Қазақ елі ғана емес, әлем халқына келген түрлі апатты, азапты сынақтар мен шаруашылық саласындағы да күйзелістің негізгі себебі де ақ пен қара теңдігінің бұзылуынан, адамзат жан қуатының дамуының тежелуінен қаралық, зұлымдық күштердің үстемдікке жетуінен, оған қарсы жер мен көк арасына жаратушы үкімінің жаңадан қозғаушы себеп күштерінің пайда болуынан деген пайымдауды ақыл тұрғысынан түсіндіру де және қазіргі таңда оның қабылдануы мүмкін емес. Себебі жаратылыс сырын, әлем қалай жаратылды, тіршілік егелерінің өзара себептік байланысы, халықтың рухани жетілуі немесе азғындауының себептерін даму сипаттары түгіл, осыған дейінгі тарихи оқиғалардың ұлттар шежіресінің өзара қайталануымен, заман мен дәуірлер оқиғасының кездесуінен осындай түрлі жаратылыс себептерінің де пайда болатыны тікелей сол қоғамдағы жер бетінің негізгі тіршілік егесі болған адамзаттың рухани жағдайына тәуелді болатынын түсінуден қалғанбыз.
Қандай тарихи оқиғалар болсын, сол халықтың рухани жетістігімен немесе азғындауымен тікелей байланысты болып, мұндай жағдайда кенеттен ілім мен білімнің дамуымен, заман сынағына байланысты қарсы тұра алатын дарынды ұрпақтардың өмірге келуімен, сол елдің мұндай әлеуметтік дағдарыстан шығуына және мемлекеттің өркендеп дамуына да бірден-бір себепші болары да хақ. Ал, олай болса, осындай дарынды ұрпақтарды адамзат меңгерген білімімен немесе рухани тұрғыдағы кітап жүзінен үйренген білімімен, іс-әрекеттерімен өмірге әкеле ала ма? Әрбір ата-ана осындай ниетпен ел басқаратын биді немесе ғалымды өмірге әкелем дегенмен немесе; «осы балам осындай дәрежеге жетсін»,- деп тәрбие, білім беріп, қаражаттың, дүниенің арқасында талантты, дарынды қылуға шамасы жете ме? Әрине жоқ.