ДІНИ ДӘСТҮРЛЕР МЕН БҮГІНГІ СЕНІМ НЕГІЗДЕРІ.

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 130

Адам баласының сана-сезімі, қимыл-әрекеті сол кездегі өмір сүрген қоғаммен байланысты екені тарихта айқын. Оған өзіміз де куәгер болып отырмыз. Дүние жүзіндегі 2 мыңнан астам ұлт пен халықтың тарих кешені құрсаулы идеология мен өктем саясаттың салдарынан діннен безіп, дінмен қоса тілімізден, дінімізден айырылдық, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды ұмыттық, үлкенде – мейірім, шапағат, рахым, кішіде – ізет, ибалық азайды. Иман, сауап, тәуба жөніне қалды. Дінсіздік, құдайсыздықпен әуестеніп жүріп, құлқымыздың бұзылғанын, сана-сезіміміздің уланғанын, наным-сенімнен айырылып мәңгүрттеніп, кем ақыл болып қалғанымызды бір-ақ білдік.

«Дін-апиын, дін-соқыр сенім» деп діни кітаптар мен қағазға түскен Алланың сөзі, пайғамбар хадистері өртелді, діни адамдар жер аударылды, түрмелерде опат болды, мешіттер қиратылды.

Қазақстан халқы атеистік және әсіресе материалистік қоғамнан шыққан елміз. Қаншама жыл материяға табынған, соның үстемдігін көрген жұртпыз. Сол қоғамнан басқа қоғамға трансформацияға өткен кезде руханият жағына мүлде мән берілмеді. «Егер экономикамыз дұрыс болатын болса, халықтың әл-ауқаты жақсарса, руханият ешқайда қашпайды, бәрі де дұрыс болады» деп ойладық. Оның қате екенін қазір Швейцария, Швеция және Жапония көрсетіп отыр. Бұлар әлемдегі ең бай үш мемлекет. Сиуцид, яғни адамның өзін-өзі өлтіруі жөнінен алдыңғы үш орынды алады. Неге? Өйткені экономика, әлеуметтік жағдай бәрі жетілгенмен, руханият дамымай қалған, рух әлсіреген. АҚШ-та да осындай жағдайлар болып жатыр.

Адам жанының басты байлығы мейірім мен қайырымдылық. Қазақ арасында кәрі қыздар, жетім-жесірлер, мұңлықтар, жезөкшелер, қараусыз қалған қарттар неге көп? Соның негізі – дәстүрсіздік. Дәстүрсіздік бет алған жерде үгіт насихат жүргізудің қажеті жоқ. Дәстүрімізді қалпына келтіруіміз керек. Дәстүрдің негізі – иман. Адамдықтың негізі – иманды болу. Иман түзелмей парыз да, қарыз да өтелмейді. Әрбір ақылы бар адамға иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз. Табиғат тағыларынан адамзат қоғамының өзгешелігі де рухани тәрбиенің биіктігінде. Әл-Фараби: «Адамға бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы, ол барлық өміріне апат әкеледі»- десе, Абай атамыз: «Атаның баласы болма, адамның баласы бол. Әкенің баласы – дұшпаның, адамның баласы – бауырың», Лев Толстой: «Тән үшін сүрген өмірдің рахаты болмайды, азап шектіреді, рух үшін сүрген өмір ғана рахатқа жеткізеді» — деген, Лао Цзы: «Бақыт та, бейбақ та алдын-ала маңдайға жазулы. Адам өз пейілінен екеуінің біріне тап болады», — дейді. Тек пейілің таза болса ғана Алланың берері шексіз.

«Жақсылық, жамандықты жаратқан құдай, бірақ қылдырған құдай емес. Ауруды жаратқан құдай, бірақ ауыртқан құдай емес» деген емес пе Абай атамыз. Әуелі біз материалдық тәніміздің бұзылуы, яғни ауруға тоқталсақ. Көп жағдайда ауруды әрине ниеттен табады екенбіз. Енді қазақтағы бірінші сандағы ауру – өкпе құрты. «Кәріліктен басқаның емі бар» деп пайғамбарымыз айтқандай, емдеуге болатын дерт. Ал қазір қамысқа тиген өрттей қаулап жасты да, кәріні де жалмап келе жатыр. Бұл аурудың індет сияқты тарап кетуі, бас бостандығынан айырылғандар жылдан-жылға неше еселеп артып, бұл ауру түрмеден тарап, қазақтың қас жауына айналып отыр. Түрмеге түсу әрине ниеттің бұзылуының салдары. Ал екінші орындағы ауру – жыныс аурулары. Яғни, жылына сифилис сияқты аурулар 28 есе, СПИД атты ауру 2 есеге өсіп келеді. Бұл да адам ниетінің бұзылуынан, нәпсіқұмарлықтан пайда болады. Үшінші орындағы ауру – қант диабеті. Яғни, 60 пайызы дұрыс тамақтанбау, нәпсіні тежемей ішкі рухани тепе-теңдіктің бұзылуынан, яғни ниеттің бұзылуынан пайда болады. Төртінші орындағы ауру – жүрек қан тамырлары ауруы, яғни 60 пайызы тойымсыз тамақтанудан, нәпсіні тежемей дұрыс ұйықтамаудан, өмір сүру ережелерін дұрыс пайдаланбаудан туындайды. Қалған аурулар нашақорлық, темекі, ішкіліктен пайда болады. Яғни айтқанда бәрі ниеттің бұзылуынан туындайды. Қазіргі уақытта әйелдер жасы 62-75 болса, еркектер жасы 58-65 жаспен шектеледі. Өмір қазақтан қашты десе де болады. Балаларды кестіріп алу 25 пайызға көбейсе, шала туу 5% жетсе, жылына 4500 әйел заты төстерін алдырып тастап аналық құқығынан айырылып шала еркекке айналуда. Жатыр мерезі жылдан-жылға жасарып келеді. Кеңес одағында 50-ден кейін сирек кездесетін болса, қазіргі таңда 15 жаспен 49 жас арасында індетке айналып келеді. 70 жыл ұранға айналған әйелдер теңдігі енді европа еркіндігімен суарылып жемісін бере бастады. Сондықтан болар әйелдеріміздің 13 пайызы қайтып келген әйелдер және жылдан-жылға өсіп келеді. Сонымен қатар әйелдер өлімі 1,5 есеге жасарып және өсті. Бір себептермен ажырасып қайта күйеуге шықса, еркектің көңіліне түскен етектің дағын кетіру үшін бірінен соң бірі бала туып беруі керек. Бала туғысы келген әйелдің денсаулығы нашар, денсаулығы бардың ниеті дұрыс емес. Елімізде жылына 40 мың ауру бала туылса, егемендік алынғаннан бері 1 млн. 200 мыңға бала саны азайды. Яғни бұрын 30 бала оқитын сыныптарда қазір 17 бала оқитын жағдайға жеттік. Бұған себеп біздің дәстүрлі салтымыздың, әдет- ғұрпымыздың жойылуы.

Дінге, әулиеге сенген кезінде әйелдерде әуейілік, еркектерде есалаңдық болмаған. Пайғамбарымыз: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген. Қазақта «Ұят кімде болса, иман сонда» деген. Яғни ұят пен иман егіз болса, ұялу үшін шынайы сену керек. Сенбейтін адам — сезбейтін адам. Сезімін жоғалтқан адам – жүрегі өлген, яғни қулық, сұмдық, арамдық, нәпсі құмарлықпен, дүниеқоңыздықпен еш нәрсені ойламай – ішсем, жесем, кисем, жылтырап әдемі, бай көрінсем, сондығымен көрінсем деп ақылы көзіне біткен ақымақтарға «әп бәрекелді» дегізсем деген сипатта болады.

Иса пайғамбарымыздан кезінде: «Сіздің қолыңыздан барлық ауруды жазу, өлген адамды тірілту де қолдан келеді, қолдан келмейтін не бар?» дегенде, ол: — «Өлген жүректі тірілту келмейді» деп жауап берген екен. Сонда жүректің өлуі, рухтың өлуі екен. Ал сол рух туралы не біледі екенбіз? Құран Кәрімге үңілсек «Әй Мұхаммед, олар сенен жан (рух) туралы сұрайды; ол Раббыларыңның әмірінен өте аз мәлімет берілді де». Құранды аударғанда да рух пен жанды бір түсінік деп қателік жіберген.

Пайғамбарымыз; «Рух жайында терең кете бермеңдер, себебі сендерден алдыңғы қауымдар рух жайында терең кеткендіктен жолдарынан адасып кеткен, сондықтан сендер де бұл жайында терең кетсеңдер жолдан адасасындар» деп ескерткен. Себебі ол кезде Құран Кәрім пайғамбарымыздың жүрегіне ғана жазылып және аянмен періштелер арқылы Алланың құдіретімен түсіп отырған. Және рух жан емес күрделі ұғым, ол түсінік болашақтың үлесі екенін ескерткен, ғылымның дамуына тәуелділігін білдіреді. Сондықтан оқушыға түсінікті болу үшін айтылып, жазылып жүрген үйреншікті шығармалардан мысалдар ала отырып, алда танымал ғылымдармен тұжырым жасаймыз.

Оған «Мен Пайғамбарды сауатсыз адамнан таңдадым» деген құран аяты растайды. Яғни рух жазу, сызу таңбалардың дамуымен ғана анықталады. Сондықтанда кезінде Құран Кәрім тек қарилар «хафиздер» арқылы тарап отырған. Пайғамбарымыз бақилық болғаннан кейін көп жылдардан кейін ғана Хазіреті Әбу Бәкірдің басшылығымен Құран топтастырылып кітап болып шықты. Мұны «Мұсһаф» деп атады. Мұхаммет пайғамбарымыз миғражға көтерілгенде әлі тәнге кірмеген жанды көріп, оның жәбірейіл періште арқылы пайғамбарымыз өзі бұл фәни өмірден өткен соң 400 жылдан кейін өмірге келіп, періштелерден дәріс алып, ислам дінін ғылыми негіздеп, пайғамбарымыздың хақ жолын жалғастырушы болатынын білген деген сөз қалған. Сол себепті Алланың аманатын құрма арқылы Арыстан бабаның қолынан алған Хазіреті сұлтан Құл Қожа Ахмет Яссауи бабамыз емес пе еді? 63 жасында хилуетке Алла үкімімен кіріп, екі өмір арасын жалғастырып, жүрек кірін қалай тазартудың, зікірдің, Аллаға қалай жақындауға болатынын, әулиелік жолдың негізін қалап, ақиқат жолын салып діннің қазығын қаққан бірден-бір ғұлама атамыз Әзірет сұлтан Құл Қожа Ахмет Яссауи. Өзінің дүниеде тендесі жоқ сәни дәптеріне «хикметтерге» үңілсек бүкіл түркі халқы бабамыздың шәкірттерінен тарағандығына мойындамасақ болмайды. Себебі 88 млн. мұсылман қауымның ғұлама ойшылдары Хәзіреті сұлтан Құл Қожа Ахмет Яссауиді діннің қазығы деп санайды. Әрине қазықтың қасиетін қазақ бауырларымызға түсіндіріп жатудың қажеті жоқ шығар «Ат айналып қазығын табар» деген халық даналығы. Дүниеде сөз болсын немесе жұмыс болсын ілімің, ғылымың жетпесе ақиқатын білмейсің. Онда ол сөзден, жұмыстан пайда не? Адам өзінің 150-200 см дейінгі бойының ішіндегі өзгерістерді бір білсе ілім арқылы ғана біледі. Құранға жүгінсек әлемде бостан бос жаратылған нәрсе жоқ, бәрінің белгіленген орны мен шама-шарқы бар. Демек бәрі өлшенеді, өлшемсіз жаратылыс болмайды. Сондықтан рухтың да өлшемі, шамасы, саны болу керек. Енді тек алда күнделікті айтылып жазылып жүрген қарапайым түсініктерден құран аяттары арқылы танымал ғылымдармен салыстырып өлшеп есептеп көруіміз керек.

Рухтың өмір сүретіндігін, растығын дәлелдейтін ғылыми тұжырымды алғаш неміс ғалымы «Мисмар» 1770 жылы жасаған. Оның пікірін бүгінгі ғылым да қуаттап отыр.

Енді Құран Кәрімге үңілсек: «Және ол, құлдарының үстіне өктем, сендерге қорушылар жібереді». (Әнғам – 61 – аят.)

«Әркімнің алды-артынан өкшелеп қорғаушылар бар. Расында бір қауым өзін өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді.» (Рағыд – 11 – аят.)

«Әркімнің үстінде бір бақылаушы бар.» (Тарық сүресі 4 – аят.) Жоғарғы жаратылған рухты Жәбірейіл періште деп ұқсақ, сол рухтың орындаушылары яғни қызметшілері бар болып шықты.

Яғни адамды желеп-жебеп қайда барса да, не істесе де қарауылдап жүретін қарауыл бар екендігін қазақша айтқанда, аруақтың бар екендігін ескертеді. Енді осы аятты діни уағыздаушылар ол Алланың қойған періштесі деп мойындайды. Демек періште ұғымының ғылымы бар болу керек емес пе? Алла тағаладан басқа жаратылған нәрсенің бәрі түрленуге, өзгерістерге ұшырап отыруы тиісті емес пе? Бәрін біріне-бірін тәуелді, бірінсіз-бірі тіршілік ете алмайтын қылып жаратқан емес пе әлемді? Адам баласына Алла тағала тарапынан беріліп отыратын дәлелдерге ат қою бұйырылған, яғни ғылымды дамытып білімге айналдыру. Білім сол аттарды түстеп тану емес пе? Ал мен тек Алладан басқаны танымаймын десеңіз, онда оған Құранда мынандай Алланың белгісі куә.

«Расында сендерге Раббыларың тарапынан көрнеу далелдер келеді. Кім оны көрсе өзі үшін және оны көрмесе зияны өзіне. Мен сендерге күзетші емеспін.» (Әнғам – 104 – аят.) Демек Алла тағаланы тану тек күзетшілер арқылы атқарылады екен. Күзетшілер жаратушымыздың үкімін орындаушы періштелер.

Яғни көрінетін, адамға сезілетін қарауылдар (аруақтар) туралы екендігін түске кіру, әртүрлі белгілер беру туралы, түсінбей қалсаң апатқа, жамандыққа ұшырауың мүмкін деп ескертіп отыр жаратушымыз. Демек періштелер туралы үғымымыз әлсіз. Ал тәпсір түсінігінде періштелер тек Алланың үкімімен пайғамбарларға, тағы басқа ғұламаларға ғана, ғарыштық санасы дамыған адамдарға ғана көрінеді деп ескертеді. Онда да Алла үкімін орындаушы төрт періште ғана, олар:

1. Жәбірейіл періште – адамзат үшін пайғамбаларға хабар жіберіліп отырады, сенімді уәкілдігі бар. Алла тарапынан 104 кітапты жеткізуші.

2. Мекайіл періште – табиғат құбылыстарын басқарып, қадағалаушы міндетін атқарады.

3. Ғазірейіл (Әзірейіл) періште – жанға ие, яғни ажалы жеткендердің жанын алушы.

4. Асрафил (Ысраил, Сұрапыл) періште – қиямет күнінде сүр үрлеуші (жел тұрғызып, дауылдатушы) адамдардың қайта тірілуін бақылаушы.

Ал адамдардың жақсылық – жамандығын есептеп амал дәптерін жүргізуші бар. Олар туралы Алланың белгісімен: «Расында адамзатты жараттық, оған нәпсінің не сыбырлағанын білеміз. Өйткені біз оған күре тамырынан да жақынбыз. Оның оңынан да, солынан да екі бақылаушы отырады». (Каф – 16-17 )

Әрине сөз астарын түсінетін адам «қорушы», «қорғаушы», «бақылаушы» сөзінің мағынасын ажыратар деп ойлаймын. (Оқушыға түсінікті болу үшін терең кете бермей әзірше ғылымын талқыламай болашақ басылымға қалдыруды жөн көрдім.) Яғни Әнғам – 104-аятында Раббымыз мен сендерге қарауыл емеспін, тек бақылаушы ғана қоямын. Себебі «Адамдарға бәрі менен, тек ниетін өзіне ғана қалдырдым» деген аятты растайды. Енді жоғарғыдағы аяттар сырына үңілсек тағы да пенде баласына тиісті «бақылаушы» «күзетші», яғни Алланың тапсырмаларын қадағалап орындаушылар түзетіп отыратын ескертушілер бар. Немесе біздерді желеп-жебеп, қарауылдап жүрген ата-бабамыздың рухы және аруақтар бар, яғни тірі. Олар жаратушымыздың алдында біздің әрбір жасаған жақсылық, жамандық істерімізге бірге жауап беріп жатыр деген сөз. Осыдан болар дана бабаларымыз «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген мақалын біздерге аманат қылып қалдырған. Аруақ, ол бізді Алланың әмірімен келтірген ата-аналарымыздың мәңгілік өмірге кеткен рухы мен жаны арасындағы байланысшы іс орындаушы. Жер бетіндегі қиямет-қайымға дейін біздің үстімізден Алланың қойған күзетшісі. Яғни жақсы болсақ та, жаман болсақ та амал жоқ бізбен бірге өмір сүреді. Алланың алдында ұрпағы үшін жауап беріп жатыр. Әрине бізге көрінбейтін өлшемде рухтармен бірге жындар да өмір сүріп жатыр. Ғылыми дәйектемеде энергия түрінде, яғни ақ және қара энергетика болып көрінеді. Адамзат баласының бірінші арманы және мақсаты тылсым дүниенің құбылысымен байланысқа шығу, ғылымын ашу. Біздің бүкіл өмір сүру дәрежеміз, мақсатымыз соған келіп тіреледі. Оған байланысты неше түрлі әдістер ойлап тауып та жатыр. Ал таза ғарыштық сананы ояту үшін діни ғұламаларымыз Алланы шексіз сүю, құлшылық ғибадаттарымен жетуге болатындығын дәлелдеп бақты. Осы ғарыш ілімінің (жан ғылымын) негізін қалаған рухани тазалықтың тура бұрылмас жолын қалап, дәлелдеп, 63 жасында Алла әмірімен жер астында хилуетте өмір сүріп қанша рет ғарышқа самғап періштелерден дәріс алып, рухтармен (әзірше осылай атаймыз) тікелей сұхбаттасып екі өмірдің байланысшысы болып 63 жыл жер астында михнат өмір сүріп, теңдесі жоқ жер жүзінде «Сәни дәптер», «Ақиқат дәптерін» жазып, түрік халқының діни танымын, Құран Кәрімнің аяттарын ашып көрсетіп дәстүр қылып негіздеп кеткен, бірден-бір ғұлама бабамыз әулиелердің әулиесі Әзірет сұлтан Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыз болады.

Екінші хикметінде:

1) Иә достар, құлағың сал осы кепке, сол себептен алпыс үште кірдім жерге;

2) Хақ Мустафа Жәбірейілге қылды сауал, бұл неткен рух тәнге кірмей тапқан жамал, көзі жас, халыққа бас, жаны адал сол себептен алпыс үште кірдім жерге;

3) Жәбірейіл айтты: үмбет ісі сізге бір хақ, көкке шығып періштеден алар сабақ, жылаушыға сыйға берер жеті табақ. Сол себептен алпыс үште кірдім жерге;

4) Перзентім деп хақ Мұстафа қылды кәләм, одан соң барша аруақ берді сәлем, рахметіне дария толып жетті хабар, сол себептен алпыс үште кірдім жерге.

Пайғамбарымыз перзентім деп қойнына алса, бүкіл аруақ сәлем беріп тағзым етсе, Жәбірейіл періште «жылаушыға жеті табақ сый берер (тілегіңе қабыл қылар) деген Алланың үкімін мәлімдесе, бабамыз тірі кезінде «Менен тілеу үшін Арыстан бабама түнесін» деген аманат қалдырса, оның тілейтін тілеухана көк тасы Түркістан қаласында болса, қазаққа бұдан басқа бақ бар ма екен?

Алланың белгісімен сөйлесек Құран Кәрімде; «Алла (Т.) бір адам баласымен көкейіне салу (сана) түрінде немесе перде артынан ғана сөйлеседі: Не бір елші жіберіп, өз бұйрығымен қалағанын уахи етеді. Күдіксіз Ол, өте жоғары хикмет иесі.» (Шура–51) аят. Санамен немесе түсінде тылсым дүние хабарын алу күнделікті айтылып та, жазылып та оның куәсі болып жатырмыз. Алла тағаланың қалаған пендесін елші қылатынын, сол арқылы тылсыммен сөйлестіре алатынына тек дін ғұламалары, мешіт майталмандары ғана күдік келтіреді. Елшілікті меңгерген адамның әулие атанып Алланың жіберген хикметін растаушы болушы екендігіне Құран аяттарынан жүздеген мысал келтіруге болады. Ал жаратушымыздың бір перденің арғы жағынан сөйлесем деген осы уақытқа дейін жұмбақ болып келеді. Егер де Пайғамбарымызды миғражға көтерілгендегі Алламен тілдесуін айтсаңыздар, ол төрт перденің арғы жағынан онда да Жәбірейл періште арқылы тілдескен. Енді тағы да Алланың белгісімен Қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген өсиет бар. Қазір ғасыр соңы, жанталас кезеңі, бір алапат өзгеріс келе жатыр. Алла тағала үлкен энергия жіберіп жер бетіне сұмдық өзгерістер енгізеді. Қара ниеттілер, зұлымдылар жаңа ғасырдың энергетикасына сәйкес келмейді. Сондықтан жанып кетеді. Сынақ кезеңі, ұлы сынақ, ұлы өзгеріс, алапат дауыл туындауда. Яғни ғылыми тілмен айтқанда магниттік дауылдар туындауда. Қазақшалай айтқанда ниеті кірлеген адамдарда кенеттен бас ауруы, мерездер, ұйқысыздық, өмірден безген жүйке аурулары, т.б. медицинаның күрделі аспаптарының таба алмайтын, жазылмайтын ауру індеттер көбеюде. Жер шарында қазіргі таңда адам баласы құтылудың амалдарын қарастырып, әр ұлт, әр ел өз білгендерін тықпалауда.

Дін өкілдері өз діндерін тықпалап, Алланы осы арқылы ғана танимыз, сонда аман қаламыз деп, өз діндерін онымен қоса салт-дәстүрлерін уағыздап тегін кітаптар таратып, қаражаттар бөліп, біздің жолымыз тек ақиқат жолы деп жанталасып жатыр. Жалпы айтқанда жаҺандану процесі жүріп жатыр. Біздің қаракөз қыздарымыз бен ұлдарымыз неше түрлі секталарға кіріп, солардың дәстүрін қабылдап, солардың сөзін сөйлеп, қыздарымыз өзге жұртқа күйеуге шығып та жатыр.

Ал ислам дінінің жағдайына келсек мешіт молдаларымыз көп жерде тек жерлеу мекемесінің қызметін атқарады. Ал бірлі-жарым діни сауатын ашқан қандастарымыз тек намаз оқып тақуа болайық, ата-салт дәстүр дегенді атама, аруақты атасақ «шірік» қостың, әулиеге түнеп ата-баба аманатын орындасаң ортақ қостың, аруақты айтсаң серік қостың, сақал жіберіп тек 5 уақыт намаз оқысаң болды түзу жолдасың деп, онсыз да есін жинай алмай жатқан қазақ елін өз суатынан үркітіп жатыр. Енді ғұлама бабамыздың «сәни дәптеріне» үңілсек «Жан ғылымын білмей, тән ғылымын іздесең сират көпірінен құларсың?» дегенін қалай түсінеміз?

Ғарыш үстінде намаз оқып тізе бүктім,

Зарымды айтып назар салып жасым төктім,

Жалған ғашық, жалған сопы көрдім, сөктім

Сол себептен алпыс үште жерге кірдім.

Сонда пайғамбарымыз бақи өмірге кеткеннен кейін 400 жыл ішінде-ақ жалған сопы, жалған тақуа дін имамдары болса, одан қазір 13 ғасыр өткенде діннің не болғанын көз алдыңызға елестетіңізші.

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамызбен сөйлесек:

Бұл күнде дұрыс имам жоқ,

Шатақ дін нәпсі тыйған жоқ,

Ақылы саудың ойына,

Алдамшы діндер сыйған жоқ.

Әлімді залым қылатын

Шатақ діндей қақпан жоқ.

Сонда Шәкәрім атамыздың тұсында шатақ діндей қақпан болса, орыс империясының езгісінен әрең босанған бес Франция мемлекеті сиятын шексіз байлықты ұрпағына аманат етіп қалдырған «Құдайсыз қурай сынбайды» дей өмір сүрген кең жүректі, Алланың нұр шапағатына бөленген, өзі батыр, өзі ақын, өзі би, өзі әулие бабаларымыздың руханияты қайда кетті. Жаһанданудан, басқа ұлттарға еліктеуден, немесе кішкене болса да рухы оянған ұрпақтарымыздың рухани азық іздеп шет мемлекеттерден шөліркеп барғанда таңдайына дінімен қоса салт-дәстүрін тамызып жіберіп, «Аштықта жеген аталаның дәмі ауыздан кетпес» деген халін жеп өзге ұлттың жетегінде кеткен бауырларымызды немесе секталарға кіріп Иса масихты дәріптей жүрген Шәкәрім атамызша айтқандай:

Анықты ешкім тапқан жоқ

Іздемей қарап жатқан жоқ

Ақыл да безді олардан

Із қарай жүр сонардан

Байқамай көбі адасты

Көңілге бірақ сол арман.

дегендей «Байқамай адасқан бауырларымызға, қайда барарын білмей сонардан із қарап жүрген қандастарымызға құдіретті Алла тағаламыздың рахметі жауып, қазақ даласында әулие-әмби бабаларымыз ояныпты. Әрине таңқаласыз сенбейсіз де, сәл шыдаңыз, тіптен тылсымнан бата беріп те жатыр. Оян қазағым, қазақ жеріне Алланың нұры жауды. Алланың бұл ерекше хикметі: миллиардтаған халқы бар Қытай мен Индусқа немесе біз әлем өркениетінің алдымыз деп отырған (тозып жатқан) Европа, Америка мемлекеттеріне емес, қазақ атты егемендік алып есін жия алмай жатқан 8 миллиондай халқы бар Аллаға сиынған, аруағын сыйлаған ұлан байтақ жері бар бізге берді. Күннің шығыстан атып, қараңғылықтың батыстан келетінінің айқын дәлелі. Сеніңіз, мейлі сенбеңіз, қазақтың қара домалақ «Қыдырәлі» атты баласының бастауымен қызыр болып, қазақ жерін сонау Алатаудың бөктерінен бастау алып қыдырып кетті.

Алланың белгісімен қарасақ; «Біз жаратқан адамдардан туралыққа бастап, шындық арқылы әділетті атқаратын бір топ бар». (Ағраф сүресі – 181) .Міне жаратқан иеміздің мың өліп мың тірілген талай сынақтан өткен қазақ халқына берген сыйы. Ал жаратушымыздың үкіміне тоқталсақ «Жер жүзінде орынсыз түрде дандайсығандарды ұзақтастырамын. Егер олар барлық белгілерді көрсе де, оған сенбейді. Сондай-ақ олар тура жолды көрсе, оны жол қылып ұстамайды. Ал қисық жолды көрсе, оны жол қып алады. Бұл олардың аяттарымызды өтірік деп одан ғайып болғандықтары».(Ағраф-146.)

Әрине әруақ қалай сөйлейді, ол «шерік» қой деуіңіз мүмкін. Сәл шыдаңыз «Шерік», «Ортақ», «Серік» деген ұғымдарға әлі тоқталып талдаймыз. Енді Алланың мынандай белгісіне тоқталсақ: «Егер оларға періштелерді түсірсек те және оларға өліктер сөйлесе де, сондай-ақ олардың алдына әр нәрсені жинасақ та олар нанушы емес. Әрине Алла қаласа басқа. Бірақ олардың көбі білмейді». (Әнғам – 111 – аят)

Бұдан артық қандай дәлел керек? Егер де қандайда бір дін танушыдан; Таулар, аңдар, құстар, ағаштар сөйлей ме?-деп сұрасаңыз, «Сөйлейді» деген жауап аласыз. Сонда жан деген кие бәрін сөйлетеді екен де, адам жаны сөйлемейді деп айту надандықтың ең үлкені — ортақ қосу деп аталады. Енді сізде әрине көкейіңізде неге Түркістаннан емес, неге әулие әмбилердің ордасы болған сыр бойынан емес?- деген сұрақ туады. Оңтүстік астана аталған «Алматы» қазақтың ақылдың, ақынның, мәдениеттің де шоғырланған ордасы емес пе? Астана сөзі қазақшалағанда Аллаға шығар баспалдақ. Әулие-әмбилердің шешімімен Алатаудың етегінде бақилық орын тепкен бес әулие атамыз Түктібай, Сүйінбай, Сарыбай, Жамбыл, Қайназар аталарымыз сөйлеп кетті. Қалай дейсіз әрине, жүрек арқылы. Онда да кір шалмаған таза жүрек арқылы. Оның да біз білмейтін, әлі талай ғалымдардың басын қатыратын тылсымның талай құпиялары бар. Әрине сіз бізбен бірге таңғажайып ертегі өмірге кіріп келесіз. Тек осы 5 аталарымыз сөйлейді. Неге дейсіз әрине, себебі сіз бен біз адаспауымыз үшін қалған аталар, әулие-әмбилер аталған 5 атамыз арқылы ғана батаға келеді. Әрине әлі бұл туралы да алда талай құпия ғылым есігін ашатынымызға кәміл сендіремін. Сабырлық сақтайық. Әзірше тылсым дүниенің біздің миымызға кірмейтін, ақылымыз жете қоймайтын құпиялары жетіп артылады. Тек жаныңыз жаңалыққа құмар болса, Алланың түсірген «Ақ жолымен» жүре білу ғана шартты үкім болмақ.

Енді бұл жолдың туы Алламен ортадағы тікелей байланысшы жол басшы болып, періште болып өмірден өткен Айша анаға берілген. Және ақ жолдың тылсымнан қалыптастырған өзіндік мектебі бар. Ол мектептің алғы шарты; әрбір ниет қылған адам 9 жыл сынақтан өту керек. Яғни біздің біліп істелген, білмей істелген күнә, күнәрапаларымыз арқылы жүрегіміз жан бақшамыз кірлейді. Сол кірлерді сауап істер мен аманаттарды мүлтіксіз орындап, халықты жақсылыққа, иманға шақырумен тазалайсыз. Және де алдыңғы осы жер бетінде өмір сүру кезеңінде кездесетін тағдырға жазылған қиындық, сынақ қатерлер болса соны осы 9 жылға жинақтап, жеңілдетіп, аруақтың қолдауымен, Алла жар болып ниет емтихандарынан өте бастайсыз. Өз тағдырыңызды өзіңіз жақсылық жағына қарай бұруға мүмкіндік беріледі. Әрбір басталған істің, жолдың басы қиындық болса, арты қуаныш болар, екі жақсы қашанда қатар тұрмайды, бал бар жерде ара бар, қазына бар жерде жылан бар екенін ескерсек. «Кім Аллаға көркем қарыз берсе, сонда Алла ол үшін көптеген есе арттырып береді. Алла тарылтады да кеңітеді».(Бақара сүресі 245 аят.)

Яғни көркем қарыз беруді бата арқылы үйреніп, оған тиісті өз аталарыңыздан қорушылардан мағлұмат ала бастайсыз. Пайғамбарымыз «Зират етіңдер ол сендерге ахиретті еске түсіреді» деп өсиет қалдырып және «Сен басқалар үшін Аллаға дұға қылсаң, сен үшін періштелер Аллаға дұға қылады» деп ескерткен. Сол үшін сол жеті қат жер астынан біз үшін Аллаға дұға оқып тілеп жатқан ата-баба әулие-әмбилердің басына зиярат етіп көркем қарыз бере бастаймыз. Әрине Жебірейл періштенің пайғамбарымызға; «Жылаушыға жеті табақ сый берер» деген Әзірет Сұлтан Құл Қожа Ахмет Яссауи жатқан киелі қала Түркістанға керуендетіп шығамыз. Бабамыздың маған келіп тілеу үшін, «Арыстан Бабаға» келіп түнесін деген аманатын орындай, әрі қарай әулие-әмбилердің тылсымнан беріп жатқан батасымен тұсауыңызды кестіріп, бағыңызды, жолыңызды аштырып, несібеңізді молайтып, сіз де 9 жылдық ұлы сынаққа, яғни ғылыми түрде «Эволюцияға» өттіңіз. Мүмкін аруақтардың қалауынша екі елдің елшісі Аққу, Сұңқар боларсыз. Мүмкін жолыңыз ашылмай жүрген шығар? Болмаса дәулетіне мінезі сай, уайымсыз өмір сүргіңіз келер, тек онда ниеттеніңіз. Маскүнемдіктен айыға алмай немесе, дәрі-дәрмектен шаршап ауыруыңыздан айыға алмай жүрген шығарсыз, тіпті болмаса жеті атаңызды білмейтін шығарсыз? Көш қозғалып кетті. Қаншама газеттер, көгілдір экранға шығып «Ақ жол» ақ жол емес деген байбалам салып жатқандарға «Ит үреді көш жүреді» деп жауап беріп кетеміз. Сондықтан көштің соңында қалып қоймаңыз. Бұл бізге «Қайың сауған» «Қара таудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деп әлемде теңдесі жоқ өлең қалдырған қазақ атты халыққа Алланың берген «Ақ жолы». Тек әрине қисық жолға салып жатқан Ібілістің сыбайластары «шерік» қосушылар.

Шариғатты жол қылып алу үлкен қателік және діни надандық. Шариғат жол емес, іс-әрекет амалдар жиынтығы деп түсінгеніңіз абзал. Ал әрбір іс тек ата-ананы құрметтеуден басталса пайғамбарымыз; «Алла тағала ақырет күні адамдардың екі түрлі тобын назардан тыс қалдырады, олар туысқандық тамырларынан айырылғандар және нашар көршілікте болу.» «Әкеге бағыну – Аллаға бағыну. Әкеге қарсы шығу Аллаға қарсы шығумен бірдей.» (26,529-х) деп ескерте отырып, әкеге өлсе де тәуелді болатындығыңды құпия түрде айтып кеткен. «Сенің өзің де, байлығың да әкеңнің қолында». (281 –х) Бірақ ғылымда европаға еліктеу мен дінде араптарға еліктеу кеселі қазақтың әлемде теңдесі жоқ салт-дәстүрін жоюға жан таласып жатқанымен сол асыл сәуленің шоғы қайта маздап жана бастады. Жалпы көпшілік Алланың бір сипаты – халық болып табылады. Ал халықты надан деп қарсы шығу «Кім халықтан безсе, соның жаны рахымсызданады» (810-хад) деп пайғамбарымыз ескерткендей ата-анасынан безген рахымсыздардың надан екенін, Құран арқылы алда сол өмірден өзған бабалар көмегімен толық түсініктеме береміз, ғылыммен негіздейміз, Құран аятымен дәлелдейміз.

Дана қазақ «Жеті атасын білмейтін ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін ел жетесіз» деп ескерткен. Ұрпақтарымыз жетесізге айналып қазақ атымыз тарихтан жоғалмас үшін; Бүкіл ұлт өзін емес, алдымен басқалардың бақыты үшін, халықтың болашағы үшін өмірін сарып етуді түсінген кезде қауым бір дамудың жоғарғы сатысына кіреді.

Алланың белгісімен тұжырымдасақ «Әр әлеуметтің белгілі бір мерзімі бар. Олар, сол мерзімі келген сәтте бір дем кешікпейді де ілгерілемейді.» (Ағраф – 34-аят.) Бір жеңнен қол бір жағадан бас шығару үшін әрбір ұлт, пенде баласы ата тегінің тарихын біліп, ата-анасының дәстүрін білу арқылы ғана бір шаңырақтың астына келіп бір қазаннан ас іше алмақ. Бұл тек қазақ атты халыққа тән шариғат ісі болып табылады. Сондықтан болашақта Құран аяттарымен салыстыра отырып өз тегінің қадірін түсінер деген мақсатпен қазақтың дәстүрі мен асыл кітап үкімдерін жалғауды жөн көрдік. Мүмкін көңілі кірлеген бауырларымыздың көкірек көзінің ашылуына септігі тисе нұр үстіне нұр болар.

2 thoughts on “ДІНИ ДӘСТҮРЛЕР МЕН БҮГІНГІ СЕНІМ НЕГІЗДЕРІ.

  1. Амансыз ба ,Тоқберген аға ? Сіздің көп дүниелеріңізді оқыдым .Жалпы айтқанда барлық жазбаларыңызда ата баба рухтарының жан дауысы естіледі.Мен де сол Ахмет Яссауи бабамызға топырағы бұйырган, сол кісінің арқасында Алла қасиет дарытқан Туркістан қаласына кіндік қаным тамған .Әрине өзіңіз білесіз сізге жай адам жазбайды өйткені сіздің дуниелеріңізді түсіну үшін сол адамда ең болмағанда елге, жерге деген махаббат болу керек .Сізге мәлім барлығы шақырылады бірақ басымы ермейді .Мен де жолдамын Алланың Құдіреті жүректі бір күнде оятты ғой .Зияратқа барғанда мен де әулиелердің кейінгі ұрпаққа көңілі толмайтын,иманға шақығандарын талай жүрекпен естігенмін.Тонның келтелігі сізге жаңалық емес қой ,Аға шаршамаңыз ,алладан сізге сәттілік, Гүлшара қарындасыңыз,

    1. Жақсы сөз жарым ырысты,
      Гүлшардай қарындас
      Болсада нәзік жынысты.
      Ерлерге тән бұл жұмысты
      Құранның үнін естіген,
      Бабалар үнін біліпті.
      Өркенің өссін бақша боп,
      Тегіңе номада жалғау боп.
      Қатарыңнан озсаң үлгі боп,
      Берсін аруағың қолдау деп.
      Ағалық батам қабыл боп,
      Жаныңа келсін жарық боп!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *