Ақиреттің сауабы,
Дүниелікпен өлшенбес.
Құлшылық ізгілік жауабы,
Өлісіз иман келтірмес.
Жылы жүрек, нұрлы ақыл,
Өлшеніп берер бір үлес.
Ескіліктің ізімен,
Жүрсең аяқ жаңылмас.
Сырлы әлем төріне,
Тазармай табан кіре алмас.
Киелі жердің ойпатын,
Пендесін басқан аздырмас.
Мың есіктің төртеуін,
Бой жарық толмай аша алмас.
Төрт құбыланың теңдігі,
Осымен болар ажырамас.
Гүл теретін бақшаның,
Есігі мұнсыз ашылмас.
Сылдыр судың мөлдірі,
Шөліңді бір қандырмас.
Қан сонарда бүркітші,
Аңға шықпай отырмас.
Тұңғиыққа тереңдеп,
Асылын сөздің тере алмас.
Жетпіс екі түрлі кедергі,
Сынап бойды алдырмас.
Жеті өріспен жарығың,
Толмаса санаң ашылмас.
Ар сауытпен қорғалмай,
Ұжданың құстай ұша алмас.
Сауыт пен терің сыналмай,
Адамдыққа пенде жете алмас.
Жеті жаның түгел болмаса,
Мәңгілік Мен-жан құралмас.
Екі ізгілікті меңгермей,
Құлшылық толы аталмас.
Сегіз сезімді меңгермей,
Турасына жол түсе алмас.
Бес парызбен дін ісі,
Құдайдың ісі бола алмас.
Құдайсыз қурай сындырып,
Адамзат еш оңалмас!
Қубастық әдет алған ел,
Мәңгілік нәсіл бола алмас!
Ескі киімге жаңа жамауды,
Жамағанмен жаңармас.
Ескі шарап үстіне,
Жаңадан шарап құя алмас.
Сөз өнерін ескіден,
Ой үнін таппай діл болмас.
Жете мен сана заманға,
Құдайсыз қайта жалғанбас!
(Тамыз 2018 жыл)
**** ****