ТҮС ОҢАЛМАЙ – ІС ТҮЗЕЛМЕС!

     Түстің мағынасы, оны жору сипаттары жөнінде фольклортанушы Ә. Диваев («Түстің баяны») пен ғалым Э.Б.Тайлор («Первобытная культура») жан-жақты зерттеу жүргізген болатын. Бұрын да, қазір де түстің мәнін ашуға ғылыми талпыныстар жасалғанымен, оның сыры толық ашылып отырған жоқ. Алайда «Пайғамбарлықтың қырық алтыдан бір нышаны» деп саналатын жақсы түс – болашақтың бағдары іспеттес. Оған тарихи ұлы тұлғалардың көрген түстерінің өңінде ақиқатқа айналуы нақты дәлел боларлықтай…

 

Исламда түс үш топқа бөлінеді. Олар: рахмани, шайтани, аяни. Анатомияда адамның ұйықтау мезетіндегі таңғы төрт пен бестің уақыты – түстің уақыты деп саналса, халық ұғымында таңсәрідегі түс адамның болашақ тағдырын меңзейді. Ал бұл – таңсәрідегі уақыт – «аяни» түс кезі. Ұлық Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) хадис-шәріптерінің бірінде: «Жақсы түс – пайғамбарлықтың қырық алтыдан бір нышаны» деп айтылғанын басшылыққа алған кейбір дінтанушылар Аллаһ Тағаланың түзу жолындағы адал мүминдердің көп түс көрмейтінін, тек қана қатты қиналған кезде сол тығырықтан шығатын жол көрсеткен «аяни» түстерді көретінін айтады. Біздіңше, адам баласы қиналған кезінде ғана емес, мамыражай шағында да «аяни» түстерді көреді. Аллаһ Тағала мейірім шапағатын төксе, оның келешегі де түсіне аян болып кіреді.

… Бір күні Харон ар – Рашид патшаның түсінде оның аузындағы барлық тістері түсіп қалады. Ол ұйқысынан оянысымен көріпкеліне түсін жорытады. Сонда көріпкел: «Мұсылмандар әміршісінің көрген түсінің мәні мынада: ол өз туысқандарынан ұзақ ғұмыр кешеді» деп, патша тісінің түсіп қалуын оның барлық жақын жұрағатының өзінен бұрын көз жұматынына жориды. Расында да солай болады.

Әйгілі Кир патшаның да түсі өңінде шындыққа айналады. Оның түсіне аяғының астында шуағын төгіп тұрған жарық күн енеді. Ол күнді үш рет ұстамақ болып құшағына қысуға ұмтылғанымен, күн үш рет оның құшағынан сытылып шығып кетеді де, домалаған күйі алыстай береді. Көріпкелдер мұны: «Сіз отыз жыл патшалық құрасыз» деп жориды. Шынында да Кир патша отыз жыл бойы әмірін жүргізеді.

Кезінде Айша анамыз біздің Ұлық Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) да көрген түстерінің өңінде жүзеге асатынын айтып кеткен екен. Біз енді соған назар аударсақ, Ұхыд соғысының алдында Мұхаммед (с.ғ.с.) бір түс көреді. Онда ол сауытын кигенін, біраз сиырлардың бауыздалғанын, әрі қылышының жүзінің кертіліп сынғанын көреді. Ұйқысынан оянғаннан кейін түсін былайша жориды: «Сауыт – меніңше, Мәдинаның іші, демек Мәдинадан шықпай қорғанғанымыз дұрыс. Дұшпандардың шабуылын осы жерден күтіп алып, тойтарайық. Бауыздалған сиырлар – сахабаларымнан шейіт болатындары, қылышымның жүзінің кертіліп сынуы – жақындарымның біреуінің қайтыс болуы болса керек». Расында да сол соғыста жақын туысы, хазіреті Хамза (радиаллаһу) шейіт болады. Әбу Хұрайра риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алайһи уәсәллам) түсті үш түрге бөлгені былайша баяндалады: «Қиямет жақындағанда мұсылманның түсі көбіне рас шығатын болады. Сіздердің ең шынайы түс көретіндеріңіз – еш өтірік айтпайтындарыңыз. Түс үш түрлі болады: біріншісі — рахмани түс немесе Аллаһтың сүйінші хабары, екіншісі – шайтанның көңіліңізге қаяу салуы, үшіншісі адамның іштей өз-өзімен сөйлескен нәрселері. Кімде-кім жайсыз нәрсе көрсе, тұрып намаз оқысын, ешкімге айтпасын» (Мүсілім, Рүя, 6).

Имам Тирмизм, Хәйсами, Әнас ибн Малик, Ибн Сириндерден жеткен баяндаулар бойынша Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар таң намазын оқып болғаннан кейін жүзін жамағатқа қаратып, араларында түс көргендерінің бар ма екенін сұрайтын көрінеді. Егер де намазхандардың бірі «мен түс көрдім» деп айтатын болса, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар: «Жақсылық болса көрерсің, жамандық болса сақтанарсың. Жақсылық – бізге, жамандық – дұшпандарымызға. Әлемдердің раббысына мадақ! Ал енді түсіңді айт» дейді екен. (Хәйсами, Мәжмауз – Зауаид, 7/183).

Сондай-ақ, Әбу Разиннің риуаят етуінше, Аллаһ елшісі тағы бірде түс туралы былай деген: «Мұсылманның көрген түсі – пайғамбарлықтың қырық алтыда бір бөлігі. Біреуге айтылғанға дейін ол құстың тырнағына ілініп тұрады, айтылған кезде барып түседі».

Түсті жору Египет пен Индия, Ежелгі Греция мен Римде орта ғасырлардан бастап-ақ кең өріс алған. Тіпті Аристотель: «Кім образды дүниеден шынайы нәрсені айырып шығара алса, сол – түстің ең керемет жорушысы», — деп айтса, Платонов: «Адамның ақыл-ойы түстің болашақты болжап тұрған тұсын айырып ала білуі тиіс»  деген. Ал біздің данагөй бабаларымыз: «Түс қорғасын тәрізді балқып тұрады. Қалай жорыса, солай болады» деп сәуегейлік танытады. Ең қызығы, қазақтың түс жорушылары «Адам ұйқыға жатар алдында жастық шағын, бақытты сәттерін, алғашқы махаббатын еске алып, түсінде сол бал дәуреніне оралып қайтса ұйқыдан жасарып, тың күш-қуат алып, тіпті бетіңіздің әжімдеріне дейін жазылып тұрасың» дейді.

Әйтеуір, түстің адам болашағына, ғылыми жаңалықтар ашуға қатысы өте таңғажайып. Атақты ғалым Д. И. Менделеев химиялық кестені түсінде көріп, өңінде оны есіне түсірген ғой. Оқиға негізінен былай болған: химиялық элементтердің орнын анықтаумен ұзақ жылдар айналысқан ұлы ғалым азапты ойдың тұтқынына түсіп, газ, металдың басын біріктіруші заңды жасай алмай қалжырап, отырған орнында ұйқыға кетеді. Түсінде ол атақты Менделеев кестесін көреді. Шырт ұйқыдан шошып оянған ғалым әлгі кестені қағазға түсіреді. Жер – жаһанда бұрын-соңды өмір сүрген астрологтар мен көріпкелдердің ең әйгілісі Мишель Нострадамус те (де Нотр-Дам) 1549 жылы түс көріп, сол күннен бастап өзінің болашақты болжаған атақты «Центуриялар» (Ғасырлар) атты еңбегін (2242 жылдық аралықты қамтыған, яғни 1555 жылдан 3797 жылға дейін) жазуға отырған. Жиырма үш жасар француз философы Рене Декарт болса, түс көру арқылы ХVІІ ғасырдың ұлы ғалымына айналған. Өз сөзіне қарағанда ол 1619 жылы 10 қараша күні титықтап шаршап, ғылыми болжамын дәйектей алмаған күйі төсекке құлайды. Түсінде ол шеше алмай жүрген ғылыми жұмысының нәтижесін көреді. Сөйтіп, оның түсінде дүниеге келген жұмысы 300 жыл бойы әлем ғалымдарына орасан зор әсер еткен. Түс көру мен шығармашылық жұмыстың тығыз байланысы туралы әңгімені бастаған да осы Рене Декарт. Біз енді ХVІІ ғасырда өмір сүрген Италия композиторы Джузеппе Тартиниді еске алсақ, ол түсінде скрипкада ойнап отырған шайтанды көреді. Шошып оянған композитор скрипкасын қолына алып, құлағында қалған әуенді қайталап тартып қағазға түсіреді. Бұл кейін оның ең үздік шығармаларының қатарына қосылады. Ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенс те өз кейіпкерлерін түсінде көреді екен. Олардың басынан өтетін оқиғаларды ертеңіне асықпай отырып жазып шығатын көрінеді. Мұның сыртында Пушкин мен Феттің түсінде өлең жазғаны, көрген түстерінің бірі Ф.М.Достоевскийге «Жасөспірім» романының оқиғасын баяндап бергені, Державиннің «Құдай» деген оданы жазып отырып ұйықтап кететіні, шығармасының соңғы жолдары түнде оның түсіне енетіні, И.С.Тургеневтің өз кейіпкерлерін түсінде де көретіні, француз математигі А.Пуанкареге ерекше жемісті идеялардың оның басына ұйқылы-ояу жатқанында келетіні тарихтан бізге жеткен нақты шындықтар.

Түс көрмейтін адам жоқ. Ғалымдардың зерттеуінше 8 сағат ұйқының шамамен 90 минутында, яғни 20 пайызында адам түс көреді, ал түсті 12 негізгі сюжетке бөліп қарастыруға болады. Оның ең біріншісі – адамның биіктен құлауы, бірнәрседен қашуы. Бұл түс – халық болжамында адамды алдағы қауіп-қатерден сақтандыру. Келесі бір сюжет – адамның қалықтап ұшуы, биік тауға шығуы. Бұл – мәртебесінің өсетінін білдіру. Жалпы, Имам Ғазалидың айтуынша, ұйқы – сезімдер басылып, жүректің тыныштықтағы кезі. Ұйқы арқылы ой тазаланып, адам негізгі саф болмысына жақындағанда, Лаухы Махфузбен (Күллі Жаратылыстардың тағдыры жазылған Құдірет кітабы) екі арадағы перде түріледі. Соның нәтижесінде ондағы кейбір мағлұматтар адам жүрегіне түсіп таңбаланады да, түс арқылы көрініс береді…

Қазақ халқында «Мөңке бидің түсі», «Абылай ханның түсі», «Шақшақ Жәнібек батырдың түсі», «Балуан Шолақтың түсі», «Қонаевтың түсі» дейтін қызықты хикаяға, терең даналық ойға толы түстер туралы әңгімелер бар. Біз енді соған тоқталсақ: «Мөңке би түс көріп, сол түсін Сырым батырға жорытпақ болады.

— Бір жолы бәйгеге 40 ат қостым, біреуі де бәйгеден келмеді. 30 ат қостым, біреуі де келмеді. 5 ат қостым, төртеуі бәйгеден келмеді де, біреуі ғана аман жетті. Аман жеткені сол, келе сала пышаққа ілікті. Әлгі аттың ішін жарып жібергенімде қасқыр шықты, қасқырды жарғанда түлкі шықты. Түлкіні жарғанда, қоян шықты. Осыны жорып берші, — дейді Мөңке би.

Сырым түс жорудың жолын Мөңкенің ұзатылып кеткен қызына беруді ұйғарды. Бірақ ол би үш рет шақыру жібергеннен кейін әрең келеді. Қыз түстің жайын білген соң Сырымға:

— «Түсті жездеңе жорытпа, жиеніңе жорытпа, әйелге жорытпа» деген сөз бар еді. Сонда да айтайын, — дейді. – Түс адал түс, қияли түс, шайтан түс деп үшке бөлінеді. Мұны қай түске жатқызарымды білмеймін, бірақ оның шешуі мынандай: «40 ат дегеніміз – мұсылманның 40 парызы орындалмай қалатын заман болады екен; 30 аттың бәйгеден келмей қалатыны – 30 күн ораза ұстамайтын заман туады екен; 5 аттың төртеуі келмей, біреуі келгені – бес уақыт намаз қаза болып, оны біреу оқып, біреу оқымайтын кез келеді екен; қасқырдың шыққаны – кісінікін тартып алып, ұрлап жейтін зорлықшыл заманның туатыны шығар; түлкі шыққаны – алдаушы мен арбаушы көбейетін, түлкідей бұлаңдаған заманның күтіп тұрғаны шығар; қоян шыққаны – ұрпақ үрейленіп өсетін, көлеңкесінен қорқып жүретін заман болар».

Осыны айтып болғаннан кейін Мөңке бидің қызы:

— Маған түс жорытқандарыңыз қате болды, күндердің күнінде әйел билеген заман келеді. Ол заманда әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады, менің үш рет шақырғанда зорға келуімнің сыры осында еді, — депті» (Мыңнан бір мезет, №13, желтоқсан, 2002 жыл). Айтса айтқандай, сондай заман туған жоқ па?! Бұл Мөңке би бабамыздың түсі Жаратқан Иеміздің түс арқылы болашақтан хабар бергені емес пе екен…

Ал енді Абылай ханның түсіне назар аударайықшы: Ұлы хан түсінде арыстанды қуады, ол жолбарысқа айналады. Ол жолбарысты қуса, жолбарыс қасқырға, қасқыр түлкіге, түлкі құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кетеді. Мұны ханның көріпкелдері ұрпақтарына байланыстыра жорып, әулетінің, ұрпақтарының өзінен бастап арыстан, жолбарыс, қасқыр болатынын, одан кейін түлкі болып, төртінші ұрпағының ұсақталып, құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналатынын айтады… Иә, хан тұқымынан енді қайтіп Абылайдай тарихи ұлы тұлғаның туатыны, тумайтыны бір Аллаға ғана белгілі.

Шақшақ Жәнібек тарханның түсі тіпті қызық. Оны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы да өзінің «Абылай хан» атты әңгімесінде жазып қалдырған. Бір жылы қалмақтың ханы Цэван Рабдан Абылай ханға кісі салып, өзінің жекпе-жекке бір батырын шығаратынын, ол Абылайдың батырын жеңіп шықса, қазақ ханы малдан, жаннан екі қолын төбесіне қойып безіп шықсын. Ал менің батырым жеңіліп қалса, мен солай жасайын деп шарт қояды. Абылай хан қартайыңқырап қалса да Шақшақ Жәнібек тарханды жекпе-жекке шығармақ болып, оған дайындал дейді. Сол түні Жәнібек батыр түсінен шошып оянып, оны жорыту үшін Абылай ханға келеді. Абылай хан Жәнібек батырдың қандай түс көргенін айтқызбай-ақ біліп қойған екен. Ол Сейіс деген атқосшысын шақырып алып:

— Нар қызыл атымды есік алдына алып кел, — дейді де, аты есік алдына көлденең тартылғанда Жәнібек батырға қарап: — Жай қолыңды, — дейді. Жақсы түске де – садақа, жаман түске – де садақа. Жаратқан Ием, батырдың түсін мен қалай жорысам, сен соған қабыл ет!

Абылай хан атты сойдырып, етін табан астында таратып жібереді де, батырдың түсін сұрайды. Сонда Жәнібек батыр былай дейді: — Түсімді айтсам, қалмақпен жекпе-жекке шыққан екенмін. Екеуміз шартпа-шұрт шайқасып қалғанда, ол мені найзасымен шаншып түсірді. Кеудеме атша мініп, тамағымнан орып жіберуге оңтайланғанда, кеудеме қарасам, оң емшегімді бір айдаһар жылан, сол емшегімді бір айдаһар жылан еміп жатыр екен, шошып ояндым. Сонда Абылай хан:

— Түсің түс-ақ екен, — дейді. Түсіңде сені шаншып түсірсе, өңіңде сен шаншып түсіресің. Түсіңде ол сенің кеудеңе мінсе, өңіңде оның кеудесіне сен мінесің. Оң емшегіңді емген айдаһар өзіңнен бір қыз туып, одан туған жиенің – айбынды ер болады. Ұлдан туған ұрпағың, қыздан туған жиенің – ту ұстап туады екен. Өсіп-өнгелі тұрсың, батырым. Мына жекпе-жек сенің даңқыңа даңқ қосады.

Расында сол жекпе-жекте Жәнібек батыр жеңеді. Сол сәт қалмақ батыры:

— Түнде түсті сен де көріп едің, мен де көріп едім. Сені мен алып едім-ау, алып табан астына салып едім-ау. Тек әттең, сенің түс жорушың жақсы жорығандықтан, менің түс жорушым жақсы айта алмағандықтан, сенің мәртебең асып кетті-ай… Иә, кейде түс керісінше жорылады. Түсінде жылау — өңінде шаттану, түсінде қуану — өңінде – қайғыру да болады. Тек есте болатын бір жағдай, адамның көрген түсі имандылыққа, Ислам құндылықтарына, діни наным-сенімге қарсы болса, оған көңіл бөлмеу, оны орындамау қажет. Мысалы, біреулер: «Түсімде ұлы атам намаз оқымай-ақ қой» деп айтты деп, намаз оқудан бас тартса, ол – үлкен қателік. «Түсімде маған аян білдіріліп, қасиет, аруақ қонды» деп айту да, өзін әулие санау да – астамшылық. Біз мұндай шайтан түске сенбеуіміз, ермеуіміз қажет.

Негізінен, үш уақытта түсті жорымайды. Ол мезгілдер: таңертең күн шығып келе жатқанда, күн тас төбеде тұрғанда, күн қызарып батып бара жатқанда. Ал түс жорушы қасақана түсті жақсылыққа жорымаса, түстің жақсылығы – жорып беруді өтінген кісіге, жамандығы жорушыға болады. Егер де біреу өтірік түс айтып жорытса, оның жамандығы — өзіне, жақсылығы жорушыға тиеді.

Хазіреті Даниялдың (ғ.с.) айтуынша; кімде-кім түсінде Аллаһ Тағаланы көрсе, барлық ісі оңға басып, мақсат, мұратына жетеді, қияметте Жаратқан Иесінің дидарына кез болады. Имам Жағыпар Садықтың (ғ.с.) айтуынша; кімде-кім түсінде пайғамбарларға зиярат етсе, мәртебесі биік болады, дәулеті артады, екі дүниеде де бақыты ашылады. Ибн Сийриннің айтуынша; кімде-кім түсінде Құрбан айт немесе Рамазан айтын, ондағы адамдардың қуанышын көрсе, ізет пен құрметке бөленеді, қасіреттен құтылады. Лайым, ісіміз де, түсіміз де ізгілікке толы болсын. Қашанда көрген түстерімізді жақсылыққа жоритын болайық!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Сайт материалдарын пайдалану шарты:

Көшіріп басу, сілтеме беру, материалды жариялау (фото,видео,аудио жазбаларды қоса) atazholy.kz сайтындағы мақала авторының хат түріндегі рұқсаты берілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Үшінші тараптың жарияланымды пайдалану құқығы тек рұқсат етілген жағдайда ғана жүзеге асырылады. Байланысу үшін арнайы нысанды пайдаланыңыз.