Бәйшешек бақшасы

Бөлім: Ата-дәстүр өлеңдері №4 71

Атымтай және жомарт болған,

Тарихта жақсылықтан аты қалған.

Әрбір жұма арнайы қонақ қылып,

Кезегімен қала халқын қонақ қылған.

Бір апта шақырған би, шешендерді,

Келесіде өңкей жасқа кезек берді.

Шешендерді жиналған сұқбаттасқа

Үн-түнсіз бір кедей кіріп келді.

Қонақтың бірі айтты бұл кедейге,

Отырған жарамас деп үндемей де.

Сен де бір сөз айт, жыр айт деген,

Сөз беріп төменде отырған кедейге.

Сонда кедей сөйледі;

«Мен сияқты бір кедей

Неше күндей аш еді.

Арын сақтап үндемей,

Көзінде мөлдір жас еді.

Ашығып, тоңып, шаршаған,

Шығуға таяп шыбын жан.

Алдында тұрған дастархан

Үсті толған ас еді.

Нан алып же демейді,

Келемеж қылды кедейді.

Тоқ кісі не демейді,

Иесі өңкей мас еді.

Сонда кедей сөйлейді,

Сөйлегенде не дейді

Қанағат еді көмегім,

Еңбегім еді қорегім.

Тіленіп нанды жемегім,

Ас емес, маған тас еді.

Бірің жомарт, бірің хан,

Бірің шешен данышпан.

Хабарсыз біздей ғаріптен

Не қылған қуыс бас еді?

Көлге жауса көл нөсер

Көгере ме тау мен қыр.

Шөліркеген ғаріптер

Шөл далада қаңғып жүр.

Кедейді нанға телміртіп,

Аштыққа жүрек кеміртіп,

Тамам байды семіртіп,

Жомарттық па осы тұр?

Ақсақ, соқыр, шолақ бар,

Жетім жесір олақ бар.

Солар ма осы қонақтар,

Ақылға салып ойла бір!»

(Шәкәрім ата)

****  ***

Айтып сөзін кедей тұрыпты,

Қарамай үйден шығыпты.

Атымтай Жомарт түсінген,

Арланып ісін түзеген.

Жомарттық емес бұл деген,

Қадірлеп мұқтаж кедейді,

Әдетке алып ас берген.

***   ****

Адамзат ойдың патшасы,

Ақылмен ойды меңгерсе,

Өседі ұжмақ бақшасы.

Ұжданың болар жомарттық,

Бәйшешек гүлің адамдық.

Ғылым мен білім дін ісін,

Ақылмен білмек дәстүрін.

Тікенді гүл, жылан бар,

Байшешек бақша аталар.

Саламға тойған есектер,

Бақшадан мұндай бас тартар.

Құлшылық пен махаббат,

Тура жолға адамзат,

Өсірмек бағын Ұжмақ.

Өлгендерді риза қыл,

Өседі сонда бақшаң бұл.

Жомарттық қылып ерінбей

Гүл терсең оймен жиренбей,

Махаббаттан сый болар,

Ұжмақты көріп тірілей.

(ақпан 2014 жыл)

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *