Аруақ болар сертің бар  

Бөлім: Шәкәрім және дәстүр, дін 123

……………………….

Есің барда елің тап,

Барғанда кірер жерің тап.

Жаратқанның құлысың,

Жағатұғұн ебін тап.

Ел мінезін білдің ғой,

Талай-ақ бірге жүрдің ғой.

Итпен бірге ит болып,

Күнәсіна кірдің ғой.

Енді есіңді жисаңшы,

Манар тауға сыйсаңшы.

Аласұрып аптықпай,

Бұл жалғанды қисаңшы.

Неменені қимайсың,

Нәпсіні неге тыймайсың?

Өзіңді кімге сыйлатып,

Өзің кімді сыйлайсың?

Жан аяспас кісің жоқ,

Арманда қалар ісің жоқ.

Енді жүрер жалғанда,

Қарасам, сенде пішін жоқ.

Жалғанды талақ қылыпсың,

Бас-аяғын біліпсің.

Есі шыққан кісідей,

Құр сандалып жүріпсің.

Жалындамай сөне қал,

Алла ісіне көне қал.

Бәрінің дәмін таттың ғой,

У ішкендей өле қал!

Тамам жанды билемек,

Жалғыз өзің сөйлемек..

Мұның түбі не болар,

Үмітің болды не демек?

Досты мықты қылмақсың,

Дұспаныңды қырмақсың.

Аяғында сен де бір

Кішірек құдай болмақсың.

Жуанның ойы осы ғой,

Бұл мінезден шошы, қой.

Шыға алмассың ырғалып,

Ол-қайраттың босы ғой.

Шын досың саған не берді,

Соңыңнан сенің неге ерді?

«Арам да болсам ақтарсың,

Күнәма керек» -деп ерді.

Еш нәрсеңді алмайды,

Жұмысы келсе, жалдайды.

Күй, отқа түс, суға түс.

Арам да болсаң қалмайды.

Шын жолдасың осы ма,

Осылар жанның досы ма?

Ақ ісіңе адам жақ,

Адамнан тіпті шошыма!

Туысқан мен жақының,-

Оларға толса тақымың.

Тату жүр деп зарлаған

Алынып па еді ақылың?

Адалдық айтып жеңді ме?

Немесе сөзге көнді ме?

Неше жылдай ұққан жоқ,

Ақылы жаңа енді ме?

Болмасқа бұлар қара тер,

Алдыңғы жақты қамдай бер.

Жақыныңнан жау жақсы,

Ең жақының-қара жер.

Дұспаның анау, ел мынау,

Ойласаңшы, япыр-ау.

Адам болып туып ең,

Ажалың қайда, батыр-ау?

Құр білген не керек,

Білгенді қылған, сол керек.

Баянсыздың бәрін қой,

Боласың сонда шын зерек.

Жаныңа қызық жалғанда

Неменең қалды арманда.

Бұл жалғаннан не серік,

Тәңірі алдына барғанда.

Лапылдадың, жандың ғой,

Тілегіңді алдың ғой.

Су екен деп, у ішіп,

Жаның жай боп қалдың ғой.

Іздегенің мақтан ғой,

Далақтап күнде шапқан ғой.

Не күн туды басыңа,

Тегіңде, жын қаққан ғой.

Жын қақпаса мұның не,

Шынымен қор болдым де.

Есіңді жи, ерте ойлан.

Қаза келді-өлдім де.

Бір өлген соң, жау да жоқ,

Алдыңа келер дау да жоқ.

Бұл жалғаннан кеткен соң,

Партия сатқан сауда жоқ.

Қалғандар жүрсін қағынып,

Қайтесің оны сағынып.

Тепкілесін молаңды,

Жатырсың деп не қылып?

(Шәкәрім әулие)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *