Ата-ана қадірін,
Балаң білсе дұрыстық.
Ата-ана бағып қаққанын,
Даулап шықса бұрыстық.
Қызың қонса қияға,
Ол тағдырда дұрыстық.
Отау құрмай құтырса,
Онысы болар бұрыстық.
Өнегелі ұл болса,
Ол нығметі Құдайдан
Рахметінен дұрыстық.
Әкеден туып бала озса,
Ол да болар дұрыстық.
Құдайға қылмай тәуекел,
Сенімсіздік жайласа,
Күпірлікке түсірер,
Дін аздырған бұрыстық.
Ыстық пенен суыққа,
Төзе білген дұрыстық.
Еңкіштеген езділік,
Мінездегі бұрыстық.
Тебіреніп толғанып,
Еліңді сүйсең дұрыстық.
Өзге ұлттың салтына,
Бұрыла салу бұрыстық.
Тәнді сұқтан қорғамай,
Тек аздырған бұрыстық.
Ар-ұятты сақтамай,
Жынды болмақ бұрыстық.
Ақ жаулық жоқ қатында,
Бөрікің болмай басыңда,
Жете болмас бұрыстық.
Асыл менен ғарыпті,
Бірдей көру бұрыстық.
Әке тұрып ұл сөйлеп,
Билік айтса бұрыстық.
Көңілді кеңге сала алсаң,
Болар әсте дұрыстық.
Он екі мүше саулығын,
Елемей жүру бұрыстық.
Шал мен кемпір шағында,
Жас көрінбек бұрыстық.
Жастар үлкен көрінбек,
Үлкендікке еліктеп,
Болар нағыз дұрыстық.
Адамдықты жоғалтар,
Білімің алған бұрыстық.
Ғылым сақтар адамдық,
Ұстанған болар дұрыстық!
(Маусым 2018 жыл)
**** ****