Жандарбек Бұлғақовқа

Бөлім: Ата-дәстүр өлеңдері №3 97

Жандарбек Бұлғақовтың айтқан керемет шумағы.

………….  …………..

Бұл дүниеде Аллаға серік қосып
Білгің келед(і) болашақ дерегіңді
Құмалақшы кемпірге жүгінесің
Алла алдында түсіріп беделіңді
Өзіңнен тиын-тебен тілеп отырған
Ол кемпір қайдан берсін керегіңді
Қазағым осыншалық аңқау ма едің
Көтерген түбі тесік шелегіңді
Қойдың өзі менсінбей тастап кеткен
Құмалаққа сыйынып не көрінді

***   ****

         Жауап

Кемпірді қалай мазақтайсың,

Сынаптай сусып сырғақтайсың.

Боқты құтарушы атады деп

Шайтандай күліп қылжақтайсың.

Япырмау серік деген иман еді,

Адамзаттың ақылымен жиған еді.

Шариғат тіршілікке «стандарт» боп,

Серік қостың деген ұран енді.

Кемпір ашсын мейлі құмалағын,

Жақсы-жаман айтып болжауларын.

Қайдан ғана ішіне кіріп біліп алдың,

Сенімі жаратқанға бұзылғанын?

Тағдырын себепшіден білмек болса,

Сәл ғана күпірлікпен  шалыс басса,

Құдайын сатқан жоқ қой құмалаққа,

Серік қостың дегенің құр далбаса.

***   ***

Әй, Бұлғақов, Бұлғақов.

Тоғыз ай он күн толғатып,

Ысқақтай пайғамбар бабаңды

Кемпір ғой туған толғатып.

Ақындыққа шайтандық,

Болады сын ерлерге.

Кемпірдің сыны ақ жаулық,

Сөздің құнын білгенге.

Құранда Құдай мақтаған,

Кемпірлерді сақтаған.

«Кемпір қосақ» киені,

Көрсеңдерші аспаннан.

Ақындар сөзді сақтаған,

Ұлтының дәстүрін ақтаған

Сөз құнын терең меңгеріп,

Аманат, уәде ақталған.

Кемпірлер ашса құмалақ,

Жақсылық сөзбен болжау сап.

Жақсы сөз — жарым ырыс боп,

Қолдайды сөзін аруақ.

Қырықтың бірі қыдыр ғой,

Қария да бала біліп қой.

Қатесі болса сөзінің,

Зілі жоқ үлкен әжең ғой.

Мүмкін қысып таршылық,

Сұрауға жұрттан ар сынып,

Әумин деп айтсаң болмай ма?

Ақылын айтса жақсылық.

Берсең тиын үлкенге,

Мүсәпір әлде кедейге,

Садақа сауап болмай ма,

Дені сау жас пен мүмінге!

***  ***

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *