Мұхаммед ибн Мүнкәдир хадис имамдарына барып біліміне жүгінетін, өз ғасырымен қоса кейінгі ғасырларға да аты аңыз боп жеткен ғалым кісі еді. Алладан қорқатыны соншалық – үнемі жылайтын. Бала кезінен оның осындай тақуа екенін білетін анасы: «Әй, балам-ай, егер сенің ес кіргеннен бері осындай екеніңді білмегенімде, сірә, бір күнә жасады ма екен деп ойлап қалар едім. Көзіңнің жасы неге тыйылмайды?» – дейтін. Ал Мұхаммед ибн Мүнкәдирдің ойынша, көңіл босатар нәрсе аз емес еді. Алладан қорқу, Алланы сүю, өзінің тым бейшара құл екенін сезіну, өлгеннен кейін қайта тірілтілетіндігі, істеген амалдарының бәріне бір күні есеп беретіндігі, амал дәптерінің берілетіндігі, тозақ оты алаулап тұрғанда қыл көпірден өту секілді адамзат баласы үшін берілген сынақтарды еске алып, осының бәрін ойлағанда бойын ертеңіне деген қорқыныш билеп еріксіз жылай беретін, жылай беретін.
Кейде өзінше бір рухани күй кешіп, жанын қоярға жер таппай кететін. Себебін сұрағанда, «Құранда бір аят бар. Сол маған арналмады ма екен деп қорқамын», – деп мына бір аятты оқитын: «Еш есепке алмаған нәрсені Алла алдарынан шығарады»[1]. Мұхаммед ибн Мүнкәдир: «Бұл дүниеде аса мән бермеген нәрсем ертең алдымнан шығып, жерге қарата ма деп қорқам», – дейтін.
1. «Зүмәр» сүресі, 47-аят