Өлген көңіл, ындынсыз өмір  

Бөлім: Шәкәрім және дәстүр, дін 121

Қабағынан қар жауған,

Қараңғы бұлт жоғалды.

Қас қараймай беті ауған,

Қаһарлы жел де оңалды.

Көшейін деп қыбырлап,

Ел қыстаудан қозғалды.

Жаралы жүрек жыбырлап,

Жазылмай бірақ сол қалды.

Қырдан ойға дүбірлеп,

Жас балалар шуласты.

Күншуақта күбірлеп,

Кемпір-шал да сырласты.

Қыз бозбала бір бөлек,

Әзілдесіп, дуласты.

Өліп қалған сұм жүрек,

Оятсам да тұрмас-ты.

Бетіне жылы тиеді

Күнгейдегі күн шуақ.

Жан жылыны сүйеді,

Жанға рахат осы уақ.

Өлі жердің сүйегін

Тірілтті жайнап жапырақ.

Жаралы менің жүрегім,

Жайнай алмас сол бірақ…

Күн нұрымен көгеріп,

Жауқазын шықты жалбырап.

Жер жүзіне өң беріп,

Қызыл гүл бітті албырап.

Тоң еріді, қар кетіп,

Жан-жануар балбырап.

Қайғылы көңіл тырп етіп,

Қабағын ашпас салбырап.

Қолдағы малға төл еріп,

Жандыдан өсіп жан шықты.

Жаңадан дүние  жан беріп,

Неше түрлі мал шықты.

Қатып қалған желінен

Қаймағы бар бал шықты.

Қайғылы біздің көңілден

Қайғырған сайын қан шықты.

Жер жүзіне нұр жауып,

Күн жылынды, шөп өсті.

Бас байлап, қой сауып,

Буаз малдан төл өсті.

Жанған оттай жалындап,

Жайлауға қарай ел көшті.

Жанбақ түгіл жабырқап,

Жаралы жүрек қайта өшті.

(Шәкәрім әулие)

***   ****

Жанның еркі көңілің,

Жүректің көзі көретін.

Жүрекке жүрек қосылар,

Ұйқыда жаны өмірдің.

Ақирет болса уайымың

Жабырқау тартып көңілің.

Дүниелік думан қызықтан

Жалығып іздер сенімін.

Ақиреттік қайғыдан,

Қан тазарып жаңғырған.

Мың өліп, мың тіріліп,

Жаныңа сырын жазғызған.

Ашатын ердің көңілін,

Жаннаттан алар жер үнін.

Нәзік жан керек тақуа,

Сыйлайтын ыстық сезімін.

Өсірген рұқтан егінін,

Болашақ тектің өнімін.

Білекке жазып нәзік жан,

Кітабын алар ерінің.

(Б.Т.К)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *