Жан мен дене Һәм көңіл  

Бөлім: Шәкәрім және дәстүр, дін 213

Басында жан мен дене екі басқа,

Жан шыдап тұра алмайды қозғалмасқа.

Дене сауыт сықылды жанның орны,

Оған да күту керек бұзылмасқа.

Ал енді сипатталық көңілді біз,

Ескеріп бұл сөзімді жақсы ұғыңыз.

Жан мен дене-қосылған ерлі-қатын,

Екеуінен туады көңіліміз.

Табиғат бірде былай, бірде олай,

Кетері мәлім емес әлде қалай.

Әкесі жан, шешесі дене болып,

Көңіліміз сол себепті екі талай.

(Шәкәрім әулие)

****   ****

Зат тәнді кейде қазақ дене атайды,

Дене — тері, киімі — жарық баурағанды.

Дененің жеті түрлі жарық киімі бар,

Арың жарық, ақ сауытпен қорғалады.

Әр қабаттың бар күн жарық қуаттары,

Түрлі-түсті бояумен сезім, сөз бақшалары.

Жан әке денеге азығын тауып бермек,

Денеден туылар періште балалары.

Тәнде бар жүз етің мал қуат, ақшалары,

Жанның бар түрлі орын сарайлары.

Тән мен дене бірі заттық, бірі жарық,

Тәннен дене, ал дене тәнге байланған-ды.

(Б.Т.К)

****  ***

Пәни дене бояуға ақ мақтанады,

Жан төзбейді, сол үшін сақтанады.

Өлмес жанға өзгермес орын керек,

Сондай іске ұмтылсақ, шаттанады.

Жан құмары-істемек, біліп алмақ,

Бөгет бола береді дене — салмақ.

Асыл іздеп асылды аласұрар,

Амал бар ма денесіз қайта бармақ?

Жан талпынар талайды көрмек үшін,

Әр сырын дүниенің білмек үшін.

Дене байғұс салмақ боп баса берер,

Жаралған ғой түбінде өлмек үшін.

Балалар жас жас күнінде тым елгезек,

Әрнемеге жүгіріп қағар дедек.

Ол кезде жан күшті, дене нашар,

Осыдан-ақ сөзімді ұқсаң керек.

(Шәкәрім әулие)

***  ***

Тән нәпсімен зорайып өсіп өнбек,

Тәннің үні — нәпсі жанға хабар бермек.

Жан орындап азығын тауып беріп,

Нәпсі -тәнің ауырлап өсе бермек.

Бой жарығы дене болып бейнеленбек,

Мәңгілік жанға сарай үйі демек.

Жалаңаш арсыздықты жан қаламай,

Мазалап жүрекке белгі хабар бермек.

Тән малың, нәпсі ісін қолай көрмек,

Нәпсің малың ішіп-жеп өсе бермек.

Жын қуаттың  8 сипат бірге өсіп,

Денеге 8 түрлі киім болар өріс демек.

(Б.Т.К)

***   ****

Көңіл әзір денені қуандырмақ,

Өзі де қызық көріп жүре тұрмақ.

Жан жұмысы жай ғой деп елемейді,

Кезі келген уақытта мойын бұрмақ.

Сүйте-сүйте денеге әбден тартып,

Мақтан күйлеп кетеді одан артық.

Жан керегін ойлауға жалқауланып,

Ала алмайды өз бойын өзі қайтып.

Мақтан үшін жан қалса ескерусіз,

Дұрыс-ақ қой дейсіз бе осынымыз?

Іздегенін таба алмай кетсе зарлап,

Жанның орны не болды, байқадыңыз.

(Шәкәрім әулие)

****  ****

Көңіл қайдан шығады аңғарып бақ,

Бес қуатың сезімнен шығары хақ.

Денедегі бес күнің өрісіңмен,

Дүние жалған тірліктен келер сабақ.

Жанда болар тоғыз түрлі сипат,

Төрт нәсіл, бес қуатты түрімен ақ.

Тоғыз кісі төбеден енер деген,

Рұқ, иман төрелікке болған кітап.

Көңіл — мінез, қылығың — ұждан сипат,

Ерде алты, әйелде беспен қуат.

Қандағы он бір жұлдыз кісіліктен,

Бесті беріп алтыны алып ділге айналад.

Алты қадам әр пендеге болар сынақ,

Үш мүшелден бір көңіл табар тұрақ.

Адамның екі баласы кісі болып,

Үлкені — оң, кіші — солың аруақ туад.

(Б.Т.К)

****   ***

Дене менен жан-анау, көңіл-мынау,

Қайсысына билеттің байғұсым-ау?

Ең түбінде-өзің кім, сенікі кім,

Досың қайсы, өзіңе қайсысы жау?

Анық қара: жан-өзің, дене-киім,

Мақтан, бояу-денеге берген сыйың.

Жанға мұндай алдауың азық емес,

Оған пайда не қылдың жалғыз тиын?

Сауық-қызық көрем деп күнде жиын,

Жан құтқарып алуың болар қиын.

Түптіге ұмтыл, тұрақты істерді қыл,

Тәуекел деп өзіңе сүйтіп сыйын.

Біз семірттік денені азықпенен,

Байлап бердік жанды оған қазықпенен.

Ұйқы, тамақ күйлеген сорлы дене

Құтылар ма осындай жазықпенен.

(Шәкәрім әулие)

***  ****

Құдайым жеті жанды сыйға берген,

Жеті жанды өсіріп көбейтумен,

Екі тиынға бес торғайды сатып алмақ,

Екі  көңіл — тиын боп, тән мен жаннан өнген.

Жанға керек іліммен білім деген,

Жан азығы тылсымның сырын көрсең.

Құпия біліміне Раббымыздың жалғануға,

Пайғамбардан шапағат уахи білсең.

Төрт ақыл жанға тағдыр белгі берген,

Төрт ақылды дәстүрмен түгелдеген.

Қозғалыс жыннан алар тірлік қуат,

Жүрекке бір ақылды ес боп енген.

Көңіл болып құс жаның түнде кезген,

Ұйқымен жан тазарып қайта келген.

Аянмен жанға қуат өткен шежіреден,

Құранның жеті үні-ой мен жан өсірген.

(Б.Т.К)

Жалқау тірі болғанмен, өлгенге есеп,

Білімнің кеселі жоқ мұнан кесек.

Білімсіз, әрекетсіз еріншекті,

Күнәкер де болмаспыз, өлі десек.

Пайдасыз, құмарлық та мақтан-дағы,

Ерте бойға жуытпа сақтан-дағы.

Үйір қылып алған соң құтылу жоқ,

Бейне түлкі боласың қақпандағы.

Ашу жеңсе, адамда ақыл қалмас,

Ой ойланып, орынды іс қыла алмас.

Болмай соған бойыңды тоқтатып ал,

Ыза менен мастықтың түбі жалғас.

Сыртын түзеп кейбіреу аласұрды,

Киіміне мақтанған бала сынды.

Ат болсын, киім болсын, мінез болсын,

Құба төбел істі қыл жарасымды.

Құба төбел дегенді ұқсаң керек,

Орынсызды істеме, болсаң зерек.

Мүйізі бар кісідей едірейіп,

Өзге жаннан болмасын түрің бөлек.

(Шәкәрім әулие)

***  ***

Жан тәрбиесін үлгісін Абай дана,

Насихатын айтқан-ды өзіне, жас балаға.

Сап, сап көңілім сап көңілім деп,

Түнімен кезе берме, деген-ді әр саяға.

Тән тазарып ақталмай болмас пайда,

Үш байлығың түгел болмай құлшылықта.

Сәнқой, ызақор, құмарлық, еріншектен,

Тәрбиесі  дәстүріңде бар сақтануға.

Шариғат сөзсіз керек тазалыққа,

Дін ісі базарынан азық ал керек жолға,

Жер кезіп, іздеп  досын Алла жалғануға

Құдай ісі — жан өсірмек жоба аларға.

Жер ана рұқынан табанға алса,

Киелі ойпаттардан көкті бақса.

Жұлдыздан сәуле келсе жан тірілер,

Алланың белгілерін ұлықтаса.

Көңілдің құсы кезіп шартарапқа,

Түрлі ой салады үнімен адамзатқа.

Жүрекке көңіл қуат үнін салып,

Жүректен екі үні шығар басқа.

Мидағы оятып таза ақылды,

Жанға қуат, меңгертпек бір ақылды.

Маңдайда тағдыр үйіне есік ашып,

Сана өрісін көңілге жалғар сонда.

Көңіл-баламды құдайым арам қылма,

Көңілімде бойдан сана қуат тұрса.

Санасызда көңіл бала таза болмас,

Ала бер көңілді көлеңкесі тым ұзарса.

(Б.Т.К)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *