Таршылық пен талпыныс

Бөлім: Ғибратты әңгімелер 2

Бір жігіт данышпан қарияға келіп қанша талпынып талаптанса да, қаржыдан қысылып, дүниеге жарымай жүргенін баяндапты.

— Сірә, менің маңдайыма осындай таршылығы мол тағдыр жазылған шығар..

— Талпынып талаптанған адамның табысқа жетпеуі мүмкін емес, сенің қателігің соны түсінбеуде жатыр,- дейді қария.
Сонан соң данышпан жігітті өзен жағасына алып келіп, өзімен бірге суға алып түсіпті. Адам бойламайтын терең жеріне алып келіп, басынан ұстап, төменге басыпты. Алғашқыда шыдап көруге тырысқан жігіт, болмай бара жатқан соң, жоғары шығуға ұмтылыпты. Шалдың қолынан босанып шыға алмағасын, қатты бұлқынып, су бетіне басын зорға шығарып ауа жұтыпты. Сонда данышпан қария: міне, сенің талпынысың осындай болғанда ғана, таршылықтың тұсауынан босай аласың, – депті.

Бір жас жігіт үйленгелі бері үйінде бірге тұрып келе жатқан әкесі үшін әйелімен ылғи да қырықпышақ болып сөзге келіп қалатын. Арадағы ұрыс-керіске әйелінің қайын атасына тыжырына қарап, үйге артық
адам керек емес деп жақтырмай қарайтын шайпау мінезі себеп болатын. Кейде сондай бір ұрыстардың адам айтса нанғысыз бас бермей кететін кездері де жиі орын алатын. Ондайда жанжалды ушықтырып, жан алқымнан алатын әйелі үйді басына көтере: «Не
бұл үйден мен кетем, не әкең кетсін!» деп долылыққа басатын.
Әйелімен ажырасуға дәті барар емес. Үйде бірге тұрып жатқан әкесі үшін лап ете қап, өршіп ала жөнелетін ұрыс-керістер болмаса, былайғы өмірі тыптыныш-тұғын. Осы әйелге кезінде қолы әрең жеткен
еді, үйдегілерді қалай әрең көндіріп еді десейші?!
Әйеліне өлердей ғашық болғаны соншалық, әлі де қатты жақсы көретін. Енді міне, шақшадай басы шарадай болып, не істерін білмей дал болып отырған оның есіне бұл тығырықтан алып шығар бір ғана жол түсті. Ол – кезінде аң аулауға керек болар деп тұрғызған
таудағы күркесымақ ағаш үйге әкесін апарып орналастырсам деген ой еді. Аптасына бір рет соғып, тамағын апарып беріп, керектісін жеткізіп тұрса, күнде құлақ етін жемей үйде әйелі де тыныш табар деген үміт еді.
Әкесіне керекті бар заттарды дайындағаннан кейін төсекке таңылған әкесін көтеріп әкеп жеңіл көлікке отырғызды. Баласы да барам деп етегіне жармаса кеткендіктен оны да машинаға отырғызып, жолға
бірге ала шықты.
Қақаған қыс айы. Даладағы үскірік аяз бет қаратар емес. Қарсы алдарынан құйындатып борай соққан қардан жолды әрең-әрең көріп келе жатты. Қасында отырған кішкене баласы әкесінен қайда бара
жатқандықтарын мазалап, қанша сұраса да еш жауап ала алмады. Ал өзін қайда апара жатқандығын бірден ұққан көкірегі ояу қарт іштей егіле жылап, көзінен сорғалай аққан жасын жеңімен сүрткен күйі немересі мен баласына білдірмеуге тырысты.
Бірнеше сағат жол жүріп таудағы үйге де келіп жетті-ау. Бұл жерге ат басын бұрмағалы да біраз уақыт болыпты. Үйсымақ ағаш күркенің әбден тозғаны соншалық, төбесінен су ағып, еденге тастаған
тақтайлардың кейбір тұстары шіри бастапты. Күркенің бір бұрышын тазалап болғаннан кейін машинадағы төсекті әкеліп, сол бұрышқа жайлап орналастырды. Артынша басқа да заттарды өз орындарына реттестіріп қойғаннан кейін ең соңынан әкесін түсіріп әкеп, әлгі
төсекке жатқызды. Ал, үй деп әкелген күркесі үйден гөрі далаға көбірек ұқсайды. Едені сыз, суық күркеде әкесі төсекке басы тимей жатып-ақ тісі-тісіне тимей сақылдап, жаурай бастады. Денесі қалшылдап, тоңа бастаған әкесіне қарап тұрып «Ертең жылырақ көрпе-жастықтар әкеліп берермін» деп ойлады. Бірақ, өзегін өртеген қалың ой мен еңсесін зіл ғып басқан мұңнан біртүрлі арыла алмады. Ол осылайша өзін күнәлі сезініп тұрғанда, әкесінің ішкі жан дүниесінде ала-
сапыран дауыл тұрып, көңілі астан-кестен күйде еді.
Қаншама жыл барын аузына тосып, аялап баққан баласы қартайып, әл-ауқатынан айырылып, мынадай қауқарсыз күйге түскен шағында қадір-құрмет көрсетудің орнына өзін тірідей көміп, қыстың көзі қырауда ессіз далаға тастап кетіп бара жатқан жоқ па?! Бұл не, ит-құсқа жем болсын дегені ме, жоқ, әлде, аязда аштан қатып өлсін дегені ме?! Бұдан өткен бақытсыздық, бұдан асқан масқаралық болар ма?!
Осындай қорқынышты әрі сұрықсыз ойлар жетегінде іштей қатты мүжілген қарт онысын сыртқа сездірмеуге тырысып бақты. Болған жайттан ешнәрсе ұқпаған тек қарттың немересі ғана. Кіп-кішкентай бала жүрегі, әйтеуір, атасынан айрылып бара жатқанды ғана сезіп,
көңілін қорқыныш биледі.
Қайтатын уақыт та таяды. Қоштасарда әкесінің төсегіне еңкейіп, оны құшақтаған бойда өксігін баса алмай көп жылады. «Мені кешірші» дегендей бетінен, көзінен, қолдарынан қимай-қимай көп сүйді.
Екеуі де көз жастарына ие бола алмай, әкелі-балалы құшақтасқан күйі күңірене іштей егілді. «Осыған мәжбүр болдым, әке, қайтейін» дегендей ұлы артқа қайта-қайта көз тастап, кішкене баласының қолынан дедектете жетектеген күйі күркеден алыстай берді.
Көлікке келіп отырды. Қайтар жолға бет алғаннан-ақ қасына ерте келген кішкене баласы «Атамды суық жерге неге тастап кеттің?» деп ал кеп жыласын. Баласына не деп жауап берерін білмеген әке байғұстың басы қатып, састы. «Шешең осылай болуын қалады»
деп айта алмады. Баласы бір уақытта жұлып алғандай «Сен қартайғанда мен де сені осында әкелем бе?» дегенде, төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей қалш-қалш еткен күйі тұрды да қалды. Бірден көлігін кері қайта бұрды. Күркеге жете бере «Әке, мені
кеш?!» деп әке құшағына қарай далақтап жүгіріп, тамағына тығылған ащы өксікке ие бола алмады. Мойнынан тас қып құшақтады. Кемсеңдеген әке мен кешірім тілеген ұлдың құшақтары көпке дейін айырылмады. Өз қателігін енді ұққан баласы «Жаза бастым, жаңылдым, әке, мені кеш» деп аяғына бас ұрып кешірім сұрағанда, әкесі оған еш күтпеген мағыналы жауап қайтарды:
– Сенің қайтып келетініңді білгенмін, балам. Сен мені тауға әкеп тастап кететіндей мен өз әкемді қартайған шағында тауға апарып тастаған жоқпын ғой. Мені тауға алуын алып келсең де, дәтің шыдап тастап кетпейтініңді, қайта оралатыныңды білгенмін, балам, – деген еді қарт сонда…

****   ***

Бір күні ғылым, надандық, байлық, құрмет төртеуі бас қосып әңгіме-дүкен құрған екен. Біраздан соң тарқар уақыт таянғанда бір-бірінен қалай қайта жолығатындықтары жайлы сұрайды.
Сонда ғылым: «Мені іздеген жан ғұламалардың мәжілістерінен табады», — депті.
Надандық: «Мені іздесеңдер арзан күлкіге алданып, бос уақытын жоғалтып жүргендердің қасында болармын», — депті.
Байлық: «Ал мен болсам зәулім сарайлар мен үлкен үйлердің ішінде боламын», — депті.
Сөз кезегі тиген құрмет біраз уақыт басын төмен түсіріп, үндемей тұрды да: «Мені кім бір рет жоғалтып алса, еш уақытта қайтып таба алмайды», — деген екен!

***   ****

Ертеде бір қарапайым тігінші жарық дүниеде өзіміз секілді өмір кешіпті. Бір күні үнемі қасынан шықпайтын немересіне үлкен бір даналық тәрбиесін бергісі келген екен. Тігін тігуге кіріскен кезінде өте қымбат тұратын үлкен қайшысын алып матаны ұсақтап кесе бастайды. Болған соң қайшыны аяғының астына лақтыра салады да, ине алып кескіленген маталарды бір-біріне қосып тіге бастайды. Болған соң инені алып басындағы бас киіміне әдемілеп қыстырып қояды. Манадан бері бұл көрініске таңқала қарап тұрған немересі шыдай алмай: «Неге ана қымбат қайшыны лақтыра салдыңыз да, болмайтын бір инені әспеттеп, басыңызға қадап қойдыңыз?», — дейді. Сонда атасы: «Қайшы болса әп-әдемі матаны кескілеп, болшектеп тастайды. Ал ине болса кішкентай, әлсіз болғанына қарамай, бөлінген бөлшектердің басын қосуға тырысады. Сосын олардан әдемі киімдер шығарады. Балам! Қандай биік деңгейден көрінсе де ешуақытта бөліп-бөлшектеуге, бірлікке сына қағып, сызат түсіруге ұмтылып жүргендердің дәрежесін көтеріп, оларға болыспа. Керісінше, әлсіз болса да бірлікке шақырып, ауызбіршілікке жұмылдырып жүргендердің абыройын артырып, демеп-көтермелеп, қасынан табыл», — деген екен.

****  ***

КІШІПЕЙІЛДІЛІК ҚҰДЫРЕТІ

Әрі қарапайым әрі кішіпейіл бір қоян болыпты. Бірде ол диқанның бақшасынан қырыққабатты тоя жеп алып енді үйіне қайтпақ болып жатқанда түлкіні байқап қалады. Түлкі де орманға оралып келе жатқан болатын. Шаруаның қорасынан тауық ұрлап алып шығудың сәті түспеген ол қарны аш, әрі ызалы еді.
Қоянның жүрегі дір ете қалды. Қашу керек, бірақ қайда? Қоян сасқанынан жақын маңдағы үңгірге ұмтылды. Ол онда өзін тағы бір қауіп — сол үңгірде тұратын жылан күтіп жатқанын білмеді.
Бірақ қоян өте жақсы тәрбие алған еді, бөтен үйге рұқсатсыз кіруге болмайтындығын жақсы білетін. «Алдымен амандасу керек,-деп ойлады қоян, -бірақ кіммен? Үңгірмен бе?».
-Сәлеметсің бе қайырымды үңгір!-деп қоян әдеппен амандасты. –Маған кіруге рұқсат етіңіз.
Жылан болса қоянның дауысын естіп қуанып кетті. Ол қояндарды, әсіресе олардың жұмсақ етін жақсы көретін, бірақ олар онымен қоса осыншалықты кішіпейіл болады деп ойламапты.
-Әрине кіріңіз, кіре қойыңыз,-деді жылан. Қоян оны дауысынан бірден тани қойды.
-Мазалағаныма кешірім сұраймын,-деді қоян. Мен жұбайымның күтіп отырғанын мүлде ұмытып кетіппін. Сау болыңыз! Көріскенше!-деп зыта жөнелді. Үйіне келіп кіріп өз-өзіне келген соң: «Иә, көркем мінез әлі ешкімге зиян тигізген емес»-деп ойлады.
-Оған жауап бермей-ақ қоюым керек еді –деп күңкілдеді жылан.-Ой осы бір кішіпейіл қояндар-ай! Кіруге несіне рұқсат сұрады екен!

****   ****

One thought on “Таршылық пен талпыныс

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.