Төрт саны әлемдік жұп, Құран бойынша ол Алладан келетін мезгіл белгісі. Барлық айқын болуға тиісті нәрсе болсын немесе сөз болсын 4 белгісі шарт. Біздің өмір сүрген әлем қабығының тербеліс саны айына 4 рет ауысады. Дүниенің төрт бұрышы бар деген. Ол ақиқат. Жоғарғыда ескерткендей жер әлемі қиямет мезгілінде экватордан бүктеледі, сонда екі төменгі – жоғарғы нүктелер түйістіргенде әлем төрт бұрышқа айналады. Жерді де теңіздер түйіскен жерден жазып көрсе төрт бұрышқа айналады. Жалпы адам өмірі Аймен есептеледі. Іште жатқанда да қырынан қарағанда жарты ай болып өседі солай туылады. Адам баласында алдыңғы жағында, әйелдерде тобық пен мойын, еркектер тізе мен мойын арасын жалғап тұратын ай тәрізді көркем сөзбен толтыра алсаң «нұр» деп аталатын қуат көзі өріс орны бар. Жер анаға ол белгілі жерлерде бекітілген. Адам жасының ұзақтығы немесе кенеттен қайтыс болуы осы жарты айға байланысты. Бұл жаратушымыздың бізге берген «мүмкіндік» сыйы, оны да өз еңбегіңмен табасың, қорғайсың, толықтырып отыру міндеттелген. Алда толық талқылаймыз. Жердегі бүкіл өсімдік жаратылыс ай нұрымен ғана қозғалысқа түседі. Адамзат үшін нұр- несібе. Нұрдың да төрт белгісі болар жер бетінде. Діннің бар негізгі мақсаты осы нұрды толықтыру, өсіру, жоғалтпау. Сондықтан бабаларымыз «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген. Үш саны теңдік, өсу, өну болса, төрт саны толу, бірігу, толысу болып табылады. Төрт құбыла тең болса бақыт, ғылым тегі. (Тәурар, Забур, Інжіл, Құран)
«Бірінші бала – үй баласы,
Екінші бала – ауыл баласы,
Үшінші бала – аймақ баласы,
Төртінші бала – ел баласы».
Төртеуді түгелдеуді үйренейік, ағайын!
Бес- қару
Қазақ тілінде кең тараған «Ер қаруы – бес қару» деген сөз бар. «Бес уақыт намаз», «Пешене бесеу» дейміз. Бес саны негізінен «Қуатқа байланысты айтылады. Қуатты қазақта «арқау» деген. Зұлқарнайын: «Раббымның маған бергені бес артық» (кеһф -95). Бес артық болатын ел болады, сол елдерді басқа елдерден бөлу тапсырылған жаратушымыздан.
«Әрине егер сабыр етсеңдер сақсынсаңдар сондай-ақ жау дереу осы араға жетіп келетін болса, раббыларың сендерге 5 мың белгілеулі періштелермен жәрдем етеді» (Әли -ғымыран -125). Бүкіл қуат көздерінің 5-ке жинақталатынын ескерткен жаратушымыз. Бұл белгілер Тәуратта, Інжілде де баяндалған, сондықтан болар ислам ғұламалары, Европа ғалымдары беске келіп тірелетін ұғымдардан басын ала қашқан. Парсы, Индия, Грек, Арап, Қытай ғұламалы негізінен 4 бөлікке бөліп ауа, от, су, жерді негізге алып, адам ағзасындағы қуат ерекшеліктерін осы тұғырдан қарап отырған. Тек тибет ғылым – дәрігерлері ғана 5 қуат көзі бар деп, онан кейін европа ғылымдарының да қоштағанын медицина тарихынан білуге болады. Бірақ нақты дәлелдеп оның белгісін толық ашып көрсете алмаған. 15-ғасырда өмір сүрген Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыздың «Шипагерлік баян» атты кітабында нақты аты мен бағытын көрсетіп дәлелдеп кеткен. Енді сол атамыздың ғылыми негізіне сүйенсек: Қуат адам тіршілігінің тіршілік қимыл – қарекеттің, ой толғамның түйіні. Алланың несібе мен нәсіптік ризық терімнің ұштасып жарасуы болып табылады. Қуат 5 бөлікке жіктеледі.
1.Жандық қуат
2.Қарсылық қуат
3.Ғарыштық қуат
4.Ғайып жасырын қуат
5.Баршылық қуат
Жандық қуат – ана жатырында пайда болған мезеттен бастап пайда болып, жетіліп, туылып, есейіп – ер жетіп, ғұмыры қанша болса да, жер бесікке түскенге дейін табиғи жаратылыстық денелік, тұлғалық, бітістік қуатының түйіндік қисаптық, сандық айқындығы болып, ол Алланың несібелерімен адамзаттық несіптік өзегіндегі туылмалы, шешімді қасиетті қуат – жан қуаты болып табылады.Негізі — ауыз, белгісі – екі көз болып табылады.
Қарсылық қуат – ризықтық несіптік жиналатын, толатын, толықтырылып тұратын қуат болып жан қуатын іркіліксіз, толассыз толықтырып, молықтыратын нәсіптік ризықтың адамға бұйырған мөлшерінде сақталатын, сақтаулы тұрған көлемде болады. Бұдан тыс қарсылық жан қуатына кейде тірек, кейде зиян болғанымен сырқаттың қарсыласуын, науқастың қорғаныс қуатына ықпал етіп пенденің тәуелділігін аурудан қорып, науқастан айықтырып тұратын игілікті, ізгілікті жаралыс арқауы болады. Негізі — көз, белгі – тіл болып табылады.
Ғарыштық қуат — әр күнде пенделік нәсіп теріп өмір сүру дәрежесіне жойылып, жоғалып отыруы шарт болған шығындық жазымға ұшырауы шарт болған, жойылып кетуге тән қуат болып табылады. Ол адамзатты пенделік тіршілікте несібелік іс-әрекеттер қимыл, жан үшін жанталастағы барлық қуаты желеп-жебей отырып тозатын сипаттағы қуат болып табылады. Ғарыштық болмаса пенденің тіршілік іс-әрекеті болғанмен мәнісін жоғалтып, өмірде жол байланып бақытсыздыққа ұшырайды. Бұл қуат Алланың жазуы. Адамзат әбден шаршап-шалдыққанда, тығырыққа тірелгенде өзін құрбандыққа шалып Алланың жазуымен жандық қуатты өз дәрежесінде сақтап қалуға тырысады. (Нұрдың өшуі)
Негізі — көз, ауыз. (Белгі -соқыр болу. Тәбет жойылу)
Жасырын (ғайып ) қуат – адамзаттың Алла әр пендесіне жасырып, бітістік тұлғасына қарай қойып қойған пендеге өзі білмейтін көмес, жасырын бұғып тұрған қуат болады. Ол адам ерекше шошып жол таба алмай немесе төтенше кектеніп кеткенде, бөлекше ыза болғанда, өзі осылай істеп кете аламын-ау деп ойламаған, көрген адам таң қалып жағасын ұстатып, әр қандай адам пендесі істей көрмеген, істей алмайтын істі тындыратын қуат көзі. Қазақта арқасы бар дейтін осы жасырын қуат. Негізі — көз, белгісі — құлақ.
Баршылық қуат — әр адамда шама-шарқына қарай болатын қуат. Тән бітіміне қарай болатын қуат. Тек бір кісілік қимыл-қарекетін айқындайды. Тұлғалық қуат, мүшелік қуаттардан қосылады, шегі бар. Бұл қуаттың шегі іс-қимылға байланысты. Дене шынықтырумен шұғылдану, өнер білім осы қуатты белгісі болады. Көп қимылдап еңбекпен шұғылданатын пенде мен көп ұйықтап тек тамақ жеумен шектелетін пенде тең емес! Оны өсіріп тежей отыратын несіптік ризықтың іс-қимыл қарекетіне тәуелді болып табылады. Алда әлі талай қайта оралып отырамыз осы бес қуат көздеріне. Енді осы бес қуат көзі әр пенденің саусағымен белгіленген.
Бас бармақ – баршылық қуат
Сұқ саусақ – қарсылық қуат
Ортаңғы саусақ – жандық қуат
Кіші саусақ – ғарыштық қуат
Шөмекей саусақ – жасырын қуат
Қазақта баласының саусағын санап ойнатқан. Бас бармақ, балалы үйрек, ортан түйнек, шылдыр шүмек, кішкентай бөбек деп алақан ортасын басқан. Бала ғайыптан өз мінезі ерекшелігімен келеді, Алла береді. Ғайыпты көре білген дана қазақ. Жер жүзінде бесінші санды ерекше қадірлеген тек қазақ халқы болар. Оны жалпы – аруақ деген. Пенде баласын ахиретпен жалғап тұратын қақпа болып есептеледі. Аян есігі адамзатқа берілетін сыйлықтың, несібенің белгісі.
Алтау – араз болса,ауыздағы кетер!
Жалпы қазақта алты санын тек теңдік сақтау дәрежесінде пайдаланған. «Алты жасар бала келсе, алпыстағы шал сәлем берер. Әлем алты күнде жаратылған. Құранда: «Көрмедің бе? Шәксіз Алла (Т) көктер мен жердегі нәрселерді біледі. Үш кісі сыбырласса; сөз жоқ төртіншісі, әлбетте бестің алтыншысы Алла…» (Мүжадәле – 7). Жоғарғыдағы бес қуаттың тұғыры айналатын ортасы ол, Алла. Өтейбойдақ атамыз: «Бес қуат ақындар сияқты кездесіп айтысып, алты тұғырда алмасып отырады», — деген. Енді алақанға қарасаңыз оң қолды Алла деген әріп бар, сол қолда теріс тұр. Бұл белгі. Бес қуаты толық алмасқан адамда алақанға жылу пайда болады. Адам денесінің қуат алмасу т.б. жан саулығының белгісі алақан. Тек ғылымда оған әлі мән беріліп, қалай анықтау дәрежесін ойлап тауып, өлшейтін құрал табылған жоқ. Әлі онсыз да иістеніп, жанып тұратын қолтыққа жүгінеміз. Екінші орын тоғысатын кіндік айналасы, үшінші орын жүректің тұсы, төстің асты. «Мен сендерге күре тамырдан да жақынмын» — деген аят мағынасы шығады осыдан. Ол денсаулық! «Алтау араз болса ауыздағы кетер, төртеу түгел болса төбедегі келер»- деген мақал. Жан ғылымын, қуаттар санын дана қазақ ұғып, таба білген пенде бойынан Алла тағала белгілерін ажырата білген.
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес
Ынталы жүрек шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес
Дененің барша қуаты,
Өнерге салар бар күшін.
Жүректің ақыл суаты,
Махаббат қылса тәңір үшін
(Абай ата)
Тән сезіп, құлақ естіп, көзбен көрмек
Мұрын иіс,тіл дәмнен хабар бермек,
Бесеуінен мидағы ой хабар алып,
Жақсы, жаман әр істі тексермек.
Ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр,
Сол нұрды тән қамы үшін жан жұмсап жүр.
Тағдырдың қиын, сырлы сиқырмен
Жан — тәнге, ақыл жанға матаулы тұр.
(Шәкәрім ата)
Алла тағаламыздың жерді, әлемді алты күнде жаратқан басты қуат– нұр (сәуле). Яғни жарықтың немесе сәуленің түрлену немесе ыдырау, өзгеру белгісі алты санына тәуелді. Тазарған сәулені жан жылуы «биоток» деп айтамыз. Қасиетіне жиілігіне түсіне қарай беске бөлінеді. Бес таза өріске қарсы, қараша кері өрісте пайда болады (радиация) пенде бойында. Ол үшін әуелі бесеуді мойындасақ, жіктей білсек алтауды ажырату ғасырлар ісі болмақ. Алда 3-ші кітабымызда талқылап көреміз. Сондықтан бұл сандарға алда талай қайта-қайта оралып отырамыз. Алтаудан аса алсаң, жетеуден бастап ғарышқа көтерілу керек. Ол тек ахиретпен байланысты. Жетіден бастап түсіну — жетелінің ісі. Жалпы миы ашыған адамды жетесіз деп атайды. Ми ашымау үшін төртеу түгел болу керек. Алтау араздаспас үшін ауызға берік болып арам тамақ ішпеу керек, көркем шұбарламай сөйлей білу керек. Денедегі артық иіс те осындай араздықтар белгісі. Өркен ниетті деп атаған елдеріміз иіс сусыз өмір сүре алмай, үйдегі сиқырлы сандық тек иістен қалай құтылуды дәріптеп, жер жүзі де иістен құтылуға белсеніп кірісіп кеткені қашан. Денедегі иісті, шіріп жатқан шайтан лағын иіс сумен тоқтата алмайсың, бәрібір ісікке айналып өзінен хабар береді болашақта. Сондықтанда алты саны тіршілік ету шегі, екінші бір жағдайға өту шекарасы. Алтау араз болса адал өлім де бұйырмайды. Жер бетінің тіршілік иелері үшін алты саны сегіз санымен алмасып келіп тұрады. Алты санының құпиясына келесі кітапта да қайта ораламыз, талқылаймыз.