Жақсылық пен жамандық Алла тағаланың тағдырынсыз болмайды деп нанбақ.

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 301

     Жақсылық пен жамандық әрине іс болса, алла тағала болсын демей болмайды. Бұл сөзді анықтап ұғу керек. Осының мәнісін білмей теріс ойлайтындар көп. Адамда түк ерік жоқ деп, әрі не қылса құдай тағала қылдырады деп Алла тағаланың пендеге берген еркі мен талабынан танады. Бұл теріс, кейбіреулер: жақсылық пен жамандықты басында жаратқан Алла тағала сол себептен бәрі Алладан дейміз. Онан басқа Алла тағала дүниедегі пенденің ісіне ешбір кіріспейді. Бәрін де жаратты да пайғамбар арқылы ұқтырып қойды. Пенде өзі сүйгенін қыла береді дейді. Бұл ой да теріс ой және кейбіреулер біздің не қылатынымыздың бәрін де Алла тағала өзі әлдеқашан біліп ләукәлмахфузаға жазып қойды, оны қылмай кетуге пендеде не ерік бар дейді. Бұл сөз де ақылсыздықтан айтылады. Бұл үш сөздің жауабы оңай. Әуелі адамда түк ерік жоқ деген кісіге айтамыз: «Адамда түк ерік жоқ болса пенденің ғибадатына сауап, күнәсіна азап қылғаны әділет емес болады. Себебі бәрін Алланың өзі қылғызып, оған бәріне сауап, біріне жаза дұрыс болмайды ғой». Аятта: «Анық Алла тағала пенделеріне залым қылмайды еш нәрседен, бірақ өзіне-өзі залым қылады»-деген (буне-11).

     Енді осыдан ойласаңыз, Алла тағала пендеге еріксіз іс қылғызып ол үшін сауап не жаза қылмайды және аятта: «Біз көрсеттік тура жолды пенделерге, мейлі шүкірлік қылып мұсылман болсын, мейлі қарсылық көрсетіп кәпір болсын» дегені (әлисан-2п) және бір аят: «Адамға өз ықыласымен ұмтылмай тұрып еш нәрсе жоқ» деген (сура-27). Енді бұл сөзге бір дау айтылады, өйтіп пенде не іс қылса да, өз еркі болатұғұн болса, дүниеде Алла тағаладан тілек тілемек бекер болмай ма? Бұл сөзге айтарымыз жоқ, пенде біржолата өзінің ойлаған ісінің бәрін істеп, орнына келтіруге құдіретті емес. Ол ісін орнына келтірмек Алла тағаладан. Пенде өзінің талабына ғана ерікті болады дейміз. Олай болса Алла тағала пенденің харам іске талап қылғанын неге орнына келтіреді. Онысын харамға жәрдем қылғаны болмай ма десе, біз айтамыз, жоқ, ол жәрдем қылғаны емес, қаһар қылғаны. Себебі ол кісіге пайғамбар арқылы, молдалар арқылы һәм өзінің арқылы ұқтырып, білдіріп тұрса да болмай нәпсісіне еріп, қызығып ұмтыла берген соң, Алла тағала каһар қылып ол іске бөгет болмай қоя береді. Сол себептен аятта айтқан: «Оларды өздерінің бұзықтығында қалдырамыз, қайран болар да қалар» (әнғам-17) Енді дүниедегі іске Алла тағала кіріспейді деген кісіге жауабымыз:  егер де олай болса пайғамбар да жоқ дегенің болады. Себебі пайғамбар да әшейін өздігінен бір себеппен болғаны болады, Алла тағала дүние ісіне кіріспеген соң, қалайша пайғамбар жібереді және сауап, кінә, тілек бәрі бекер болады. Себебі Алла тағала дүние ісіне кіріспесе тілекті де бере алмайды. Және әр нәрсе себептен болған болып, сауап іс қылғанға разы болып, рахмет қылып обал іс қылғанға жаза қылудың да қисыны жоқ. Ол үшін менің қүнәһар болғаным да бір себеппен, яки әкім себеп, яки жолдасым, яки тұрған жерім жаман болды, сондықтан қүнәһар болдым, оны кімге тартқызады. Аятта: «Біреудің жүгін біреу көтермейді» деген (Әнбие-8п). Егер де аятқа тоқтамасаң ақылға да лайығы жоқ. Себебі менің күнәмді себеп болған біреуге көрсетсең оған да біреу себеп болып ақырында Адам пайғамбарға да бір себеп керек болады. Сол себептен бұл сөздің де түбі теріс болады. Енді Алла тағала біздің не қылатынымызды біліп қойған, оны қылмай кетуге болмайды деген сөзге жауабымыз: бұл сөзің сөз емес дейміз, себебі Алла тағаланың сен де, сенің не қылатұғыныңды білгені саған зорлық қылғаны емес, ғылымының зор болғандығынан білгендігі саған кедергі болмайды. Адамның да ақылдысы, сен ысырап қылып бар малыңды орынсыз шашып жүрсең аздан соң кедей болатұғыныңды біледі. Сен біліп қойған соң кедей болдым деген дауың жөн бола ма? Сол сықылды сөз Алла тағаланың білгендігі, жамандық туралы оқыған молдалар да аят хадис сөзімен да айтып талас шығаратыны болады. Кейбіреуі біле тұра ғылым салыстырмақ болды. Ол тіпті жаман, кейбіреулері мағынасын анықтап шеше алмай да қалады. Олар дауласатын аят мынадайлар: «Алла тағала разы емес құлдарының кәпір болғанына» деген (Әлзумір-23п). Және бір аят: «Не нәрсе жақсылық әкелсе саған ол Алла тағаладан деп біл, не нәрсе жамандық әкелсе саған ол өз қатеңнен деп біл» деген (Әлқиса-5п). Және бір аят: «Не қайғы келсе де, саған Алла тағаланың ұлықсатымен келеді»  деген (Әлтаһбин-28). Және бір аят: «Алла тағала қайсы бір пендесін құдіретті қылды, қайсы бір пендесін қор кем де қылды»-деген (Әлғымран-3л). Және бір аят: «Әр пенде өзінің қылған ісіне қарай жазаланады, оларға ешбір залым қылынбас» деген (Жазид-25). «Егер жақсылық қылсаңыз өзің үшін, жамандық қылсаң да өзің үшін» деген (Асра-15л). Бұлардан басқа да осындай аяттар көп. Енді осы айтылған аяттар бір-біріне қарсы сықылды көрінсе де олар қарсы емес, бәрінің шешімі мынау; «пенде өз талабына ерікті, сол себептен қылған ісіне не сауап, не жаза көреді, бірақ ол іс орнына келер-келмесі Алладан, сол себептен жақсылық та орнына келсе пайғамбар жіберіп, ақыл беріп мәрхамат қылып орнына келтірген Аллаға шүкірлік қыл дегені. Егер де жаманшылық орнына келсе, Алланың тыйғанына болмай нәпсіме ерген соң қаһарына жолықтым-ау деп, тоба қыл дегені – бәрі Алладан дегеніміз, Алла тағала болсын демесе бірде-бірі болмас еді деген сөз. Бірақ не істі не себептен орнына келтіргенін, не істі не себептен орнына келтірмегенін, біз тексеріп бәрін біліп отыруға жол жоқ. Біз Алланың жаратқан құлымыз. Құлының ықыласын, талабын Алла тағала өзі сынап өзі өлшейді. Біз өлшей алмаймыз. Сол себептен аятта: «Құлшылық қыл дағы Аллаға түгел қылып ісіңді бір өзіне тапсыр да қой»  деген (һуа-12). Және анықтай ұғу керек. Алла тағала ешқашан пенденің көңілін жаман іске аудармайды. Жаман істі пенде өз нәпсісіне еріп шайтанның алдауына еріп қылады. Оны Алла тағаладан көреді де, шариғат және молдалар сөзімен түйіп, жасырын ойын жүрегіне сезгізіп тыяды. Оған да болмай ұмтыла берген соң, қаһар қылса, тоқталады. Жақсылыққа әрқашан бұйырып және көңілін де соған аударады. Тілегі дұрыс, жүрегі таза пендесін бірде болмаса бірде түзу жолға салады.
х
Қияметте тірілмекке нанбақ

      Қашан қиямет болғанда Алла тағала бұрынғы, соңғы барша адам баласын тірі күндегі денесімен қалған бір асыраннан (шірімейтін сегіз көзде тұратын зат) денесін қайта жаратып жанын денесіне кіргізіп тірілтіп машқар майданына, яғни тексеріп сұрау алатұғын орнына жияды. Бүйтіп тірілмек қалайша мүмкін болады деген тек ақымақтар болады. Ол үшін осынша барша ғаламды расында жоқтан бар қылған Алла тағала өліп қалған дененің не иісі, не тозаңы дегендей бізге көрінбейтұғын бір бөлшегінен бір зат қалдырып, сонан қайта жаратуға құдыреті жетпей ме? Қасқыр жесе де, отқа күйсе де онан бір қалдық қалдыра алмайды дей алмаймыз. Бұған нанбайтұғын ешбір қисын жоқ және бұған аят дәлел. Құранның бастан аяқ бар сөзі осыған дәлел бола алады. Ақыл дәлел жоғарыда айтылар және өзіңіз де атаның белінен шыққан бір тамшы судан ғана бар болдыңыз. Және жоғары айтылған тірілтіп тексермейтұғын болса, дүние бір ойын сықылды болады. Және басқа бір денені жаратып соған азап пен рахат корсетуге ол лайық емес.

Ақиқат туралы білмегені болса кешікпей сұрап білмек

Кімде-кімнің көңіліне осы иман ақиқат туралы бір кәдік шүбә кірсе оны кідірмей тез сұрап ғылымдардан іздегенін білу керек. Олай қылмаса иманға салақтық қылған болады. Салақ кісі түбі жоқ шелекпенен бірдей, оған күйген ас сықылды салақ кісінің иманы берік деп айта алмаймыз. «Алтуқф иман тасиуиқ» дегеннің мағынасы «тоқтамақ, білуді жануды тоқтады»- деген және кәпір боларлық ой ойлай беру керек емес. Ол үшін пенде өзінің ақылы жетерлік жерге шейін ойлағанда Құранның аятына, пайғамбардың анық хадистеріне және бұрынғы әулие мүфти, машайықтардың пәтуасына сүйене отырып ойлау керек. Олай болмағанда ақыл жетпейтін нәрсені білмейтіндей мән шүбә қыла берген ой адамды тез адастырады. Мысалы Алла тағаланың барлығын, бірлігін, құдіретінің зорлығын, кемшіліктен таза екенін зор сипаттарын білгеннен соң Алла қандай екен, не қылып тұр екен деген ақымақтық ойдан аулақ болу керек. Сол үшін біз Алла тағаланың жаратқан құлымыз. Жаратушы иеміздің барлығын, бірлігін біліп әміріне мойынсынуға ғана міндеттіміз. Алланың ақылынсыз жетпейтұғын затын білмек түгіл өзіміз үшін жаратылған дүниенің мың милионнан бір нәрсенің қасиет сырын, пайда залалын біле алмаймыз. Құр таба алмасты іздеген сықылданып босқа қаңғырған жолдан адасып теріс жолға түсіп кетеді. Сол себептен аятта айтқан «Ей мұсылмандар, орынсыз көп шұбаланып ойлай бермеңіз, оның үшін кейбіреуі күнәға батар еді» деген. (Һіжрат-2п) Және бір аят: «Шек қылып ойлай берген ой, ақ жолға пайда болмас» деген. (Жүніс-11а)

Барша ғаламдағы нәрселер Алла тағаланың жоқтан бар қылғаны

     Алла тағала бұл дүниедегі нәрселерді басында жоқтан бар қылған. Бір Алланың өз заңынан басқаның бәрі Алла тағаланың жаратқан мақұлығы. Жоқтан қалайша бар қылды деп ойлау жарамайды. Сол үшін бар нәрседен бар қылып бір нәрсе шығарлық пенденің де қолынан келеді. Мәнісін білмеген білімді, өнерлі жандар Алла тағаланың жаратқан нәрселерінен адамның ақылы жете алмайтұғын таң қалғандай нәрселер істейді. Мысалы телеграф, телефон, граммафон дегендердің бәрі жердің бір шетінен бір шетіне хабар береді, бірі адамша сөйлейді. Алла тағаланың ондай бардан бар қылады, машина себеп қылмай-ақ жоқтан бар қылады. Дүние бұрын бар нәрседен жаралды десек оны бар қылатұғын бір нәрсе керек. Егер иесіз өз бар болды десең, онда дәһри деген әр діннің сөзі сықылды бір теріс ақымақтық болады. Дәһрилер дүние өздігінен бар болып ескірген сайын бір нәрседен бір нәрсе жаралуы дейді (даһри-Дарвинизм). Бұл тіпті теріс жол, ол үшін басында түк жоқ болса неден бар болып, неден ескіреді және өйтіп иесіз жаралған нәрседе рет, тәртіп болмайды, оны реттеп тұратын Алла десе, Алла тағаланың өзі жаратып өзі реттеп тұрғаны дұрыс. Егер де дүние бар болмағанда Алла тағала өзі қалайша бар болады десе, бұл адасқаны ғана болады. Себебі Алла тағала жаратушы құдыретті ие. Дүниенің өз-өзінен бар болғанынан құдыретті иенің бұрыннан бар болғаны дұрыс болар. Және дүние де бұрыннан бар шығар десек ол да теріс. Себебі оған ие болмаса құр өзі не құдыретпен бар болады. Содан байқаңыз, дүниенің бәрі Алла тағаланың жаратқаны екен.
х

Қабырда жауап сұрамақ және әлімсақ дегеннің мағынасы.

    Адам өлгеннен кейін Мүңкір-Нәнкір деген періштелер келіп сұрақ алады. Сонда құдайың кім, дінің қай дін, пайғамбарың кім деп сондайларды сұрайды. Мұның жауабы осы күннен ұғып жатқа үйрену керек. Қабырға кірмек ахыреттің алғашқы есігі есепті. Сонда түзу жауап бере алсақ, Алла тағаланың жарылқағанының белгісі сол. Құдайым барша ғаламды жоқтан бар қылып жаратқан. Серіксіз, мінсіз, жалғыз Алла тағалам, пайғамбарым ақырзаман пайғамбары Мұхаммед Мұстафа Салиалла Ғалиссалам…… дінім ислам діні, кітабім-Құран, қыбалам байтолла, итағатта яғни иман турасында мәзһабым һәлсунат уажмиет, яғни пайғамбарымыздың сүнатымен болған құм ғибадатта мәзһабым Имам ағзам Ғаниярахметолла оның шын аты – Нұғыман Мұхамед Ғалисаланың атымен, Ибраһим Ғалиссаламның милатынанмын, бұның себебі ислам дінінің басы Ибраһим пайғамбарымыздан басталатынын аятта айтқан: «Еріңіздер Ибраһим Ғалиссаламның милатына  деген анық алимсақтан бері мұсылманмын». Бұл алимсақ дегенді біздің қазақтың көбісі білмейді. Мұны анықтай ұғу керек. Құдай тағала Адам пайғамбарымызды жаратқаннан кейін кияметке дейін қанша адам баласынан қанша жан жаралатұғын болса солардың бәрінің жандарын адам пайғамбардың арқасынан шығарып алып оларға ақыл, ерік беріп бәрінің де сұраған, яғни, мен сендердің құдайың емес пе деп, сонда «Қалуабли» (3-яғни бәрі де айтты), рас, бізді жаратқан құдайымыз сенсің деп, сол иманды кітапта иман фатри дейді. Сол себептен кәпірлердің жасында күнәға батпай өлген балалары пейішке кіреді. Бастапқы фатри иманын бұзбай өлгені үшін және сонда барша жандардан алла тағала уәде алған. Дүниеге адам болып келгенде сол иманын бұзбай құлшылық қылып күнәдан таза болып Алланың бұйрығына мойынсұнуға сол уәденің аты алимсақ дейді.
Аятта: «Анық алды Алла тағала сіздерден уағданы сол уағданы бұзбай мұсылман болсаңыз» деген (Шура-23). Енді бұл дүниеге келгенде солардың бір талайы уағдасын бұзбай таза мұсылман болды. Бір талайы дүниеге алданып шайтанға еріп, антын, уәдесін бұзып кәпір болды. Бір талайы иманын бұзбаса да, нәпсіге еріп біз сықылды күнәһар пенде болып бір Алла өзің кеш, жарылқа деп зарлап жүр. Алла тағала күнәмізді өзі ғафул қылсын. Амин.

Кәпір болатұғын күндерден сақтанбақ

      Зинһар кәпір болатұғын істерден қатты сақтану керек. Әуелі қалжыңмен болса да, ашу мен болса да ешбір жолмен Алла тағалаға серік қосу жарамайы. Көбінесе адамның өзі кемшілігінен болған бір нәрсені құдайдан құдіреті деп сенеміз. Жаманды көрсе біреу тіпті бүйткенше жаратпай-ақ қойса жетеді дейді. Құдай сақтасын бұл тіпті жаман сөз. Бір нәрсені сындырып, яки бүлдіріп алған кісі де әй, құдайдың ісі деп айта салады. Құдайдың тағдырынсыз ешнәрсе де болмаса да, сөздің мағынасын жаман қылып айтуға жарамайды. Өзімнің епсіздігімнен яки білімсіздігімнен себеп болды деу керек. Қайдағы жаман істі өзім қылдым деп мақтанып залал яки жаман болған нәрсені құдай тағалаға, яки біреуге жабатынымыз қатты ақымақтық. Аятта: «Қашан біз адамдарға рахметімізді татырып жақсылық берсек мақтанып қуанады. Егер бұрынғы қылмысы үшін бір қайғы көрсе, берген нығметімізді ұмытып шүкір қылмайды» деген (Әлмағда-7). Және күнәһәр ауыз боқтығынан сақтандырамыз. Мұсылман адамның аузы иман тасбиғының орны. Сосын кез келген көріпкел, бақсыларға бал аштырудан қатты сақтану керек. (Бұл жерде қандай пенде екені белгісіз, базарларда т.б. карта және әртүрлі заттармен пайда табу мақсатымен іс қылатын пенделерге.) Егер де оған нансақ кәпір боласың, нанбасақ керегі не. Одан басқа ермек жоқ па? Аятта: «Арақ, ұтыс ойын, құдайдан басқаға шоқынған және бал ашқан бұлардың барлығы харам шайтанның жұмысы» деген (Әлмағда-7). Осы аятты ести тұра, іс қылған жарай ма. Ондай Кісі анық мұсылман деп айта алмаймыз. Нанғаным жоқ әшейін қыламын деген кісіге сене алмаймыз. Нанбағаны рас болса аулақ жүрсін.
Пайғамбарымыздың мынандай хадисы бар «Кімде-кім бір нәрсені харам қылса яки харам қылдырса яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса олар менің үмметтім емес. Және біреу сол сиқыршыға бал ашқызып соның айтқанына көнсе, нанса анық кәпір болады Құранға нанбағаны үшін» әрине бұл жерде Құран аяттарынан басқа неше түрлі аяттарды пайдалану сиқырға апарып соқтырады деп отыр.
Пайғамбарымыздың хадисы: «Ей Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла тағала дауасыз еш нәрсе науқас жаратқан жоқ. Жалғыз кәрілік, ажалдан басқа», -деген.
х
Ажал туралы.

      Адам туралы бір ажал мен өлімді, бірақ Алла тағала пейішті сауап іс қылған пендесіне дайындаған сықылды ажалды да себепке байлаған. Не сол адамның өзі себеп, не басқа бір нәрсе себеп болады. Және сол себепті Алла тағала болсын десе болады, әйтпесе болмайды. Және қай адам қандай себеппен өлетұғынын Алла тағала бұрыннан білді. Алла біліп тұрған соң ол пенде өлмей кетуге бола ма?- деген кісінің дауы сықылды орынсыз сөз болады. Және Алла тағала кейбір пенденің ғұмырын ұзын кылады, кей пенденің өмірін қысқа қылады. Мысалы, оның залалы біреуге тие бермесін деп, яки күнаға бата бермесін деп, яки сондай өте бір себептермен осындайларды не себептен олай қылғанын біз тексеруге болмайды. Оны біле алмаймыз деп жоғарғыда айтылады. «Енді ұқтыру үшін жоғарғыдағы аяттағы істі айтайын, аятта айтқан: «Ол баланың ата-анасы мұсылман еді. Егер тірі жүрсе ата-анасын бұзықтыққа ертер деп өлтірдім. Алла тағала ата-анасына онан жақсы бала берер едім деп» (Таһар – 16). Бұл аяттың себебі Мұса Ғалиясалам Қызыр Ғалиясаламға еріп жүргенде, Қызыр Ғалиясалам бір баланы өлтіріпті. Алла тағаланың білдіруінше ол бала ер жетсе ата-анасын бұзады һәм өзі де күнәға батпай өлсін деп, енді осыдан байқарсыз. Аятта: «Ажал келсе бір сағат кейін де қалмас, ілгері де болмас»  деген (Ахрап – 8 пара). Пайғамбарымыздың «Сақтанбақтан пайда жоқ» осындай ажал туралы айтқан. Және пайғамбарымыз бір хадисі жоғары аятқа қарсы сықылданатыны бар. Ол қарсы емес, шешуі бар. Ол хадис: «Яғни садақа бермек ауруының халін сұрап, туысқандарын зиярат қылмақ ғұмырының арттырмағына себеп болар»  деген.

     Бұл хадис жоғарғы аятқа қарсы болмайтұғын аяттағы сөз қашан Алла тағала бір адамды белгілі уақытта өлсін деп ұйғарса оған ешкім бөгет те болмайды, онан ілгеріде өлтірмейді деген. Бұл хадистегі сөз құдай тағаланың қыл деген істерін қылып сауапты болып жүрсең рахметіне жолығып, бәлелерден құтылып, ғұмырың рахатты болып ұзын ғұмырға есеп болар деген сөз. Құдай тағаланың бекітіп қойған ажалы тоқтайды деген сөз емес. Аятта «Өздеріңізді өзіңіз өлімге салмаңыз» деген. Және пайғамбарымыз бір кісі көлігін байламай түгел қылдым дегенде «фид откул» — мағынасы «Көлігінді байлап қой да, сонан соң түгел қыл» деген. Енді байқадыңыз ба, біз бір зиян істерден сақтануға бұйырылғанбыз, соның ішінде ажалдан да сақтануға іске ұмтылып олардың орнына келер-келмесін бір Алланың өзіне тапсырып қоймақ түгел деген осы. Онан басқа мен құдайға түгел қылдым деп шалқаңнаң жатсаң, күнәһар болып аштан өлесің. Сол себептен Шайх Сағди айтқан: «Кісі ажалсыз өлмейді, сонда да ажалсыз өлмеймін деп айдаһардың аузына кірме»  деген.

Адам өзін таныса, құдайды да танымақ.

     Адам өзін таныса, жаратқан Алласын да біледі. Алланың әміріне де мойынсұнады. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан «…пенде өзін анық білсе, Алла тағаланы да анық білер»  деген. Және Ғайса Ғалиасалам айтқан: «Біреудің көзіндегі шөпті алмақ болсаң әуелі өз көзіндегі ағашты алып таста» деп. Мұның мағынасы: «Өз мініңді тазартсаң, кісінің мінін айтып ұқтыруға, кісіні түзетуге сонда жарарсың» дегені. Енді адам өзін-өзі білмекке, әуелі жоғарғыда айтылған қайдан жаралдым, түбінде не болмакпың деген үш сөзді ойласа керек! Онан соң басыма не пайда, дүние ахиретіме не пайда, не іс қылып жүрмін, халыққа не пайда келтіріп жүрмін. Біреуге, яки өзіме зиян қылғаннан саумын ба деп ойлау керек! Өйтіп өзін-өзі тексермей жүре берген адам жай мал, аңнаң да төмен болады. Аятта: «Ол ақымақтар төрт аяқты хайуан сықылды бәлкім онан да жаман, олар түк білмейтұғын меңіреулер» деген.
Бұлардың хайуаннан төмен болатұғындығы хайуандар білімсіз болса да көбінің зияны өзгеге тимейді. Адамның зиянкестерінің зияны бірталай халыққа тиіп ел бүлдіреді. Енді байқадыңыз ба, адам өзін-өзі танымақ деген жаратқан иесінің құлы екенін және ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып адал, пайдалы істі қылуға тырыстық.

Адам хақы менен хайуан хақы.

       Алла тағаланың құлы екеніңізді білген соң адам хақы деген жалғыз мал хақысы ғана болмайды. Адамның мал хақы бар, абырой хақы, мұсылмандық дін хақы бар. Не денесіне, не абыройына, жанына, не ғибадатына, не малына, не көңіліне бір зиянды орынсыз тигізсеңіз бәрі адам хақы болады. Аятта: «Алла тағала залымдарды жек көреді» деген. Залым деп зиянкес адамды айтады. Және пайғамбарымыздың хадисі «Бір күнә бар, тіпті кешірілмейді, бір күнә бар қалдырылмайды, бір күнә кешіріледі. Әуелі кешірілмейтін күнә деген Алла тағалаға серік келтірген, Соңғы кешірімді деген бұйырған ғибадатын қылмаған». Енді қалдырылмайды деген күнә адамның адамға қылған залымдығы. Мұны иесі разы болып кешпесе, Алла тағала кешуі қиын іс адам хақы болады. Хайуан хақынан да сақтану керек. Хайуан хақысының да жолы қиын болады. Пайғамбарымыз айтқан: «Егер хайуанға орынсыз қылған істеріңіз кешірілсе, талай көп күнәңізден құтылар едіңіз» деген. Бұл хайуан хақы деген орынсыз жерде ұрып, халінен артық жүк салып оны тарта алмаса, соғып қинайсыз. Және не үйреткен емес, не қатты қысылмай тұрып орынсыз қинай шаршатып жүре алмай қалса ұрып, қамшылап, кейде тепкілейсіз, кейде сүрініп кетсе де ұрасыз. Яғни қатты керек болмай тұрған кезде не жас баласын, не буаз күнінде орынсыз өлтіресіз. Болмаса бала болған соң жұмыртқасын сындырасыз. Осындайлардың бәрі де обал. Бәрі де хайуан хақы және бұл хайуан түгіл жансыз нәрсеге ашуланып, не боқтап, не сындырып, не ұрып тастайтын істеріміз ойымызға түскенде ұятты еске қалдыру керек. Әлбетте ақымақтықтың ең жаманы осы хайуан мен жансызға ашуланбақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *