СҰРАҚҚА ЖАУАП

Бөлім: Дәстүрлік ғибраттар 107

Пайғамбарымыз  кейде жұрт ұйқыға кетті-ау дегенде, Қағбаға барып намаз оқитын, дұға ететін. Қағбаның Хаттабұлы Омар  үшін де орны бөлек еді. Ол да кейде кешке қарай Қағбаға келіп пұттарын сүртіп, олармен «тілдесетін». Анда-санда сонда қонып та қалушы еді.
Бір күні түнделетіп Пайғамбарымыз  Қағбаға келеді. Бір бұрышта Омар да отырған еді. Пайғамбарымыз дауыстап Құран оқи бастайды. Омар тыңдап отыра береді. Көңіл толқытар Құран үні жүрек қылын шертпей қойсын ба, Омарды бірден баурап алады. Өзінің мұншалықты толқуына таң қалып, өзіне-өзі басу айтқан болып: «Бұл оның ақындығы», – деді, себебі ел Пайғамбарымызды  бірде сиқыршы десе, енді бірде ақын дейтін. Әйтеуір мойындамайтын. Омар осы ойда болды, Құран да оқыла берді. Осы кезде Пайғамбарымыздың  «Сөзсіз, Құран – құрметті елшінің Алладан әкелген сөзі. Ақын өлеңі емес. Иман етуге келгенде не деген қырсық едіңдер» деген аятты оқымасы бар ма? Омар өз құлағына өзі сенбеді. Не ойларын да білмей қалды. Пайғамбарымыз  оның ойын оқып қойғандай ма дерсің. Шынында, Алла әр адамның не ойлағанына дейін біледі. Бірақ Омар ол уақытта Алланы танымаған еді. Сасқанынан басқа да пұтқа табынушылардың айтатынындай «Мұхаммед көріпкел» деді. Осы кезде Пайғамбарымыздың  даусымен Құран үні мына аятты айтты. «Ол көріпкел сөзі де емес. Не деген таяз ойлы едіңдер». Құдайдың құдіретімен Омарға тағы да ашық жауап келді. Омар не істерін білмеді. Ақырында сүре бітті, бірақ Омардың уайымы бітпеген еді. Ойы онға, санасы санға бөлінді. Шарасы таусылып, Қағбадан шығып кетті, бірақ бәрібір ойынан жаңағы аяттар кетпей қойды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *