Ашу мен ыза кернеген,
Қайрап тілін безенген.
Үрлеумен отты жақпаққа,
Біліммен өзін шендеген.
Ар-абыройын ұмытқан,
Ежелгі кекті тұтатқан.
Ашуы қару, тілі у,
Иттей қауып құтырған.
Артынан қалмай биліктен,
Кекеп, мұқап шүйліккен.
Ұнатпай барлық істерін,
Аспанын елдің түнерткен.
Өзін адам адам деп,
Ел билеген арам деп.
Орыстан кегін қайтармай,
Тексіздер бәрің надан деп.
Анау, сүйтті, бүйтті деп,
Қазақты тірілей үйтті деп.
Жер ананы суалтып,
Несібең қазақ бітті деп.
Жел сағымдай құбылған,
Діннің атын жамалған
Жындылар иттей құтырған,
Қасқырдай нұрға ұлыған.
Өздері адам жақсысы,
Уайымы халық нәпсісі.
Күншілдік отын тұтатып
Дүние, мал ел қайғысы.
Мақтанмен болмақ намысты,
Ақтан ар жоқ сауыты.
Түзетпек заман тағдырды,
Болғандай жердің тәңірісі.
Билемек елді ұлтшылдық,
Қазақты бөлек ұлт қылып.
Енші алып көрші елдерден,
Құдайсыз, дінсіз жұрт қылып.
Құдайсыз қурай сынбайтын,
Ұлт едік әлем сыйлайтын.
Қалауын құдай байқайтын
Қанағат, шүкір ойлайтын.
Ендігі салтың еркіндік,
Нәпсінің қамын ел біліп
Сауықпен сайран жүр қуып
Аш болған соң ба ерігіп?
Қолы бос, жанда тыныштық,
Өседі осылай жындылық.
Құдайдың сыны бұл заман,
Айырмақ жыннан естілік.
(тамыз 2014 жыл)
*** ***