ЖЕТІ БЕЛГІ

Бөлім: Дәстүрлік ғибраттар 125

Үлкен фиқыһ ғұламасы Әбу Ләйс Самарқанди әңгімелеуде:
«Алладан қорыққан адамда жеті түрлі белгі болады.
Біріншісі – тілге қатысты белгі. Алладан қорыққан адам тілінің қызметі арқылы өтірік, өсек, ғайбат айтпайды, ешкімді шағыстырмайды. Оның орнына Құран оқиды, зікір айтады, іліммен шұғылданады.
Екіншісі – жүрегіне байланысты белгі. Алладан қорыққан адамның жүрегінде басқаларға деген қызғаныш, көре алмаушылық, іштарлық, жалақорлық болмайды, өйткені хадисте «От ағашты қалай өртеп жоқ қылса, қызғаныш та адамның жақсылықтарын солай жалмап қояды» делінген. Ол кеселдің емі – ілім мен ізгі амалдар жасауда.
Үшіншісі – көзіндегі белгі. Алладан қорыққан адам харам асқа, харам сусынға, харам киімге, қысқаша айтқанда, харамға көз салмайды. Дүниеге қомағай көзбен емес, ғибрат алу ниетімен ғана қарайды. Адал емес нәрселерден көзін аулақ ұстайды, өйткені хадисте «Кім көзіне харам толтырса, қиямет күні Алла оның көзіне от толтырады» делінген.
Төртіншісі – қарны арқылы болатын белгі. Алладан қорқатын адам харам жемеуге қатты көңіл бөледі, өйткені харам жеу – ауыр күнәлардың бірі. Хадисте бұл туралы «Адам баласының қарнына харам ас барса, сол ас асқазанында тұрған уақыттарда аспан мен жердегі періштелер қайта-қайта лағынет жаудырады. Сол асты қорыту кезінде өліп кетсе, баратын жері тозақ болады» деп ескертілген.
Бесіншісі – қолының себепкерлігімен туындайтын белгі. Алладан қорқатын адам қолымен харамға бармай, қайта Алланың разылығына сай істер жасауға құмартады. Сахабалардан Кағбул-Ахбардан  жеткен хадисте «Ұлы Жаратушы әр бөлігі жетпіс мың көзден тұратын, жетпіс мың бөлмесі бар жақұттан сарай жаратқан. Қиямет күні бұл сарайға Алладан қорыққандықтан өзіне кезіккен харамнан аулақ болғандар кіреді» делінген.
Алтыншысы – аяғында. Алладан қорқатын адам күнә істеуге емес, Алланың әміріне сай істерді істеп, сауап алатын орындарға барады. Ғалымдармен, ізгі амал жасаушылармен жүздесу үшін қадам басатын болады.
Жетіншісі – амалында. Алладан қорқатын адам амалдарын тек қана Алланың разылығы үшін жасайды. Басқалар көрсін деп істеуден, екіжүзділіктен бойын аулақ ұстайды. Осының арқасында «Раббыңның қасындағы ақырет (мекені) күнәлардан қорқатындар үшін» деген Рабб кәламына лайық деңгейге жетеді [1].
[1] «Зухруф» сүресі, 35-аят


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *