ҚАЗАҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІ

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 197

Табиғат құбылыстарына табыну жол-жобалары.

Қазақтың бұл әдет-ғұрпы ислам заңдарымен шатасып, араласып кеткен. Ислам діні мәжусилік табынудың бәрін ығыстыра алмай, амалсыздан бірігіп исламдық сипат алған. Күн, Ай тұтылғанда, Жер қозғалғанда, нөсер, боран, құйын, тасқын, .т.б. кезінде оқитын дұғалық аяттар бар. Егер екеуі қатар болса (мысалы жер қозғалып, күн тұтылса) онда екі дұға аят оқылады, ол жеке бір өзі болса, жеке дұға оқылады.

Дұға табиғат апаттарында былайша оқылады: екі рәккаттан намаз оқылады да әр раккаттан бес ракуғ (бел бүгу) жасайды. Бұл дұғаның Күн, Ай тұтыла бастағанда болмаса апат басталғанда оқиды. Намаз далада ашық аспан астында оқылады. Жаңбыр тілегенде әулиелі жерлерде оқылғаны дұрыс. Аңыз әңгімелерде Айша анамыз бір жылы қуаншылық болып, ел сасқанда Мұхаммет пайғамбар басына барып қабірінен тесік тескенде, жаңбыр құйып жауыпты. Бұл сияқты аңыз әңгімелер көп.

Қылмыстық құқықтық заң нормалары

Өз білгенімен жазалау (таІзир) Шариғат Құранға негізделген бір не басқа қылмыстар үшін өзгермейтін жаза белгілеуімен қатарда қазыларға кейбір жазаны өз білгенінше белгілеп шығаруға мүмкіндік береді. Мұндай өз білгенімен жазалау арабша «таІзир» — «үкім шығарушылық» деп аталады. Әрине, Құранда не басқа бір шариғат негіздерінде кездеспеген тәртіп бұзушылықты қазы өз білгенінше жазалайды. Мұсылман елдерінде қылмыс түріне қарай ұрының қолы кесіліп, дүре соғу, аяғын кесу, түрмеге, зыңданға салу арқылы, ауыр түрлері қорқыту үшін дарға да асу жазасы берілген. Ал қазақ халқында ондай үкімдерді ру ішінде, ру басы ауыл ақсақалдары өте шебер шеше білген. Оған шыққан шығынды қайтару, құн төлеу т.б. жазалар қолданған. «Қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп майда бұзақылықтарды сыртқа шығармай ауыл, ру ішінде басып отырған. Ел, ру намысы бірінші жолға қойылған.

Ру басылары мен арнаулы билер сайлап үлкен ру аралық дау-дамайларды билер шешіп, небір шешендік сөздермен үкім шығарған. Қандай қиын дауларды оп-оңай шеше білген. Ал жер, жесір дауы сияқты күрделі дауларды әр жүзден сайланған билер арқылы шешіп отырған. Үш жүздің билерінің атқаратын маңызы зор болып қазіргі ішкі, сыртқы істер, парламент, үкімет орындарының жұмысын оп-оңай шеше білген. Оған дәлел Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би бабаларымыздың тарихына үңілсек те жеткілікті. Майда ауыл-арасындағы бұзақылықты ауыл ағалары сыртқа шығармай «ел ішінде бір тентек» деп кешіре де білген кеңпейілді бабаларымыз. Сондықтан көп жағдайларда шариғат заңынан жазалау тәртібі қазақ халқында өзіндік ерекшеліктері де бар.

Аза-қаза, өлім жітімдегі жол-жоралар мен дәстүрлер және шариғат заңдары.

Өлім деген ешкім қашып құтыла алмайтын, басқа тірі қалғандарға қатты әсер ететін жайт. Сондықтан да ежелгі адамдардың қорқынышты сезімдерін оятып, өлім алдында шарасыз екенін қалыптастырған. Ол дүние мәңгілік (бақи), бұл дүние жалған (Фәни) деген. Мұсылмандардың өлікті жөнелтудегі жол-жоралары өте күрделі, ежелден келе жатқан дәстүрлермен біте қайнасып араласып кеткен. Мұсылмандар ажалға алдын-ала даярланады. Өйткені Алла қоластына бару оларға қымбат саналған. Көзі тірісінде кебінін, иісті камфор, т.б. сатып алып қойған. Оны сауап іс деп санаған. Шариғат бойынша өлейін деп жатқан адамның аяғын құбылаға қаратып қойған. Егер бұлай өту мүмкін болмаса, бір қырымен (оң солы бәрі бір) құбылаға қаратып жатқызған. Иманын үйірген, яғни шаһадат сөздерін (лә илаһа илла Алла, Мұхаммадүр расул Алла) айтқан, бұл айтылған шаһадат сөздерін өлейін деп жатқан адам міндетті түрде естуі тиіс.

Шариғат заңы бойынша өлгелі жатқан адамның қасында тек әйелдер ғана қалмауы керек. Өлген адамның қасында қатты сөйлеу, қызу әңгіме айту, жылап-сықтау, т.б. істерді шариғат қолдамайды. Өлікті үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Адам өлгеннен соң өліктің көзін, аузын жуып, иегін тілі шығып кетпесін деп байлап, аяқ қолын созады да, бетін жауып қояды. Егер түнде, қараңғы кезде өлсе, қасына шырақ жағады. Егер жүкті, яғни екіқабат әйел қаза болса, сол бүйірін жарып, баласын алып, қайта тігуді шариғат талап етеді.

Өлікті сумен, егер су жоқ болса, құммен жууға болады. Бірақ міндетті түрде үш рет:

а) кедр ұнтағы араласқан сумен

ә) камфор араласқан сумен

б) таза сумен жуады.

Содан кейін өліктің маңдайын, алақанын, иығын, бас бармақтарын (қол-аяқ) камфор майымен майлайды. Мұның бәрін кебіндегенге дейін істеу керек. Шариғат заңы бойынша кебінсіз киіммен жерлеуге болмайды.

Кебін ақ матадан немесе дәкеден, болмаса ақ шыттан даярланады. Ол үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлігі дененің төменгі жағын орау үшін, екінші көйлектік, ал үшінші бөлігі өлікті дененің басынан аяғына дейін жауып тұрады. Әйелдерге кебін 15-18 метр, ал еркектерге 10-12 метрдей кетеді. әйелді кебіндеу 5 бөліктен тұрады:

1. (кептақия – оны басына, қалған бір бөлігімен шашын орап, қолтығына тыққан).

2. Көкірек көйлек.

3. Әбиір жабар.

4. Белдемені

5. Сыртынан орайтын кебін, ол өлікті басынан аяғына дейін жауып тұрады. Еркектің кебінін оңнан солға қарай, ал әйелдердің кебінін керісінше, солдан оңға қарай ораған. Ер адам сәлде ораса бұрын, өлгеннен кейін де сәлдесін орап көмген.

Кебінді тігу үшін ағаштан жасалған ине пайдаланылады. Өлген әйелге — ері, еріне — әйелі кебінді даярлаулары қажет. Егер біреуі бұрын өлген болса, онда балалары не туысқандары даярлайды. Ал жақын туыстары болмаса, онда мұсылмандардың біреуі даярлайды. Кебіндік мата біреуден тартып немесе ұрланып алынбаған, адал еңбекпен тапқан табыспен сатып алынған болуы керек. Кебіндеуге ештеме таба алмаған жағдайда шариғат заңы бойынша етін жеуге рұқсат етілген (шошқа, ит, т.б. болмайды) мал немесе хайуан терісіне кебіндеуге болады.

Жерді қазып, қабірге көму (адам сасып-жидіп кетпесін деп) тым ертеден-ақ бар. Қабірдің қазылу жолдары; әуелі ұзыны 2,5 ені 1,20 м етіп тіктеп қазады. Оның тереңдігі жер қыртысына қарай 1,5-2 м болады. Әйелдер қабірін тереңірек қазады. Содан кейін, құбылаға қарағанда сол жағынан ішкі үйін жасайды. Ол ішкі үйдің тереңдігі ішіне жатқан адам кеңінен сиып отырғанда басы тимейтін болуы керек. Өлген адамның иісі шығып, сасып кетуден сақтаған адамдар ежелден-ақ қабір қазып, соған өлікті жерлеген. Рас, кейбір елдерде мәселен Үндістанда отқа жағып жібереді.

Ислам хадистарында өлген адам қабіріне ешқандай белгі қоймай, тегістеп тастау керектігі айтылады. Бірақ бұл жартылай көшпелі, көшпенді халықтарға енбеген. Керісінше өлікті жөнелту дәстүрлері көбейтіліп, аруақты қадірлеу, басына күмбез соғу, арнайы қабірстан жасау, т.б. сәндік дәстүрлер орнаған. Әрине бұл дәстүр жақын адамын ұзақ мезгіл есте сақтап, басына барып тұрудан шыққан. Бұл дәстүрге ислам діні амалсыз көндігіп, тек оған исламдық баяу-нақыш берген.

Шариғат заңы бойынша өлікті көп ұзатпай жерлеу, жерге жамбасын тигізу керек. Әрине, бұл климат жағдайына орай, яғни ауа-райының тым ыстықтығы, өлікті тез бүлдіретіні әрі жаман иістің таралуына байланысты шыққан. Қазақ арасында 3 күн-ақ босағада түнетеді. Ол кейде жас, ауру адамдардың клиникалық өлімге кетіп қайта тіріліп кету себепті де болуы мүмкін. Өлікті жақын қабірстанға қою керек. Әрине, бұл тәртіп көп жағдайда сақталмаған.

Қазақтарда ру-ру болып, көшіп-қонып жүргенде өздеріне тисті, яғни ата-бабалары жерленген жерге, марқұм болғандардың бәрін бір жерге жерлеуге тырысқан. Әр рудың өз қабірістаны болған. Кейбір атақты хан, сұлтан, билер әулиелі орындарға өздерін жерлеуге тырысқан. Әзіреті сұлтан Құл Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Қорқыт ата, Оқшы ата қабірістандары мысал бола алады.

Кейбір діндарлар жасы келгеннен соң өлер алдында Меккеге не Мәдинеге барып, сол арада өмірінің соңғы күндерін өткізіп, қасиетті жерде қалуға тырысқан.

Өлікті жыртқыш аңдар қазып әкете алмайтындай, иісі шықпайтындай етіп көмген. Мұсылмандарды табытқа салып көму қабылданбаған, алайда табытпен көмуге де тыйым салынбаған. Ислам діні бойынша табытқа көбіне дене мүшелері бөлек-бөлек етіліп, азаптап күшпен өлтірілгендер салынып көмілген.

Жерленген өліктің қасына ешуақытта да қару-жарақ, ыдыс-аяқтарын, киімдерін көмбеген. Біз исламға дейінгі көп халықтарда, соның ішінде қазақтарда да киім-кешектерімен, қару- жарақтарымен әрі құл, күңдерімен көмілгенін жақсы білеміз.

Суға кетіп өлгендерді тірілуі мүмкін деп асықпай, лажы болса қондырып кейін барып көмген. Егер жерлейтін жері жоқ болса, не алыс болса (мысалы кемеде т.б.) онда шариғат тәртібімен кебіндеп (кебіндеу, жуу, жаназа, намаз т.б. рәсімдерін істеген соң) кейін аяғына ауыр нәрсе байлап суға батырған. Егер жаулары көріп, қазып алып өлігіне тыныштық бермей, масқаралап, қорлайды дегендерді де осылай еткен. Шариғат заңында суға тастағанда өліктің тез арада теңіз жыртқыштарына жемтік болмайтын жағын қарастырады. Егер үлкен құмыра болса, соған салып, аузын бекітіп, содан кейін суға тастаған. Егер шыңырау құдыққа құлап өлсе, оны алу мүмкін болмаса, онда сол құдықты топырақпен жауып, сол адамның бейітін жасаған. Әрине мұндайда да өлікті жерлеу рәсімдері орындалған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *