Ана мейірімі

Бөлім: Ғибратты әңгімелер 1

Алқама есімді сахаба жігіт өлім аузында жатып » Алладан басқа Тәңір жоқ» ( Лә иллаһа илла Алла) деп кәлима келтіруге тілі келмей, қиналып жатады. Мұны көрген Пайғамбар  сахабалардан:
— Бұл жігіт біреуді ренжітіп пе еді? — деп сұрайды.
— Иә, бұл жігіт анасын қатты ренжітуші еді, — деседі олар.
— Онда барып анасын алып келіңдер — дейді Алла елшісі. Анасы келеді. Оған Пайғамбар:
— Балаңызға кешірім етіңіз, өлім аузында жатыр — дейді.
— Кешірмеймін — дейді ашулы ана.
— Ендеше, қазір ұлыңызды көз алдыңызда өртесе шыдар ма едіңіз? Сіз кешірмесеңіз, оны о дүниеде тозақтың оты күтіп тұр. Ал сіздің кешіріміңіз оны сол өрттен арашалап қалуы мүмкін — дейді.
Сонда анасы:
— Қаншама көңілімді қалдырып, жанымды ауыртса да, туған баламды өртке қалай қияйын? Кештім бәрін де, — дейді.
Сол сәтте ғана Алқаманың тілі икемге келіп, кәлимасын қайтарып барып көз жұмыпты..

****   ****

Таң намазы

Бірде Азірет Әли таң намазына ұйықтап қалып, оянғасын қатты өкінеді. Өзін-өзі кешіре алмай күні бойы күйінеді. Ертесіне таң атпай оны: » Тұр, намазыңды оқы!» деп біреу оятады. Атып тұрған Әли: — Сен кімсің, қайдан жүрсің? — деп сұрайды оятушыдан.
— Шайтанмын.
— Онда неге маған жақсылық жасағың келіп тұр?
— Бұл жақсылық емес. Жақсылықты саған мен кеше жасап қойыппын. Сені таң намазының сауабынан қағайын деп ұйықтатып тастап едім, сен оянғасын қатты өкіндің. Оныңды көріп тұрған Алла өкінішіңді ескеріп, саған он сауап жазды. Әйтпесе сен таң намазыңды оқып, бір ғана сауап алған болар ең,әттең! Ал, енді тез тұр да намазыңды оқы. Тиесілі жалғыз сауабынды ал! — депті қаскүнем..

*** ***

Біз білмеппіз, білгенде…

Зұлқарнайын пайғамбар әскерлерімен жолда келе жатып “аяқтарыңа ілінген нәрселерді жинай жүріңдер” деп әмір береді.
Әскерлері бұл әмірді естіген кезде іштерінен бір бөлігі “Көп жүрдік қатты шаршадық. Түн ішіндеміз, оған қоса аяғымызға ілінген нәрселерді жинап босқа қиналамыз ба, ешнәрсе жинамаймыз” деген шешімге келіп, ешнәрсе жинамайды.
Екінші бөлігі “Қолбасшымыз бұйырған екен, әміріне бағынайық аз ғана болса да жинайық. Өйткені Қолбасшыға қашанда мойынсұну керек” деп аз ғана жинайды.
Үшінші топ болса “Қолбасшымыз ешнәрсені босқа әмір етпейді. Міндетті түрде бір нәрсені біліп айтқан болу керек, әмірін орындаймыз” деп бүкіл қаптарын бетіне дейін толтырады.
Таң атқан кезде бүкіл армия түнде алтын қойнауынан өткендерін түсінеді. Аяқтарына тиген нәрселердің алтын екенін ешкім аңғармаған болады. Сонда әмірді тыңдамай еш нәрсе алмаған бірінші топ:
— Қап неге алмадық! Қолбасшымыздың сөзін неге тыңдамадық. Ең болмағанда біреуін алғанымызда ғой… деп өкініп қалады.
Екінші топ болса өз-өздерін сөге бастайды:
— Қап біраз тағы алуымыз керек еді. Қалталарымызды қаптарымызды аузына дейін толтырып алуымыз керек еді…
Үшінші топ та өкініп:
— Керексіз, пайдасыз заттарымызды тастағанда бұдан да көп етіп жинайтын едік…
Міне осы мысалдағы секілді Ахыретте де бүкіл адамдар өкінеді. Кәпір болған адам:
— Неге иман етпедім. Сенгенімде ең болмаса жаһаннамға түссем де иманымның арқасында соңында бәрібір Жаннатқа кірер едім. Мәңгілік тозақтан құтылар едім, дейді.
Мұсылман болғанымен сауабы аз болған кісі:
— Бұдан да көп сауапты істер жасауым керек еді. Бұдан да көп нығметке қауышар едім, дейді.
Мұсылман болып, сауабы көп болған кісі болса:
— Қап, бұдан да үлкен дәрежелерге көтеретін көбірек ғибадат жасауым керек еді, көбірек садақа беріп, көбірек ораза тұтып, көбірек сауап жинайтын амалдар жасауым керек еді… деп өкінеді.

*****   *****

Сәбидің сөйлеуі

Хазіреті пайғамбарымызға қарсы жаман сөздер айтатын бір әйел бар болатын, пайғамбарымызды ұнатпайтын. Бір күні бұл әйел бір ұл босанады. Баласы 2-3 айлық болған кезде баласын алып көшеде кетіп бара жатқанда пайғамбарымызға кездеседі. Әйел тағы да әдепсіздік жасауға дайындалады. Бірақ, одан бұрын құндақтағы сәби сөйлей бастайды. Ол пайғамбарымызға қарап,
– Ей, Алланың расулы. Ей, Абдуллаһұлы Мұхаммед алейһиссалам, саған сәлем бердім,-дейді.
Әйел таңданып, сірейіп қалады. Пайғамбарымыз күлімсіреп, балаға:
– Ей, бала. Менің Алланың расулы екенімді қайдан білдің? Менің атым мен әкемнің атын саған кім үйретті?- деп сұрайды.
Сәби күліп:
– Маған бұларды әлемді жаратқан Алла тағала үйретті. Ол қаласа, барлық нәрсені жаратады.
Сосын біраз тоқтап тұрып былай дейді:
– Йа, Алланың расулы. Мен үшін дұға ет, жұмақта сізге қызмет етейін.
Пайғамбарымыз сәби үшін дұға етеді. Қуанған сәби былай дейді:
– Саған сенген және иман келтірген адам қандай бақытты. Саған қарсы келіп, күпірлік еткен адам қандай бақытсыз. Алла оларды дүние мен ақыретте масқара етеді.
Сосын сәби шаһадат кәлимасын айтып, сол сәтте жан тапсырады. Мұны көрген әйел дереу сол жерде мұсылман болды. Пайғамбарымызға жылап, жалбарынады:
– Мені кешір, йа Расулалла. Босқа өткен күнәһар өміріме қатты өкінемін.
Пайғамбарымыз әйелге қарап:
– Сүйінші, қазір бірнеше періштенің саған кебінді жұмақтан әкелгенін көрдім,-деді.
Әйел бұл сөздерді естігеннен кейін баласы сияқты шаһадат кәлимасын айтып жан тапсырды.

****   ****

Алтын алма
Дүние сарайында бір шаһар бар еді. Ол шаһардың әдеті бойынша патша қызы бойжеткенде атшабармандары бүкіл қала халқына жар салатын. Сөйтіп, жұртшылық алаңға тегіс жиналатын. Содан патшаның қызы шығады. Ата-анасы қызының қолына бір алтын алма ұстатады. Қыздың көңілі кімге түссе, алтын алманы соған тастайды. Бұдан кейін қызын әлгі жігітке үйлендіреді.

Осы шаһарда бір кедей, жақсы жігіт бар еді. Күндердің бір күнінде патшаның қызы бойжетіп, сол жігітке көңілі ауады. Ғашықтықтан жүзі сарғаяды. Бірақ, ешкімге бұл сырын айтпайды. Патша қызын күйеуге бермек ниетімен: «Пәлен күні шаһарда біреу де қалмасын, сахараға шықсын! Қызым өзіне лайықты кісіні таңдайды!»- деп жар салдырды. Жұртшылық тегіс жиналды. Байлар бұл қыз алтын алманы маған тастар ма екен деп дәмеленіп тұрады. Қыз әр тараптан қарап жүрді. Бірақ, көңіліндегі кедей жігітті көрмеді. Сондықтан, ешкімнің үстіне алтын алма тастамады. Шаһар халқы тегіс үйлеріне тарасты.

Екінші күні және шықты. Қыз көңіліндегі жігітті көрмеді. Қала жұртшылығы: «Патша қызының күйеуге тиюге ықыласы жоқ екен!»- деп сөз ете бастады. Үшінші күн және жиналуға әмір етті. Бұл күні үстіне тапқанын киіп, барша жұртпен әлгі кедей жігіт те шыққан еді. Ол іштей: «Патша қызы маған қарамас. Дегенменде, көпшілікпен бірге өзін көріп қалайын»,- деп елдің шетінде елеусіз тұра берді. Патша қызы айналасын бажайлай қарап келеді. Әлгі жігіт патша қызын көріп, енді қайтайын деп бұрыла берген. Осы кезде бойжеткен алтын алманы оның үстіне тастады. Әмір иелері, әкім-төрелер, байлар бұған таң қалып қайтты. Қыздың ата-анасы: «Неге бұлай еттің?! Әмірлердің, ұлықтардың ұлдарының көңілін қалдырып, бір кедей жігітті таңдадың. Ол пақырдың түгі де жоқ қой!»- деп қапаланды. Сонда патша қызы: «Ол жігіт кедей болса, мен баймын! Есесіне, мен — нәзік, әлсіз болсам, ол — күшті! Мен оның үстіне алтын алма тастасам, ол менің үстіме әлдеқашан «қасірет» (ғашықтық) алмасын тастаған болатын!»- деп жауап берді. Сол күні некелерін қиып, той жасап, мұраттарына жетті! «Жар деген сөз жан біткенді жібітер, тек асыл жар ғана жігіт көңілін өрлетер!»- деген — осы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.