Шариғат ізгі амалдары.

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 150

     «Сосын (Мұхаммед) сені шариғат ісіне қойдық. Енді сонымен жүр. Білмегендердің ойына ілеспе.» (Жасия-18) Әрбір аяттың үгіті сөз астарына тәуелді болса, ал насихаты, ғылымы аят орны мен сүре аты және сүренің орнымен түсіндірілуі тиісті. Бірақ ол үшін алда талай сырлардың есептік жүйесін көрсету, таңбаларды жіктеу тәсілдерін меңгеру арқылы келеміз. Әзірше бұл аят бойынша шариғат амалдар жиынтығы болып оймен болжауға болмайтынын, тек білім арқылы атқарылуға тиісті құлшылық қағидасы деп біліңіз. «Алла тағала және Елшісі, қашан бір іске үкім берсе, мүмін ер және мүмін әйел ерікті болуларына болмайды. Сондай-ақ кім Аллаға, Елшісіне қарсы келсе, сонда рас ашық адасқан болады.» (33-36) Демек шариғат ісі үкім болып есептеліп орындауға міндетті болып есептеледі. Ал үкімдер қалай түседі.

     Құран — ол Кітап, Алланың құлдарына жіберген тура жол көрсетуші хақ сөзі. «Аллаға, Елшісіне иман келтіріңдер. Және сендерді ие қылған нәрселерден тиісті орынға мал жұмсағандар үшін ірі сыйлық бар. (7) Пайғамбар сендерді иман келтіруге шақырса да Аллаға иман келтірмейтін сендерге не болды? Негізінде Алла, сендерден серт алған. Егер иман келтіретін болсаңдар.»(Хадид-8) Әр халыққа адам баласына тән ие болған несібесі, қасиеті, т.б. ерекшелігіне тән мүлкі бар, сол мүліктен Алла жолында жұмсауы керек. Сонда қазіргі діндегі арапқа түсірілген үкіммен 3 кг бидай пітір садақа беру керек болса, мұнай басында отырған пендеге немесе сол бидайды егуші егінші үшін 3 кг бидай не болады, өзін-өзі алдау емес пе? Иман келтіру үшін берген сертті орындау керек деп ескерткен екен. Ата-бабаларымыз қандай серт берді, оны қалай алған? Және кімдер алған, олардан қалған белгі қайда? Сондықтан болар Құранда пайғамбардың соңғы келгенін ескерткенмен, ал елшінің соңғы екені жазылмаған. Мұхаммед пайғамбарымыз елшілік міндетін қоса атқарған пайғамбарлардың бірі. Көп пайғамбар алдыңғы түскен пайғамбар өсиеттерін жалғастырушы болып бірақ елші болмаған. Енді елшіліктің бір түрі ескертуші деп аталып бұрынғы ұмыт болған істерді қайталап түзеуші болып табылады. «Сонда да саған жауап бермесе (уақиға, аянға мән бермеу), шын мәнінде олардың өз көңілдері тартқан жаққа кеткенін біл. Алладан бір жол-жорықсыз өз көңілдері ауған жаққа ілескеннен әрі адасқаннан кім бар? Әрине Алла залым елді тура жолға салмайды.» (28-50) Демек әркім өз қалауы бойынша дін істерін таңдауға болмайды. Жол-жорық дегеніміз Алладан түскен үкімдерді орындау барысында қалыптасқан әдет-ғұрып. Ғұрып – амалдар қағидасы. Ал жол туралы; «Олар жер жүзінде паңсып жаман тәсіл жасады (кітап иелері туралы). Негізінде айлакерліктің кесірі иесіне (үйретушіге) ғана болады. Олар, бұрынғылардың жолынан (дін қабылдаған кездегі ата-бабалар салтынан) басқаны күте ме? Алланың жолынан бір бұрылыс көре алмайсың.» (Фатыр-43).

     Енді көп қазақтың аталарымыз жаңылысыпты деп жолды бұруға қайта араптандыруға тырысқаннан артық қандай қастандық керек. Салттық, тілдік ерекшеліктер бойынша шығыс елдері «Дао», үнділіктер «Ян», «Ин», Конфуций ұстанымы «Жэнь», «Ли» сол сияқты әлемде «Брахма», «Юм», «Веда», т.б. адамгершілікке тәрбиелейтін ұстаным ғұрыптар түрлерімен бірге түркі әлемі «Дәс» деп атаған. Шариғат істерін «Түр» деп атап «Дәс»- ұлттық мінезді көрсететін адамгершілік қағиданың негізі (менталитет) болса, ал Құран бойынша әр діннің ішін 8 түрге бөлген. «Ол сегіз түр жаратты…» (Әнғам-143) Бұл аяттың ғылымын толық түсіндіруге әлі ертерек. Ол үшін алда тозақ сатыларының құпиясын көрсете отыра қайта ораламыз. Жеті түрлі рұхтық азық өмір сүрген ортаға, табиғатқа байланысты болып бірі дінге байланысты ортақ белгі болады. Әр елдің өз аспаны бар, шариғат ісі туған жер мен сол аспан несібесі арасындағы қатынастардан пайда болады. Демек ислам елдері бойынша 8 шариғат салттық-ғұрыптары болу керек мұсылман елдерінде. Ислам бойынша екі қарама-қарсы топқа бөлінеді. Бірі түркі тілді халықтар дәстүрі ұқсас болып, екіншісі арап тілді шариғатты ұстанушылар ерекшелігі бар. Негізінен 4 кітапта 8-ден негізгі үрдістік ұстаным белгімен 64 түр болып, әлемдегі басты өмір сүру ерекшелігімен тағы 8 түрлі әртүрлі әдет пен әдептердің қосындысынан тұратын елдерді қосқанда 72 түрі діни істер бар. 64-тің жартысы 32 болып бұл сан жоғарыда ана тілмен байланысты даналық белгісі және Құраннан сәжде ғылымы болып арап тектестер мен түркі тектестер арасындағы өз 32-сімен Сәжде ерекшелігі болу керек. Орта топқа жататын меккелік араптар ортасын ғана ұстап тұрады. Аятта; «Осылайша сендерді (Қағба маңындағы араптар) орташа бір үммет қылдық. Адамдарға куә болуы үшін. Қарап тұрған қыбылаңды, теріс бағынатын біреулерден (батысқа, шығысқа қарап намаз оқитын елдер) Пайғамбарға ілесетін кісілерді (тура жолды табушылар) білуге істеген едік. Әрина бұл, Алла тура жолға салғандардан (өз ішіне елші келіп) басқаға (бедәуилерге) қиынырақ. Алла имандарыңды жоймайды. Күдіксіз Алла, адам баласына өте жұмсақ ерекше мейірімді.» (Бақара-143).

     Бұл аят арқылы тура жолдың амалы араптар ұстанымынан қиын, оны тек Алланың ерекше белгісімен пайғамбар ізгі істерін толықтыра отыра атқару керек екен. Бірақ арап құсап орындайтындардың да иманы жойылмайды, тек өз дәрежесінде өспейді де. Иманды өсіру үшін кітаптардың бәрінің амалдарын біріктіре білу керек. Түркі тілдес халықтар негізінен христиан (Інжіл), тәңірлік ұстаным (Забур) істерін біріктіру болса, арап тілділерге Таурат және Забур сипатты көрші елдер дін істерін исламмен біріктіруге бұйырылған. «Дәс» біріктіру деген тұғымды білдіріп, түпкі негізгі 8 түрді бір салттық- ғұрыпқа біріктіруді дәстүр (8 түрді бірге айналдыру) деп атаймыз. Алда оған тереңірек Құран арқылы дәлелдер келтіреміз. Ал әлемде тек бір елге төрт дін амалдарын біріктіріп бірлеуді бұйырған. Әрине бұл тек Алла тағаланың ерекше хикметтік белгілерімен атқарылатын шариғат істерін толықтыруға берілген Құран аяттарынан түсетін үкімдер болмақ. Сондықтан шариғат дін істерінің заман өзгерісіне, өмір сүру ерекшелігіне, жерге, суға, тілге, ұлттық өзгешеліктерге байланысты елшілер арқылы толықтырылып өзгерістерге түсуге тиісті уахи, аян арқылы көрсетілген жоба.

       Жол адамзатқа берілген тұрақты шама болса, жоба мезгілге байланысты құпия аяттардан берілетін үкімдер жинағы. Аятта; «…Сендердің әрбіреулерің үшін бір жол-жоба қойдық. Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір үммет қылар еді. Алайда сендерге берген жол-жобаларында сынамақшы. Ендеше жақсылыққа жарысыңдар. Бір тұтас барар жерлерің Алла жақ. Ол сендердің таласқан нәрселеріңді білдіреді.» (5-48) Ислам діні үшін пайғамбарымыз көрсетіп кеткен және айтып кеткен өсиеттерді орындау жол болып есептелсе, ал жоба — халыққа, жеке пенделерге берілген тағдырға байланысты қосымша амалдар ерекшелігі болып табылады. Сондықтан да сендерді руларға, ұлттарға бөлдім, жақсылыққа жарысуларың үшін деп ескерткен. Таудың ар жағындағы тілі бөлек ел түгіл қаны бір түркі елінің өзімізге, аталарымызға берілген жобамызбен жарысуымыз керек. Қай елден әулие және қасиетті ұрпақтар көп туса сол ел жақсылықта тура жолда. Сондай соқыр сеніммен араптан артық білгіш жоқ дегендерге; «Немесе дін тұрғысынан Алла бұйырмаған нәрсені олар шариғат қылатын ортақтары бар ма? Егер Алланың шешімі (өліктерді сөйлестіру) болмаса еді, әрине араларында іс бітер еді. Күдіксіз залымдар үшін күйзелтуші азап бар.» (Шура-21)

      Алла тағала тек арапқа ұқсап қана иман келтіріңдер деп бұйырмаған, тілді, салт-ғұрыптарды ортақтандыруға болмайды, керісінше «Ұлттарға, руларға бөлдім, жақсылыққа жарысыңдар» деп бұйырған. Әркім өз бірін тауып барып ортақ бірге қосылу керек. Иман келтіруге, негізгі ақылға тәуелді, барша мұсылманға ортақ тек Ыбырайым жолы ғана. «Өзін білмеген (тарихын, дәстүрін) ақылсыздан басқа кім Ыбырайым жолынан бет бұрады? Расында оны (Ыбырайымды) дүниеде таңдадық әрі күдіксіз ол, ахиретте игілерден болады.» (Бақара-130) Демек дәстүрлік діннен бас тарту ақымақтық, имансыздық, ортақ қосу болып табылады да ахиретте игілік те жоқ! Ыбырайым жолының басты белгісі мына аяттан бастау алады; «Сол уақытта еске ал! Ыбырайымды Раббы сөздермен сынады. Сонда ол, оларды толық орындады. (Аяндарды толық шеше білді.) …» (Бақара -124) Аяндар құпиясын «Әліф Лам Мим» деп үш түрлі есептік жүйесін және берілу тәсілдерін көрсеткен. (Алдағы басылымдарда есептеп көрсетеміз.) Сөз астарын меңгеріп, аяндарды толық шеше білу арқылы ғана Құран аяттарының құпиясын көруге болады. Көктен бата алу тек ана тілінде толыққанды ойлай білгенде ғана нәтижесін береді. Құран аяттарынан шындықты келтірген, құпия білімді іске айналдырған адам баласын «Елші» деп атайды. «Негізінен елшілерді қуандыру, қорқыту үшін ғана жібердік. Кәпірлер бос нәрселер арқылы (ғылымсыз тәпсір-тақыл) шындықты (аян, уахи, хикметтер) төмендетуге жағаласады. Әрі апаттарымызды және ескерткен нәрселерімізді тәлкекке алады.(56) Раббыларының аяттары арқылы үгіттеліп, одан бет бұрған және бұрынғы өз қолымен істегендерін ұмытқан (әдет-ғұрып, дәстүрін) кісіден кім залымырақ? Расында олардың жүректеріне оны түсінбейтін қалтқы және де құлақтарына кереңдік пайда қылдық. Оларды туралыққа шақырсаңда да әрине мүлде жолға келмейді.» (Кеһф-57) Сөзі бұзылған пенденің құлағына кереңдік, жүректеріне қалтқы түсіп, халықты шындықтан бұруға жанталасып бағуда.

     Ал қазақ сөзін дұрыс меңгермей көп діни сауатты ғұламаларымыз Құлшылық пен табыну сөздерін сауды ауруға ауыстырып алған. Әрбір сөздің ақ пен қара сияқты пайдалану орнына қарай мәні болып, сандық мәнімен ғана толық түсінікті болатынын білген, түсіндіретін қазақ даналары бақилық болған. Сондықтан бақилықтар аманатын жеткізіп; «Аллаға жалбарын, құлшылық қыл, ата-анаға табын», – дер едім. Құранға жүгінсек табынудың алты түрі кездеседі. Алланың жаратқан пайда немесе зиян келтіре алмайтын жансыз нәрселерге табыну. Мысалы; тасқа, суреттерге, мүсіндерге, т.б. Алламен бірге пайда не зиян келтіре алмайтын жаратылыс егелеріне табыну. (Жындар, әр түрлі табиғат құбылыстары.) Тағы бір табыну түрі адамдардың өзінің ойлап шығарған әр түлі қылықтарға табыну. Ойынға, білімге, қызметке, шенге, атақ, дәрежеге, т.б. «Біреу, Алламен бірге дәлелсіз басқа бір тәңірге табынса, рас оның есебі Раббының қасында. Өйткені, қарсы болғандар құтылмайды.» (23-117) Яғни Раббтан түскен дәлелдерге немесе Алланың жаратқан Раббына немесе нұрына көрсеткен аяндарына байланысты табыну шаралары орындалу керек. Егер ата-анамның жаны жоқ табынбаймын десеңіз онда, рухта, рұхта қайта тірілуде жоқ болғаны. Шеріктің де, серіктің де, ортақтың да үлкені және дінге қастандық деп біліңіз. Ібіліс те, шайтан да өмір сүретін болса демек тірі, сонда соларды жеңе біліп Аллаға тура жол таба білген ата-баба рухы өмір сүрмейді деп кім айтады? Ал шайтанды жеңу үшін аруақ (арақ-у) керек. Егер аруақ өмір сүрмесе шайтанның да тіршілік етуі мүмкін емес! Шайтан жоқ десеңіз қозғалыс та жоқ, онда қарсылық заңысыз өмір де тоқтайды. Діннің басты қағидасы адамзатты шайтаннан Бір Аллаға сыйындыру болып табылады. Сондықтан аятта; «(Мұхаммет) онда олардың табынғанына байланысты күдікте болма. Олар ата-бабаларының бұрыннан табынғандары құсап табынады. Әрине біз олардың сыбағаларын кемітпей береміз.» ( Һұд-109).

      Зират басына барған адам бұрынғы ата-бабаларымыздың аруаққа табынғанындай, бірінші Құран оқып, Аллаға мадақ айтып құдайға құлшылық жасап барып, көркем сөзбен сол марқұмға жанаттан орын сұрап жалбарынып, сол арқылы жәрдем тілейді. «Сен мені жараттың, менің күнәмді кешір» деп бейіттің басынан өліктерге құран оқымай христиандар құсап құлшылық қылып әулие аралап жүрген қазақ баласын көрген де, естіген де емеспін. Керісінше тілегіңді араптар құсап күнде немесе мыңдаған жылдар бұрын дайындап қойған мәтінмен емес қалауыңмен сұрайсың. 1001 тілек тілесең жаратушының алдына бір тілегін жететіні күмәнсіз, ғасырлар бойы дәлелденген және үнемі дәлелдер аян болып әрбір құлына түсіп тұратын өзгеріссіз шындық! «Мың бір атты пәледен, жүз бір атты қатерден сақта!» — деп қазақ аталарымыз компьютер есебін ойлап таппай тұрғанда Құран құпиясын шеше білген. Дін ғалымдарының Алладан өзгеге табынбау мен Алланың бірлігіне табыну амалдарының сөз астарын дұрыс түсіне алмағандықтан «шерік», «серік», «ортақ» деген жаңылтпаштар пайда болған. Ал мына аятқа жүгінсек; «Ол; сол күні, оларды және Алладан өзге табынғандарын жинайды. Сонда олардан; «Осы құлдарымды сендер адастырдыңдар ма?» деп сұрайды.(17) (Олар) «Сен пәксің. Бізге Сенен өзгені ие қылуымыз лайық емес. Бірақ Сен, оларды да аталарын да қамтамасыз еттің. Тіпті Сені еске алуды ұмытты да жоғалуға лайық ел болды» деді.» (Фұрқан-18)

     Бұл аяттан Алладан өзгеге табынғандар аталары да өздері де Алланы еске алмаған яғни құран оқу түгіл «бисмилланы» білмейтін мұсылман емес ел туралы ескерткен. Ал зираттап барып Алланы еске алмау мүлдем мүмкін емес. Құранды оқу Алланың ақ сөзін айтып еске алу болып табылады. Енді осы сияқты аяттарды құран ішінен теріп алып «шерік» деген қақпанға айналдырып адам аулағандарға сүренің сандық мәні мен аяттың мәнінің тек белгілі бір елге, уақытқа және қай елге айтылғанын анықтайтын есептік сандық жүйесі бар екенін болашақта дәлелдейміз. «Құран аяттарының алдынан да артынан да бос сөз келмейді, сақ боларсыңдар, Алла есепшілердің ең жүйрігі.» деген ескерту бар. Алла тағаланың бұйырған сөзінен басқаны айтып жүргендерді көргендер болса, Ақ жол ордаларына хабарласар, бірігіп түзейік. Сауап болады. Әрбір танымның негізі, әрбір жолдың бастауы болса әрбір ұлтқа тән өз су ішетін рухани бастауы болу және оның тіл салттық-ғұрыптық, тұрмыстық қажетін өтеу мақсатында қайнар көзі болу шарт. Оған дәлел жаратушымыздың үкімімен; «Қашан серттессеңдер, Аллаға берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды Алланы өздеріңе кепіл етіп, бекіткеннен кейін бұзбаңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңді біледі. (91) Бір топты басқа топтан үстем деген сылтаумен араларыңдағы анттарыңды бұзып, жібін мықтап иіргеннен кейін тарқатқан қатын құсаған болмаңдар. Шын мәнінде Алла сендерді осымен сынайды. Сондай-ақ дүниеде қайшылыққа түскен нәрселеріңді сендерге ашықтайды. (аруақпен тілдестіреді)» (Нахыл-92)

      Алла тағала біздің нәсілімізден «Қазақ бол» деп кепілдік алған. Әрбір пенде ұлтын, ана тілін, елін, жерін қалай қадірлеп бағалауымен ғана сыналады екен. Ал өзге ұлттың немесе топтың жүгін көтеріп қосын жеккен қатын сипатты еркектерді үкімет құзырлы орындардан, ғалымдардан, ақындардан, мешіттерден де кездестіруге болады. Аятта; «(Мұхаммет оларға) айт; «Әй Кітап иелері! Інжіл, Тәуратты және Раббыларың тарапынан сендерге түсірілгендерді (Құран құпиялары мен Забур қағидалары) толық орындағанға дейін дәнеңе емессіңдер!» (Мәйда-68) Тек намазды оқысаң немесе ораза ұстасаң болды жаннатқа кіріп кетесің деп молдалар өтірік айтады деп ескертеді жаратушымыз. Сондықтан аятта; «Ол қауымды іздеуде селқостанбаңдар. Егер сендер күйзелген болсаңдар, расында олар да сендер күйзелгендей күйзелуде. Негізінен сендер Алладан олардың үміт етпеген нәрсесін үміт етесіңдер. Алла(Т) толық білуші, хикмет иесі.» (Ниса-104) Араптар сияқты тілге бай тағдыры ұқсас қауым бар екенін және олар тек намаз оқып жаннатты сұрамай бүкіл кітап амалдарын орындап хикметтерді толық білушілерге беретінін ескерткен.

     Жалпы құлшылық жасаудың негізгі мақсаты жаратушы мен пенделерінің арасындағы сауда. Қалай сұрап берілген ризықты қалай жұмсайсың солай бағаңды, несібеңді аласың. Көп дін танытушылар жолдан бұрған пенделеріне айтар негізгі уәжі «бұл дүниенің қызығын көрмесең арғы дүниенің қызығын көресің» деп күні-түні жалбарындырып намаз орындау орнына тек оқытып қойып алдап жүр. Негізінен адам баласына еңбегіне қарай екі дүниенің де қызығын көруге өзіне орынбасар болуға жаратқан. «Әрине Алланың Кітабын оқып, намазды толық орындағандар және өздеріне несібемізден көрнеу, көмес түрде тиісті орынға жұмсағандар, еш түгесілмейтін бір сауда үміт ете алады.(29) Өйткені Алла, олардың сыйлықтарын толық беріп, әрі өз кеңшілігінен (қасиет) артылтып береді. Әрине Ол, өте жарылқаушы, аса қадір білуші.» (Фатыр-30) Сол қауымның елін, жерін, дәстүрін, тілін Алланың берген қадірін құрметтеген арқасында сонша ұрпақтарына да сый қалдыра білген араптан да жер қазынасына бай «Қазақ» деген ел екенін дәлелдеу мақсатында; «Өзіңді тану үшін өткеніңе қара!» деген қағиданы ескере отырып, бұл кітапта қазақ халқына белгілі жазылған, басылған деректерді пайдалана отыра көп зерттеулер сол қалпында жазылса, ал кейбір деректерді өңдеп, қасиетті кітап үкімдерімен салыстырыла отыра жазылды. Өз ойыңды қағазға түсіру оңай шаруа емес екен, сондықтан кемістігі, жетпей жатқан жерлері бар екендігіне шүбә келтіре алмаймын. Жаңылыстым деп ойламаймын, себебі Бабалар батасымен, аманатымен «Ақиқат бастауы» деп ат қойып (мен ойлап тапқан жоқпын) әр бетіне дем салынды. Уақыт озса да, тозбаған Ахмет Яссауий, Абай, Шәкәрім, т.б. ғұлама бабаларымыздың еңбегіне, дәлеліне сүйене отырып, дін кереметтерін зерттеген ағамыз Сәден Нұртайұлының рухына, Құранның математикалық құпияларын зерттеп жүрген Ғұзыхан Акпанбек ағамызға ризашылық білдіре отырып әлі де шабытына шабыт қосса деп үміт артамыз.
Ислам және қазақтардың әдет-ғұрпын зерттеп жүрген Н.Өсеров, Ж.Естайов бауырларымызға еңбегіне жеміс, жүректеріне иман тілейміз. Темірден түйін түйгенмен, ойыңды қағаз бетінде түйіндеу қиындау екен. Жар құлағы жайыққа тимей көмек көрсетіп басылылуға ат салысқан Құдам – медицина ғылымының докторы, профессор, жазушылық өнерін меңгерген Сайын Садықұлына алғысымды білдіремін. Алда басылымдарда Құранның құпия сырларына және қалай есептік жүйелермен оқу құпияларына терең үңіле отырып әлемде әлі құпия болған ғылыми, мәдени болатын немесе болашақта болуға тиісті оқиғалар мен өзгерістерді қазақтың сөз байлығында жаратушымыз құпиялап жасырып бергенін дәлелдеп қасиетті кітаптан нақты деректер келтірмекпіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *