Қытай елі отырықшылыққа ерте түскен қауым. Ескі заманда қытайлар рахатты кеңшілік өмірде болған. Бай, кедей өзінше бақытты еді, бірақ бір кездерде таң қаларлық науқасқа ұшырады… Әркім ұйқысы қашып тыныш ұйықтай алмайтын болды. Оның себебі; сол кездерде ұждан (ұят, ар) туды, яғни жер бетіне періште келді. Бұл ұждан періштесі бір нұрлы сұлу қыз суретіне түсіп, түн болғанда қытайларға көріне бастады, күндіз көрінбеуші еді. Әркім қызметі, саудасы болғандықтан күндіз Ұжданмен сөйлесуге қолдары тимеуші еді. Бірақ күн батып, қас қарайып, көктегі жұлдыз жылтылдаған соң, Ұждан шәһәрдің кең көшелерін аралай бастаушы еді. Халық жұмыс, шаруасынан босап тәтті ұйқыға кете бастағанда, Ұждан байлардың сарайына, кедейлердің балағына кіріп, төсегіне жақын келіп: «Ей кісі, маған қара!»- дейтін еді. Ол сасқанынан қызды көрген соң; «Ей, қыз, саған не керек?» дегенде, қыз ақырын ғана; «Сен бүгін не істедің? Соны анық тексеріп ойла!» -деуші еді. «Мен не істеппін? Бөтен, бұзық еш нәрсе істегенім жоқ» десе, ол қыз; «Әбден түсініп ақылыңды жиып ойла!» — деуші еді. Ол кісі ойланып, ойына түскен бір ісін; «менің сүйткенімді айтамысың?» дегенде ол қыз көрінбей кетуші еді. Сонан кейін ол кісінің көңілі алаң болып, тиышсызданып, түні бойы ұйықтай алмаушы еді. Ұждан қыз үйден-үйге қыдырып, әлденеше мыңдаған қытайларды ұйқыздық дертіне ұшыратушы еді. Сол уақыттың дәрігерлері бұл ұйқысыздық оба науқасына қарсы неше түрлі дәрі жасап ем қылса да, не апиын, не наша, не көкнәрі сияқтылардың түк пайдасы болмады.
Сол өлкенің ең ақылды адамы Син Лу Жи бай жақсы кісі болса да, ол бұл науқастан аман қалмады. Бұл байға әркім борышты болғандықтан, бірталай адам оған борышын төлеу үшін қызмет қылушы еді. Егер борыштылардың бірі харакет қылмай борышын төлемесе, не біраз бидайын ашыққандықтан ұрласа, бай оны мейлінше сабап қатты қинаушы еді. Әрине ол оны басқаларға Ғибрат (сабақ) болсын деп істеді… Бірақ түн бойы жалғыз жатқанда, байдың ойына әлдене ойлар келуші еді. Мысалы, «пәленше неге ұрлық қылды?», «жейтін тамағы жоқтықтан», «тамағы неге жоқ?», «Бар бидайын аласым үшін мен алдым», бай осындай ойларды ойлап жатып, кейде күліп те жіберуші еді; «Қызық-ау, ұрлықты ол қылады, ал оның аш қалғанының обалы менде сияқты!» деп. Сүйтіп байдың да ойы бөлініп ұйықтай алмайтын ауруға ұшырапты. Қанша ойласа да бұған ем таба алмай, бір күні бай қатын-бала, туысқандарын жиып алып, елден жиған малдарын, жерлерін өздеріне қайтарып, садақа беретінін айтты. Мұны естіген қатын-бала, туысқандары зар жылап: «Ұйқысыздық дерті байды ақылынан адастырды» деп, оны емдетуге қам жасады. Дәрігерлерге, қала бастығына білдірген соң, «Бай ұйқысыздық дертінен жынданып кетті» деген хабар әр жаққа тарайды. «Мен де ұйқысыздықтан өлетін болдым» деген бай-кедейлер саны көбейе бастайды. Қауым бұл науқастан қатты қорықты. Уақытындағы ұлықтар қызметін жөндеп бұрынғыдай жолмен жүргізе алмай жаман састы.
Патшаның уәзірлері, бақсы-балшылары көп кеңесіп, бұл науқас түнде келіп әркімді тынышсыздандыратын Ұждан деген қыздан екенін анықтап, амалын таба алмай отырғанда, сол қаланың ең ақылды қариясы ойларына түсті. Қарияға барып; «Ей, атамыз! Дүниенің бейіші қаламыз ойран болып барады! Бізге бір шара, жәрдем қыла көріңіз!» деп аяғына бас ұрып, патшаның жіберген сыйларын ұсынды. Қария бұлардың сөзін әбден ұғып, ойланып отырды да; «Қорықпаңдар балаларым! Мұның емі оңай. Ол қыздың жолын бөгеп, оны келтірмеу керек. Сонымен жұмыс бітеді»- деді. «Ұқтық! Бірақ ол қыздың жолын қайтіп бекітеміз? Ол қыз бекітулі есіктен, биік қорғаннан, көпірсіз, өткелсіз сулардан қалай болса солай өтіп үйге кіреді»,- дегенде қария; «Оның амалы тіпті оңай! Заң, закондар жазып, оны баптарға бөліп, әркімнің не істейтінін, не істемейтінін ақ қағазға қара сиямен жазып, бекіту керек. Ол заңда әр адамның қылар ісін дайындап, соған қарап іс қылуға міндеттендіру керек. Сөйтіп, әркім қылар міндетін, әм қылмайтын ісін біліп қоюы керек. Көп қауымға мұны сөйлеп, оқып отыруға, басшыларға, заңшыларға ерік беру керек. Олар қауымға үйреткені үшін ақы алып, сонан соң бәрі сол заң бойынша іс қылып рахат ұйықтайды»,-деді. Сонда олар молдасы бар, әкімі бар, ұлығы, ғалымы жабылып зәкүн дайындауға белсеніп кірісіп кетті. Тағы әкімдердің басын қосып өздері қарар қабылдады; «Бұл жазылған заңды әркім білмейді, елдің қасиетті заңшыларына елдің ұлықтары білмегендерге қаратып тұрсын! Қырық кітап тегін ақтарылмайды, білім ақысы, немесе білмеу жазасы деп ақы төлейді. Сонан кейін Ұжданнан да, оның туысқаны Ынсаптан да тіпті қорықпайды, келсе сөзін тыңдамай; «Кет, жоғал! Мен не қылсам заң жолымен қылдым деп, көрпені басыңа бүркеніп ұйықтай беру керек!».
Сонымен ол заң халықтарға таратылып күндердің күнінде Ұждан қыз тағы байға келсе; «Ол уақыттың өткенін білмедің бе сұлу қыз? Енді менің мал үлестіруге еркім жоқ. Заңның он алтыншы кітабының сексен екінші бабының жүз бесінші бөлімінде не жазылғанын білемісің? Онда айтылған; «Мал, байлық аз-аздан азар ғана жиналады. Атадан балаға қалады, әр адам малды сақтауға міндетті, ысырап қылу заңға қарсылық болады; әркімнің малында қатын-бала, мирасқорларының үлесі бар» делінген. Егер малымды садақа беріп кедейлерге үлестірсем, онда мирасқорларға қиянат қылған боламын. Ол заңға қарсы, естідің бе қызым? Және заңның жүз алтыншы бөлімін тыңда: «Малын заң бойынша ұстамай ысырап қылған адамды тұтқынға алу керек, малына ие қою керек» делінген. Кет, қызым! Мұнан былай маған келме! Мен заңға қарсылық қылмаймын.» деп, бай көрпесін бүркеніп рахаттанып ұйқыға кетіпті.
Тегінде, ұждансыз жан өлікке есеп.
Адамның кеселі жоқ мұнан кесек,
Ар, ынсапсыз, мейірімсіз залымдарды
Қате қылған болмаспыз хайуан десек.
Біздер де кезінде сол қытай көршімізден көшіріп алған орыстың арқасында әлі ұйқымыздан ояна алмай жүрген жоқпыз ба? Ендеше құлағыңызды түрсеңіз, сол Ұждан қыз тылсымнан жаратушының ұлықсатын алып, қазақ жеріне келіпті. Сондықтан басыңыз мұздап, шаншып ауырып, ұйқыңыз тынышсыз болып, ұжданыңыз түрткілеп жүрсе, жазылмаған заңды іздегеніңіз абзал. Шариғат ісін жолға, заңға айналдырып қақпан қылған молда мен европадан үлгі алған ұлық пен әкім көрсеңіз тыңдамаңыз, Кет деңіз! Енді жазылған заңға қарсы Ұждан қыздың жазылмаған заңы бар. Ол заң шариғат ісі парыз қылып, ата дәстүріңізде қаныңызға жазылып қойылған, сондықтан Ұждан қызды қалай тыңдаудың белгісін алып, қалай тілдесуге болатынын алдағы басылымдарда жазамыз.