Жамандық-жақсылық туралы

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 122

Дүниеде мың кемістік, бір жетістік бар екенін ұмытпайық, қайсысына бет алсаң сонысына барасың. Ал азғындықтан арылу үшін қастандық жасағанға жақсылықпен жауап бер. Жақсылық пен жамандық дегеніңіз өмірде егіз сияқты өмірі бірге жүреді екен. Сол сияқты қуаныш бар жерде, қайғы бар. Тұма бар жерде тікен бар. Қазынада жылан бар, бал бар жерде ара бар. Бірақ екі тәтті үнемі тағы да бір жерден табыла бермейді. Сондықтан бұны да ұмытпайық, қайғылы іс бар, сәті бар. Ащы мен бірге тәтті бар. Сондықтан рахат іздесең, бейнетінен қорықпа. Қуаныш іздесең қайғысынан қорықпа. Істің басы қуаныш болса, аяғы бейнет. Басы бейнет болса, аяғы қуаныш болар. «Зейінді ұғар ай мен күндер озады, әр күн сайын әрбір нәрсе тозады» деген даналар. Сол айтпақшы толық нәрсе азаяды, бүтін нәрсе кемиді ғой. Биіктеп кетсең құлау бар, қуанып кетсең жылау бар. Тағдыр деген нәрсе бір сен үшін бақыттың барабанын ылғи да қаға бермейді. Бақытсыз күн де өтер, молшылық та жетер. Бір аштықтың бір тоқтығы бар екенін естең шығарып алмасақ екен, пендешілікке салынып бір күнгі байлыққа мастанбай, бәріне қанағат етейік. Қанағат қарын тойғызады. Біртіндеп келсе өмірдегінің бәрі қуаныш. Мынау жарық әлемге адам болып келгеннен кейін, көңілімізді де өзімізді де кірлетпейік. Адамның сыртқы дүние көлеңкесінің үш аты бар: жақсылық істеу, еңбекқорлық, кішіпейілділік. Ал енді ішкі көлеңкесінің де үш аты бар: ісінің сүйкімсіздігі, қызғаншақтығы, менмендігі.

Кімде-кім сыртқы нұр көлеңкесін молайтса, алдымен өзін, сонан соң достарын және бүкіл адамзатты бақытты етеді. Ал егерде ішкі көлеңкесінің астында қалса, ол өзімен қоса айналасындағыларды сорлатады. Ақылды адамдар, әсіресе ішкі көлеңкесі бар адамдардан қашып жүреді. Адам баласы әрқашанда өзінің адам болып жаратылғанын мойындап, белгілі мөлшерде міндеткерліктің бар екенін ұмытпағаны жөн. Бұл міндеткерлікті парыз дейді. Яғни парасат негізі — парыз. Парыз екіге бөлінеді. 1. Діни парыз. 2.Адамгершілік парыз. Осылардың ішінде жеке бастың парыздары, отбасы парыздары, туысқандық парыздар мен салт-дәстүрге байланысты жиынтық парыздар болады. Осы парыздарды өтеу ғана ақылды қалыптастырса, ақылды адам жаратушы алдындағы парызын өтеуге құштар болады.

«Өзіңді өзің күзет, қисығыңды түзет, егер өзің түзетпесең, өмір түзетеді.» Ғылымды сүйгенді Алла сүйеді. Ғылымның ең абзалы тазалық жолға түсіп, әуелі жаратушыны танып, кейіннен халқы үшін ғұмыр кешіп, еліне пайдасын тигізе алатын кітап жаза алса, сауаптың үлкені сол болмақ, істеген ісіңді халқың түсінсе, ол адам пәни өмірі бітпей тұрып ұрпақтарының есінен кетпек емес. Таңдамасаң жастай жолдың дұрысын, жас болып та көрген күнің құрысын. Жас мұраты білім, тәрбие талабы, өнер оқу – жастың қару-жарағы. Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ. Сондықтан да басқа кісінің бағын ашқан адамның өзінің бейбақ болуы мүмкін емес. Сараңды ақшамен, тәккәппарды өтінішпен, ақымақты жорта қоштаумен, дананы тек шыншылдықпен жеңе біл! Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Әр нәрсеге таңданып таңырқама, өйткені таңдану жас балаға жарастықты. Есті жан қайғымен аяқталатын қуанышты қуаныш демейді, қуанышпен аяқталатын қайғыны қайғы демейді. Үмітсіздіктен сақтан, жақсылықтан үмітіңді үзбе, үміт есігін аша біл. Керісінше, үміт есігін үмітсіздікке айқара аша көрме. Айналаңа күмәндана көз тікпе. Халықтың жақсы-жаман істері мен мінез-құлқына көз қырын салып, олардың пайдалы және зиянды істерінің қандай нәтиже беретінін бақылап, ой елегінен өткіз де, оның қайсысы өзіңе тиімді, қайсыбірі халыққа пайдалы екенін үйрен. Өмірден озған даналардан, тірі жүрген надандардан үйрен. Дұшпаныңды да тыңдай біл, себебі достарың кемшілігіңді жасырады, ал дұшпаның айып істеріңді жасырмай айтады. Өз кемшілігін жоя білген ғана өзгені де түзете білер.

Даналық тегі ата-анаға құрмет.

Ертеде бір пайғамбарға уахи түсіпті. «Сенен де өткен дана адам бар, сонымен таныс» деген үкім түседі. Пайғамбар «Мені жаратушымыз пайғамбар қылып пенделерге жол көрсетуге жер бетіне жіберсе, сонда менен қалай дана болады» деген оймен әлгі көрсеткен кісіні сұрай-сұрай үйіне де жетіпті. Сонан үй алдында сақалы белге түскен, тырнағы өсіп кеткен бір кісі қарсы алыпты. «Өз бойын күте алмаған, тазалықтан мақұрым адам қалай менен дана болар» деген таңданумен үйге кірсе үй ішінде екі шошқа байлаулы тұр екен. Сонан жөн сұрасуды жөн көрген пайғамбарға әлгі кісі; «Қонағым, ойыңды түсіндім, мені кәпір көріп тұрғаныңды» деп өз тарихын баяндапты. «Анау тұрған екі шошқа менің ата-анам, Алланың қарғысына ұшырап сондай күйге түсті. Кейде әкем арқамды қасышы деп өтініш айтады, мен арқасына қол тигізсем тәніме қаралық кіреді, сонан жүрегім кірлеп, құлшылығым бұзылып, Аллаға деген сенімім жоғалады, бірақ шошқа да болса әкем ғой, қалай бұйрығын орындамаймын деп тырнағымды өсірдім. Тырнағыммен арқасын қасимын тәніме тәні тимейді. Ал арғысы тұрған анам, кейде мейірімі түсіп «бетіңнен сүйейін» деп сұрайды, бетіме тұмсығы тисе жүрегім кірлейді, сондықтан сақалды бей-берекет өсіріп қойдым, шошқа болса да анам ғой, бетімді тосып сақалымнан сүйгіземін, сонда бетіме дақ түспейді» деп жауап берген екен. Сол пайғамбар ол адамның даналығын мойындап басын иген екен. Мен танитын діншілдер ата-анасы түгіл, сол ата-анасы тағзым еткен әулиелерге тас лақтырып жатыр, жауабын өзің біл оқырман.

3 thoughts on “Жамандық-жақсылық туралы

    1. Рахмет Дильнәз ескертуіңе.Жалпы салатын нәрселер көп. Блогтың жағдайы оны көтермейді. Онысзда көбі адасып кетеді қайсысын оқырын білмей. Кеңейтілген сайт ашып мұны да ескерерміз.

  1. Толық келісемін. Тоқберген аға осы кітаптарыңыз әлі ақ мен қазақпын деген әрбірімізге жол көрсетері анық. Әруақ қолдасын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *