар.
Суық ми, сасық тұманмен,
Қыз қатын ділі болды қар.
(Б.Т.К)
*** ***
Кейде айтады ақындар
Жайдары желдің соғысын.
Қатайтып, кейде баяулар,
Түрлендіріп долысын.
Кейде ақырын сыбырлап,
Жилей басып, жыбырлап.
Әкетер алдап ойды ұрлап,
Кейде кетер сырқырап,
Құйындатып бұрқырап,
Тағы да желпіп, уантып,
Жас баладай қуантып,
Айналып келіп басады,
Бас қисының тоғысын.
Қате деме онысын,
Анықтап ұқ сонысын,
Шатақ ұқпа, шын аңғар.
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Бейнелеп ақын жел үнін,
Қытықтап пенде сезімін,
Түрлі жайға жетелеп,
Кездірген оймен ел ішін.

Жастықты еске түсіртіп,
Ғашығын оймен құштырып.
Кейде қозғап қайғыны,
Бастың деп жаза ұқтырып.

Шежіреден сыр тартып,
Насихатын діннің және айтып,
Тәубеге кел деп шақырар,
Уәдесімен құдай қуантып.
(Б.Т.К)
*** **
Кей ақындар мысалдар
Мөлдір судың аққанын
Арыстандай ақырап,
Күрілдеп, желіп, сарқырап,
Баяулап барып ақырын,
Жатады күнге жарқырап.
Мініңді тырнап ашытар,
Жігеріңді тасытар,
Тәтті сөзі балдай боп,
Насихаты шамдай боп,
Қасиеті қандай көп,
Елжіретіп сүйекті,
Бергендей боп тілекті,
Қышыған жерді қасытар.
Міне, осыны біліп ал!
Жақсы ақының тілі бал,
Ескі жырды сипаттар
Қырдан құстың ұшқанын.
Құмарына құйылып,
Қанатты қомдап қысқанын,
Желге қарсы желбіреп,
Аспанға қайта шыққанын.
Қайшылап қанат қаққанын,
Асығып оқтай аққанын.
Кейде қақпай қанатын,
Жұлдыздай ағар сызылып,
Алдыңғы түрден бұзылып,
Қарасы кетер үзіліп.
Ескі жырда кернеу тұр,
Осының бәрі білініп,
Ақынның сырын кім аңдар!
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Сөз астарын бақсаңыз,
Ішкі үнін ойын тапсаңыз,
Қазақтың ескі жырында,
Алты ақыл, жеті ой алсаңыз.

Құлақтан кіріп бойды алар,
Ақылға қуат ой қосар.
Жетелі жанды желпінтіп,
Санамен қуат жалғанар.

Ар деген білсең намысты,
Ғылымды кісі, жан ісі.
Аталы сөзге тоқтайтын,
Иманнан хабар ар күші.

Алланың тілі харіпсіз,
Діліңмен ұлттық таныпыз.
Сөзімен көркем бейнелеп,
Кернеуін қуат алыппыз.

Өлшеуін біліп санменен,
Құраннан аят ар білген.
Ақындар көп қазақта,
Кітабын алған жанменен.
(Б.Т.К)
*** ***
Кейде күннің райын,
Сипаттаған түсі бар
Бір айы мен бір айын,
Жазы, күзі, қысы бар.
Қарлы боран, қара жел,
Бұлдыр қағып асар бел.
Жазғы сағым жай таңдап,
Дегендей боп мұнда кел.
Кейде бұршақ, кейде қар,
Кейде жауып, көп нөсер,
Ә дегенше ашылып,
Аптыққан желі басылып,
Өтірік деме, ойға сал!
Осыны жаттап ұғып ал,
Ақындыққа құмарлар!
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Әлем сөзден жаралған,
Жаралыстың үні бар
Алланың сөзі, рұқы боп,
Ақыл мен сөзге айналар.

Құранмен сандық белгі бар,
Бар әлемнен хабарлар.
Кітаптарда ғылым бар,
Шындық қуат аталар.

Сөзінде қазақ кітабы,
Тылсымның сыры тұрағы.
Өлшеусізден үн алып,
Бейнесі сөзбен шырағы.

Рухтың үнін Ғисамен,
Көркем сөздің тегінен.
Інжіл, Тәурат, Забурден,
Қазақтың тегі нәсілден.

Құранның жарық үнінен,
Пайғамбарлық сүнеттен.
Судың үні, жер көктен,
Саяздық және тереңнен.

Бар нәрсені сөз қылар,
Қасиетін сырын айқындар,
Адам атадан қалғанды,
Ақындық өнер ғылымдар.

Қарсылығы және бар,
Ақыл, ойды ұрлатар.
Ақындық өнер үлгісі,
Зайырын ұлттың айқындар.

Ал енді байқаңдар,
Қазақтың тегін жарандар.
Өлеңмен құран жеті үнін,
Жырлап жүр ме ақындар?
(Б.Т.К)

2 thoughts on “Ескі ақындық

    1. Рахмет Гаухар. Жақсылықты ұнатқаның жүрегіңнің тазарып жатқаны

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *