II- Жастарға; Ақыл мен иман жинасақ

Бөлім: Шәкәрім және дәстүр, дін 86

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық.

…………  ………..  ………….

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,

Жас бойға жаман атақ тағынбалық!

Таза ойлап, татулық іс табалық!

Жау жоқ, тіпті жауды сағынбалық!

Адалға әлімізше аяңдалық!

Арамға аяқ баспай шабандалық!

Елемесең, есіңе енбейді ақыл,

Ескерсең, осы сөзім сендерге анық.

Болмас іске бұртыңдап тырыспалық!

Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!

Көзге жылпың көрініп, сыртқа қылпың,

Артымызда құр өсек қылыспалық!

(Шәкәрім әулие)

***  ****

Заман бүгін қазаққа ес жинарлық,

Жау іздеген наданнан бой жиярлық.

Өле жеген өгіздей семірмейтін,

Бөле жеген тегіміз бар есті халық.

Ар, ұятты ұмытқанда жоқ адамдық,

Ақылы әлсіз хайуан да нан табарлық.

Қатын қызы етексіз, жаулық қалып,

Жете жоқ ондай ерде ұғым барлық.

Ұятсыздық болған елде, арсыз анық,

Иман түгіл ақыл да жоқ ұғынарлық.

Елемесе ұят, иманды жаны өлі,

Жан иманға, ақыл жанға тұр маталып.

(Б.Т.К)

****   ****

Сөз байлассақ, уағдада тұрысалық!

Жалқаулықты көңілден сырысалық!

Босқа күлген күлкіні күйлемелік!

Шын ақылға мойынды бұрысалық!

Жақсы білім іздеуге жалықпалық!

Табылмаса, тарығып, талықпалық!

Салақтықты қоялық, сақ болалық!

Білгенді, білмегенді анықталық!

Ғалым көрсек-әр істі сұрасалық!

Ондайға басымызды құрасалық!

Өстіп істеп өзіміз қамданбасақ,

Бізге ақыл үйрете алмас мына халық.

(Шәкәрім әулие)

****   ****

Әлмисақ уәдең барын ұмытпалық,

Нәсілдің бәрін бірдей Раббың алып

Бір-біріңнен айырмаң жоқ дегенді,

Махаббатың, бауырдай болсын халық.

Анау ұлт кем, артық деп қуыспалық,

Жер ана — ортақ меншік нәсілге анық.

Кеңдігі жер мен көктен жаннаттардан,

Әр адам орын алсын, сарай салып.

Таза ой, парасатты ақиреттен алысалық,

Сүйікті құлдарынан әлемге ортақ жарық.

Ақыл жинап, иманды іздеу керек,

Тегің сені мешітке іздеп келмес анық!

(Б.Т.К)

***  ****

……….  …..  ………..

Надандықпен қарнымыз тоқ демелік!

Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!

«Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп,

Арамды адал, асылды боқ демелік!

Ақылды сол-ынсап пен ар сақтайды,

Арсыз сол-арамдықпен жан сақтайды.

Адал сол-таза еңбекпен күнін көріп,

Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.

Жалғаншылар сөз айтса, «сырым» дейді,

Біліп қойсаң, «бұ да бір қырым» дейді.

«Әншейін байқайын деп айтып едім,

Өтірігімді ұстап па ең бұрын?» дейді.

Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,

Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды.

Өз бетімен табатын өнері жоқ,

Талапсыз, өлі сүйек жанға ұқсайды.

(Шәкәрім әулие)

****   ****

Ән сатып, айла күшпен таң қалдырмақ,

Еңбексіз табыс болды қайта сатпақ.

Біреу өнім өндірсе жүз пенде жүр,

Мұны сатып үстем ақы пайда алмақ.

Тер төкпей, ет ауыртпай ақыл толмас,

Күнәлі қуатыңды жақпай ақтала алмас.

Өз бетіңмен ізденіп өнер таппай,

Бес қуатың аманатың нәсіл қонбас.

Арсыздық болды бүгін жан сақтаған,

Жер байлығына меншігіндей көз алартқан.

Анау алды, ел билігі жеп қойды деп,

Саясатшы надандарды құдай атқан.

(Б.Т.К)

****   ***

Бұлар-мәлім, сатып жүр, көрдің мұны,

Болмайды кімге залал мұның түбі?

Өздері біреуіне бірі сатсын,

Алмалық біз қызығып енді осыны!

Сатады өтірігін шынға жастап,

Жүрміз деп жарасымды өнер бастап.

Айласы белгілі, аз ақша ғой,

Пәленшесін тауысайық жыртып тастап!

Осы жұрт өтірікпен жүр ту ұстап,

Айланы не қыламыз берсе уыстап?

Күні бұрын ондайға жуымалық!

Орын алып, кетпесін бой қуыстап.

Айла орнына ақылды жұмысталық!

Өтіріктің орнына Шын ұсталық!

Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,

Тура жолда тұрып-ақ тынысталық!

(Шәкәрім әулие)

****  ****

Туың болды бүгінгі діні Масһаб,

Бес күн жалған шариғат ісімен-ақ.

Дүниеге байланған өңшең надан,

Өтірікке ақылын елдің қойды байлап.

Тура жолда дегенді қайғы тұрмас,

Құдай өзі қалағанда кемдік болмас.

Баянсызын түсінген мұндай адам,

Сопылықпен құранды жүрер қорғап.

Дінші ғалым ендігі жүр мазақтап,

Кітабын бейнеленген құран ұстап.

Алладан басқа, шірік өкпе деп атайды,

Алланың достарын ұлықтауға тиым сап.

Біз -деген көркем есім, жұлдыз атап,

Раббымыздың ғаршысы оғы атпақ.

Біздерден ақыл сұра, деп имамдар,

Өздерін құдай қылды, мәңгі тұрмақ.

(Б.Т.К)

***  ****

…..  …………  …………

Өнер қылма ар сатып, жалданбақты!

Ұлық болып, елді жеп малданбақты!

Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,

Қашан жақсы көруші ек алданбақты?

Өлсең де ондай сөзге құлақ салма!

Ардан күсіп, ақылдан құры қалма!

Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы,

Білімі жоқ наданның тілін алма!

Өмір өнбес бір күнгі қылған жалға,

Көз тоймас үзіп-жұлқып алған малға.

Жұрттың ісі неге жөн болмасын деп,

Ой ұнамай, ондайға өлсең нанба!

Мақтанбалық айламен алдағанға!

Надан боп, ұқсамалық айуан малға!

Жан біткеннің бәріне жара салып,

Жан сақтаған не болар жалғыз таңға?

(Шәкәрім әулие)

***  ****

Малым жанға, жан арға садаға,

Ал ар аруақсыз дене құрала ма?

Араптарға жан туралы мәлімет аз,

Жан ғылымы түркілік сөз қорында.

Сатылған енді арың тажалдарға,

Дәстүр мен шариғат ісі тең бола ма?

Салт-дәстүрдің шариғат ірге тасы,

Надан дінші жетесіз мұны ұға ма?

Жан сақтауға арналған жалғыз таңға,

Масһабпен тура жолға жалғана ма?

Мағрипат білімімен дәстүріңді,

Насихатын кімге жазды Абай дана?

Жетесіз сана, санасыз ар құрала ма?

Ескі ақылмен тәпсір білім жол бола ма?

Құдай ісі, әр заманның кітабы оқылатын,

Ұлтыңның бар емес пе елшісі жол-жобаға?

(Б.Т.К)

*****   ****

…………  ……..  …………..

Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?

Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?

Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп.

Береді бұл надандық кімге пайда?

Білімдіге білімсіз бағынбай ма?

Іздесе, пендеге жол табылмай ма?

Ақты қойып, арамды әдет етсек,

Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?

Қай пенде жолықпайды осындайға?

Соны ойлап жүрегіміз шошынбай ма?

«Дүниеде не қылдың, не қойдың?» деп,

Алдыңда неше жерде тосылмай ма?

(Шәкәрім әулие)

***   ***

Адасқан көпке еріп бардық қайда?

Зұлымдық қайдан келді ойланғанға.

Кең пейіл, ақ жүректі текті елді,

Қандай білім аздырған бермей пайда?

Білімің,  есті ақылға бағынбай ма?

Тәрбиесі ақылдың салтың қайда?

Имам, дінші дін ақылдан биік деген,

Ақылсыз дін хайуандыққа айналмай ма?

Ілім, білімнің ғылым ортасында тұрмай ма?

Ақыл мен ғылым егіз-иман аталмай ма?

Ғылымды құдай өзі таза ақылдан,

Хикметімен кітап беріп жалғамай ма?

Адам өлсе аруаққа айналмай ма?

Көлеңкелер айнасы аруақ аталмай ма?

Жүрек, көз күзетші ол да аруақ,

Ар азса,  ақсыз нәсіл жын болмай ма?

«Әлмисақ» уәдең нәсіл бірлік қайда?

Надан дінші масһабшыға ердің жайда.

Қазақта ел билеуші тажал болды,

Дәстүрін бағындырмақ заңға алайда!

(Б.Т.К)

****  ****

Жатпалық жалқауланып тіпті жайға!

Жайлы ақыл ойланайық жанға пайда!

Кейінгінің қалмалық обалына!-

Сонда мақұл боламыз бір құдайға.

Осы жұрт өтірікті үнем қылып,

Ақты қойып, арамға көңіл бұрып.

Қудырақтап, қу, білгіш атанам деп,

Шығарады бір пәле қарап тұрып……

Айтқанда өтірікті-судай жылып,

Шынды ескерген адам жоқ көзге іліп.

«Қу» десең, құлағына бір кірмейді,

Езуін тастар ма еді, сірә , тіліп!

Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,

Мойнына әбден алған сайтан мініп.

Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жылмаңдайды,

Соған ыза боласың іштен тынып.

(Шәкәрім әулие)

****  ****

Ақылдың білімін ұлтың алмай ойға,

Білімді іздеп жүрміз қыр мен сайда.

Ел кезіп білім тапса, ой үні жоқ,

Ғылымы- таза ақылы бір құдайда!

Тәпсір білім, ой үнінсіз ұлттық жайда,

Дінші, ғалым дәстүрсіз наданбай ма?

Ақты тастап, құдайдың ісін көрмей,

Жол-жобасыз иман келіп тұрақтай ма?

Құранның жын сүресін көзге іліп,

Қай ғалым түсінді екен сырын біліп?

Жүктелуден қорқытып қашырып жүр,

Пәле шықты тажалдық шайтан қулық!

Сегіз жын қуатың қырың сынып,

Бір қуат шындық болар ұстап ғұрып.

Қайрат пен жанның еркін жоғалтуға,

Жын кіргізген жүрекке дінші құдай ұрып!

(Б.Т.К)

****  ****

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *