Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,

Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда.

Көлбеңдеп көкорайда күрілдетіп,

Орақшы пішен шауып шөп алғанда.

Бүлдірген, қарақатты тереміз деп,

Қыз-келіншек сай-сайға жоғалғанда.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
………… …….. ………
Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
Аздап бері тым кетті құдай ұрып.
Білмегені білгеннің тілін алмай,
Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық.

…………  ………..  ………….

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,

Жас бойға жаман атақ тағынбалық!

Таза ойлап, татулық іс табалық!

Жау жоқ, тіпті жауды сағынбалық!

«Абай» журналының екінші нөмірінде жарияланған ардақты Мәнен бауырымыздың «ұлтшылдық» деген мақаласына бір ауыз сөз айтқымыз келеді,– дейді Шәкәрім қажы.– Менің ұғуымша ол кісі: «ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылық туады»– дейді. Бұған дәлел керек қой?! Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа, олар адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, қалса өзімшілдіктен аса алған жоқ».