Алла тағаланың барлығын ақылмен ойлап білмек

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №1 55

      Алла тағаланың біреуден үйреніп яки ата-бабаның жолымен ұғып нанып иман келтірген кісісі де мұсылман болады (оны дәстүрлі сенім дейді). Олай болса да өз ақылымен ойлап осы дүниенің бір құдіретті күшті иесі болса керек деп, өз ақылымен дәлел таппаған кісі қатты күнәкәр болады және ондай кісі сайтанның азғыруына, біреудің алдауына еріп кетуге жақын тұрады. Құдай тағала баршамызды одан сақтасын! Адам шын ақыл көзімен қараса, осынша неше түрлі ғаламды жаратқан, бір иесі бар екенін біреуден үйренбей-ақ білсе керек. Құранда ақылмен ойлап білуге бұйырған.
Аятта: «Айт, ей пайғамбар, құлдарыма қараңдар ақыл көзіменен аспандағы һәм жердегі барша жаралған нәрселерге» (алнариат 27-аят). Әлбетте бұларға қарасаңыз құдіретінде өлшеу жоқ бір иесінің барлығын білесіз. Оған мысал бал жинайтын араны алып қараңыз. Кішкентай нәрсенің артында бал ауызында уы бар, ол екеуі таусылмайды, ешқашан бір-біріне қосылмайды. Немесе ағаш жапырақтарының бедер беттері ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Және адам ойлау керек: осы мені кім жаратты деп. Сонда анық біледі өзіндей бір адамзат жаратпағанын, кім жаратты деуге болмайтындығын. Кім себеп болды десе, оны әкесінің жаратылуына кім себеп болды? Сөйте-сөйте адам пайғамбарға кім себеп, ақырында барша себептерді біріне-бірі себеп қылып жаратқан бір кұдіретті күшті ие керек болады. Сол ие Алла тағала және адам ойлау керек: қайдан шықтым, не үшін жаралдым, түбінде не боламын деп. Осылайша ойланғанда әлбетте жоқтан бар қалып бір құдіретті күшті Алла жаратты. Не үшін жаратты? Жаратқан иесі біліп, соған құлшылық қылсын деп жаратты. Ақырында не қалады? Кімде-кім жаратқан иесінің әміріне мойынсұнып құлшылық қылса, оны құр қалдырмай таусылмас рахат берсе керек.
Неге десең: осынша ғаламды басқа жаратудың қисыны жоқ. Ақырында жоқ болып кететін қылып жаратпаса керек. Онда әшейін бір ойын сықылды болады ғой. Аятта ұқтырып айтқан: «Аспан менен жерді һәм оның арасын барша нәрселерді ойнап жаратқаным жоқ» деген (әнбие-17). Енді жоғарғыдағы аяттың мағыналарын және айтылған дәлел сөздерді анықтап ойласаңыз Алла тағаланың барлығына шексіз көңіліңіз нанар.
х
Алла тағаланың бірлігін ақылмен ойлап білмек

       Алла тағала жалғыз, онан басқа Алла жоқ. Мұны да ақылмен ойлап білу керек. Құранда бұл туралы да аят көп: «Егер де дүниеде екі құдай болса, дүние бұзылар» деген (Жүніс-7). Және бір аятта: «Алла тағаланың баласы жоқ, және бір Алладан басқа Алла жоқ. Егер де басқа бір Алла болса, әрқайсысы өзінің жаратқан нәрсесімен кетер еді. Алла тағала мұндайлардан таза»- деген (әли-ғымыран-3).
Енді ойлап қарасаңыз, егер де Алла екеу болса, бір Алла бір нәрсені бар болсын десе, сол нәрсе бар болар ма еді, жоқ болар ма еді. Әлбетте бірінің айтқаны болар еді ғой. Айтқаны болмай қалғаны Алла болуға лайық болмайды ғой. Сол себептен Алла тағала жалғыз екені мағлұм болады. Егер де біреу серіктесіп жаратады десе, бұл да бос сөз, оның үшін серікке Мұқтаж болған соң, оның да Алла болуға лайығы жоқ. Және бір аятта: «Оның Ғайса (Иса) пайғамбарды жаратқаны, адам пайғамбарды жаратқандай. Адам пайғамбарды топырақтан жаратып тұрып адам бол деп еді, адам болды. Сол сияқты Иса пайғамбарды Мариям ананың қарнында бала бол деп еді, бала болды»- деген (әли-ғымыран-3). Және бір сөз Алла тағала пайғамбарларға өзге адамның қолынан келмейтұғын істерді істеуге мұғжиза берген һәм әулиелерге керемет берген. Бұлардың себебі пенделеріне тура жолды көрсетуге, пайғамбарлардың пайғамбар екеніне дәлел болсын деп әулиелердің кунәдан тазалығын, қадірін көрсетпек үшін бұлар да пендесіне рахметі.
х
Алла тағаланын сипаттарын білмек

       Енді Алла тағаланың сипаттарын баяндасақ. Алла тағала бар, өздігінен бар, біреу бар қылған емес, барлығының алды жоқ, бұрыннан бар. Арты жоқ, ешқашан жоқ болмайды, өлмейді, тозбайды, өзгермейді. Алла тағала жалғыз, не серігі жоқ, не теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ және еш нәрсеге ұқсамайды. Кітапта бұл алты сипатты затия сипаты дейді. Олар мынау: Бар өздігінен бар, бұрыннан бар жоқ болмайды, жалғыз, еш нәрсеге ұқсамайды. Бұлардан басқа кітапта збутие деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: тірі, білімді, құдіретті, талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, болғызушы, яғни бар қылса да жоқ қылса да сөйлеуші, естуші, көруші, бірақ бұл сипаттары адамға ұқсамайды. Мысалы біздің тіршілігіміздей дүниемен емес, біздің құдіретіміздей қол аяқ, яки қарумен емес, біздің біліміміздей оймен, көзімен які біреуден ұғып емес, ақыры өзінің еш нәрсерсеге ұқсамағаны сықылды сипаттары да өзгенің сипаттарына ұқсамайды. Және кітапта сәлбие сипаттары деген болады. Олар: ұйықтамайды, өзгермейді деген сықылдылар. Оны ешбір кемшілігі жоқ десе сонан ұғуға болады. Ақырында бәрін жиып айтқанда алла тағаланың сипаттары кемшіліксіз, білімді, құдірет десе ұғасыз. Алла тағаланың барлығы зайырда, жасырында. Алла тағаланың ұлылығы мен қасиетін көрінген затқа теңеуге болмайды. Оны тек жердегі көктегі бар заттардың қадірі мен қасиетін анықтау арқылы ғана таниды. Алдымен адам өзін тану арқылы ғана өзіңнің халіңді, қадір-қасиетіңді ұға білсең Алла тағаланың саған салған мөрін, сипатын тани бастайсың. Сен сурет болсаң ол сүгіретші. Әрбір сөздің парқын біл. Өмір деген жаратушы салған өрнек. Сондықтан сол өрнекті көре біліп, жақсылап ойлана білу керек. Өрнектің түзілу кереметіне таңдануға болады, күмәнданып күдік келтіруге болмайды. Ойлы көзбен көре білу керек. Барлық жаратылған нәрсенің төркіні ғайыпта, құпияда. Ғайыптың сыры ғылымда. Ғылымда өте сақ болу керек, қу зымияндардың айла-шарғысына иланып азғындық жолға да түсіп кету де оңай. Тарихыңды зерттеп өткеннен үлгі ала алмасаң онда сен бейтарап жансың. Бейтарап жандарда қашанда солқылдақтық мінез болып, заманның зейіліне қарай бейімделгіш болады. Сондықтан ата-анасына, салт-дәстүріне бейтарап қарайтын пенделердің ой-пікірін қате деп түсін. Ар-намыс ана сүтімен ғана дариды. Асыл тегіңнің қадірін білген адамға ғана тылсым есігін ашады. Асылдың қазынасы ана тілің, сені сөзден жаратқанын үнемі есіңде ұста.
х
Алла тағаланың періштелеріне нанбақ

     Періштілер Алла тағаланың жаратқан құлдары, әрқайсысы әрбір қызметте. Олар еркек те ұрғашы да емес, ішіп-жемейді, күнә қылмайды. Олардың да абзал жақсылары, пайғамбарлары бар: Жәбірейіл, Ысрафыл, Ғазірейіл, Мекаил дегендер Алла тағаланың әмірімен әр түрлі суретке кіре алады һәм көзге көрінбей кете алады. Алла тағала оларды біздің денеміздей қылып жаратқан. Ондай дүниелерді кітапта Ажсам Ләтифе дейді. Періштенің барлығына нанбайтұғын қисыны жоқ. Жын, сайтан, пері дегендерге де нанылады ғой. Пайғамбарға нансаңыз, Құранға нанасыз, бәрі де рас болады. Барлық қозғалыс тіршілік басы екіден басталып төрпен толтырылып отыру жаратылыс заңдылығы болып бекіген. Сондықтан өмір төрт періште арқылы қозғалысқа түседі. Демек періште қозғалыс басы болса, адам жаны өсіп-өніп сол төрт қуатты толтырып дамытып қосылып отыру тиісті үкім. Төрттен екіге содан барып нұрға қосылу шарт. Алла тағаланың жаратқан нұры білім болса, періште білімсіз болып, сол білімсізден білімдіні жарату, көркемдеп әсемдеп өзіне тән ат сипат беру Алла тағаланың құдіреті болмақ. Және осы қасиеттерді үрім-бұтақтарына дарытып отыру, алма-кезек ауысып тұратын өзіне тән жүйелі заңдылығын бекіткен. Осы заңдылықтарды мүлтіксіз орындаушы періштелер тасымал қызметін атқарушы әрбір жаратылған нәрсенің ішкі сыры болып табылады. Әрбір адам баласының ішкі сыры сондықтанда ғайыппен тікелей байланыста тұрады. Адам жаны сол ішкі сырдың қорғаны, күзетшісі, болашақ қожасы. Сондықтан «Пері»- «Іште» деп атаймыз. Іштегі сыртқа шықса дүние түйсігіне айналады. Дүниеде бір нәрсе пайда болса, ол екінші нәрсеге айналып, Алла тағаланың әміріне дәлел болады. Әмір орындаушы қашанда періште. Сондықтан дүние заңдылықтарына бейтарап қарауға болмайды. Оның әрқашанда оңы, терісі, өңі мен астары болады. Бір жақты пайымдап дүниені әшейін ойыншық ретінде қарауға болмайды. Адамның қасиеті бүкіл жаратылыс егелерінен жоғары тұрады. Сол қасиет періштелерді адам затына өсіріп-өндіріп білімді етуге тура жолды көрсету үшін пайғамбарлар мен кітаптар түсіргенін естен шығармай иман келтіру парыз деп біліңіз.
х
Алла тағаланың пайғамбарларға жіберген кітаптарына нанбақ

       Алла тағала пенделеріне тура жолды ұқтыру үшін әрбір заманда пайғамбарларының қайсыбіреулеріне кітап жіберген. Оның үлкені төртеу: бірі біздің пайғамбарымызға жіберген Құран, біреуі Мұса пайғамбарға жіберген Тәурат, біреуі Дәуіт пайғамбарға жіберген Забур, біреуі Ғайса пайғамбарға жіберген Інжіл және бұлардан баска Сағиф дегендері бар. Адам пайғамбарға, Ибраһим пайғамбарға дегендей әрбіреулеріне жіберілген. Солардың бәрі де рас, тек нану керек. Бұл кітап дегендер бір жолата кітап болып келген емес. Алла тағаланың періштелері арқылы пайғамбарларына білдірген сөздері, әмір бұйрықтары. Соны кітап қылып жазған. Біздің пайғамбарымыз Мұхамед Мұстафа Салилла Ғалиассалам ең соңғы ақырзаман пайғамбары болған соң соған жіберілген Құранның сөзімен ғибадат құлшылық қылмақ дұрыс болған. Мұнан соң еш пайғамбар болмайды. Сол себептен өзге дін, өзге шариғатпен жүру дұрыс емес. Құранның сөзі өзге кітаптардың кемін толықтырып кейінгі заманына қарай біржолата бекітіп айтылған.
х
Алла тағаланың пайғамбарларына нанбақ

     Алла тағала пенделеріне тура жолды көрсетпек үшін әр заманда пайғамбарлар жіберген. Әуелі Адам пайғамбар ақырғы біздің пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Салилла Ғалиассалам. Бұл екеуінің ортасында көп пайғамбарлар болған. Оның санын білмек бізге міндет емес. Қанша болса да Алла тағаланың жіберген пайғамбарларына нандым дейміз. Олардың ішінде Құранда аттары аталған жиырма сегізінің атын білмек керек. Олар мынау: Адам, Нұқ, Нут, Лут, Зулһафил; Салық, Ибраһим; Аюп, Исмағұл, Ысқақ, Жүніс, Ыдырыс, Якуб, Иосиф, Ілияс, Әлий, Дәуіт, Сулеймен, Мұса, Һарун, Жақия, Ғайса, Шұғайып, Зікрия, Мұхаммед Салилла Ғали, Һәм Әжмәһин, Лұқпан, Зұлқарнайын – бұл үшеуін кейбіреулер пайғамбар деп кейбіреулер пайғамбар емес деген. Сол себепті анығын Алла білер дейміз де қоямыз.

     Енді, көбінесе иманның дұрыс болмағы пайғамбарға нанғанмен табылады. Оның үшін пайғамбарға нансаң, Құранға нанасын. Құранды құдай тағаланың сөзі деп пайғамбарымызға айтып білдірген. Құранға нанған соң, бәріне нанғаның болады. Және Алла тағаланың барлығына нансаң, пайғамбарларға нанасың. Себебі барша адам баласын Алла тағала құлшылық қылсын деп жаратып қойып, мынау жақсы, мұны қылсаң рахметіме жолығасың. Мынау жаман, мұны қылсаң каһарыма жолығасың деп білдірмей өздерің білсең біл, білмесең қой дегені лайық болмайды. Дүниеде не нәрсе бар болса, соның бәрі адам үшін жаратылған, не нәрсе де адамның не пайдасы, не залалы үшін. Сол себептен аятта айтылған: «Аспандағы және жердегі нәрселердің бәрін сендер үшін жараттым, яғни сендер үшін жаратылдым» деген (жасия-25 пара). Енді солардың қайсысы сауап, қайсысы күнә, қайсысы пайда, қайсысы залал екенін Алла тағала адамның өзінен пайғамбар хабаршы жіберіп пенделеріне білдіргені анық ақылға дұрысы. Енді біздің пайғамбарымыздың пайғамбар екендігіне еш бір күдік жоқ. Аятта айтқан: «қашан Ғайса пайғамбар айтты: «Ей бәни Ысраил құлы мен сіздерге Алла тағаланың жіберген пайғамбарымын. Менен бұрынғы Мұса пайғамбар келген Тәуратта айтылған һәм менен соңғы келетұғын бір пайғамбардың діни хабарын жіберейін, білдіремін сендерге. Оның есімі Ахмед, яғни Мұхаммед Ғалиссалам»-деген. (элсаф-26) Және біздің пайғамбарымыз ешкімнен оқымай, үйренбей бұрынғы пайғамбарлардың һәм қанша халықтардың не халмен өткендігін білгендігі пайғамбар екендігіне үлкен дәлел емес пе? Сол уақытта Іінжіл, Тәурат оқып жүргендер сынамақ үшін неше түрлі сөздерді сұрағанда, барлығына жауап берген және діннің хақ растығынан қайдағы білімді ақылдылар дініне кіріп, мұсылман болып, азғана заманның ішінде қаншалық жерге мұсылман діні жайылып кеткенінде не малмен емес, не әскермен емес, яки бұрыннан тұқымынан патшалығымен емес, жалғыз ғана мұсылман дінінің хақтығы және өзінің пайғамбар екенінің растығы емес пе? Және осынша істерді дүние үшін қылды деп те айтуға болмайды. Оның үшін өзі халықты білмей тұрғанда неше күн аш жүріп, тамақты да жөндеп жемейді. Тамақтың жоқтығынан үйінде неше күн от жағылмай құр су мен құрманы қорек қылып жүре береді. Кәпірлерді жеңіп алғандағы олжа қазыналардың бес еседен бірі қазынаға алынады, оны ұстап ішіп-жесе, еш кім бөгет болмайды. Сонда да бір тиын алмай, ішкен асы арпа ұны болып, киген киімі жамаулы болап, өзі дүниеден өткенде түк малы қалған жоқ. Кебісін өзі жамап киюші еді. «Альфухр фахри» яғни мақтаным кедейлігім деп көбінесе фахрлар менен жетімдерді құрметтеуші еді. Мұнан артық не дәлел керек.

     Аятта біздің пайғамбарымыз туралы Алла тағала айтқан: «Мен сені барша ғаламға рахметім үшін пайғамбар қылдым»- деген (әнбие) және Құраннан артық не муғиджа керек әр дүниедегі адамшылыққа әрі ахыреттегі аманшылыққа керек сөзден айтылмағаны жоқ десе болады. Ақыл ғылымның жайын сенен артық кім ұқтыра алады! Жалпы пайғамбарлар Алла тағаланың жер бетіндегі саясатын жүргізуші деп қабылдасақ түсінікті болмақ. Егер саясат салтанат құрмағанда, адам баласы көп нәрседен хабарсыз қалар еді. Сондықтан адам баласына саясат ауадай қажет. Саясатсыз қоғамда әділетсіздік үстемдік құруы сөзсіз. Алла тағала саясатты дұрыс алып баруы үшін пайғамбарларды және елшілерді жіберді. Дүние түзілгенде ұлы даналықпен түзіліп, оған көркемдік пен сұлулықты үйлестірді. Сонымен қоса ризық-несібені қоса жаратты. Енді бұлар болмағанда дүние бір ойыншық сияқты болар еді. Сол берген ризық-несібеге, түр-тұлға, көрік сипатына шүкірлік етсін деп құлшылық жасауды бұйырды. Сол құлшылық жасауды үйретсін деп, өзінің қасиетінің ерекшеліктерін бағалап қадірін білсін деп пайғамбарларды жіберді. Сондықтан адам баласы өзін тура жолға салушыларды танып білуге міндетті. Ризық-несібені жеткізушіні ойында сақтауы шарт. Пайғамбарлардың бар екендігін ақиқат деп түсініп, әзірет Адамнан Мұхаммед пайғамбарға дейінгілерді бірінен-бірін кем демей, дінге шын көңілмен сеніп, Алла тағалаға құлдық етушілер ғана дүниеде соңғыларға жақсы атақ қалдырады.

х
Ахирет күннің болмағына нанбақ.

      Ақыретте тексерілмегіміз таразы-сират көпірі қылған істеріміз дәптерге жазылып берілмегі рас. Алла тағала біздің не қылғанымызды өзі біліп тұрса да адамдар оны білмейді. Сол себептен әбден армансыз қылып істеген ісімізді мойнымызға анықтап салып рахым қылса, мархаматын каһар қылса күнәсін барша халыққа бірдей білгізіп әр күннің лайық орнына жібереді. Аятта: «Бір Алланың өзінен басқа нәрсенің бәрі һалақ болып бұзылады» деген (қымыс-20). Ахыреттің болмағы анық. Адам өлсе де жаны өлмейді. Пейіш пен дозаққа кірген соң, тіпті өлім жоқ, біржолата қалады. Аятта: «Қоярмыз қияметте ғаділ таразыны залым қылынбас еш нәрседен тарыдай кішкене ісі болса да таразға келтіріп салынар, бәрінің де есебін табармыз»-деген (әнбие -17). Әлбетте солай болғаны ақылға да дұрыс. Осынша ғаламды жаратып, ақырында тексерусіз, ешбір мақсатсыз қалуға лайық болмайды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *