Үлкен және кіші күнәлар

Бөлім: Дәстүрлік ғибраттар 101

Бір қарияға кеңес алуға екі әйел келеді. Бірі өзін өте күнәһар деп есептейтін. Өйткені ол жас кезінде күйеуінің көзіне шөп салған болатын, содан бері іштен ар-ұяты мүжіп қатты қиналатын.
Ал екіншісі өмір бойы шариғатпен жүріп тұрып аса бір қатты күнә жасамағанына сенімді еді және оған өзі риза еді.
Ақсақал екі әйелдің де өмірлері жайлы айтқызып тыңдап алды. Бірі өз күнәсін жылап отырып еске алды. Ол оны еш кешірілмейтін шығар деп ойлайтын. Ал екінші әйел өз өмірінде еш күнә жасамағанына сенімді еді. Ақсақал бірінші әйелге:
-Сыртқа шық та өзің көтере аламын деген ең үлкен тасты осында алып кел,- деді. Ал екінші әйелге көтере алғаныңша майда тастарды жинап алып кел дейді.
Әйелдер барды да қарияның тапсырмасын бұлжытпай орындап келді. Біріншісі үлкен бір тасты, екіншісі бір дорба майда тастарды теріп әкелді.
Шал тастарды көріп алды да:
-Енді тастарды қай жерден алдыңдар, сол алған жерлеріңе апарып қойыңдар деді. Сосын маған қайтып келіңдер деп тапсырды.
Әйелдер қарияның тапсырмасын орындауға кетті. Бірінші әйел үлкен тасты алған жерді бірден тапты, тіпті тасты өз орнына қалай жатқан болса солай етіп орналастырды. Ал екінші әйел қай тасты қай жерден алғанын білмей дал болып, ақыры бір дорба тасты қайтып қарияның алдына алып келеді.
-Күнәлармен де тура осындай болады,-деді ақсақал. –Сен ауыр дәу тасты қай жерден алғаныңды бірден есіңе алып қиналмай тауып өз орнына қойдың. Ал сенің майда тастардың қайсысын қай жерден алғаның есіңде жоқ.
Сен өз күнәңды әрдайым есіңде сақтап адамдардан ұялып, ішіңнен ұятың кеміріп мойынсұндың, сол себепті күнәнің себеп-салдарынан құтылдың.
-Ал сен,- деп шал майда тастарды қайта әкелген әйелге,-кішігірім күнәларды ойланбай көп жасадың, оларды жадыңда сақтап жүрмедің, өкінген жоқсың, тәубаға келмедің, сол өмірге етің өліп үйреніп кеттің. Басқалардың күнәсын өсектеп жүріп өзің күнәның батпағына бұрынғыдан да бетер бата түстің.
Біз барлығымыз күнәһармыз, ешқайсымыз періште емеспіз, пендеміз, сондықтан күнәларымызды есте сақтап жүрейік. Себебі кім күнәсына өкініш танытып тәубасына келсе, сол құтылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *