XII-Иман және махаббат

Бөлім: Иман және махаббат 146

(Масһаб, дін шариғат, сопылық және жалпы дін ұғымы, ғылым  туралы Абай ата көзқарасы мен философиялық ойшылдығы)

Алдыңғы бөлімде адам жанының екі сипатты жағдаймен жетілетіні, бірі жаратылыстан туа бітті қасиеттермен, сезімдік қуаттармен байланысты өсіп-өнуге, адам болып қалыптасуға ықпал етсе, екінші сипатын жандағы бізге берілген қабілет талап бойынша өсіріп өндіріп көбейте аламыз екен. Және жанның негізгі үш қуатпен байланысты сезімдік, қаракеттік ақылдың қуаттарын жетілдірумен біз осы дүниенің барлық тіршілігін меңгеріп, өсіп-өніп көбейе алғанмен, талаптылықты меңгермесек жануарлық, хайуандық болмыстан аса да алмаймыз. Біздің адамдық, адамгершілік құндылығымызды жетілдіру үшін де талапты болуды, яғни 44-ші пайғамбарлық қасиеттілікті меңгеруді жер бетін кезіп жаратылыстың барлық себеп пен себепшілеріне жалғанумен байланысты Абай атамыздың ойшылдығына жүгінсек; Сапарлы болу дейді; «Адам баласының ең жаманы-талапсыз, талап қылушылар да неше түрлі болады. Және талаптың өзі де түрлі-түрлі. Сонымен бұл талаптардың қайсысының соңына түссе де бірінен-бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, мейлі адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрдайым орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Ол үшін де өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді»  десе, осы өзімнен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді…» Адам баласының бұл жан қуатын меңгеруге ең маңыздысы өнер іздеу болып, бірақ бұл мақтанның соңында кететін болса; «қотыр атқа соқыр ат үйір болар» дегендей жағдайда болып, біздің жанымыздың талабы да кіммен жолдас, сырлас болсаң өзің де сондай болады екенсің. Яғни «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей өмірлік жолдасты, ортаны, өнердің де түрін таңдау бұл жолда маңызды екені де сөзсіз.

  «…Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғұн мақалға сеніп, халықтың түріне қарап, ит те болса малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойым адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын деп, сол қаракетте жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып, басына «осыным бірсыпыра (көпке) еленуге азық болар» деген талаппен қылып жүр..» Талап дегенміздің өзі қаракеттік ақылмен байланысты алдыңғы жазбада көрсеткен 3 түрлі жан қуатының 4-ші сипаты болған ақылдың алғырлығы және таланттылық деген адам баласының қайрат күшін, мақсатын айқындайтын қуаттық жағдайын яғни жындық болмысын қалыптастырады. Бұл төрт ақылдың бірі болып жындық қуатты талабымызды меңгеру арқылы ғана біз ер атануға, дінді меңгеріп қажы атануға да болатынын білдіреді. Қазіргі кезеңде бұл 4-ші ақылдық қуат талапты меңгеруді білім арқылы көбірек білдіру арқылы жас балаларға 3 тілді зорлап үйрету арқылы жасалып жатқан саясаттың қате екенін Абай атамыздың насихатымен салыстыра отыра түсінуге де болады.

  «… Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп қазақтың өз бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып ізденген талап емес. Олар үшін кітап сөзімен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, сонан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.» (44-шы сөз) Енді 38-сөздегі намазды оқу үшін іште нұр жарық болып, намаз оқу дегеннің өзі ішімде жарығым бар, соны күзетіп қорғап жүрмін деген ұғымды білдіретінін баяндағанбыз. Қазақ дәстүрінде көп оқып талапты меңгере алмайтынын « ..кітап бетінен оқып ізденген талап емес.» деген пәтуадан біздер масһабтық шариғат білімімен кітап бетінен ғана іздеп талаптық ақылдылық қуатты қалыптастыра алмайтынымыз да, ол үшін бұған көріпкелдік, көргендік, яғни әулиелердің батасымен жүргенде ғана дұрыс болатынын; «..«… Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы,…» яғни қазіргі кездегі ата жолындағы әулие аруақтарынан бата алып аянмен, түспен талабымыздың, мақсатымыздың бағытын айқындап алуға жасаған пайғамбарлық қасиетті меңгерудің «Сапарлы болудың» да маңызды екенін білдік.

Ал енді өлеңмен насихатын талқылап көрсек; «Болыс болдым мінеки, Бар малымды шығындап. Түйеде қом, атта май Қалмады, елге тығындап. Сүйтсе дағы елімді Ұстай алмадым мығымдап. Күштілерім сөз айтса, Бас изеймін шыбындап. Әлсіздер сөзін салғыртсып, Шала ұғамын қырындап. Сияз бар десе, жүрегім Орнықпайды суылдап. Сыртқыларға сыр бермей Құр күлемін жымыңдап…»  Бұндай талаптылық қазіргі таңдағы қазақтың ел басқарушы, зиялы қауымның меңгерген ақылдырын  яғни жындылықтарын әшкере қылып тұрғаны сөзсіз. «…Оңашада оязға Мақтамаймын елімді, Өз еліме айтамын: «Бергем жоқ,-деп,-белімді». Мақтанамын кісімсіп Оязға сөзім сенімді. Көрсеттім деймін, ымдаймын Кәдік қылар жерімді. Сөз көбейді, ұлғайды, Мақтанның к..і көрінді. Қазақты жеген қайраты «ер» Ұрынды да берінді. Әрлі-берлі тартысып, Іс арамы жеңілді… Елің бұзық болған соң, Ояз жатыр шартылдап. Табаныңнан тозасың, Құр жүгіріп тарпылдап.Антұрғанмын өзім де, Бір мінезбен өтпеймін. Момындық күшті екенін Көрсем дағы күтпеймін…»  Қазақтағы момындық тақуалық, үлкендіктің жоғалып, осындай елді басқарып тек алып жеп құбылмалы мінезді болған талаптылықтың бүгінгі таңдағы болмысын да осы насихаттан аңғаруға болады. Және бүгінгі ел билеушілердің мұндай талабының соңын; «..Сүйегім жасық, буын бос, Біраз ғана айлам бар. Айлам құрсын, білемін Болыстықтың жолы тар. Қайтіп көмек болады Антұрған өңкей ұры-қар? Көргенім әлгі ойлашы, Ұят, намыс қалды ма ар? Ендігі сайлау болғанда, Түсе ме деп тағы шар, Бұл күніме бір күні Боламын ғой деймін зар. Ақыл айтар туғандар, Бұл сөзімді ойлаңдар. Сөгіс естіп, тозды ажар, Мынау елді ұстарлық кісі емеспін кел құтқар! Қолдан келмес қорлыққа Неге болдым мұнша іңкәр?…Бұрынғыдай дәурен жоқ, Ұлық жолды тарайды. Өтірік берген қағаздың Алды-артына қарайды. Өз қағазы өз көзін Жоғалтуға жарайды. Туып алып жалғанын, Қылмысыңды санайды. Өзі залым закүншік Танып алды талайды, Көрмей тұрып құсамын Темір көзді сарайды.» (44-ші өлең) Қазіргі таңдағы білімді қауымның партия құрып, қалайда ел билігінің тұтқасын ұстап халыққа ақыл бермектердің талабыңың жетілмеуінен соңы жемқорлықпен, өтірік қағаз жазумен айналысып, ал  мұндай жындылықтардың түбінде түрмемен аяқталатыны да сөзсіз.

«Сұлу аттың көркі- жал, Адамзаттың көркі –мал. Өмір сүрген кісіге Дәулет-қызық, бала-бал. Бал болатын бала бар, Бал болар ма Рахымшал?! Бүйтіп берген балаңды, Берген Құдай, өзің ал!» (144-ші өлең) Бұл өлеңге сырттай назар салғанда ешқандай мағына жоқ немесе түсініксіз болып көрінері де сөзсіз. Ал енді сандық мәнімен талап тұрғысынан қарасақ адамзаттың бұл малдық қуатының ақылмен бірге тұтастықта адамзаттың көркі, қуаты болумен бірге аруақтық  рухани қол баланың да пайда болатынын білдіреді. Бұл дәулеттің бал (дәурен) болуы немесе шал кісі болуы да ақылдылыққа байланысты нәтижелі болмақ. Шәкәрім атамыз да; «Талап деген бір жүйрік тұлпар сынды, Бабын таппай мінгенді қылар жынды. Тауға ұра ма басыңды, тасқа ұра ма, Ал енді оған кісі қайтып мінді? Талап шапса ақылға мініп алып, Жақсы, жаман бәріне бірдей салып, Анық ақыл адымын аштырмайды, Еш нәрсе одан құтылмас жетпей қалып…»  деген. Олай болса жан қуатының бір болған талаппен ақылдың бірлігінен анық ақыл пайда болады деп біліңіз. «Тапқыш ой ғой ақылдың мағынасы, Түбі-жүрек, болады мида басы. Орынсызға ұмтылмай тоқтауға Талаптың алты түрлі бар ноқтасы. Ынсап, рахым, ар, ұят, сабыр, сақтық-Талапқа алты түрлі ноқта тақтық. Алтауының ішінде ынсап әділ, Өзгесінің тізгінін соған ұстаттық…Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рахым, ар ұят табылмас. Өлген артық дүниені былғағаннан!»  Раббымыз  да бұл ақылдың қуатын меңгеруді аятта; « Елді игілікке бұйырып, өздеріңді ұмытасыңдар ма? Кітапты оқисыңдар, ойламайсыңдар ма?…» (2-44) Бұл үкіммен біздің ел билігі мен зиялы қауымның дінді тастап дәстүрін, ұлттық даналығын зерттеуден бас тартқан талапсыздығына ескерту беріліп тұрғандай. Енді бұл талаптың міндетті болған көмекшілерін қалай меңгеруді зерттеп көрейік. 6-шы тұрғыдағы пайғамбарлық қасиеттің негізі болған «Сабырлық» жағдайын Абай атамыздың өсиетінен; «Қазақтың бір мақалы «Өнер алды-бірлік, ырыс алды-тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады-білмейді. Қазақ ойлайды; бірлік аты-ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік-ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы…» Расында қазіргі біздің ұлтшылдарымыздың да елдің бірлігін ойлаған зиялыларымыздың да барлық талабы қалайда дүниемен, байлықпен байланысты. Жер байлығын тегін таратып беріп, халықтың бірлігін сақтау керек деп ұрандатады. Сол сияқты Украина, тағы басқа елдердің бәрі осындай малға бірліккке сатылып, ақылдарын жоғалтып, өзара соғысып кеткені де талаптың ақылдың азғындауы деп білген жөн.

«…Ағайын алаламай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі бір-біріне пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?  «Ырыс алды-тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ақиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ел атанып, дүниеден әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.    Кеселді жалқау, қылжақпас, Әзір тамақ, әзір ас, Сыртың-пысық,ішің-нас, Артын ойлап ұялмас. Болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.» (6-шы сөз) Сонымен мұндай сабырлылық қасиетті меңгеру үшінде  көкірегі ояу болып, адал еңбек пен қызмет қылудан қашпай, жаудан қорқып бұқпай, өлімді жау көріп жек көрмей, ақыл табуға сөз іздейтін рухани ояу болу керек екен.  Және намазымен құдайдан да сұрауды білетін мұсылман болу керек.

«Мен жасымнан көп көрдім Мұсылманды, кәпірді. Абралыдай көрмедім Намаз білмес пақырды. Құранды оқытып Көріп едім шатылды. Ниет қыла білмейді Не қылады нәпілді. Намазшамның артынан Құржаң-құржаң етеді, Жер ұшық берген кісідей Тоңқаңдай ма не етеді. Нәпіл түгіл, намазы-Бәрі желге кетеді. «Еннатайна кәлкәусар Пашол дереу, күнәкар. Аяғын ойлап айтқаны: «Әні-шаны құлаптар» Осы оқумен намаздың Қай жерінде сауап бар? Тегін ойлап байқасаң, Мұнда ми жоқ құлақ бар.» (6-шы өлең)  Бұл өлеңді кезінде Абай атамыз дінге, намаз оқуға қарсы болған, молдаларды мазақ қылған деп түсіндірген де еді. Ал шындығында бұл өлеңнің философиялық ойы тереңде жатқанын, тек сан ғылымы арқылы ғана анықтауға болатын  логикалық құпиясы да бар. Сонымен енді сауапты намаз бен ниеттіліктің ақыл-оймен әрекет қылудың жағдайын 38-ші қара сөзбен баяндаған едік. Сол насихаттан осы өлеңге түсінікті кеңінен бере кетсек; «Адаспай тура іздеген хакім-дана болмаса, дүние ойран болар еді. Адамзат ниетінің, пиғылының қазығы-осы даналар, әр нәрсе дүниеде бұлардан шығады бірлігіне айналады…» «Ол-шексіз жол. Сол шексіз өлшемсіз жолға аяғыңды берік бастың, шексіз өлшемсіз Құдайға ұнауға, ұқсауға тырысып ерекше сүйікті құлдарынан болуға үміт бар, ал өзге жолда не үміт бар….    Құдай тағала дүниені кемелдік шеберлікпен жаратқан және адам баласын өсіп-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызы ісініп (көбейіп өсіп) алды-алды әуелі дос көбейтпек. (Алла достарымен аруақтармен рухани жалғанбақ)  Ол досын көбейтпектің амалы өзінің өзгелерге қолынан келгенінше достықтың мақамында (әулие-әмбилердің бақылауында, уахи, аянында болу, тылсыммен байланысты қарым-қатынаста) болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады. Болмағанда ешкімге қастық ойламай (серік, шерік деп азғырмай) және өзіне өзгешелік бермек (дәстүрінен алшақтамақ) ниетпен, өзін тілмен немесе қылығымен (өзге елдің салтын алып)артық көрсетпектіктің де екі түрі бар. Біріншісі; Әрбір жаманшылықтың жанында жүріп (арсызданған дінінен, дәстүрінен бас тартқан халық ішінде, арасында жүріп) мұндай адамның адамшылығын бұзатын жаманшылықтан бойын қорғаудан да адамға нұр болады. Екіншісі; Өзін-өзі өзгелерге қастық қылмақ, біреулерді қор тұтпақ, керісінше әрекеттер дұшпандықты ғана шақырады. Және өзі өзгеше ерекшеленбектіктің  (ғұрпынан,дәстүрінен, дін салтынан бас тартудың)  түбі мақтан. …»  «Менің қаупім бар, олар осы (бес парыз, масһаб) ерекше ғибадат екен, біз осыны (намаз оқып, ораза тұтып, қажылыққа барсақ) мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Бірақ бұл ғибадаттың күзетшісі (сенімді бекіту) ғана. Олай болса, күзетші (сенімі, намазы, дәреті) күзеткен нәрсесін ойламай, бір ғана ояу тұрмағын (күндізгі рухтың жағдайын ойлап, түнгі жанның ұйқыдағы жағдайын иманын ойламаса) мақсатты ниет қылса, ол қандай күзет болмақ? (Сенімнен бөлек болған Иманын кім күзетпек?) Күзеткен нәрсесі (иманы, жаны) қайда кетеді? Мақсат күзеткен нәрсенің амандығы тазалығы емес пе? Ей ишараттан (Құдайлық аяннан, аят белгілерден) хабарсыздар, қара! Бұл ғибадаттың бір үлкені –намаз. Ол намаздың ниеті дәрет алмақ, сонан соң намазға тұрып оқуды бастамақ.»  Осындай қазақ дәстүрінің ниеттілігін сақтау арқылы ғана біздің намаз оқуымыздың құдайдан тілеуіміздің маңызы болатыны да сөзсіз.

«Антпенен тарқайды, Жиылса кеңеске. Ор қазып байқайды Туа жау емеске. Анттасып қолдайды, Сен тентек демеске. Кім анттан шалқайды, Амал жоқ жемеске. Аз адам шаршайды, Ебіне көнбеске. Бас ыңғай қайқайда, Амал жоқ өлмеске. Ел састы, аңқайды, Би тартты егеске. Жұрттағы мал жайды Ой қылар бермеске. Өсімге қол жайды, Тай алып серкешке. Алмаса ол тайды, Дап-дайын көрмеске. Кедей би жантайды Сауыр мен өркешке. Саумаққа ол байды Кеңесер би кешке. Қайғы қып болмайды, Өкпелеп білмеске. Сүйтсе де оңбайды, Бұрынғы түсті еске. Пысықтар шалқайды, Таласып теңдеске. Қағысып шонтайды Өзімен жемдеске. Таласып тарқайды Ақшадан төрт-беске. Бірлікті шайқайды, Араз боп өнбеске.» (106-шы өлең) Бүгінгі қазақтың зиялыларының түрлі партиялар мен ұйымдарға бірігіп алып ұлттың  қамын ойлаған кеңестерінің ақылдың, талаптылықтың, сабырлылық қасиеттердің жауы ғана екені де сөзсіз. Сонымен талаптылық қуаттың ақылмен және мінезбен  жындылықтың, мастықтың да өлшемі болатыны;

«Қуанбаңдар жастыққа, Елірме күлкі, мастыққа, Көзің қайдан жетеді Достық пенен қастыққа? Құрбыңның қызық дегенін Сөз екен деп ап шықпа. Адалдап тапқан тиынды Сал да сақта қапшыққа. Қолдағыңды қорғап бақ, Мал арзан деп аптықпа. Сыпайы жүр де, шару аойла, Даңғойлықпен қақтықпа. Бет алды жанға бой салма, Қорлық жүрмес сақтыққа. Елу бесте біз дағы Сенісер адам таптық па? Арсыз құмар болғандар Опыр-топыр, шақ-шұққа Түспей жүр ме, көрдің бе, Жалаң-жұлаң, тақ-тұққа?» (206-шы өлең) Талаптың негізгі ноқтасы болған сабырлықты меңгеруді жын қуатын мастыққа жеткізбей, жас кезден қалыптастыру керек екені де сөзсіз. Енді талаптық, мінездік қуатты меңгерудің  көмекшілерін де талқылап көрсек…(жалғасы бар)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *