Ислам дініндегі межеуселік белгілер.

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 231

Өлікті бірден қабірге көмбейді. Қабірге келе жатқанда жайлап жүріп жақындағанда баяу қозғалып, үш рет өлікті жерге қояды, кейін барып қабірге түсіреді. Егер ер адам өлсе, үшінші рет жерге қойғанда, басы құбылаға қарауы қажет. Ал әйелді бетін құбылаға қаратып, қабірге тез түсіреді. Қабірге түсерде сыртқы үйде тұрып, ішкі үйге қоятын адам бас киімсіз, жалаң аяқ тұрып, әрі өліктің аяқ жағына шығуы тиіс. Өлікті ішкі үйге түсіргеннен соң кебіннің басы, ортасы және аяғында байланған жерін шешіп, бұл кезде сыртта тұрған жиналған адамдар қабірдің жас топырағынан орамалға уыстай салып, оны қабірде тұрған адамға береді. Ол бұл топырақты өліктің бас жағына төгеді. Аңыз бойынша ол дүниеде таразыға жақсы-жаманды таразылағанда осы топырақ сол адамның жақсылық жағына қосылады деген түсінік бар.

Алты жасқа дейінгі балаларға жаназа оқу қажет емес. Бала өлі туылса да жаназаның қажеті жоқ. Табыт пен молда арасында шымылдық не т.б. қалақайлайтын нәрсе болмауы керек. Молда ер адамға жақындау, ал әйел адамға алыстау тұрып, жаназасын оқу тиіс. Қабірді топырақпен жабар алдында имам үш рет «ас-салатты» қайталайды. Ал араптар топырақпен жабар алдында имам оң қолын өліктің оң иығына, сол қолын сол иығына салып, өлікті қатты шайқап, оның құлағына үш рет: «Тыңда, түсін, ия!» деп атын атап, кейін Құран оқиды.

Әлі күнге ислам діні үзілді-кесілді тоқтата алмай келе жатқан өлімдегі ежелгі дәстүрдің бір күйініштен, қайғыдан шашын кесу салты, Арабтар кесілген шашты қабірге бірге көмген. Қазақтарда шаш кесу әдеті жоқ. Оның орнына қатты күйінгеннен шашын жұлу, өлген адамның мінген атын тұлдап, құйрығын кесу бар. Ат құйрығын қаралы үйдің шаңырағына жылына дейін бақанға іліп қойған. Асын берерде арнайы бөлінген 4-5 жігіт бақанды сындырады. Әрине үй-іші, яғни қатыны, бала-шағасы сындыртпауға тырысып, жылап-еңірейді, алысады. Ондағы басты мақсат жақын адамдарды ешуақытта ұмытпаймыз, сол үшін оны білдіретін белгі «Аттың құйрығы» тұра берсін дегенге саяды.

Ежелгі түрік тайпаларында өлген адамның қару-жарағын, киімін, ыдыс-аяғын, мінген атын өлтіріп бірге көмген. Сөйтіп, атын о дүниеде мініп жүреді деп ұққан. Оның үстіне о дүниеде қызмет етеді деп құлдар мен күңдерін де бірге көмген. Араптарда да мұндай дәстүр исламға дейін болған. Мысалы Ислам алдында өмір сүрген бедуин Антар ибн Шаддад ағасы өлгенде 300 құл мен көптеген түйені қабірі басында құрбандыққа шалған.

Ислам адамды құрбандыққа шалуға үзілді кесілді тыйым салды, алайда оның сарқыншағы ретінде «құн» алу дәстүрі сақталып қала береді. Қазақтарда баласы не жақсы жақын адамы өлейін деп жатса мойнына шылбыр салып құрбандығы болайын, мені ал, баламды алма деп Құдайға жалбарынған. Ал малды құрбандыққа шалу өліктің барлық жиындарында сақталған, яғни жетісі, қырқы, жүзі және жылында мал сойылып отырады. Ислам жанды Аллаға жақындастырады деп, Аллаға жанды алғаны үшін қарсы болмауды насихаттайды.

Шариғат қабірді әшекейлеп немесе күмбездеп тұрғызуға қарсы.

Қабірдің бәрі бір-бірінен оқшауланбай, қарапайым болуы керек. Расында да жер-жерде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл елімізде дәстүрге айналған кері әдет қабір басына ғимараттар орнатып, қымбат белгілер қою қажет емес, оларды салуға жіберген қаржыны басқа сауап істерге жұмсаса абзал болар еді. Ескерткіш белгілерді әулие-әмбилерге, қоғам қайраткерлеріне көп болып кеңесіп барып қою қажет.

Мешітке өлікті әкеліп, жаназа оқытуды шариғат қолдамайды, әкелуге де тыйым салмайды. Мешіт ішіне енгізбей аулада жаназасын оқиды. Қазіргі кезде өлікті жуып, кебіндеп болған соң, егер жұма күні болса, мешітке әкеледі. Жұма намазға жиналғандар бәрі өліктің жаназасын оқиды.

ВАХШАТ (қорқыту) — өлік қойылған түні құран оқу. Мұның негізгі мақсаты марқұмның қабірдегі Мүңкір – Нәңкір келіп сұрайтын кезінде оған Алладан рахым етуді сұрау. Өлік шыққан түні осы мақсатта жиналғандар Құран оқиды.

Өлікті алуға, яғни қабірді ашуға рұқсат етілмейді. Әсіресе пайғамбар, халиф, имам, дін үшін азапталып өлген, ғалым т.б. қабірін мүлдем ашуға болмайды. Алайда өлікті ашуға болатын жағдайларда:

1. Егер өлікті біреуден озбырлықпен тартып алынған жерге жерлесе, әрі иесі ол жерде қабірдің жатуына разы болмаса;

2. Егерде өліктің кебіні, не т.б. қабірдегі заты ұрланған немесе тартып алынған болса;

3. Егерде өлік шариғат заңдарымен жерленбегені (мысалы, кебінсіз, не өліктің басы Меккеге қаратылмаған болса) анықталса;

4. Егерде мұсылман адамның қабірі дінсіздер қабірстанында қойылса, болмаса қабір жатқан жерге қоқыс не жаман нәрселер тасталса;

5. Егерде екіқабат әйел баласы алынбай жерленсе, шариғат заңы бойынша анасының жатырынан баланы алып, қайта көмуге рұқсат етіледі;

6. Егерде өлік жатқан қабірге жыртқыш аңдар қауіп төндіреді, болмаса су қаптап кетеді деп санаса немесе өлген адамның жаулары оның өлігін қазып алып қорлайды деп қауіптенсе;

7. Егерде жерленгеннен соң өліктің басқа дене мүшелерінің бірі табылса (мысалы, адам өлтірілгенде оның басы, қолы, аяғы т.б. мүшесі қолға түспей кейін табылса) онда осы жағдайларда шариғат өлікті ашуға рұқсат етеді. Қалған кезде өлікті ашуға рұқсат етілмейді.

Жылап – сықтау жайлы.

Шариғат жылап-сықтауды қолдамайды, бірақ қаза болған жерде жылағандарға тыйым да салмайды. Қатты дауыстап жыламау, бетін жыртпау, шашын, киімін жыртпау жайлы хадистарда көп әңгіме етіледі. Егер әйел өлікке жылап бетін жыртса, онда бір құлды азат етіп, (құрбандық шалып) 10 аш адамға тамақ не киім беруі керек. Ер адам да осындай етуі қажет. Мұхаммед пайғамбарымыз айтқан екен: «Менің үмбеттерім мәжәусилік төрт нәрседен аулақ болуы қажет, әуелі біреуге жақсылық істеу, оған мақтанбау, екіншіден біреудің шығу тегін масқаралап, ар-ұжданына нұқсан келтірмеу, үшіншіден молшылық жұлдыздардан деп сену, төртіншіден өлгендерге жылап-сықтамау.

Исламның тыйым салғанына қарамай Шығыс елдерінде әлі күнге өлікті жылап, зарлы жоқтау айту бар. Осындай әдетте ислам қаншама ғасыр бойы күрескеніне қарамай, ештеме істей алмай отыр. Кәсіби жоқтау айтушыларды адамдар өлікте жоқтау айтқызу үшін арнайы шақырады. Біздің қазақтарда да жоқтау айтушылар болғанын, олардың да даусы зарлы екенін, олар өлген адамның жақсы жақтарын мақтап, сүйек сырқыратар аянышты сөздермен естіген адамдарды еріксіз жылатқан. Жоқтау жылы толғанша, асына дейін күн сайын таңертең және күн батарда үздіксіз айтылған. Көшкенде қаралы үйдің көші алдында жүріп отырған. Жолай ауыл кездессе, сол ауылға жақындағанда зарлы дауыспен жоқтау айтылған. Көш өтіп бара жатқанда, ауыл оларды күтіп алып басу айтып, ас-су ішкізіп аттандырған. Қазақтарда кәсіби жоқтаушылар болған емес. Жоқтау айтушы алдын-ала сөзін даярлап алған.

Мұсылман жоқтаушылары тек әйелдер. Ал біздің қазақтарда да жоқтау айтушылары дерлік әйелдері, әпкесі, қызы мен қарындастары болып келеді. Қазақтар өлімде сабырлық тілейді.

Ежелгі түрік тайпаларында «бір адам өлген күні адамдар жиналып жоқтау тыңдалған. Тамақ ішіліп, жоқтау музыкасымен ұласып, әуелі жоқтаушы музыкалық аспаппен өлген адамның ерлігін мадақтаған, кейінгі жағы сүйек сырқыратар аянышты сөздерге ұласып, отырғандардың көзіне жас алдырған». Бұл дәстүр қазақтарда бертінде де болғанын, бізге келіп жеткен жоқтау-күйлерден көре аламыз. Жоқтау-күйлер көбіне қобызбен орындалған.

Әрине адам қайғысы, аяулы жақынынан айрылу діннің тыйым салғанынан гөрі күштірек. Сол себепті де мұсылман молдалары өліктегі жылап-сықтауға көз жұмып, мән бермеген болатын. Қазақтарда: «жыламаңдар, Аллаға қарсы болмаңдар» деп, жылауға болмайтынын ескертеді. Өлік шыққан үйде үш күн бойы үздіксіз адамдар келіп Құран оқылады. Кейін өлген адамның жетісін, қырқын, кей жерлерде жүзін, соңынан жылын, яғни асын береді.

Егер мұсылман адамның әйелі христиан не иудей болса, әрі оларға арналған қабірістан болмаса, оларды мұсылманның қабірістанына қоюға болады. Тек өлген әйелдің жүзін Меккеге емес, арқасын Меккеге қаратып қойып көмеді.

Қазіргі кезде қабірістан тұрғылықты ауыл, қаланың шетіне, мал-жануар баспас үшін қоршалған болады. Қайсібір халықты алмайық, олар қабірді құрметтейді. Қабірстанды таза, көрікті етіп ұстайды. Әрине, көп жерлерде қабірстанның күл-қоқыстарға малынып жатқанын көріп, сол ауыл азаматтарының өткенге енжар қарайтынын, өлгенді еске ұстап құрметтемейтінін көрсетеді.

Қазақтар жалпы мұсылмандар секілді бейіт басына жарты ай белгісін қояды. Мұсылмандар қабірстан қасынан өткен кезде Құран оқып бата жасайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *