Мейірім мен әдеп — ұждан басы

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 65

«Жұмсақ жүрек жұмаққа жол ашады» деген. Сол әліппені ашып көрсек мейірімді болу жеткіліксіз, оған қоса әдепті де болу керек екен. Ал әдептілік әліппесінің қайнар көзі бесік жырынан басталады емес пе? Өйткені біздің ата-бабаларымыз ұрпағын әдептілік бесігіне бөлеп өсірген. Сондықтан да Қорқыт бабамыз: «Талай жылды басынан кешіріп шашы аппақ Құдай болған қарт-қарияларға құрмет! Кеудесіндегі ақ сүтін емізіп тойғызған асыл аналарға құрмет! Солар үшін отау тіккен аға-інілерге құрмет! Некелік сәтте куәлік еткендерге, жаңа туған ұлға құрмет! Бүкіл ғаламды жаратқан тендесі жоқ тәңірге құрмет!» дей келе «Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, ұл атадан үйренбей, сапар шекпес» деген екен. Ал Абай атамыз «Әдептілік ар-ұят адамдықтың белгісі, тұрпайы мінез тағы жат, надандықтың белгісі» деген екен. Баяғыда бір адам хакім Лұқпаннан: «Осыншама әдептілікті қайдан үйрендіңіз?», — деп сұрапты. Сонда ол «Әдепсіздерден үйрендім!» деген екен. Сол айтпақшы біз әдепсіздік пен дөрекілікті басқалардан көбірек үйреніп, ұлтымыздың әдептілік әліппесін көзден таса қалдырыппыз.

«Өзі өзгеше боламын» демектің түбі мақтан. Әрбір мақтан біреуден асамын деген күншілдікті тудырады, күншілдік күншілдікті қозғайды. Аталарымыз бен әжелеріміз бізді әдепсіз болмауға үйреткен еді: «Аузыңды керме, аһылап, үһілеме», «Бүйіріңді таянба, жағыңды таянба, жалған сөз айтып жалған сөйлеме» дейтін. «Біреудің ала жібін аттама, ақты төкпе, ас қайырмай дастарханнан тұрма. Ата-енеңнің, қайнағаңның атын атама. Олардың төсегіне отырма. Төсегін басып өтпе» — деуші еді. Ал балапан ұяда не көрсе, соны алатынын білеміз. Есіктен орын табылса – төрге озбаған жақсы-ау. Адамдықтың белгісі иіліп сәлем бергені. Әдептілігі міне осыдан-ақ білінеді. Біз қазір көзі соқырдан емес, көңілі соқырлардан қорқуымыз керек. Үлкеніміз де, кішіміз де қазір «Сіз» деген сыпайылықты жиып қойып «сен» деген анайылыққа көштік. Осынымыз дұрыс па, ойланып көрейікші. Кішіпейілділіктен кішіреймейтінімізді ұмытпайық. «Ата баласының ат меніңдей белгісі болады» деген халық даналығы. Сол айтпақшы үлкен-кішінің үлгі тұтары біздің бабаларымыздың да беріп жатқан бой тұмары «Әдептілік» деген асыл қасиет деп білейік. Ғасырлар бойына бүкіл тәнін шаң-тозаңға айналдырмай таза ұстаған. Жаман әдетті кісендеп, жатқа құлып ашпаған халықтың баласы едік. Цицерон өз уақытында «Ақылды адамның ең басты міндеті сыртқы сұлулықтың тұтқыны болмау» деп кеңес берген.

Ұят кетті білінбейді жарасы,

Адалдықтың көрінбейді қарасы.

Бар ма адалдық? — Өзі қайда бүгінде

Арам зат қой адал деген барасы.

Құран Кәрімде әр адамның үш жауы бар делінген:

біріншісі адамның тәні,

екіншісі жан құмары,

үшіншісі шайтанға бой алдыру.

Әдет-ғұрпын білмейтін ауылға әйеліңді апарма» деп кетіпті аталарымыз. Сол мақалды ұмытып, батыс елінің жылтырағына қалай алданып зәрін жая түсетін қитұрқы, екі жүздінің ықпалына қалай ерік беріп қойғанымызды байқамай да қалдық. Солардың даңғаза айқай-шуына еліктеп; жақсы менен жаманның, пайда менен зиянның, ұят пенен мияттың, қуаныш пен қайғының арасындағы шекараны тас талқанын шығарып періште өмірден, пері тірлікке қарай кіріп кеткенімізді байқамай да қалдық емес пе?

Ой қиялы қорғасындай балқып тұрған жасөспірімдеріміз ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлықтық әдет, инабат, салт-дәстүрге бір түкіріп бойына шақ келе ме, келмей ме бәрібір, анадан ананы, мынаудан мынаны еліктеумен, толықтаумен тірлік кеше бастадық. Қыздарымыз шашы болса шашын жайып жіберіп, ауыздарында темекі, үлкеннен именуді қойып, кіндігін көрсетіп, дене мүшесін анық көрсетпесе көңілдері көншімейтін болды. Осылайша өз халқының бойындағы асыл қасиеттерін тәрк етіп, өзгенің жылтырағына, бейәдеп сөздеріне, атыс-шабыс, төбелес, зорлық-зомбылық, көрер көзге ұялатын анайы порнографиялық фильмдермен ер адам мен әйел арасындағы екеу ара айтылатын асыл сырды анайы түрде бала-шағаның көзінше көрсетіп модаға айналдырды. Осылайша ел аман жұрт тыныштықта адам мен малдың айырмасын таба алмай жатырмыз. Жастарымыз көз алдымызда азғындай бастады.

Көрсе қызар маймылдан ілгері не,

Түбін көрмей қызықпақ білгені ме?

Адам қайтсе, сүйтемін дейді маймыл

Мен де маймыл болам деп жүргені ме?

Шәкәрім ата

«Өзің үлкен қылығың бала-шаға,

Балаша мәз боп жүрсің тамашаға»

Абай атамыз

Бұл ойнақтан кексе тартқан әйел, келіншектеріміз де қалысар емес. «Сауысқан тоты болам деп жүрісінен жаңылыпты» деген аталарымыз. Сол үлгі алған Европа туралы Шәкәрім атамыз кезінде:

Европа білімді жұрт осы күнде,

Шыққан жоқ айуандықтан о да мүлде.

Терең ойлап сезімнің түбін біл де,

Іштен жыла шырағым, сырттан күл де.

Сол есті елде киім бар мода деген

Керегіне лайықты киінбеген.

Жас балаша қызығып сәкәкүлге.

Масқара боп жүргенін бір білмеген.

Шебелет қалпақ, тар шалбар, қысқа сертек,

Киіп алып, қылтиып қағар селтек.

Ұнай ма ыстық, суық қозғалысқа

Ойланбай, болғаны несі мұнша тентек?

Ойлашы, осы ақылға жараса ма?

Емес пе ержетпеген бала-шаға?

Не денеге, не жанға жайлы емес қой,

Осыған да дау айтып таласа ма?

Лайықты киім жоқ па бұдан басқа,

Керексіз кербезденіп бос шатаспа.

Ақылды киім бермес, ғылым берер,

Ғылымын ал, өнерін ал, мұны таста.

Әйел затының жалғыз мақтанышы бар. Ол – оның дақ түспеген ары. Ал арына дақ түскен әйелдің ұрпағы қашанда азады. Арды тек ұят қана сақтайды. Ұят иманның алғы шарты. Қазіргі қазақ әйелдері адамнан ұялғанды жиып тастап, Алладан да қорықпай киелі орындарды да былғай бастады. Кейбір еркектер де надандықтың көшіне ілесе бастады. Жалаңаш шайтан дамбалмен (шорты) көшеде есі кеткен еркектер көбейе бастады. Оның арты белсіздік, қант ауруы, көз жанарының әлсіреуі мен ең үлкені Алланың жазасы болмақ. «Ненің соңына түссең соның күйігін тартасың». Жаратушымыз «Надандық дәуірлерше ашылмаңдар» деп қатаң ескерткен. Демек бұндай бүкіл қоғамымызға келген ұятсыздықтың жауабы түбінде келіп, арты қайғы мен қасірет болып, оған жуық арада әлем халқы көзі жететін заман келеді. Өкінішке орай өркениетті ел атанған батыстың шын келбетін зерделемей, адамның жабайы сезімдерін оятуға арналған надандық қылық, ғұрыптары еркіндіктің сылтауымен әрбір қазақтың отының басына толық енді. Тіптен көз үйренгі сонша көгілдір экран болсын, мәдени ақпарат немесе құзырлы мекемелер болсын, анайы, жабайы, ұятсыз көріністер дағдыға айналды. Бірақ адам баласының сезім жүйкесінің өте жұқа, әлсіз екенін және тез жалығуға тән екенін, еркіндік үстем болса жауапкершіліктің жойылатынын, сол арқылы жаратушының лағнетіне ұшырайтынын кім ескереді, ескертеді. Өз тәнінің жұрттан өзге екенін көрсетуге мақтанға түскен әйел затының көңілі қашанда арамға тартатынын біле білмейміз. Ал көңілі арам әйел махаббаттан жұрдай болады. Киімсіз тән ақылсыз өнерге ұқсайды. Ондай еркекте әркімде шыға алатын төбешік болса, ал әйел су жинайтын шұңқырға айналар. «Адамнан ұялмаған адам Алладан ұялмайды», «Ұятың болмаса білгеніңді істе», «Алла тағаладан шын ұялыңдар, өйткені сендердің тіршіліктеріңді, мінез-құлықтарыңды Алла тағала жаратты», «Ұялшақтың қайсысы болса да жақсылыққа апарады». (886,252,405,107-ші пайғамбарымыздың өсиеттерінен.)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *