Шариғат заңы бойынша тыйым салынған ас тағамдардың бәрі де кеңінен көрсетілген. Хадисте «Алла тамақ ретінде қан, өлген хайуандардың, шошқаның етін жеуге, шарап ішуге тыйым салады» немесе «Жетім-жесірдің ақысын тамақ етіп жеуге болмайды» делінген, әсіресе шарап ішуге қатаң қарайды. Қандай да болмасын адамды мас ететін ішімдік ішуге тыйым салады не болмаса «шарап – күнәлардың жиынтығы, одан барып ойнастық, қылмыс, шайтан соңынан еру және жалған дүние қуу келіп шығады» дейді. Рас, шошқа етін жемеу ежелгі мысырлықтар мен иудейлерде де болған. Қазіргі кезде діндарлар шошқа етін жемеуді ғылыммен байланыстырады. Шошқаның бұрын адам болғанын растайтын аят бар. Ал шошқаның бүйрек, бауыр, жүрек, көк талақ құрылысы мен қан құрамы, қан қысымы мен терісінің құрлысы да адам ағзасымен бірдей екенін ғылым дәлелдеп отыр. Пайғамбарымыз «Шошқа етін жемеңдер. Оны сатып, одан түскен ақшаға тамақ сатып алып жеу арам. Шошқа мұсылмандардың мүлкі емес.» деп шошқаны пайдалануға тыйым салған.
Араққа байланысты Пайғамбарымыз: «Арақ-шарап ішу күнә мен қылмыстың түп тамыры, басты қайнар көзі. Оны ішкен адам ақыл-есін жоғалтады. Ол құдайды да ұмытып, ешкімді де сыйламайды, ата-ана, жақын туысқандарын да сыйламайды, жаман істерді істеуден бас тартпайды. Оның денесінен Алланың сенім рухы мен барлық жақсылықтары қашып кетеді. Оның орнына Алла жақсылығынан жырақ жексұрындық пен әдепсіздік келеді. Мас адамға Алла да, періштелер де, пайғамбарлар да, шын мұсылмандар да қарғыс айтады. Қырық күнге дейін оның Аллаға еткен құлшылығы қабыл болмайды. Ақырзаман күні оның беті қап-қара болып, тілі аузынан шығып, сілекейі кеудесіне ағады. Сусағандықтан оның кеудесінен өксік шығады» дейді. Арақ ішілген жерде дастарханда бірге отырып, бірге тамақ ішуге болмайды.
Шариғат заңы бойынша тыйым салынғандардың қатарында қаршыға мен көкектің еті жатады. Ал тырнаның етін жеуге болады. Тірі малдан тамақ ішу үшін ет кесіп алу (мысалы қойдың тілі мен құйрығын) тыйым салынады. Жеуге болатын адал малдардың кейбір мүшелерін жеуге тыйым салынады. Олар: қаны, нәжістері, ені, жатыры, таңдай бездері, бездері, жұлыны, өті, көз қарашығы, т.б. қашыр мен есек етін жеуге тыйым салынбаған, алайда жеу ұят саналады.
Тыйым салынған нәрселерді ішіп-жеу ғана емес, оларды сатуға да рұқсат жоқ. Тағамдарды шариғат адал, арам (мәкрүһ) деп бөледі.
Тамақ ішу тәртіптері:
1) тамақ ішер алдынан, соңынан қол жуу;
2) үй иесі алдын бастап жеп, соңынан қояды;
3) тамақ жер алдында міндетті түрде «бисмиллаһир рахманир рахим» дейді. Дастархандағы тағамның әрбір түріне де «бисмилланы» айту керек;
4) оң қолымен жеу;
5) тамақты үш саусақпен немесе бес саусақпен жейді, екі саусақпен жемейді;
6) әркім өз алдынан жейді, кісінің алдынан жемейді;
7) аз-аздап (көп-көптен емес) алып жейді;
8) асықпай жейді;
9) асықпай шайнайды;
10) тамақ жеп болғаннан кейін «әл-хамду лилла» (Аллаға мадақ) дейді;
11) қолын жалау;
12) тісін тазалау;
13) астың, тағамның қиқымдарын жеп қою (әркім өз алдындағысын). Далада тамақтанған болса, қиқымдарын құрт-құмырсқаға тастау;
14) тамақты тым ерте не кеш жемеу;
15) тамақтан соң шалқалай оң аяғын сол аяғына қойып жату;
16) тамақ алдынан және соңынан аздап тұз жеу;
17) жемісті жер алдында жуу.
Сөгіп ұрысатын жайттар:
а) жүріп тамақ жеу;
ә) тамақ ішіп отырған адамға тесіле қарау;
б) ыстықтай тамақты қомағайланып ішу;
в) ыстық тамақты үрлеу;
г) нан әкелген соң онан міндетті түрде ауыз тию керек. Басқа тағамды күтпеу;
д) нанды саусақпен сындырмау (екі қолмен сындыру керек);
е) нанды ыдыс орнына қоймау;
з) сүйекті өлердей кеміру,
ж) су көп ішу;
и) майлы тамақтан соң салқын су ішу;
к) сол қолмен су ішу (суды асықпай, қылқылдатпай ішу керек. Күндіз суды тұрып ішеді, ал түнде отырып ішеді.).
Арам нәрсені, жаман нәрсені иісі жоқ, дәмі жоқ таза сумен үш рет «бисмиллаһир рахманир рахим» деп жуады. «Арам» нәрсе тұрған ыдысты үш рет жуып бір рет ағып тұрған суға шаю, ал шарап құйған ыдысты жеті рет жуылуы, шарапты мүлде ішпеуді, оның жолы, тіпті қиын екендігін көрсетеді.
Арам нәрселерді құммен де жууға болады. Бірақ құмның құрғақ, таза болуы керек. Күн көзі әсерінен ысып, суыған құмның тазалағыш қасиетті барлығын арабтар жақсы білген. Суы аз құмы мол арабтар осылайша жуып тазартқан.