Бақыт өлшемі — сабыр мен қанағат

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №2 66

Белгісі — бірлік. «Бармақтай бақ бер, соны ұстап тұратын батпандай салмақ бер»-, деген бабаларымыз.

     Бақытты түсіну қанағатшыл адамдар қолынан келіп «шүкір» деп тәубе келтірген. Жалпы сенімі аз, өмір сүру мақсаты бұлыңғыр, күдігі көп адамдар бақытсыз. Ондайды «Сырты бүтін іші түтін» деген қазақта. Көп жағдайда тіршілік ету барысында жеткен жеке биіктерді бақыт деп қабылдаймыз. Жеке-жеке алған биіктер, мақсаттар, нәтижелер байлыққа жатады. Денсаулық — тән байлығы, дүние қызықтары — нәпсі байлығы, ойын-сауық — құштарлық байлығы, атақ, қызмет — дәреже байлығы, білім-көңіл байлығы, бала-шаға — өріс байлығы, дүние, мал-мүлік — тәбет пен қарын-көз байлығы, өнер- ой байлығы. т.б. Егерде адамда осылардың азды-көпті шамасына қарай жиынтығынан ғана бақытты өмір белгісі табылады. Жанға қажетті бір белгі кем болса түбінде бақытсыздыққа тіреледі. Жар сүйіп бала қызығын білмесең бақытсызсың. Тағы сұрауы бар. Ішер тамағың болмаса тән тозар, денсаулықтан айырыласың. Киім жыртық денең ашық жүрсе жан саулығыңа нұқсан келер. Дүние байлығы көптігімен емес, қанағатымен, жеткіліктігімен есептеледі. Тамақтың көптігімен емес, дұрыс мәнді тамақтану ғана тән саулығының өлшемі болмақ. Халық ішінде өзіңді сыйлата алмасаң, сыйлайтын жұртың ағайының болмаса бай бол, басқа бол, дүние қызықтарының құны соқыр тиын. Ішкі дүниеңді бөлісетін адамың болмаса тағы жалғыздық бақытсыздық болып табылады. Енді жалпы біз өмір сүретін қоғамдағы негізгі жалпы бақытсыздық белгілерінің көрінісін санап көрсек:

Бірінші бақытсыздық белгісі: Өз қажеттілігімен өмір сүру, ішіп-жеу, жақсы киіну, нәпсі қанағатымен тіршілік ету, сол үшін ғана бір-бірімен сыйластық, алыс-беріс мәжбүрлік тіршілік.

Екінші бақытсыздық белгісі: Тек байлық, атақ үшін, мансапқұмарлық және белгілі бір мақсаттағы дәрежеге жету үшін және  тек өз пайдасы үшін адамдар арасындағы мүдделі есепке құрылған тіршілік.

Үшінші бақытсыздық белгісі: Мақтан үшін бір-бірінің дәрежесін көтермелеп соған топтарға, ұйымдарға жіктеліп, тек сырт көзге өздерінің ерекшелігін көрсету және көпшілік таныса, көптің алдында ерекшеленсем, соған жетіп немесе тырысып өмір сүру бақытсыздық белгісін «жұлдыз ауруы» деп те атайды.

Төртінші бақытсыздық белгісі: Атақ және тақ құмарлық, біреуді басқаруға құштарлық. Өзін біреуге бағынышты болудан намыстанып, бар мақсат-мүддесін тек біреулерге ақыл айтуға аса тырысып өмір сүру.

Бесінші бақытсыздық белгісі: Тек бір-бірімен қызық үшін, нәпсі құмарлықтарын қанағаттандыру, ойын-сауық, ішіп-жеу, сол мақсатта ғана ара-қатынас шектерін белгілеп бірін-бірі пайдалану бақытсыздықтың негізгі іргетасы болып саналады.

Алтыншы бақытсыздық белгісі: Шексіз еркіндік, ешқандай да тәуелді, жауапкершілікте болмау, ойына не келсе соны жасау түбі тығырыққа тіреліп жоғарғыдағы бақытсыздық белгілерінің бәріне әкеліп соқтырады.

Жетінші бақытсыздық белгісі: Адамгершілік қағидасынан ата-дәстүр, салттан айырылып, тілден алшақтау ұлтына, салтына сай өмір сүру ерекшеліктерінен айырылу барлық бақытсыздықтың белгілерінің бастауы болып ұрпақ тозуына, тектің жойылуы мен мәңгі бақытсыздықты туындатады.

Сегізінші бақытсыздық белгісі: Құбылмалы мінез де бақытсыздықты туындатады. Өмір де соған сәйкес келеді. Жел қайдан соқса солай өмір сүріп қаңбақ болып дөңгеленеді де жүреді. Ауырдың асты, жеңілдің үсті, әйтеуір өмір сүрсе уақыт өтсе болды дегендей.

Тоғызыншы бақытсыздық белгісі: Тек ахирет үшін деп тіршілік парыздарын, өмірге не үшін келгенін бағаламау, өзін-өзі  бос әуреге салып қою. Немесе өз жұмысын біреудің мойнына артып қойып, жаратушы берген қуат, қабілет, қасиеттерін іске асырмай, семья құрып бала өсіруден қашу сұрауы бар бақытсыздыққа ұшыратады.

     Бақытты болу қиындықсыз өмір сүру емес, сол қиындықтарды жеңе біліп ақылмен өмір сүру. Бейнеттің зейнетін көру. Бейнетіңе алатын зейнетіңді анықтап болжай білсең ғана өмір мәнді болып, қарама-қайшылықтарды жеңе біліп жан тазалығын сақтай білесің. Өз жеткен жан шумағымен, алған жарығымен өз жарын тауып бөлісе білген адам ғана бақыттың нәрін татады. Адам оны қысқа ғұмырында оймен іздеп таба алмайды, ақыл жетпейді. Әрбір ата-ананың балаларына ерінбей үйретіп көрсеткендей, ол ұлттардың ғасырлар тәжірибесінен салт-дәстүр болып қалыптасып заманына қарай ережелері бекіп отырады. Сол ережелердің ақ бастау бұлағы болып табылатын негізгі қағида; «Сендерге тура жүрулерің үшін жолдар жараттым» деген жаратушымыз. Сол жолдарға ақыл жұмсап болжап көрейік, бақыт басымен баянды болар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *