Тәңіріні іздеп бір мұғыл,
Тас суретке шоқынса.
Өлсе де болып соған құл,
Иманын бұзбай отырса.
Атақ, пайда іздемей,
Ойында мақтан жоқ болса,
Қиянатты көздемей,
Қанағатқа тоқ болса;
Молдеке-ау, оған таңданба,
Сол кіреді бейіске.
Екіжүзді сандалма,
Сен қаласың кейісте.
Құдайың мен дүниеге
Кезек-кезек шоқынсаң.
Инедей пайда тие ме
Мешітте мың жыл отырсаң.
Кімде болса шын мінез,
Болмаса онда екі сөз.
Өлтірсе де көзбе-көз,
Иманын сатып алмас бөз.
Иман да сол, дін де сол,-
Адаспайтын айқын жол.
Күнде, мейлің, ыза бол,
Бейіске анық кіреді ол.
Мысал емес, ындыным,
Әлгі мұғыл-әулие,
Иман сатқан жындының
Іздегені дүние!
(Шәкәрім әулие)
* ***
Дін білімге шоқынған,
Мақтанға пісіп отырған,
Масһабшы көп имансыз,
Иманын күтіп отырған.
Іздемей иман келе ме,
Мұсадан тәурат өнеге,
Меңгермей інжіл, зәбурді
Исламды онда «Бір» деме.
Тағдырың да иманың,
Шежіремен жерге жалғандың.
Тау тасы болған жеріңнің,
Азығы рухың, еліңнің.
Болмаса ұлттық мінезің,
Екіжүзді бұл сенімің.
Бағаласаң дінді дүниемен,
Шайтан онда серігің.
Аманатсыз, уәдесіз,
Құр сенімді нетесіз.
Тарихыңа жалғанбай
Болдың онда жетесіз.
Қырыққа келмей бола ма,
Ақылың өзі тола ма.
Сөз астарын, сан білмей
Құранға дінші жолама!
(қаңтар 2014)
*** ****
Тағдырдың ізі өзіңде,
Басқадан себеп іздеме.
Жамандық келсе басыңа,
Қарашы мұқият артыңа.
Күнәдан пенде жаралып,
Сүтінен ана нәр алып.
Дәстүрге шежіре жалғанбай,
Кетеді рухы жоғалып.
Нәзіктер жан ғой жаралған,
Тазалықпен тағдыр тазарған.
Арамдықпен жастай былғанса,
Жамандық ізі қаланған.
Сеніммен құр сыртымды,
Тазартып деме құтылдым.
Тән етін толық тазартпай,
Тазарттым деме рухыңды.
Құтылса тән күнәдан,
Рухың да келер жаңадан.
Жан босап шығып қамаудан,
Иманға, жұлдызға жалғанған.
*** ***