Қазекең «қарты бар елдің қазынасы бар» десе, бірде «қариясы бар елдің дариясы бар» дейді. Жөн сөз. Көпті көрген, көкейге түйген осындай аузы дуалы ақсақалдарымыз аман жүргенде өз аузынан өнегелі де мағыналы әңгімелерін естіп, біліп, жаттап алып немесе қойын дәптеріңе түртіп алып жүргенге не жетсін. Біздің жұмыста да жасы біразға келген Айдар ЖАҚСЫЛЫҚ деген сыйлы азаматымыз бар. Сол кісі бір күні жұмыс үстінде маған сұрақ қоймасы бар ма..
— Үш жұртты атап берші, — деп
— Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты..
— Үш мұратты айтып берші.
— Жол мұраты — жету. Сауда мұраты — ұту. Дау мұраты — біту. Қыз мұраты — кету.
— Ал үш арсызды атап берші.
— Ұйқы арсыз. Тамақ арсыз. Күлкі арсыз..
— Ммм..ал маған жеті жоқты, жеті қазынаны, жеті жетімді атап берші..
Қара басып мүдірдім де қалдым сол сәт. Қасымдағы жұмыстастарымның көзінше ұяттан жерге кіріп кете жаздағаным-ай. Мектеп кезінде жатқа білуші едім осындай даналы сөздерді. Білмедім емес, білемін, тек тілім күрмелгеннен «ыңқ-мыңқ» етіп айта алар емеспін. Тілімнің ұшында тұрған секілді, қырсыққанда есіңе де түсіп болмайды ғой. Іштей аласұрып жатқанымды абыржулы жүзімнен танып қойды ма екен, бір кезде өзі жауап берді:
— Жеті жоқтың шешуі:
1.Жерде өлшеуіш жоқ.
2. Аспанда тіреуіш жоқ.
3. Таста тамыр жоқ.
4. Тасбақада талақ жоқ.
5. Аллада бауыр жоқ.
6. Аққуда сүт жоқ.
7. Жылқыда өт жоқ.

— Жеті қазынаның шешуі:
1. Ер жігіт.
2. Сұлу әйел.
3. Ақыл, білім.
4. Жүйрік ат.
5. Қыран бүркіт.
6. Берен мылтық.
7. Жүйрік тазы.

— Жеті жетімнің шешуі:
1. Тыңдамаса сөз жетім.
2. Киюсіз тозған бөз жетім.
3. Иесіз қалған жер жетім.
4. Басшысы жоқ ел жетім.
5. Аққу-қазсыз көл жетім.
6. Жерінен айырылған ер жетім.
7. Замандасың қалмаса, бәрінен де сол жетім, — деп жауап берді. Содан бәріміз қолқа салып «Әдеке бізге бар білгеніңізді ақ парақ бетіне ерінбей түсіріп беріңіз, жазу сізден, жаттау бізден болсын» дестік. Өзі бір аңқылдаған ақ көңіл кісі еді, бәрімізге бір-бір қағаздан арнап, білетіндерін жазып қойыпты. Қазір оның бәрін жарияласам соңына дейін ешқайсыңыз да оқымасыңызды айдан анық білемін. Мен үшін емес, ол үшін емес, тым құрығанда өздеріңіз үшін оқыңыздар..100 адамның 3-еуі оқып, жаттап алса, менің мақсатымның орындалғаны, жұмыстан шаршап келсем де, көз майымды тауысып жазған кішкентай жазбамды текке жазбағаным. Ендеше сіздер де біліп жүріңіздер.

Үш қат.
1. Жоғары қат (аспан)
2. Орта қат (жер үсті)
3. Төменгі қат

Үш дауасыз.
1. Мінез.
2. Кәрілік.
3. Ажал.

Бес өсиет.
1. Топасқа сенбе.
2. Жауға иілме.
3. Әрқашан сақ жүр.
4. Аш үйге қонба.
5. Жарлыдан сый алма.

Бес қатер.
1. От.
2. Жау.
3. Борыш.
4. Ауру.
5. Сөз.

Бес қару.
1. Садақ.
2. Мылтық.
3. Найза.
4. Қылыш.
5. Айбалта.

Алты игілік.
1. Денсаулық.
2. Қазына.
3. Дос.
4. Әйел (жар)
5. Білім.
6. Бала (ұрпақ)

Төрт түлік.
1. Түйе пірі — Ойсыл қара.
2. Жылқы пірі — Қамбар ата.
3. Сиыр пірі — Зеңгі баба.
4. Қой, ешкі пірі — Шопан ата, Шекшек ата.

Үш жақын.
1. Жан тәтті.
2. Мал тәтті.
3. Жар тәтті.

Үш қадірлі.
1. Ырыс.
2. Бақ.
3. Дәулет.

One thought on “

  1. Тоқберген аға,көп рахмет! Біліп жүретін болдық. Алдында ғана осы сандар жайлы сұраған еді, енді жаттап алу керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *