Бабалар «философиясы» — Ақ жол

Бөлім: Ақиқат бастауы кітабы №2 120

       Философия болмысты болжап ақиқатты бағалау ғылымы. Қазаққа қандай  философия қажет? Батыстан алып жатқан ой тұжырымдарының ойыны ма? Әлде шығыстың «Бұрынғының ізінен іздеме, бабалардың іздегенін ізде» деген қағидасы ма? Негізінен әр халықтың өзіндік даму болып бекіп және әр адамның өз қоғамындағы өмір сүрген ортасының даму ережесінің қағидасы – шындығы болу керек. Ол  қағида әр халықтың өзіндік тіршілік еткен ортасымен ғана байланысты түрде қалыптасады. Жазылмаған заң ережесі қоғам ережесіне қарама-қайшылық тудырмағанда ғана өркендеу болады. Ол ережені, әр адамның сол қоғамдағы даму ережесі болып, яғни «пешене» деп атаймыз. Пешенеге жазылған ереже мен сыртқы орта ережесімен шектелу сызығы болса, оны сол пенденің сол қоғамдағы орны болып есептеледі. Енді сол пенденің белгілі мүмкіндік шегімен бағасы – ақиқат болып табылады. Әрбір пенде баласы өзі тапқан ақиқат шеңберінде ғана ақылды болып, әділетті аталмақ. Бүкіл пенделердің ақиқат жиынтығынан әр халықтың өзіндік бағалау, бағамдау жүйесі сол өмір сүрген ортаға жаратылыс табиғи болмыстарына қарай ерекшелігі болу қажеттілік болса, тілі мен сөз құрау ерекшелігі де болуы шарт! Әр нәрсенің түріне, түсіне қарай бағалап, ой, түйсік, сезім арқылы шамалап, тіршілік іс-қимылдар әрекеті ес болып қалыптасады. Осы негіздерді меңгеріп неден басталып, немен аяқталатынын мөлшерлеп біліп, соған байланысты іс-қимылдар, әрекеттер шегін ақыл деп айтамыз. Енді сол ақылдың іргетасы білім мен тәжірибе болса, қабырғасы шындықпен қаланып, дәстүрмен төбесі жабылады. Дәстүр негізінен қасиетті кітаптан бастау алып, тарих атты өзенге құяды. Сондықтан тәжірибе тек тарихты зерттеп бағалау арқылы ғана пайда болады. Тарих нысана, бағдар, әр халықтың өз жолы. Тарихта ғұмыр ізі жақсы жаман болып бөлінбейді. Аталарымыздың қанымен қорғалып маңдай терімен, қателік пен кемшіліктерді жан құрбандығымен жуып, ғасырлар бойы тәжірибеден өткізген із. Сондықтан да онда халықтың тәндік, нәсілдік, тілдік сипаты мен тектілік белгісі қалған.

       Ұлттық ерекшелік із болып тек жаратушымыздың алдында ғана тоғысу керек. Болашағыңды болжау үшін әр нәрсенің тегін білу шарт. Мұнайдың қалай, қайдан пайда болатынын білмей оның қашан таусылатынын болжау ақымақтық болса, тарихты текті білмей қалай өмір сүруді жоспарлау наданның ісі. Себебі әр елдің өз тарихына ерекшелігіне байланысты ақиқат жолы анықталады. Адам жаны ғана кіші әлемнің патшалық сарайы, екінші әлемге өтер бесігі, үшінші әлемнің мәңгілік өмірдің есігі. Шындықты таптым десең адасасың, шындықты мойындап үнемі іздеген пенде ғана ақиқат жолына түсе алады. «Білем» надандықтың белгісі деген Абай атамыз. «Білмеймін» ғылымға бастар жол деген Әл-Фараби атамыз. Батыс пен Америка әр адам өзі үшін өз еркіндігін тауып, жеке бақыты үшін ғана өмір сүруі керек деген жолды таңдап алды. Сонда әр адамның жеке еркіндігі қоғам еркіндігін, халықтар бақытын тудырады деген бағытты таңдап, оны өмір сүру ережесіне айналдырып алды да енді басқа халықты да соған ұйытып жатыр. Ал шығысымыз Қытай болса уақытына қарай адамы, тек салтыңды дәстүрді ұмытпа, қалған уақытта қайдан жел соқса солай бұрылып заманға сай болу  керек деген бағытты ұстап отыр. Тек өз басыңның мұқтажын өтеу үшін өмір сүру де, шексіз еркіндік те түбінде жалықтырып, тығырыққа тірілетіні тарихи шындық! Себебі еркіндік те, қажеттілік те тек жазылған заңдармен ғана  қорғалады, сақталады. Ал заң мүддесі сақталу үшін жаза керек. Яғни әрбір шығарылған заңның күзетшісі жаза болса ғана заң  сонымен ғана орындалып жүзеге асады. Бірақ адамзат мүмкіндігі бәрібір шектеулі. Бәрін бірдей қамтып заң шығарып үлгіріп отыру мүмкін емес. Жоғарыдан пешенеге жазылған шектен ассаң, ауру қатерлер мен ажал болса, жинала берсе, халықтар апаты тажал тұр. Одан қандай заң қорғайды?

      Енді бабалар тарихына көз жүгіртсек зерделесек ата дәстүр деген заңмен «барлығы біреу үшін, біреу барлығы үшін»қағидамен бекітіліп, ұят деген шекараны белгілеп, намыспен қорғалып, әр адамның, ата мен ананың, ұл мен қыздың, жас пен кәрінің міндеті, мақсаты, ара қатынасы жазылмаған заңмен бекітілген. Және де «құдайсыз қурай сынбайды» деп қасиетті кітаптың әрбір аятына негіздеген. Сонан болар ойлау сана жүйеміз де сол шеңбер ішінде ғана қалыптастырылған. Тек сол белгі ғана халықтың ішкі және сыртқы көрінісін, еркіндік шекарасын белгілейді. Жан сарайымыздың көрінісі болып, іші тіл білімі болса,  білім мен «білем» сыртқы көрінісі. Көңіл сарай кеңдігі ана тіліңе тәуелді болып, үнемі толтырып, кеңітіп, дамытып отырмаса көңіл сарай бос болса, қуыс кеуде атанып ой шектелер.  Қазіргі таңда көп қазақта ой да шектеліп, түсі бұзылып сана тоқтады. Жел қайдан соқса, солай бағыт алуды Қытайдан алып, заманға сай болу керек деп, батыстың өзінің ғана еркіндігі бақыты  үшін өмір сүретін, жасандылыққа тез бейімделіп алдық. Ойымыз да, сөзіміз де жасанды, тек жазылған заңмен ғана ойланып сонымен ғана жүру керек болмаса, үкімет пен патшаға ысыра салуды әдетке айналдырдық. Ақыл-парасатымыз да тек алған білім шекарасымен шектеліп тапқан табыспен немесе қоймадағы алтынмен, шыққан  төбемізді марапаттап өзімізді-өзіміз мақтауды, сырттан келген келімсектердің қолпашына мәз болып, ал мәз болатын басты байлығымыздың азайып жатқанына шаруамыз жоқ. Басты індет шет жұрттың тек нәпсіні қанағаттандыруға құрылған «айлакерлік тәжірибесін»  сол қалпында  көшіріп алып, іске де асырып та жатырмыз. «Аққан суға бір тосу, ақбөкенге бір тосу», «Судың да сұрауы бар» дейді аталар батасында.

      Әрбір өзгерістің бағыты болса,  жауабы да бар жаратушымыздан. «Қанағат» қағидасымен ғана бақытқа жетеді, сондықтан «Тойсаң тоба қыл» деген бабаларымыз «Қанағатсыздық  қасірет қақпасы» кірсең шыға алмассың. Мен білемдерге ашылды сол қақпа алтын ба, тас па, адам ба, талғамай жұтып жатыр. Одан тек таза ақыл ғана құтқара алады. Нәпсінің, ой, сана, естің теңдік өлшемін сақтап,  Алланың сынағынан өткен жарыққа айналған іс-қимылдың өлшемі ғана таза ақыл болып жол сілтер ұрпағына. Тегі нұр, сәулені Рухтан алып, жарыққа айналып көркем сөз болып ой кеңіп, санаға да  жол ашылып, есті қалыптастырар. Естің күзетшісі тәрбие. Тәрбие ғана тәртіпті қалыптастырады. Өзін-өзі басқарған пенде текті аталмақ. Жанды тәнге еріксіз, рухқа ерікті қылып, тәнге байлап өсіруге, дамытуға еркін де кілтін де  пенденің өзіне ұстатқан жаратушымыз. Күннен кейін түн келер, жарық бар жерде қараңғылық бар, екі өлшемнің алмасылуынан уақыт туар. Уақыт тәрбиеші, ой қанша кең болғанымен уақытқа тәуелді. Адам ойы қанша кең болғанымен жұтылады, тек үнемі жарық алып тұруымен ғана ақылды қалыптастырады. Сонда ғана ғайыпты болжап құпия құбылыстың сырларын ұққан сайын, сол сырларға ат қойып мән бергенде сырлы сөздің қасиеті де көрінбек ақыл да дамымақ. Ой қуатын еркін пайдаланып ғылымнан алшақтасаң ес өзгеріп, ақыл азып, сана тоқтап, арты ұрпақтың азуына апарып соқтырады. Батыстың сыртқы келбетіне емес болашағына ой жүгіртсең көрініп те көрсетіп те жатыр жаратушымыз. «Тек көкке бағынған ел өседі, қарсыласқан өшеді». Жақсылық та жамандық та көктен келеді түсіне білген адамға. Адам жер бетінде жан өсіруші бағбан, тән бақша болса, жан жемісі және сол бақшаға түскен сәулені жарыққа айналдыру шарт. Жарықтар жан қосылып киеге айналар. Сол кие ғана Аллаға жақындап рухтан хабар беріп жанға шипа, дертке қуат, ақылға сана қосар. Ол үшін білмеу туралы меңгеру түсіне білу керек. Білмеу терең ғылым «хикмет». Надандықтың белгісі — қараңғылық,  құдығы — «білемін». Ой сол білген нәрсеге жұтылып ес дамуын тоқтатады, сонымен пенде ғұмыры да шектелер. Оны өрмекшінің жолы деген тарихта; баяны да  аз болар. Құмырсқа жолын таңдап өмір бойы керексіз керекті дүниені жинап, өз қателігіңнен тәжірибе жинасаң қызығы да қысқа болар. Сол қызықтың аты зейнет деген.  Оны ешкімге бере алмайсың, қарызға да ала алмайсың, ол әр пенденің ғұмыры жиған мәңгілікке дүниесі бұл жалған өмірден алған бағасы.

      Бабаларымыз салған жол араның жолы, бар сезімді күш қайратты іске қосып, әр жақсыдан жинап, ғасырлар өткен тәжірибеден үлгі алып, үлкеннен ұлағат, жақсыдан шарапат, ескіні жаңалап,  тазасын айырып тарих атты гүлзардан, дәстүр деген бал жинау. Ақиқатты тек тарихтан ғана ажыратып бағалайсың. Тек шындықпен ғана анықтайсың. Шындық ой жарығы, еспен өлшеп, ұятпен болжайды. Шындық жүрекке түседі, сондықтан жүрегі кір пендеге қорқыныш болып сезіледі. Ұят қана сол сезімдердің таразысы, ойлан, өлше, арасын айыр. Істің немен басталып, немен аяқталатынын болжай білу қасиет, сол қасиет қана ақылды өсіреді. Тек ақыл ғана ғайыппен байланысып, ар атты қазына жинайды. Сондықтан ақиқатты білгің келсе «білмеймін» ғылымын үйрен. Оның  есігін саған ғайыпқа күдіксіз сенім ғана ашады. Жаратушыға күдіксіз сен, үмітіңді арт, қасиетті кітаптарды зерделе, ол үшін парыздарға мұқият бол, сонда ғана түс түзеліп шындыққа жол ашылар. Абай бол, құр оймен шындық  анықталмайды. Ғылым ғана тура жолды табар. Әр нәрсенің екінші орны бар. Оны ахирет деп атайды, сол жүйені түсіне алсаң ғана әр киенің иесін де білесің, қателігіңді де  көре білесің, сол қатені қайталамау үшін өзіңді де өзгені де түзеуге тырыссаң Алланы да танығаның. Аристотельше айтсақ «Әрбір халық өз ерекшелігімен ой қорытады, өзіндік белгісі болады, бірақ адамзат ойы, мақсаты бір жерден тоғысуы қажет». Әр халықтың ерекшелік белгісін «адамгершілік қағидасы» деп айтамыз, сондықтан бір халықтың дәстүріне, қағидасына қол сұғу адамгершілікке жатпайды. Тек қана сол белгілер құран үгітімен пайғамбар ізгі істерінде тоғысу шарт! Сол шарттың қағидасы түрлік, түстік, тілдік, тәндік сипаттарды қатаң сақтай отырып жақсылыққа жарысу. Бұл жаратушымыздың үкімі. Сонда ғана табиғаттың заңдылығымен үндес болып тәндік, жандық даму сақталады. Қазіргі қазақтың парасатты партияларға бөлінуі ойдың  бөлшектенуінің белгісі. «Бөлінгенді бөрі жейді», тілдің тозуы тіленшілік белгісі. Жаратушының қағидасымен ғана басқарып,  әділеттілік орнап халық бақытты өмір кешеді. Болмаса түбі бәрібір тығырыққа тіреліп апаттарға апарады, оған жер жүзінің тарихы айғақ. Дамудың басқа жолы жоқ, болған да емес, әлем жұрты жуық арада көз жеткізе бастайды. Еліміз де жеріміз де кең байтақ,  бәрі де бар, кімнің арқасы қалай пайда болды. Құлақ салып көрейік аруақтарға «Батаменен ел көгерер жаңбырменен жер көгерер». Сол тегімізді тауып қана жан сарайың тазарар, мүмкін өзіңді танырсың, өзіңді танысаң өзгені де танисың, сонда ғана тура жолды табасың. Қағида ғана бір, Алла жалғыз, одан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммет оның  елшісі! Ақ жолын тапқан пенденің жүрегі жай табар да, бақыттың бал шарабынан дәм татар!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *