Тәпсір мен қазақ діни танымы.

Бөлім: Ата жолы кітабы №4 104

«Тәпсірші деген атақ бар, Ой жотамен адасқан тәпсірде талай шатақ бар» (Шәкәрім ата)

      Абай атамыз құранды тәпсірлегенде астарлы сырлармен қарапайым қазақ өмір, тіршілік-тынысы мен бүкіл әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді бейнелеп шықса, ал Шәкәрім атамыз дін ұстану мен өмір қамындағы нақты жан сырын ашып көрсете білген. Тек біздің Абай, Шәкәрім танушыларымыз басын біріктіре алмай жеке-жеке таныған ғалымдықтарынан нақты ішкі сырын аша алмаған. Екінші бір себеп, бұрын қандай бір ғалым және ишан, сопы, хазіреттер болсын бір жоғарғы дәрежедегі жақсымен, әулиемен өздерін салыстыра отыра, атақ, дәрежесін, орнын белгілесе, қазіргі таңда өздерін кіммен салыстырып жақсы, ғалым, хазірет-шейх аталғанын ешкім білмейді.

Сөзіміз дәлелді болу үшін әзірше жан ғылымы, рухани бастаулар ғылымына тереңдемей-ақ, қазіргі таңдағы қазақтың бар ойшылдарының, ел басқарушы ақылдылардың бір ауыздан мойындап осы дұрыс деп халыққа таратып жатқан дін оқулық кітаптары; «Ислам ғалымхалы, Дін мен Діл, Отбасы ғалымхалы» атты кітабынан аз ғана деректермен салыстырып ғалымдық өнерлерін қазақ әулиелерімен салыстырып бағалап отырмыз.

     Негізінен бұл оқулықтарда жалпы дін танимын деген қарапайым оқушыға ислам құндылықтарынан көптеген жақсы мағлұматтар берілген. Бірақ негізгі қателік осы кітапты жазушы ғалымдардың ұлттық рухани тазалығынан кемдігінен пайда болған көптеген елеусіз болғанмен, кейбір ойы таяз оқырмандарға парыз, үкім, өнеге, үлгі түрінде қабылданып санасын өзгертетін мағлұматтар, яғни «аю тұзақтар» жан сырына, психология, философия, тіл біліміне қате пікірлер жеткілікті. Оның бірі; Отбасы, Ислам ғалымхалінде жаратушы түп негізді «Аллаһ» деп Алламен қосып тәңір шақырылған, яғни серік қосылған. Әрбір таңбаның астында жасырын үндік яғни тәңірлік қуат жасырылған. Сондықтан 5 үнмен тек тәңірлік сипатты яғни жаратушы түп негіздің жаратқандық белгілерін көрсетеді. Ал екінші Дін мен Діл кітабында дін ғалымымыз «Аллаһ» атауынан бас тартып Алла сөзін пайдаланған, сонда есімдік атау сөзді өзіңнің қалағаныңша өзгерту, жаратушы үкіміне мән бермеуден қандай діни сауаттылық деген ой пайда болады? Бұндай тіл ғылымына бағынбаған, дін ғылымын үстем деген тәкаппарлық пайымдаудан, әлі ақыл ойы жетілмеген жастарымыздың тек осыған еліктеушілігі мен тіл ғылымын менсінбеушілігін ғана қалыптастыруы сөзсіз. Және осындай өз қателіктерін де мойындап, теріске шығарған дұрыс пайымдаулар да кездеседі. Мысалға; «Хадистердің бір мәселеде әр түрлі көзқарастарға себеп болуы, араб тілінің өте ерекше тіл құрылымына ие болуында. Мысалы, бір сөз араб тілінде әр түрлі қалыпта оқылғандықтан, мағыналары да оқылған формаға сай өзгеріп отыруына байланысты ғұламалар бір сөзден әр түрлі үкімдер шығарған.» (Ислам ғалымхалі. 27-бет) осындай пікірмен аудармашылықтың және арап тіл ғылымын өте күрделігін ескертіп, өздерінің теңдессіз арап тілді ғалым екенін дәріптейді. «Құран аяттарының әрбір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Аудармада тек біреуі ғана беріледі. Тіпті кейде аятта қолданылған әрбір әріптің де өзіндік бірнеше мағынасы болады. Аудармада осы әріптердің өзіндік мағынасы мүлдем ескерілмей қалуы мүмкін. Яки біреуі ғана ескеріледі… Сондықтан кейбір сөздің «сөздік мағынасынан» тыс дыбысталуының өзі баяндайын деп тұрған жағдайды білдіріп жатады. Ал мұны аудармада беру мүлдем мүмкін емес.» (121-бет) Және аудармашылықтың ең жауапты іс болып оған үлкен арап тілінің ғалымдығы керек екенін және әрбір әріптің сандық мағынасы, орны бар екенін ескертеді. Бұл ойға, пікірлерге енді қосарымыз; Құран аяты түгіл пайғамбар хадистері де жеті түрлі үндік ерекшелігімен болады және соған байланысты сөздердің, аяттардың насихаты өзгеріп отырады және оның құпиясы мұқият таңбасы, үні жетілген елдердің тіліне аударылғанда ғана нақты ғылымдық сипаттары ашылады. Сондықтан аятта; «Құранды арап тілінде оңайластырып түсірдік» деп арап тілінде үгіттік шариғаттық қана нұсқасы көрінетінін ескерткен.

     Олай болса құранды немесе хадистерді арапшадан оқи сала бірден аудару үлкен қателік екендігін, арап тілінің ғалымдығын меңгеру өте күрделі, есеппен байланысты екендігін өздері де мойындайды. Сондықтан аударма ғылымын меңгеру арнаулы жаратқаннан елшілік белгіменен арнаулы сүйген құлдарына ғана беріледі. Діннің бірлігі де осы аударма ғылымына мойынсұнып, Абай атамыз ескерткендей «Единица» болу керек! Оған пәтуаны ғылыми кеңестің және араптардың ғалымдарының кеңесінің шешімі бойынша келісімге келіп, қалған арап тілін зерттегісі келген, құранды аударғысы келгендерге тыйым салатын заңмен арнаулы емтихандар тапсырып ұлықсат беретін институт болған жағдайда діннің бірлігі, сөздің тұтастығы қалыптасады. Және құранды жаттатуға, қарилар дайындауға арналған медіресе, институттар тек надандық пен рухани тежелуді ғана қалыптастыратынын, ал құран оқуда әрбір халықтың өзіне тән үні мен пенделердің де өз мақамы, үн ерекшелігі болатынын арапша ғана мұрыннан үн шығарғанды мақтанышқа айналдырғанды надандық деп түсінетін уақыт жеткен сияқты. Дін рәсімін орындау үшін белгілі жаратқанды ұлықтайтын, мадақтайтын, жалбарыну аяттарын ғана ұлттық үнде анық оқитын дәрежеге жетсе, бүкіл құлшылық істеріне жеткілікті болатынын, сопылық, тақуалық жол дегенімізді ертегіге айналдырмай, қазақтың қарапайым ақсақалдары, билері, абыздары, хандары, батырлары да меңгергенін халыққа түсіндіретін, дін тақуалығының қарапайымдылығын насихаттағанда ғана бір ұлттың түрлі дін секталарына бөлшектенуден құтылуға болатынын білгеніміз жөн. Тақуалық дегеніміз ұлтына сай әдет-ғұрып, салт-дәстүрін орындай білген ізгілікті, қайырымды туысқаншылық бауырмалдықты білген әрбір елдің тұрғыны тақуа бола алады. Яғни әрбір дін-жанын, ниет-пиғылын таза ұстаған тілеген тілегі, берген батасы қабыл болған адам баласы тақуа намаздарын толық орындап, сөз, ар тазалығын сақтаған сопы. Енді осындай қалыптасқан ұлттық дін пейілімізді дінші ғалымдарымыздың көзқарасымен құран оқуымыз; «…өлінің басында ғана тілі күрмелген қарияның үнінде түсініксіз шала шығады… Пайғамбарымыздың (с.а.у-жынды емес) есімі көптеген жүректерден өшіп, сүнеттері жарыққа шықпай, екінің бірі оқи алмайтын көне қолжазба кітаптарда қалады. Ораза мен намаз секілді Ұлы Жаратушыға деген шүкір етудің нышаны болған ғибадаттар алыстағы ауылдың кейбір сексенге келген қаһарман қариялары оқып, бейне бір Ұлы Құдайға шүкір ету қарттарға ғана тән іс-әрекет көрінді.» (37-бет) Бұл мәтінде үш түрлі ойшылдықтың көрінісі бар. Құлшылық негізі адамгершілік парыздар мен мұсылмандық қарыздарды орындау ізгілік істер мен ұлттық құндылықтарды сақтауда емес, шүкірлік дегеніміз құранды тілі күрмелмей дұрыс оқу мен жаттап алуда екен. Бір жағынын ақсақалдардың тілі күрмелгені құранды бұзушы және мазақ түрінде болса, екінші жағынан тілі күрмелген қарттардың құранды оқуға лайық емес немесе дұғасы құранды таза оқитын жастардан төмен болады деп ұғуға да болады. Бұл жерде қазақтың ишан, ахун, билері, абыздары, хандары түгіл құран мен пайғамбар өсиеттерін қазақ салт-дәстүріне сіңіріп, қазақша өлеңмен өрнектеген ақын жазушылары түгіл Арыстан баба, Ясауи бабамыз, Пір Бекет, сахабалар және мыңдаған бақсылар, әулие-әмбилер де түкке тұрмайды екен. Шүкірлік деген махабатпен іс қылып, себептің егесіне «маған құлшылық жасап» артық хайыр жасап, ғылым-білімді меңгеріп, ұрпақ тәрбиелеп, адамдық құндылықтарды сақтауда әділеттілік, жаратушыға құштарлық, адам баласының бір-біріне деген махаббатпен іс қылу дегендер түк емес тек ораза тұтып, намаз оқуда деп түсіндіреді. Сондықтан арап тілінде сауаты бар, құранды судыратып оқи білген пендені тілі күрмелген ақылшы, батагөй ақсақал, шалдарымыздың орнына ауыстырып, халқымыздың болашағы неке қиюды да құранды арапша оқи білген молда болса болды, тақуалығы және ішкі ниеті және дұға тілегін жаратқан қабылдайды ма санаспай, жастардың отбасылық тағдырын масһабшыл діншілер қолына тапсырып, әулие аруақтарының ұлықсатын алған ақсақалдың, үлкендердің батасымен некесін қиып және ондай жолмен құрылған жанұяның босағасы берік болатын дәстүрімізді де жоғалтып алдық.

     Бұндай өзгеге жарамсақтанып, өз салтынан түңілгендерді Абай атамыз; «Наданға арам-ақылды құлаққа ілмек, Бұл сөзден ертегіні тез үйренбек. Рас сөздің кім білер қасиетін, Ақылсыз шынға сенбей, жоққа сенбек…Ақсақалдың, әкенің, білімдінің Сөзінен сырдаң тартып, тез жиренбек…Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек.» Шындық та, шын да ақсақал мен әкеңнің ұстанған дінінде, жаттың тәуіріне еліктеме, өз ана тіліңнен, ата сөзінен, батасынан жиренбе деп ескерте отыра; «Күлмең қағып қасқайып, Салынап ап мақтанға. Таң қаламын қампайып, Жоқты-барды шатқанға…Жайы мәлім шошқаның, Түрткенінен жасқанба. Бір ғылымнан басқаның Кеселі көп асқанға. Одан үміт кім қылар Жол табар деп сасқанда? Үйтіп асқан жолығар Кешікпей-ақ тосқанға.» Өзін білімдімін деп жатқа еліктеп, жер емшегі мен шал емшегін емуден жиренген ғылымсыздарды түбі шайтанның тұзағына түсетінін ескертіп: «Мынау келген Назар ма, Ақсақалды ауыл азар ма? Сұрағаның бір-ақ тай, Бермейді деп сазарма!» деп сондай үкімші шалдар жүрген жерде береке мен бірліктің, діннің сақталатынын ескерткен. Құдайға құлшылықтың басты мақсаты жаратқанның ризашылығын алып ондай құлдарын жаннатпен сүйіншілейтін болса, Пайғамбарымыз; «Жаннаттықтар үш бөліктен тұрады: Әділетті, қолы ашық, жағымды ел билеушілері, екіншісі; жақындары мен мұсылмандарға мейірімді қамқор адам; үшіншісі; от басы мүшелерінің көп болуына қарамастан, харам жолмен ақша табудан сақтанып, өзгелерден қайыр-садақа сұрамайтын ар-намысты мұсылман.».

     Бұндай мұсылмандықтың басты шарттарын салт-дәстүріміздің ұлттық ережесін білмек түгіл, жастарымыз бен әсіресе шет елден діни оқу бітіріп келген діншілеріміз әдет-ғұрып болып төрт кітаптың да бірлігін сақтайтын дін рәсімдеріміз жерлеудің де, зираттауды және қазақтың өлікке байланысты орындайтын діни салттық жоралғыларына шабуыл жасап, шариғатқа теріс деп қазақтың ғұрпын өзгертпек болғанда, осындай елге келген нәубеттен және түсетін құдайдың қаһарынан аман алып қалған сол арамызда қалған ескінің көзі қара шалдарымыз еді. Пайғамбарымыз бір мұсылман дінін қабылдап қайтыс болған таныстарының үйіне сахабаларымен жаназа оқуға барады. Сонда жаназа шығарып құран оқушы арнаулы құранды жетік оқуын меңгерген хафиз қызмет жасап отырады да, кешігіп келген бір кісі; Мен бұл қайтыс болған кісінің жолдасы едім, жаназаға кешігіп қалдым, өзім құран оқысам бола ма?-деп сұрағанда, -Әрине болады – деп пайғамбарымыз ұлықсат беріпті. Сонан ол құран оқығанда көптеген қателіктермен және түсініксіз оқиды. Сонан сахабалардың бірі; -Уа Алланың елшісі, қай құран оқыған кісінікі қабыл болды, алдыңғыныкі ме, әлде соңғы келгендікі ме?-деп астарлы сұрақ қояды. Сонда пайғамбарымыз; -Алдыңғы кісі өз міндетін ғана атқарып отыр, ал соңғы таза ниетімен оқыды, әрине соңғысының оқыған құраны қабыл болуға лайық деп жауап береді. Сондай сауатсыз тілі күрмелген болса да көкірек көздері ашық, ар-намысын таптатпайтын қазақтың қайтпас шалдарына; Ақиреттік болғандарына Алла иман беріп, тірілерімізге өмірлерінің берекетін берсін! Ал ол кезде қазақтың ел басқарған, білімді аталған таққа отырғандары да қарсы тұра алмай керісінше құлақтары салбырап еріп кеткен. Әлі де арамызда сол райынан қайтпағандары жетерлік. Бұндай табаны тайғақ, сенімі әлсіз ағайындарымызға қазақша үмметтік иманын табуға Алла үкім беріп, ата-баба аруақтарын иман жолдасы қылуды нәсіп етсін!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *