Имансыздық  

Бөлім: Ата-дәстүр өлеңдері №6 105

Сезімнің күйіне елітіп өлең жазбақ,

Ақындық әдет болды ойсыз шатпақ.

Өмірді сынап, көтеріп өзін мақтап,

Жас та бар, қатындар бар «күйін» бақпақ.

Қылқылдап шайтандар бар жүрген жақтап,

«Керемет» деп «лайыкты» басқан баптап.

Насихатын ата-бабаң мирас болған,

Жазғанмен қызу мастар қалай ұқпақ?

Ұқпадым деп надандар көп мақтан қылған,

Түсініксіз сөз жаздың деп мазақ қылған.

Имансыз сол; «Мен білмесем өзге білмес»

Қарғалған; «Өзің білме, білгеннің тілін алман».

Ойсыз надан өз мінезін көре алмаған

Күйлі, күйсіз көңілі жүр бәйге алмаған.

Байтал көңіл шапқанмен сан тарапқа,

Ұзын сөзді ақыл-ойдан сый алмаған.

Қулықпен ар, ұятсыз ойнап-күлген,

Мастар көп жастығына сеніп жүрген.

Өлшеулі отың жанып таусылғанда,

Өтеді өмір күнәсін ғана түгендеумен.

Алланың адам басы добы деген,

Тағдыр боп аруағыңмен бірге жүрген.

Өз ұлтына қайта алмай әлем кезіп,

Боларсыңдар әлде нәсіл тышқан жеген.

Шаттанып талай ана қалжа жеген,

Тудым деп ұрпақтарды текті деген.

Шет елдің салтына күйлеп жастар,

Тегі азып, ұлтын, жанын сатып кеткен.

Қуаныш қайғымен бір қатар тұрған,

Қайғысыз хайуандайын тірлік қылған.

Көп күлгеннің артында жылау да бар,

Тағдырдың сынағынан кім құтылған?

Сырын көңіл тағдырдың аша алмаған,

Көңілге шабыт беріп қоса алмаған.

Бәйгесін бұл өмірдің ала алмай жүр,

Ақыл өспей, сезім қуып талай надан.

Ақылың серік болмай иманыңа,

Ар, ұяттың білмей қадір салмағына.

Буың шығып басыңнан, сасық тұман,

Күйлетеді жалған ой мына заманыңа.

Мұндайлар сөзді бастан асырмайды,

«Білмейсің» деген сөзді еш жақтырмайды.

Мақтаннан өзге сөзді қабыл қылмай,

Көк ит шығып доңыздай қорсылдайды.

(тамыз 2014 жыл)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *