Өтірік ант пен өтірік.

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 88

      Біздің халықта өтірік ант пенен өтірік туралы қалып сақталынбайды. Құдай сақтасын бұлардың жолы өте қиын. Өтірік түгіл шынға да бет алдына ант іше берген жарамайды. Аятта айтылған: «Алла тағаланың атын орынсыз қолжаулық қылмаңыз, антыңызбен» деген (Бақара – 2 п) және аятта «Алла тағала антын бұзғандарды жек көреді» деген (Әнфал – 10 п). Және бір аятта: «Кейбір адамдар сөзіменен дүние істерінде сені таңқалдырар және ойымдағым сол деп Алла тағаланы күнә қылар өтірік. Ондайлар мұсылмандардың қатты дұшпаны» деген. Және бір аятта: «Ол өтірікшілерге қияметте қатты азап бар, айтқан өтіріктер үшін» деген. Және бір аятта: «Жиіркеніп қашыңыздар өтіріктен деген. Енді Құранда өтірік ант пенен өтірік туралы қандай жаман дегенін ұқтыңыз, мұнан соң ақылмен ойлайтын дәлел айтайын. Өзіңізді біреу өтірік антпенен алдаса жақсы көресіз бе? Яки өтірік ант беріп бір зиян келтірсе, яки бір пайдаңызды кетірсе жақсы көресіз бе? Немесе сізге зиян болмаса да өтірікке ант ішкенін білсеңіз мұнан былай ол кісінің сөзіне нансыз ба? Егер нансаңыз оныңыз ақымақтық болмай ма? Және антсыз-ақ біреу өтірік айтып алдаса жақсы көресіз бе? Ақырында бұл өтіріктің ешбір төлеуі жоқ намаздай қазасы, оразадай кәфәрәті жоқ. Өтірікпен құтылуға жолғыз-ақ «сол сөзім өтірік еді» деп қайтадан өзіне-өзіне куә болып есіткен жанға қайта айтып, сол өтірігімен тарттырған зияны болса оны не малмен, не сөзбен разы қылмаса өтіріктің онан басқа төлеуі болмайды. Шариғатта өтірік айтуға бір аз ғана жерде ғана рұқсат бар. О да ешбір мүмкін болмағанда екі кісіні жақындастырып араздығын қалдыруға, бірінің қатты сөзін біріне айтпай, жақындық сөзбен оңдап айтқан сияқты және кішкене баланы оқуға көңілдендірген сықылды жерде және жанға немесе дінге қас болатұғын жерде, кәпірлерді алдап құтылған сияқты. Осындай орындарда ғана рұқсат қылған. Басқа болмайды.

Әр түрлі залымдықтан және жаман мінезден сақтанбақ

     Алла тағала тыйған әр түрлі залымдық пен жаман мінезден сақтану керек. Аятта: «Бірініздің малыңызды біріңіз бұзықтықпен жемеңіз» деген. Және бір аятта: «Кімде-кім жетімдердің малын залымдықпен жесе, анығында олар от жеген кісідей тең күйеді, олар дозақтағы отқа» деген (Әлниса–4 п). Және бір аят: «Әр түрлі бәле келсе құрғақта мейлі дарияда болсын ондай бәлелердің болмағы, сол жердегі халықтың зұлымдық бұзықтық қүнәларының себебінен, қайбір бұзықтықтарының жазасын дүниеде тарттырмақ үшін» деген. Және пайғамбарымыз айтқан хадис: «Кім-де кім күші мен көптігіне сүйеніп жүріп өлсе, ол менің үмбетім емес» деген. Және бір аят: «Ей мұсылмандар, мазақ қылмаңыз ешбір құлды, кім біледі ол құл мазақ қылушылардан жақсы шығар және бір ұрғашы бір ұрғашыны мазақ қылмасын. Кім біледі ол ұрғашы өзінен жақсы шығар» деген (Һажрат–16 п). Яғни Алла қасында мазақ қылушыдан мазақ болушылар жақсы болып жүрмесін. Және бір аят: «Өздеріңізді өзіңіз қорлап, мінездемеңіз және жаман ат қойып лақап қылып шақырмаңыз ит, доңыз, кәпір дегендей. Иманды болған кісіге ол тіпті жаман атақ. Егер де осындайлардан біреу тәубе қылмай өлсе олар нағыз залым» деген (Һажрат–16 п). Және бір аят: «Біріңізді-біріңіз тінтіп ғайып қарамаңыз. Ғайбат қылмаңыздар, жақсы көресіңдер ме? Өлген туысқандарының етін жегенді бұл сондай күнә» деген (Һажрат–16 п). Және бір аятта айтқан: «Жүрмеңіздер жер бетінде тәккаппарланып, өйткенімен жерді жарып жібере алмассың, һәм кекірейгенмен таудан ұзын, зор бола алмассың» деген (Һажрат – 16 п). Және бір аят: «Жәрдемші болмаңыздар ешқашан күнә менен дұшпандық, залымдыққа» деген.

     Енді жоғарғыдағы аяттардан байқаған шығарсыз барша жаман міңездерден тыйылуға міндетті екенімізді және ақылға да лайығы жоқ. Себебі осы айтылған істердің бірде-бірін өзіңізге өзге біреу қылса жақсы көрмейсіз. Бұлардан басқа да жаманшылық істер толып жатыр. Мысалы, біреу малыңызды ұрлап, тартып алса жақсы көрмейсіз. Біреу бір ұрғашыңызға барса жақсы көрмейсіз. Сондай өзіңіз жек көретін нәрсенің ешбірін өзгеге қылмаңыз, Алланың тыйғанынан тыйылған ақылдың ұнағанын қылған боласыз және өзіңе біреу тәкаппарлық қылса қалай көресіз. Алдаса қалай, немесе біреу арақ ішіп ақылынан адасып аузына келгенін сөйлеп саңдалып жүрсе, оны қалай көресіз. Біреу ысырап қылып малын шашып жүрсе немесе сараң болып бишараға қараспаса жақсы көресіз бе? Ойлаңыз, өзіме біреу сөйтсе қайтар едім деп ойлау керек. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «Өзің не нәрсені жақсы көрсең, өзгелерге де соны қыл» деген.

Адам жақсы мінезді болмақ

     Адам жақсы мінезді болуға тырысу керек. Әуелі ынсапты болу керек. Ынсап деген әр іске аспай кеш қылмай орташа болмақ. Әділет деген де осыдан шығады. Әр істің орнын тауып істемек те осыдан шығады. Аятта: «Алла тағала әділдік қылғандарды сүйеді» өл деген (мәдже). Және аятта: «Қашан да болса әділ сөйлеңіз, егер жақыныңыз үшін болса да, яғни жақындыққа қарамай» деген (Әнғам – 8 п). Және бір аятта: «Садақа қайыр қылуға қолыңды мойныңа байлаулы сықылды да қылма және біржолата алақаныңды ашып та жіберме. Өйтсең малыңнан айырылып табаланып, қайғыланып отырасың да қаласың»  деген. Және аятта: «Өлшеусіз ысырап қылған кісілер шайтанның туысқаны. Шайтан Алла тағалаға кәпір болған» деген (Ісра – 15 п). Пайғамбармыздың бір хадисінде «Кім артық аспай, кеш қалмай орташа болып жүргендерден» деген. Енді рахымды болмақ туралы аят: «Кешірімді болыңыз, жақсы жолға бұйырыңыз, жуан бұзықтардан аулақ болыңыз» деген. Және аят: «Кімде-кім ісім құдай үшін деп мұқтаждарға қарыз берсе Алла тағала ондай екі есе беріп ол үшін үлкен зор сауап берер» деген (Ағраф – 4 п). Және бір жоғарғыда айтылған хадис: «Өзің нені жақсы көрсең, өзгеге соны қыл» деген. Және бір хадис: «Кешірімді болыңыз, сізге де кешірімді болар Алла тағала» деген. Және бір аят: «Бұзбаңыз садақаңызды міндет қылып, яки ренжітіп берген садақадан артық» деген. Және бір пайғамбарымыздың хадисі «Үш түрлі іс қылғанның Алла тағала нысабын жеңіл қылып пейішке кіргізеді. Бірі сені біреу құр қойса да сен оны құр қойма. Бірі біреу саған залымдық қылса да, сен оған кел» деген. Пайғамбарымыз айтқан: «Барша мақұлық Алла тағаланың мақұлығы, оның ішінде Алла тағалаға сүйіктісі мақұлықтарына пайдасы тигені» деген. Және бір хадис: «Халықтың жүретұғын жолындағы бір тікенді алып тастаған кісінің Алла тағала бұрынғы соңғы күнәсін кешіреді» деген. Және бір хадис: «Адал уәдесін бұзбаған — иманның белгісі» деген. Және хадис: «Сіздер адамдарды малмен өзіңізге қаратып ала алмассыз, бірақ жылы жүз жақсы мінезбенен қаратып аласыз» деген және аятта: «Ешқашан жақсылық пен жамандық бірдей емес, кетіріңіздер жамандықты жақсылықпен, яғни жамандыққа жақсылық қыл, сонда дұшпаныңыз достық болып дәл жанқияр досыңдай болар» деген (Фасят – 24 п) Және Алла тағала пендесіне сабырлы болашақты бұйырған. Аятта: «Анығында Алла тағала сабыр қылушыларменен» деген (Анфал–10 п). Және бір аятта: «Егер сіз жүз сабырлы кісі болсаңыз екі жүз сабырсыз кісіні жеңесіз. Егерде мың кісі сабырлы болсаңыз, сабырсыз екі мың кісіні жеңесіз. Алла тағаланың рұқсатымен Алла тағала сабырлылармен» деген (Анфал – 10 п) Және Алла тағала пендеге пендеден қорықпа деп бұйырған. Онда тіпті Алла тағаланы ұмытқан болып кетеді. Аятта айтқан: «Ол залымдардан қорықпаныз, менің қаһарымнан қорқыңыз, сонда сендерге толық нығмет беремін һәм тура жолды табасыз» деген (Анфал – 2 п). Және Алла тағала біреуге біреу орынсыз зиян келтірсе, өзіндей ғана іс қылуға рұқсат қылған, олай болса да сабыр қылып кешкеніңіз көп сауап болар деп айтқан аятта: «Біреу сендерді қинап ренжітсе, дәл сондай орайын алуға рұқсат бар. Егер де кешіп сабыр қылсаңыз» деген (Анфал–14 п).

       Енді жоғарғы аят хадистерден байқаған шығарсыз, ынсапты, рахымды болмақ сабырлы болашақтың көп сауап екенін, ынсап, рахым, әдеп болмаса адамның өзге хайуаннан артықтығы болмас еді. Әдепті болмақ туралы: «Ал адай нас алқын». Мағынасы «Әдеп діннің жартысы» деген. Әдеп ұяттың өлшемі болса Пайғамбарымыз «Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ» деп өсиет еткен. Сабырлылық әр нәрсенің, істің немесе сөздің алды мен артын болжап және әрбір харекеттің ішкі сырын анық түсіне білгенде, соған байланысты әрекет етсе даналық болып аталады.

Әрбір адам ізгі істі істеуге ұмтылмақ

     Адамның бәріне де адал кәсіп қылып өзі һәм қатын-балалары біреуден тіленбестей тамағын, киімін, көлігін таппақ парыз. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «Адал кәсіп қылмақ барша мұсылманға парыз, міндет деп және Алла тағала Құранда айтқан: «Ей, мұсылмандар, пайдаланыңыз берген адал ырзығымнан» деген. Және бір хадисте: «Жеңіз, ішіңіз, садақа қылыңыз, бірақ тәкаппарланып сәнденбеңіз» деген. Және аятта: «Ей мұсылмандар, пайдаланыңыз, яғни напақаландырыңыз адал кәсіп қылып тапқандарыңыздан» деген. Және бір хадис: «Кімде-кім адал ырзық іздеп шаршап келіп жатса күнәсі кешіліп көзі ұйқыға барар» деген. Және бір хадис: «Сіздердің ең жақсыларыңыз ахырет пен дүние үшін тастамай және дүниесін де тастамай екеуін де тең алып жүргендер һәм өзгелердің мойнына жүк болмай өзі мал тапқандар» деген. Және бір хадис: «Ғылымды Қытай жұртынан болса да ізде» деген. Бұл айтқаны Ғибадат ғылымы емес, дүниелік үшін керекті ғылымдар, ол үшін пайғамбарымыз Қытай жұртының Мажуси дінсіз халық екенін біледі. Ол ғылым дегені — өнер дегені ахирет ғылымы үшін айтқаны міне, бір хадис: «Ғылымның қадыры, пайдасы маған ғибадат нәфілден артық көрінеді. Діннің ең жақсысы тақуалық, яғни сақтану деген сөз. Тақуалық ғылымды түгел білмектен табылады. Сол себептен нәфіл ғибадаттан ғылым артық» деген. Бірақ ғылымды іздегенде де, аса байлық мал іздегенде мақсатын мақтанбақ, яки біреуден біреуді зор қылмақ болса дұрыс болмайды. Ондайға мақсатың әуелі өзіңді күнә менен кедейліктен құтқармақ, сонаң соң өзге жаққа ғылымның яки малының пайдасы тигізбек болсын. Пайғамбарымыз: «Дүние – ахиреттің егіні, мұнда не салсаң, онда соны орасың» деген ой. Не тапсаң ахиретте пайдалы іске жұмсаңыз.

Пайда келтірмек, зияннан құтылмақ

     Адам тіршілікте екі нәрсеге міндетті: Алла тағаланың бұйырғаны да сол екі нәрсе. Оны кітапта «Пайда келтірмек зияннан құтылмақ» дейді. Осы екеуі екі дүниеге бірдей болып табылса адамшылықтың толық болғаны. Оның көбінесе табылмайтұғұны кейбірі дүниеге тынышты болса да ахиретке теріс болады. Кейбірісі ахиретке дұрыс болса да дүниелікке теріс келеді. Соның мәнісің тауып, екеуінің бірдей зиянсызын тауып істеп жүру керек. Ол үшін дүние қазір тез өтеді, ахиретте пейішке кірсе де, тозақта қалса да біржолата қалғаны. Тіпті өлім де жоқ. Жоғалу да жоқ. Сол себептен дүниедегі бір күнгідей ғана рахат, яки құмарлық яки мақтан үшін құтылмас қақпанға түсуден құдай тағала барша мұсылмандарды сақтасын. Аятта: «Өздеріңізді-өздеріңіз күнә боларлық іске салмаңыз»  деген. Кімде-кім басына келген бәледен қашып құтылуға шамасы келгенше қам қылмай өлсе, осы аятқа қарсылық болады. Және дүние үшін қызығып біле тұра ахирет азабына жолықса да, бұл бір емес көп аятқа қарсылық емес пе? Және пайда келтіру үшін адал кәсіп қылмай құдай өзі береді деп жатпақ күпірлік болады. Егерде біреу сөйтіп жатып не аштан, не суықтан, не ыстықтан дегендей кемдікке ұшыраса аятқа қарсы болып қатты күнә болады. Сол себептен біздің қазақта мақал болып жүрген: «Алла тағала сақтансаң сақтаймын» дейді.

     Енді бұл жалпы манфағаттық мәзірет, яғни пайда келтіру үшін зияннан құтылады, әуелі өз басыңа онан ғылымың өнерің асса, одан маңайына, онан да асса барша халыққа қыласың. Шамаң келсе тамам, жаңға пайдалы іс қылып, және тамам жанды залалдан құтқарарлық іс қыласың, яки өнер шығарасың. Аятта: «Артқа қалып көпке пайдасы тиетұғын жақсы істерді қылмақ. Алла тағала қасында ең жақсы сауап, ең үміт сол»-деген сол (кәф-15п) және бұл тұста таза жүрмектікті қатты ескеру керек. Себебі таза жүрмеген кісі әр түрлі бәле-науқасқа кез болады. Және Алла тағалаға ғибадат қылып тілекті тілеп жүре алмайды. Бойы таза болмаған соң тілегі қабыл бола алмайды. Сол үшін пайғамбарымыз айтқан «біреу төсекте жатқанда қолында тамақ иісімен қолын жумай жатып бір бәлеге ұшыраса оны өзінен басқа ешкімнен көрмесін» деген. Және бір хадисінде: «Алла тағала көркем көркемдікті ұнатады. Таза Алла тағала тазалықты ұнатады. Көше қораларыңызды таза қылыңыз. Жаһиттерге ұқсап кір-кір болмаңыз» деген. Енді өзіңіз де ойлаңыз, таза болғаныңызды ақылыңыз қабыл көре ме? Сіздің маңайыңызға сап-сасық, үсті басы кір біреу келсе сонан жиіркенбейсіз бе? Жаман иіс-қоныстан кісі ауырып та қалмай ма? Және камеманфуғат мазіреттен біз түгіл даладағы аңның да хабары бар ғой. Мысалы суырдың іні қыс болғанда кіріп жату үшін жаздың күні қашып кіру үшін өрмекшінің торы шыбынды ұстап жеу үшін осындайлар жетерлік. Біз хайуаннан артықпыз деп мақтанғанда онымыз рас боларлық іс қылсақ жарайды ғой. Аятта: «Білгендер білмегендермен бірдей дейсіңдер ме? Әлбетте бірдей емес» делінген (Алзамур). Жоғарыда адам өзін танымақ деп айтылған аят: «Олар төрт аяқты мал сықылды бәлкім онан да жаман меңіреулер»-деген (ағрип-9п). Солай болғанымыз жарай ма? Әр істі істеуге мойыны жар бермейтін еріншектік ол адамды хайуаннан төмен меңіреу қылады. Орынсыз іске қызықтырып ұятсыз, қанағатсыз қылатын нәпсі, ол адамды хайуаннан ұятсыз, ынсапсыз қылып жібереді. Себебі адам құмарланған нәрсесін қоя алмайды. Хайуан бір мезгіл сабыр қылып өзі жемей тапқанын балаларына яғни ұябасарына алып келеді. Құстар кешке табылған бір кішкене нәрсеге қанағат қылып артық тамақ үшін аяғын шайнайтын аңға соқтықпай-ақ Құдайдан күтіп қонақтайды. Біздің адамзат ертеңі түгіл өмірі жетер-жетпесін білмейтін жылдарға шейін болсын деп мал, дүние жиямыз деп әлдене бәлеге ұшырайтыны ақылдылық па? Малды қанша болса да адалдап жиып, халық пайдасына ұстамақ қана жақсы. Бірақ құр көз тоймаған жаман іс…
х
Тәуба қылмақ, күнәдан тиылмақ.

     Ей достар, Пайғамбар, әулиелер болмаса пенденің күнәдан тазасы кем шығар. Сол себептен тәубаны білу керек. Нәжіс нәрсені сумен жуған сияқты. Күнәні тәубамен жумаса болмайды. Адамда үш түрлі тәуба болады. Оның бірі – шын тәуба. Ол мынау: бір адам нәпсісіне еріп бір күнәні қылды да, артынан ықыласымен қатты кейіп, өкініп, енді қайтып ондайды қылмаспын деп біржола тәуба қылады да, ол күнәні қайтып қылмайды. Мұны молдалар «тәуа насу» дейді. Аятта: «Ей мұсылмандар, Құдай тағалаға тәуба қылыңдар, қылмыс күнәларыңнан тәуба насух тәубамен» деген (Таһрим – 28 п). Екінші бір тәуба бір адам нәпсісіне еріп бір күнәні қылады да ішінен қатты кейиді, неге қылдым деп, әй, енді гәрі қылмаспын-ау десе де анық уәде қыла алмайды, нәпсісіне сене алмайды. Бірақ Алла тағалаға сол күнәдан тия көр деп жалынады да, кейиді де және қылып жібереді. Бұл тәубе бастапқы тәубедей емес, өйтсе де азаптан қатты қорқады. Рахметінен үміті бар. Алла тағаланың аятында: «Рахметімнен күдер үзбеңдер» (Әлламир – 21п) дегеніне қарағанда бұл да тәуба болуға мүмкін. Енді үшінші тәуба бар. Ол мынау: Біреу бір күнәні қылады да артынан тәуба қыла салып, онан соң және қылып оған және қылдым ғой, керегі не бірталай жандар осылай қылып жүр ғой деп көпті мысал қылып салақтау жүреді. Жоғарыдағы аятқа қарағанда Алла тағала қай күнәні кешемін десе де кешеді. Өйтсе де бұл соңғы тәубаны сенімді тәуба деп айтуға болмайды. Бірақ Алла тағаланың рахметі мол екені рас. Аятта: «Алла тағала өзіне мархабат қылуды ләзім қылды» деген (Рағыд – 13п) және бір аят: «Алла тағала не нәрсені жоғалтқысы келсе жоғалтар, не нәрсені биіктеткісі келсе биік етер» деген (Әлинса – 5п). Күнә яки қай сауапты да жоғалтамын десе жоғалтар, бекітемін десе бекітер лаухалмахфузда және бір аятта: «Кешпейді Алла тағала өзіне серік келтіргенді, онан басқа күнәнің бәрін де кешкісі келген пендесін кешеді» деген (Әнғам – 8п). Бірақ, осыған да тәуба себеп. Алла тағала дүниеде себепсіз нәрсе жаратқан жоқ. Пендесіне рахым қылмақ үшін ғибадат, дұға, тәуба бұйырған. Болмаса ол ғибадаттан Аллаға пайда жоқ. Қылмасаң Аллаға зиян жоқ.

      Әлбетте Алла тағала пендесіне рахымды аятта айтқан: «Алла тағала пендесінің бір жақсылығына он есе сауап береді. Егер жаманшылық күнә қылса өзіңдей ғана жаза тарттырады, онан арттырмайды» деген. Және бір аят: «Ол Алла тағала құлдарының тәубасын қабыл қылады, күнәларын кешіреді. Һәм не қылғандарыңыздың бәрін біледі» деген (Шура – 25п). Жоғарғыдағы аяттағы сөзден байқадыңыз, Алла тағала пендесіне бек рахымды екенін. Олай болса шама келгенше күнәдан сақтанып жүру керек. Егер де нәпсіні жеңе алмай күнә қылып жіберсе де, зинһар, тез тәуба қылу керек. Ақырында дүниелік мал жиған күнә емес. Адалдан жимақ парыз, бірақ Алла тағаланың қаһарын ескермей жүре берген соң қатты күнә. Сол себептен Сопы Аллаяр хазірет айтқан: «Дүниеге алданған құдай тағаланы ұмытпақ, қатын, мал, ақша, бала емес» деген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *