(Басы 1-5 тарауларда)
Ақыл бар жерде өмір бар. Ақылдың шамасына қарай өмір танылады. Кімнің қалай өмірді бағалап пайымдауына қарай естілігінің шамасы да белгілі болады. Барлық адамдарға өзін-өзі танып ақылды болу қабілеті берілген. Адамзат баласы есейген сайын өмірдің де қыр-сырына қанық болып, неден пайда, неден зиян келетінін және көптеген дүние қызықтарынан жалығып, өзінің жанына қуат беретін нақты шынайы өмірдің сырын іздей бастайды. Енді мұны рухани тұрғыда жетілумен, дін тазалықтарын меңгерумен байланысты иман келтіру, яғни имандық байлықты меңгеруге ниеттену, талап қылу деп атаймыз. Иман келтіруді; қарапайым пайымдап көрсек, бұл ақылды болу, ақылдың толымдылығы және есею, естиярлық шамаларымен өзін-өзі тану арқылы жаратылыстағы қаракеттік өмірдің ақ-қарасын, пайда-зиянын, білімін меңгермей-ақ, ілім арқылы танумен, анықтаумен көрінісін табады.
Атаңнан Абай сөз білген,
Насихат қалған естіден.
Ретімен дене жаралып,
Ар деген қуат жетілген.
Бұрында қазақ аталған,
Тегімен өзін мақтанған.
Малдан басқа істі алмай
Аруағын да талай тастаған.
Тегіңді қазақшала деген надан,
Білімің тек туралы азды адам.
Үш тегіңмен жалғандың есім алып,
Шеше алмай өтті өмірден талай данаң.
Тек — адамзат ағашы,
Бес күндік өмір бағасы.
Ібіліс болып жаралып,
«Кет»-пен болған еді наласы.
Еркек рухқа телінген, әйел жанға,
Етке жын, қанға шайтан тазаруға.
Шайтаннан жан, жыннан мінез,
Адам- тегің ақылмен болмақ тұлға.
Сезімнің күйіне елітіп өлең жазбақ,
Ақындық әдет болды ойсыз шатпақ.
Өмірді сынап, көтеріп өзін мақтап,
Жас та бар, қатындар бар «күйін» бақпақ.
Қазақтың даналығында өзін тану білімінің әзірге екі жағдайын ғана қарастырсақ; «Ілім мен білім ортасын ұстамасаң бүлін» деген нақылдың ішкі сырына үңілсек; бұл пайғамбарымыздың; «Намазда, құлшылықта барлық нәрсенің ортасын ұстаныңдар» деген өсиетіне сәйкес мұны мизан деп те атауға болады. Яғни әрбір нәрсені өлшеу үшін де оған қарама-қарсы өлшемін, салмағын да тауып және ол екі арасының қашықтығын, уақытын білумен дәл ортасын да табу керек. Сонымен ілім мен білім дегенімізді қалай түсінеміз? Жалпы жаратылыста 6 түрлі білім бар және 3 сипатты жұбы пары да бар. 6 күндік білім негізін жарық деп барлық нәрсенің ішінде өз жарығы болып оны меңгеруді білім деп атаймыз.
Әр заманның қозғалыс әрекетіне қарай бағзы замандардағы адамдардың қоғамы мен қазіргі таңдағы адамзат қоғамының өмір сүру ерекшелігі болуы сөзсіз. Бұл біздердің тәуелді түрде бағынатын уақыттың жылдамдығына, қуаттық, өрістік түрленуіне байланысты жаратылыстағы барлық қозғалыс егелерінің де қозғалыстық қарекеттік жылдамдықтары да, өрістік сапалары да, қуаттық шамалары да түрленуге түсуіне байланысты адамзаттың құндылықтарының да бағалау шамалары өзгеріске, түрленуге түсіп отырады. Сонымен қандай да бір болмысты заманға қатысты адамның өзінің әрекетінің дұрыстығын, ненің пайда-зиянын, ұяттың шамасы, адамгершілік парыздар мен қарыздардың шамаларын, шектерін т.б. біздің бақытты өмір сүруімзге не қажет, қандай амалды орындау керек деген сияқты бар сауалдарға жауапты да білім мен ілімді де үйренуге керек қуатты, рахаттық қызықтардың пайда-зиянын да, сөздерді ұғыну қабілетін де біздер тек ақыл арқылы анықтап өлшеп ала аламыз.
Барлық жаратылысты жұп және пар қылып жараттым деген жаратушы Иеміздің танымдылық заңдылығы бар. Сондықтан қандай бір болмысты тану үшін осы жұп пен парлық заңды міндетті түрде меңгеру керек. Адам баласына сенім мен иман қасиеттерін меңгеруді бұйырып, осы екі игіліктен бақытты болатынын ескертіп данагөй аталарымыз; «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деп бата берген. Енді бақ адамзаттың сенімімен байланысты және сенімнің ағаш болып, қалай гүлдеп жеміс беруіне қарай бақ құсы қонып, оның қонғанын көрген Қыдыр-иман болып дариды, яғни жүрекке зейнеттеледі екен. Бірақ осы бақ пен қыдырдың қасиетін меңгеру үшін де адам баласы мұның парын меңгеруге яғни өзін-өзі тану, есеюі үшін ақылдың толымдылығы мен естілікті меңгеру керек. Бұл естіліктің жетілуі үшін үш байлық керек; «Денсаулық, ақ жаулық, он саулық».