Ашылған көз тұра ма бір зат көрмей,
Миға хабар бермей ме түсі өзгермей.
Әдейілеп көрейін демесең де,
Қарсы алдыңа қоя ма түк кез келмей?
Сол сықылды көңілдің көзі ашылса,
Көп ойланып, қиынға сермей-сермей.
Білер, айтар, оятар, жыбыршытар,
Еркіңді алар, сөйлетер тыным бермей.
Ойдан маржан, меруерт төгілгенде,
Отыра алар кім шыдап оны термей.
Дағды қылсаң, дап-дайын істің бәрі,
Адамзат тұра алмайды әдетке ермей.
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Әдеттен көңілдің сыры туып,
Жын өседі әдеттен қылық болып.
Жастар пен әйелдер мастыққа тән,
Өсиетін пайғамбардың ал түсініп.
Әдет-ғұрып әр ұлтқа жолы жүрмек,
Көңілінде әр пенденің тек өсірмек.
Салт-дәстүрмен құдайдан жоба біліп,
Бес қуатпен көңілді ұждан демек.
(Б.Т.К)
*** ****
Бал ашқан соң оп-оңай бақсы болмақ,
Ол қоя ма ғайыптан хабар бермей.
Тоқты сойып дәндеген тоқтай алмас,
Жылқы ұрлағыш батыр боп о да елермей.
Бір рюмкадан басталар маскүнемдік,
Наша үстіне нашаға өрлей-өрлей.
Ойласаң, соның бәрі бір құмарлық
Қуа бермей қайтеді терши-терлей.
Аздан кейін араны ашылады,
Қаза берсе таусылмас шыққан кендей.
Жын да жын, құмар да жын, мастық та жын,
Өлең жын, қоя ма бойды жеңбей?
Шын құмар шымырлатпай қоймас сірә,
Әр жерге соқтырар аққан сеңдей.
Әрине, бір құмарсыз өмір қараң,
Ондай жаның тұра алмас оты сөнбей.
(Шәкәрім әулие)
*** ****
Қарап тұрсаң әр пенденің құмары бар,
Құмарлықтың соңына түсіп жынды болар.
Ел билеген қазіргі білімділер,
Жындылығы дінсіздікпен айқын болар.
Дінші жүр өз құмарын күнде даттап,
Жындылар ғой тәпсір біліп, құран жаттап.
Дінді тығып мешітке, намаз оқып,
Пайғамбардай жынсыз, текті, кісі аталмақ.
Әнші, ақын, жазушылар жынды десек,
Дәстүрін меңгере алмай жете өлмек.
Жан мен рұқты, иман сенім бір атаған,
Арқалаған кітабын есектей, көңіл өлі демек.
Ғашықтық пен құмарлықтың жолы бөлек,
Құмарлықты махаббат деп қылған ермек.
Күйген, сүйген, нәпсінің еркіне ерген,
Жын құмар, құмарлық жын, мастық демек.
Құмарлық бар ұлтын ғана, өзін сүймек,
Өзге жұртты кем, тексіз, нашар демек.
Жынды- мас білімді қауым шықты,
Қайғысын ескі ақылдың ес деп білмек.
Құмарлықтың салтын алып, теңдік демек,
Мас болған бүгінгі халық оты сөнбек.
Бастан қадір кетіріп, етектің қасиеті жоқ,
Ел болдық жындылықпен тек өлтірмек.
(Б.Т.К)
**** ****
Ондай жанның тұра алмас оты сөнбей
Сүйтсе де артығы бар, кемдігі бар,
Жарай ма соны айырып реттемей.
Не қылсаң қыл, адамға махаббат деп,
Мейлің сөк, мейлің үйрет, айла ізденбей.
Ол сүюің шын болсын, жалған емес,
Бұлдыр болма өзіңе-өзің сенбей.
Дүние құмар, залалкес бола қалсаң,
Өлімді ойла келерлік күні ертеңдей.
Маған сүйтсе қайтер ем деп ойлашы,
Адамның баласы ғой о да сендей.
Шырақтар, ең құмарың осы болсын,
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
(Шәкәрім әулие)
*** ****
Әдет-ғұрып, салт-дәстүр білмей,
Қазақтың көңілі тұр өсіп-өнбей.
Әдетін бұлдыр болған елдің алып,
Мастықтан айықтырар дін меңгермей.
Ақталмай, оқып намаз жынды алып,
Діншілер жүр өз жынын мазаққа алып.
Жан туралы аз мәлімет берілген елден,
Сөз алады ессіздер құмарланып.
Амалың бар ма сүю махаббатың,
Адамзатты бірдей көрмек асыл затың.
Өле жегенше, бөле же деген бабаң,
Ақылға алып ата-баба дәстүр, салтын.
Дүние құмар, іші тар залалкес көп,
Ақылсызға ерме, айла-білім шайтандық деп.
Атаның баласы, жынды болмай,
Махаббатпен сүй Адамның баласы боп.
(Б.Т.К)
**** ****
«Алла сүйсең, адамды сүй» дегендей.
Құмарың бір, ісің көп болсын, жаным,
Көпке құмар, еріншек болма мендей,
«Молданың ісін қылма, айтқанын қыл»,
Ерте сақтап әр іске әдеттенбей.
Қапы қалсаң, қайта оқып, тағы да ойла,
Деп жүрме; сөзің қалды ішіме енбей
(Шәкәрім әулие)
*** **
Үлгісін бір Алланың дінін сүймек,
Молда бар ма бүгінде бірін білмек.
Садақа мен дүние ойлаған көрсе қызар,
Масһабшы шайтанға жамағат болды демек.
«Молданың ісін қылма, айтқанын қыл»,
Мақалы ата-баба өзгерді дүр,
Шариғат ісі тірінің әдетін меңгеретін,
Ақиретке қару қылып надандар жүр.
Көпке құмар ел билеген зиялылар,
Шоқынып заңдарына, дүние құмар.
Өсиетін, нақылдарын ата-ананың,
Ел болдық ішке алмайтын- санасыздар.
(Б.Т.К)
*** ***
Ой құмар, өлең құмар, малға құмар,-
Бұл үш құмар қоя ма мені көмбей?
Қайрат қайтса, амалсыз бәрі қайтар,
Қайран ой қартаяды-ау өзім өлмей.
Ермегім жоқ, өлімнен үмітім жоқ,
Қайтейін осындаймен көңіл бөлмей.
(Шәкәрім әулие)
*** ***
Көңілдің серігі бар үш құмарлық,
Бұл үшеусіз көңіл өспес қуаттанып.
Жүз етің мал қуатың, қайрат болмақ,
Бір жүрекке 99 мал қызмет қыларлық.
Төрт ақылдың қызметін бір боларлық,
Сезімдік ақыл қысқа, мас қыларлық.
Қаракетпен, сезіммен- екі есті боп,
Жындылықпен білімді іс атқарарлық.
Қайратың болса бір ақылға бағынарлық,
Құдайдың ісін көріп жол-жоба алып.
Өлімнен үміттеніп ақиретке құмар болып,
Қазақтың дәстүрі үлкенге тақуалық.
Екі есті ойшылдықпен бір қыларлық,
Махаббатпен сүйсең болар бір құмарлық.
Жалығумен дүние ісінен ойды іздеген,
Сөз маржанын терген текті ер боларлық.
(Б.Т.К)