Ұяттың кеш келгені,
Еш емес өткен күндері.
Қалған күннен ол артық,
Табылып қайта өнгені.
Кешіктіріп кешірім сұраған,
Жаныңды шығарып құрсаудан.
Болғаны оның көп артық,
Тәкаппарлықтан көңіл босанған.
Жақсылық арты дау болған,
Қадірі болмай жоғалған.
Болады сонда да ол артық,
Жамандықтан жасырын жинаған.
Бетіңе күліп сыртыңнан,
Сөз теріп жақын дос болған.
Дұшпаның артық басатын,
Жамандықты бетке турадан.
Естіген көптен мақтаудан,
Бос сөзі көп айтылған.
Кесіп айтқан сөз артық,
Ажыратып шынды жалғаннан.
Мойны жуан пендеден,
Арқалап білімді жүргеннен.
Ойы жуан пенде артық,
Хабар алған ілімнен.
Мінді айтып бергеннен,
Өткеніңді қазып тергеннен.
Мінді түзеген кісі артық,
Сырыңды жатқа бермеген.
Сырты жылтыр келбеттен,
Тілінде барды сөз еткен.
Іші жылы пенде артық,
Иманға себеп бермектен.
Білімді мол жинап білгеннен,
Ақыл деп оны түйгеннен.
Ми қозғаған ой артық,
Құраннан қуат үн берген.
Ұяты армен бір жүрген,
Сөз киесін меңгерген.
Нанымы еді қазақтың,
Ұят күшті деген өлімнен.
Ұятты жоқ ескерген,
Арсыздар елді билеген.
Рухани елді жаңғыртпақ,
Қолымен жазған біліммен!
Ары жоғалды діншіден,
Аруағын, дәстүр білмеген.
Пәнменен шектеп ұятын,
Құдайдан шындық келмеген.
Егемендік деп есірген,
Ар-ұятың жоқ жетілген.
Кәпір елден нең артық,
Жанын елдің өлтірсең?!
Кеш болса да ұят іздеген,
Тектіліктен із кескен.
Қазақ болар түбі артық,
Тағдырын қайта түзеген!
Ұят келген қыз, қатынға қызарып,
Етек жеңі жабылғаны ұзарып.
Күні туған тегін қазақ көбейтер,
Ақ жаулығы байлығына жалғанып!
(Шілде 2018 жыл)