Алла тағаланың біреуден үйреніп яки ата-бабаның жолымен ұғып нанып иман келтірген кісісі де мұсылман болады (оны дәстүрлі сенім дейді). Олай болса да өз ақылымен ойлап осы дүниенің бір құдіретті күшті иесі болса керек деп, өз ақылымен дәлел таппаған кісі қатты күнәкәр болады және ондай кісі сайтанның азғыруына, біреудің алдауына еріп кетуге жақын тұрады. Құдай тағала баршамызды одан сақтасын! Адам шын ақыл көзімен қараса, осынша неше түрлі ғаламды жаратқан, бір иесі бар екенін біреуден үйренбей-ақ білсе керек. Құранда ақылмен ойлап білуге бұйырған.
Аятта: «Айт, ей пайғамбар, құлдарыма қараңдар ақыл көзіменен аспандағы һәм жердегі барша жаралған нәрселерге» (алнариат 27-аят). Әлбетте бұларға қарасаңыз құдіретінде өлшеу жоқ бір иесінің барлығын білесіз. Оған мысал бал жинайтын араны алып қараңыз. Кішкентай нәрсенің артында бал ауызында уы бар, ол екеуі таусылмайды, ешқашан бір-біріне қосылмайды. Немесе ағаш жапырақтарының бедер беттері ешқашан бір-біріне ұқсамайды. Және адам ойлау керек: осы мені кім жаратты деп. Сонда анық біледі өзіндей бір адамзат жаратпағанын, кім жаратты деуге болмайтындығын. Кім себеп болды десе, оны әкесінің жаратылуына кім себеп болды? Сөйте-сөйте адам пайғамбарға кім себеп, ақырында барша себептерді біріне-бірі себеп қылып жаратқан бір кұдіретті күшті ие керек болады. Сол ие Алла тағала және адам ойлау керек: қайдан шықтым, не үшін жаралдым, түбінде не боламын деп. Осылайша ойланғанда әлбетте жоқтан бар қалып бір құдіретті күшті Алла жаратты. Не үшін жаратты? Жаратқан иесі біліп, соған құлшылық қылсын деп жаратты. Ақырында не қалады? Кімде-кім жаратқан иесінің әміріне мойынсұнып құлшылық қылса, оны құр қалдырмай таусылмас рахат берсе керек.
Неге десең: осынша ғаламды басқа жаратудың қисыны жоқ. Ақырында жоқ болып кететін қылып жаратпаса керек. Онда әшейін бір ойын сықылды болады ғой. Аятта ұқтырып айтқан: «Аспан менен жерді һәм оның арасын барша нәрселерді ойнап жаратқаным жоқ» деген (әнбие-17). Енді жоғарғыдағы аяттың мағыналарын және айтылған дәлел сөздерді анықтап ойласаңыз Алла тағаланың барлығына шексіз көңіліңіз нанар.
х
Алла тағаланың бірлігін ақылмен ойлап білмек

       Алла тағала жалғыз, онан басқа Алла жоқ. Мұны да ақылмен ойлап білу керек. Құранда бұл туралы да аят көп: «Егер де дүниеде екі құдай болса, дүние бұзылар» деген (Жүніс-7). Және бір аятта: «Алла тағаланың баласы жоқ, және бір Алладан басқа Алла жоқ. Егер де басқа бір Алла болса, әрқайсысы өзінің жаратқан нәрсесімен кетер еді. Алла тағала мұндайлардан таза»- деген (әли-ғымыран-3).
Енді ойлап қарасаңыз, егер де Алла екеу болса, бір Алла бір нәрсені бар болсын десе, сол нәрсе бар болар ма еді, жоқ болар ма еді. Әлбетте бірінің айтқаны болар еді ғой. Айтқаны болмай қалғаны Алла болуға лайық болмайды ғой. Сол себептен Алла тағала жалғыз екені мағлұм болады. Егер де біреу серіктесіп жаратады десе, бұл да бос сөз, оның үшін серікке Мұқтаж болған соң, оның да Алла болуға лайығы жоқ. Және бір аятта: «Оның Ғайса (Иса) пайғамбарды жаратқаны, адам пайғамбарды жаратқандай. Адам пайғамбарды топырақтан жаратып тұрып адам бол деп еді, адам болды. Сол сияқты Иса пайғамбарды Мариям ананың қарнында бала бол деп еді, бала болды»- деген (әли-ғымыран-3). Және бір сөз Алла тағала пайғамбарларға өзге адамның қолынан келмейтұғын істерді істеуге мұғжиза берген һәм әулиелерге керемет берген. Бұлардың себебі пенделеріне тура жолды көрсетуге, пайғамбарлардың пайғамбар екеніне дәлел болсын деп әулиелердің кунәдан тазалығын, қадірін көрсетпек үшін бұлар да пендесіне рахметі.
х
Алла тағаланын сипаттарын білмек

       Енді Алла тағаланың сипаттарын баяндасақ. Алла тағала бар, өздігінен бар, біреу бар қылған емес, барлығының алды жоқ, бұрыннан бар. Арты жоқ, ешқашан жоқ болмайды, өлмейді, тозбайды, өзгермейді. Алла тағала жалғыз, не серігі жоқ, не теңдесі жоқ, ұқсасы жоқ және еш нәрсеге ұқсамайды. Кітапта бұл алты сипатты затия сипаты дейді. Олар мынау: Бар өздігінен бар, бұрыннан бар жоқ болмайды, жалғыз, еш нәрсеге ұқсамайды. Бұлардан басқа кітапта збутие деген сегіз сипаты бар. Олар мынау: тірі, білімді, құдіретті, талап қылушы, яғни бір нәрсенің болғанын ұнатушы, болғызушы, яғни бар қылса да жоқ қылса да сөйлеуші, естуші, көруші, бірақ бұл сипаттары адамға ұқсамайды. Мысалы біздің тіршілігіміздей дүниемен емес, біздің құдіретіміздей қол аяқ, яки қарумен емес, біздің біліміміздей оймен, көзімен які біреуден ұғып емес, ақыры өзінің еш нәрсерсеге ұқсамағаны сықылды сипаттары да өзгенің сипаттарына ұқсамайды. Және кітапта сәлбие сипаттары деген болады. Олар: ұйықтамайды, өзгермейді деген сықылдылар. Оны ешбір кемшілігі жоқ десе сонан ұғуға болады. Ақырында бәрін жиып айтқанда алла тағаланың сипаттары кемшіліксіз, білімді, құдірет десе ұғасыз. Алла тағаланың барлығы зайырда, жасырында. Алла тағаланың ұлылығы мен қасиетін көрінген затқа теңеуге болмайды. Оны тек жердегі көктегі бар заттардың қадірі мен қасиетін анықтау арқылы ғана таниды. Алдымен адам өзін тану арқылы ғана өзіңнің халіңді, қадір-қасиетіңді ұға білсең Алла тағаланың саған салған мөрін, сипатын тани бастайсың. Сен сурет болсаң ол сүгіретші. Әрбір сөздің парқын біл. Өмір деген жаратушы салған өрнек. Сондықтан сол өрнекті көре біліп, жақсылап ойлана білу керек. Өрнектің түзілу кереметіне таңдануға болады, күмәнданып күдік келтіруге болмайды. Ойлы көзбен көре білу керек. Барлық жаратылған нәрсенің төркіні ғайыпта, құпияда. Ғайыптың сыры ғылымда. Ғылымда өте сақ болу керек, қу зымияндардың айла-шарғысына иланып азғындық жолға да түсіп кету де оңай. Тарихыңды зерттеп өткеннен үлгі ала алмасаң онда сен бейтарап жансың. Бейтарап жандарда қашанда солқылдақтық мінез болып, заманның зейіліне қарай бейімделгіш болады. Сондықтан ата-анасына, салт-дәстүріне бейтарап қарайтын пенделердің ой-пікірін қате деп түсін. Ар-намыс ана сүтімен ғана дариды. Асыл тегіңнің қадірін білген адамға ғана тылсым есігін ашады. Асылдың қазынасы ана тілің, сені сөзден жаратқанын үнемі есіңде ұста.
х
Алла тағаланың періштелеріне нанбақ

     Періштілер Алла тағаланың жаратқан құлдары, әрқайсысы әрбір қызметте. Олар еркек те ұрғашы да емес, ішіп-жемейді, күнә қылмайды. Олардың да абзал жақсылары, пайғамбарлары бар: Жәбірейіл, Ысрафыл, Ғазірейіл, Мекаил дегендер Алла тағаланың әмірімен әр түрлі суретке кіре алады һәм көзге көрінбей кете алады. Алла тағала оларды біздің денеміздей қылып жаратқан. Ондай дүниелерді кітапта Ажсам Ләтифе дейді. Періштенің барлығына нанбайтұғын қисыны жоқ. Жын, сайтан, пері дегендерге де нанылады ғой. Пайғамбарға нансаңыз, Құранға нанасыз, бәрі де рас болады. Барлық қозғалыс тіршілік басы екіден басталып төрпен толтырылып отыру жаратылыс заңдылығы болып бекіген. Сондықтан өмір төрт періште арқылы қозғалысқа түседі. Демек періште қозғалыс басы болса, адам жаны өсіп-өніп сол төрт қуатты толтырып дамытып қосылып отыру тиісті үкім. Төрттен екіге содан барып нұрға қосылу шарт. Алла тағаланың жаратқан нұры білім болса, періште білімсіз болып, сол білімсізден білімдіні жарату, көркемдеп әсемдеп өзіне тән ат сипат беру Алла тағаланың құдіреті болмақ. Және осы қасиеттерді үрім-бұтақтарына дарытып отыру, алма-кезек ауысып тұратын өзіне тән жүйелі заңдылығын бекіткен. Осы заңдылықтарды мүлтіксіз орындаушы періштелер тасымал қызметін атқарушы әрбір жаратылған нәрсенің ішкі сыры болып табылады. Әрбір адам баласының ішкі сыры сондықтанда ғайыппен тікелей байланыста тұрады. Адам жаны сол ішкі сырдың қорғаны, күзетшісі, болашақ қожасы. Сондықтан «Пері»- «Іште» деп атаймыз. Іштегі сыртқа шықса дүние түйсігіне айналады. Дүниеде бір нәрсе пайда болса, ол екінші нәрсеге айналып, Алла тағаланың әміріне дәлел болады. Әмір орындаушы қашанда періште. Сондықтан дүние заңдылықтарына бейтарап қарауға болмайды. Оның әрқашанда оңы, терісі, өңі мен астары болады. Бір жақты пайымдап дүниені әшейін ойыншық ретінде қарауға болмайды. Адамның қасиеті бүкіл жаратылыс егелерінен жоғары тұрады. Сол қасиет періштелерді адам затына өсіріп-өндіріп білімді етуге тура жолды көрсету үшін пайғамбарлар мен кітаптар түсіргенін естен шығармай иман келтіру парыз деп біліңіз.
х
Алла тағаланың пайғамбарларға жіберген кітаптарына нанбақ

       Алла тағала пенделеріне тура жолды ұқтыру үшін әрбір заманда пайғамбарларының қайсыбіреулеріне кітап жіберген. Оның үлкені төртеу: бірі біздің пайғамбарымызға жіберген Құран, біреуі Мұса пайғамбарға жіберген Тәурат, біреуі Дәуіт пайғамбарға жіберген Забур, біреуі Ғайса пайғамбарға жіберген Інжіл және бұлардан баска Сағиф дегендері бар. Адам пайғамбарға, Ибраһим пайғамбарға дегендей әрбіреулеріне жіберілген. Солардың бәрі де рас, тек нану керек. Бұл кітап дегендер бір жолата кітап болып келген емес. Алла тағаланың періштелері арқылы пайғамбарларына білдірген сөздері, әмір бұйрықтары. Соны кітап қылып жазған. Біздің пайғамбарымыз Мұхамед Мұстафа Салилла Ғалиассалам ең соңғы ақырзаман пайғамбары болған соң соған жіберілген Құранның сөзімен ғибадат құлшылық қылмақ дұрыс болған. Мұнан соң еш пайғамбар болмайды. Сол себептен өзге дін, өзге шариғатпен жүру дұрыс емес. Құранның сөзі өзге кітаптардың кемін толықтырып кейінгі заманына қарай біржолата бекітіп айтылған.
х
Алла тағаланың пайғамбарларына нанбақ

     Алла тағала пенделеріне тура жолды көрсетпек үшін әр заманда пайғамбарлар жіберген. Әуелі Адам пайғамбар ақырғы біздің пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа Салилла Ғалиассалам. Бұл екеуінің ортасында көп пайғамбарлар болған. Оның санын білмек бізге міндет емес. Қанша болса да Алла тағаланың жіберген пайғамбарларына нандым дейміз. Олардың ішінде Құранда аттары аталған жиырма сегізінің атын білмек керек. Олар мынау: Адам, Нұқ, Нут, Лут, Зулһафил; Салық, Ибраһим; Аюп, Исмағұл, Ысқақ, Жүніс, Ыдырыс, Якуб, Иосиф, Ілияс, Әлий, Дәуіт, Сулеймен, Мұса, Һарун, Жақия, Ғайса, Шұғайып, Зікрия, Мұхаммед Салилла Ғали, Һәм Әжмәһин, Лұқпан, Зұлқарнайын – бұл үшеуін кейбіреулер пайғамбар деп кейбіреулер пайғамбар емес деген. Сол себепті анығын Алла білер дейміз де қоямыз.

     Енді, көбінесе иманның дұрыс болмағы пайғамбарға нанғанмен табылады. Оның үшін пайғамбарға нансаң, Құранға нанасын. Құранды құдай тағаланың сөзі деп пайғамбарымызға айтып білдірген. Құранға нанған соң, бәріне нанғаның болады. Және Алла тағаланың барлығына нансаң, пайғамбарларға нанасың. Себебі барша адам баласын Алла тағала құлшылық қылсын деп жаратып қойып, мынау жақсы, мұны қылсаң рахметіме жолығасың. Мынау жаман, мұны қылсаң каһарыма жолығасың деп білдірмей өздерің білсең біл, білмесең қой дегені лайық болмайды. Дүниеде не нәрсе бар болса, соның бәрі адам үшін жаратылған, не нәрсе де адамның не пайдасы, не залалы үшін. Сол себептен аятта айтылған: «Аспандағы және жердегі нәрселердің бәрін сендер үшін жараттым, яғни сендер үшін жаратылдым» деген (жасия-25 пара). Енді солардың қайсысы сауап, қайсысы күнә, қайсысы пайда, қайсысы залал екенін Алла тағала адамның өзінен пайғамбар хабаршы жіберіп пенделеріне білдіргені анық ақылға дұрысы. Енді біздің пайғамбарымыздың пайғамбар екендігіне еш бір күдік жоқ. Аятта айтқан: «қашан Ғайса пайғамбар айтты: «Ей бәни Ысраил құлы мен сіздерге Алла тағаланың жіберген пайғамбарымын. Менен бұрынғы Мұса пайғамбар келген Тәуратта айтылған һәм менен соңғы келетұғын бір пайғамбардың діни хабарын жіберейін, білдіремін сендерге. Оның есімі Ахмед, яғни Мұхаммед Ғалиссалам»-деген. (элсаф-26) Және біздің пайғамбарымыз ешкімнен оқымай, үйренбей бұрынғы пайғамбарлардың һәм қанша халықтардың не халмен өткендігін білгендігі пайғамбар екендігіне үлкен дәлел емес пе? Сол уақытта Іінжіл, Тәурат оқып жүргендер сынамақ үшін неше түрлі сөздерді сұрағанда, барлығына жауап берген және діннің хақ растығынан қайдағы білімді ақылдылар дініне кіріп, мұсылман болып, азғана заманның ішінде қаншалық жерге мұсылман діні жайылып кеткенінде не малмен емес, не әскермен емес, яки бұрыннан тұқымынан патшалығымен емес, жалғыз ғана мұсылман дінінің хақтығы және өзінің пайғамбар екенінің растығы емес пе? Және осынша істерді дүние үшін қылды деп те айтуға болмайды. Оның үшін өзі халықты білмей тұрғанда неше күн аш жүріп, тамақты да жөндеп жемейді. Тамақтың жоқтығынан үйінде неше күн от жағылмай құр су мен құрманы қорек қылып жүре береді. Кәпірлерді жеңіп алғандағы олжа қазыналардың бес еседен бірі қазынаға алынады, оны ұстап ішіп-жесе, еш кім бөгет болмайды. Сонда да бір тиын алмай, ішкен асы арпа ұны болып, киген киімі жамаулы болап, өзі дүниеден өткенде түк малы қалған жоқ. Кебісін өзі жамап киюші еді. «Альфухр фахри» яғни мақтаным кедейлігім деп көбінесе фахрлар менен жетімдерді құрметтеуші еді. Мұнан артық не дәлел керек.

     Аятта біздің пайғамбарымыз туралы Алла тағала айтқан: «Мен сені барша ғаламға рахметім үшін пайғамбар қылдым»- деген (әнбие) және Құраннан артық не муғиджа керек әр дүниедегі адамшылыққа әрі ахыреттегі аманшылыққа керек сөзден айтылмағаны жоқ десе болады. Ақыл ғылымның жайын сенен артық кім ұқтыра алады! Жалпы пайғамбарлар Алла тағаланың жер бетіндегі саясатын жүргізуші деп қабылдасақ түсінікті болмақ. Егер саясат салтанат құрмағанда, адам баласы көп нәрседен хабарсыз қалар еді. Сондықтан адам баласына саясат ауадай қажет. Саясатсыз қоғамда әділетсіздік үстемдік құруы сөзсіз. Алла тағала саясатты дұрыс алып баруы үшін пайғамбарларды және елшілерді жіберді. Дүние түзілгенде ұлы даналықпен түзіліп, оған көркемдік пен сұлулықты үйлестірді. Сонымен қоса ризық-несібені қоса жаратты. Енді бұлар болмағанда дүние бір ойыншық сияқты болар еді. Сол берген ризық-несібеге, түр-тұлға, көрік сипатына шүкірлік етсін деп құлшылық жасауды бұйырды. Сол құлшылық жасауды үйретсін деп, өзінің қасиетінің ерекшеліктерін бағалап қадірін білсін деп пайғамбарларды жіберді. Сондықтан адам баласы өзін тура жолға салушыларды танып білуге міндетті. Ризық-несібені жеткізушіні ойында сақтауы шарт. Пайғамбарлардың бар екендігін ақиқат деп түсініп, әзірет Адамнан Мұхаммед пайғамбарға дейінгілерді бірінен-бірін кем демей, дінге шын көңілмен сеніп, Алла тағалаға құлдық етушілер ғана дүниеде соңғыларға жақсы атақ қалдырады.

х
Ахирет күннің болмағына нанбақ.

      Ақыретте тексерілмегіміз таразы-сират көпірі қылған істеріміз дәптерге жазылып берілмегі рас. Алла тағала біздің не қылғанымызды өзі біліп тұрса да адамдар оны білмейді. Сол себептен әбден армансыз қылып істеген ісімізді мойнымызға анықтап салып рахым қылса, мархаматын каһар қылса күнәсін барша халыққа бірдей білгізіп әр күннің лайық орнына жібереді. Аятта: «Бір Алланың өзінен басқа нәрсенің бәрі һалақ болып бұзылады» деген (қымыс-20). Ахыреттің болмағы анық. Адам өлсе де жаны өлмейді. Пейіш пен дозаққа кірген соң, тіпті өлім жоқ, біржолата қалады. Аятта: «Қоярмыз қияметте ғаділ таразыны залым қылынбас еш нәрседен тарыдай кішкене ісі болса да таразға келтіріп салынар, бәрінің де есебін табармыз»-деген (әнбие -17). Әлбетте солай болғаны ақылға да дұрыс. Осынша ғаламды жаратып, ақырында тексерусіз, ешбір мақсатсыз қалуға лайық болмайды.

     Жақсылық пен жамандық әрине іс болса, алла тағала болсын демей болмайды. Бұл сөзді анықтап ұғу керек. Осының мәнісін білмей теріс ойлайтындар көп. Адамда түк ерік жоқ деп, әрі не қылса құдай тағала қылдырады деп Алла тағаланың пендеге берген еркі мен талабынан танады. Бұл теріс, кейбіреулер: жақсылық пен жамандықты басында жаратқан Алла тағала сол себептен бәрі Алладан дейміз. Онан басқа Алла тағала дүниедегі пенденің ісіне ешбір кіріспейді. Бәрін де жаратты да пайғамбар арқылы ұқтырып қойды. Пенде өзі сүйгенін қыла береді дейді. Бұл ой да теріс ой және кейбіреулер біздің не қылатынымыздың бәрін де Алла тағала өзі әлдеқашан біліп ләукәлмахфузаға жазып қойды, оны қылмай кетуге пендеде не ерік бар дейді. Бұл сөз де ақылсыздықтан айтылады. Бұл үш сөздің жауабы оңай. Әуелі адамда түк ерік жоқ деген кісіге айтамыз: «Адамда түк ерік жоқ болса пенденің ғибадатына сауап, күнәсіна азап қылғаны әділет емес болады. Себебі бәрін Алланың өзі қылғызып, оған бәріне сауап, біріне жаза дұрыс болмайды ғой». Аятта: «Анық Алла тағала пенделеріне залым қылмайды еш нәрседен, бірақ өзіне-өзі залым қылады»-деген (буне-11).

     Енді осыдан ойласаңыз, Алла тағала пендеге еріксіз іс қылғызып ол үшін сауап не жаза қылмайды және аятта: «Біз көрсеттік тура жолды пенделерге, мейлі шүкірлік қылып мұсылман болсын, мейлі қарсылық көрсетіп кәпір болсын» дегені (әлисан-2п) және бір аят: «Адамға өз ықыласымен ұмтылмай тұрып еш нәрсе жоқ» деген (сура-27). Енді бұл сөзге бір дау айтылады, өйтіп пенде не іс қылса да, өз еркі болатұғұн болса, дүниеде Алла тағаладан тілек тілемек бекер болмай ма? Бұл сөзге айтарымыз жоқ, пенде біржолата өзінің ойлаған ісінің бәрін істеп, орнына келтіруге құдіретті емес. Ол ісін орнына келтірмек Алла тағаладан. Пенде өзінің талабына ғана ерікті болады дейміз. Олай болса Алла тағала пенденің харам іске талап қылғанын неге орнына келтіреді. Онысын харамға жәрдем қылғаны болмай ма десе, біз айтамыз, жоқ, ол жәрдем қылғаны емес, қаһар қылғаны. Себебі ол кісіге пайғамбар арқылы, молдалар арқылы һәм өзінің арқылы ұқтырып, білдіріп тұрса да болмай нәпсісіне еріп, қызығып ұмтыла берген соң, Алла тағала каһар қылып ол іске бөгет болмай қоя береді. Сол себептен аятта айтқан: «Оларды өздерінің бұзықтығында қалдырамыз, қайран болар да қалар» (әнғам-17) Енді дүниедегі іске Алла тағала кіріспейді деген кісіге жауабымыз:  егер де олай болса пайғамбар да жоқ дегенің болады. Себебі пайғамбар да әшейін өздігінен бір себеппен болғаны болады, Алла тағала дүние ісіне кіріспеген соң, қалайша пайғамбар жібереді және сауап, кінә, тілек бәрі бекер болады. Себебі Алла тағала дүние ісіне кіріспесе тілекті де бере алмайды. Және әр нәрсе себептен болған болып, сауап іс қылғанға разы болып, рахмет қылып обал іс қылғанға жаза қылудың да қисыны жоқ. Ол үшін менің қүнәһар болғаным да бір себеппен, яки әкім себеп, яки жолдасым, яки тұрған жерім жаман болды, сондықтан қүнәһар болдым, оны кімге тартқызады. Аятта: «Біреудің жүгін біреу көтермейді» деген (Әнбие-8п). Егер де аятқа тоқтамасаң ақылға да лайығы жоқ. Себебі менің күнәмді себеп болған біреуге көрсетсең оған да біреу себеп болып ақырында Адам пайғамбарға да бір себеп керек болады. Сол себептен бұл сөздің де түбі теріс болады. Енді Алла тағала біздің не қылатынымызды біліп қойған, оны қылмай кетуге болмайды деген сөзге жауабымыз: бұл сөзің сөз емес дейміз, себебі Алла тағаланың сен де, сенің не қылатұғыныңды білгені саған зорлық қылғаны емес, ғылымының зор болғандығынан білгендігі саған кедергі болмайды. Адамның да ақылдысы, сен ысырап қылып бар малыңды орынсыз шашып жүрсең аздан соң кедей болатұғыныңды біледі. Сен біліп қойған соң кедей болдым деген дауың жөн бола ма? Сол сықылды сөз Алла тағаланың білгендігі, жамандық туралы оқыған молдалар да аят хадис сөзімен да айтып талас шығаратыны болады. Кейбіреуі біле тұра ғылым салыстырмақ болды. Ол тіпті жаман, кейбіреулері мағынасын анықтап шеше алмай да қалады. Олар дауласатын аят мынадайлар: «Алла тағала разы емес құлдарының кәпір болғанына» деген (Әлзумір-23п). Және бір аят: «Не нәрсе жақсылық әкелсе саған ол Алла тағаладан деп біл, не нәрсе жамандық әкелсе саған ол өз қатеңнен деп біл» деген (Әлқиса-5п). Және бір аят: «Не қайғы келсе де, саған Алла тағаланың ұлықсатымен келеді»  деген (Әлтаһбин-28). Және бір аят: «Алла тағала қайсы бір пендесін құдіретті қылды, қайсы бір пендесін қор кем де қылды»-деген (Әлғымран-3л). Және бір аят: «Әр пенде өзінің қылған ісіне қарай жазаланады, оларға ешбір залым қылынбас» деген (Жазид-25). «Егер жақсылық қылсаңыз өзің үшін, жамандық қылсаң да өзің үшін» деген (Асра-15л). Бұлардан басқа да осындай аяттар көп. Енді осы айтылған аяттар бір-біріне қарсы сықылды көрінсе де олар қарсы емес, бәрінің шешімі мынау; «пенде өз талабына ерікті, сол себептен қылған ісіне не сауап, не жаза көреді, бірақ ол іс орнына келер-келмесі Алладан, сол себептен жақсылық та орнына келсе пайғамбар жіберіп, ақыл беріп мәрхамат қылып орнына келтірген Аллаға шүкірлік қыл дегені. Егер де жаманшылық орнына келсе, Алланың тыйғанына болмай нәпсіме ерген соң қаһарына жолықтым-ау деп, тоба қыл дегені – бәрі Алладан дегеніміз, Алла тағала болсын демесе бірде-бірі болмас еді деген сөз. Бірақ не істі не себептен орнына келтіргенін, не істі не себептен орнына келтірмегенін, біз тексеріп бәрін біліп отыруға жол жоқ. Біз Алланың жаратқан құлымыз. Құлының ықыласын, талабын Алла тағала өзі сынап өзі өлшейді. Біз өлшей алмаймыз. Сол себептен аятта: «Құлшылық қыл дағы Аллаға түгел қылып ісіңді бір өзіне тапсыр да қой»  деген (һуа-12). Және анықтай ұғу керек. Алла тағала ешқашан пенденің көңілін жаман іске аудармайды. Жаман істі пенде өз нәпсісіне еріп шайтанның алдауына еріп қылады. Оны Алла тағаладан көреді де, шариғат және молдалар сөзімен түйіп, жасырын ойын жүрегіне сезгізіп тыяды. Оған да болмай ұмтыла берген соң, қаһар қылса, тоқталады. Жақсылыққа әрқашан бұйырып және көңілін де соған аударады. Тілегі дұрыс, жүрегі таза пендесін бірде болмаса бірде түзу жолға салады.
х
Қияметте тірілмекке нанбақ

      Қашан қиямет болғанда Алла тағала бұрынғы, соңғы барша адам баласын тірі күндегі денесімен қалған бір асыраннан (шірімейтін сегіз көзде тұратын зат) денесін қайта жаратып жанын денесіне кіргізіп тірілтіп машқар майданына, яғни тексеріп сұрау алатұғын орнына жияды. Бүйтіп тірілмек қалайша мүмкін болады деген тек ақымақтар болады. Ол үшін осынша барша ғаламды расында жоқтан бар қылған Алла тағала өліп қалған дененің не иісі, не тозаңы дегендей бізге көрінбейтұғын бір бөлшегінен бір зат қалдырып, сонан қайта жаратуға құдыреті жетпей ме? Қасқыр жесе де, отқа күйсе де онан бір қалдық қалдыра алмайды дей алмаймыз. Бұған нанбайтұғын ешбір қисын жоқ және бұған аят дәлел. Құранның бастан аяқ бар сөзі осыған дәлел бола алады. Ақыл дәлел жоғарыда айтылар және өзіңіз де атаның белінен шыққан бір тамшы судан ғана бар болдыңыз. Және жоғары айтылған тірілтіп тексермейтұғын болса, дүние бір ойын сықылды болады. Және басқа бір денені жаратып соған азап пен рахат корсетуге ол лайық емес.

Ақиқат туралы білмегені болса кешікпей сұрап білмек

Кімде-кімнің көңіліне осы иман ақиқат туралы бір кәдік шүбә кірсе оны кідірмей тез сұрап ғылымдардан іздегенін білу керек. Олай қылмаса иманға салақтық қылған болады. Салақ кісі түбі жоқ шелекпенен бірдей, оған күйген ас сықылды салақ кісінің иманы берік деп айта алмаймыз. «Алтуқф иман тасиуиқ» дегеннің мағынасы «тоқтамақ, білуді жануды тоқтады»- деген және кәпір боларлық ой ойлай беру керек емес. Ол үшін пенде өзінің ақылы жетерлік жерге шейін ойлағанда Құранның аятына, пайғамбардың анық хадистеріне және бұрынғы әулие мүфти, машайықтардың пәтуасына сүйене отырып ойлау керек. Олай болмағанда ақыл жетпейтін нәрсені білмейтіндей мән шүбә қыла берген ой адамды тез адастырады. Мысалы Алла тағаланың барлығын, бірлігін, құдіретінің зорлығын, кемшіліктен таза екенін зор сипаттарын білгеннен соң Алла қандай екен, не қылып тұр екен деген ақымақтық ойдан аулақ болу керек. Сол үшін біз Алла тағаланың жаратқан құлымыз. Жаратушы иеміздің барлығын, бірлігін біліп әміріне мойынсынуға ғана міндеттіміз. Алланың ақылынсыз жетпейтұғын затын білмек түгіл өзіміз үшін жаратылған дүниенің мың милионнан бір нәрсенің қасиет сырын, пайда залалын біле алмаймыз. Құр таба алмасты іздеген сықылданып босқа қаңғырған жолдан адасып теріс жолға түсіп кетеді. Сол себептен аятта айтқан «Ей мұсылмандар, орынсыз көп шұбаланып ойлай бермеңіз, оның үшін кейбіреуі күнәға батар еді» деген. (Һіжрат-2п) Және бір аят: «Шек қылып ойлай берген ой, ақ жолға пайда болмас» деген. (Жүніс-11а)

Барша ғаламдағы нәрселер Алла тағаланың жоқтан бар қылғаны

     Алла тағала бұл дүниедегі нәрселерді басында жоқтан бар қылған. Бір Алланың өз заңынан басқаның бәрі Алла тағаланың жаратқан мақұлығы. Жоқтан қалайша бар қылды деп ойлау жарамайды. Сол үшін бар нәрседен бар қылып бір нәрсе шығарлық пенденің де қолынан келеді. Мәнісін білмеген білімді, өнерлі жандар Алла тағаланың жаратқан нәрселерінен адамның ақылы жете алмайтұғын таң қалғандай нәрселер істейді. Мысалы телеграф, телефон, граммафон дегендердің бәрі жердің бір шетінен бір шетіне хабар береді, бірі адамша сөйлейді. Алла тағаланың ондай бардан бар қылады, машина себеп қылмай-ақ жоқтан бар қылады. Дүние бұрын бар нәрседен жаралды десек оны бар қылатұғын бір нәрсе керек. Егер иесіз өз бар болды десең, онда дәһри деген әр діннің сөзі сықылды бір теріс ақымақтық болады. Дәһрилер дүние өздігінен бар болып ескірген сайын бір нәрседен бір нәрсе жаралуы дейді (даһри-Дарвинизм). Бұл тіпті теріс жол, ол үшін басында түк жоқ болса неден бар болып, неден ескіреді және өйтіп иесіз жаралған нәрседе рет, тәртіп болмайды, оны реттеп тұратын Алла десе, Алла тағаланың өзі жаратып өзі реттеп тұрғаны дұрыс. Егер де дүние бар болмағанда Алла тағала өзі қалайша бар болады десе, бұл адасқаны ғана болады. Себебі Алла тағала жаратушы құдыретті ие. Дүниенің өз-өзінен бар болғанынан құдыретті иенің бұрыннан бар болғаны дұрыс болар. Және дүние де бұрыннан бар шығар десек ол да теріс. Себебі оған ие болмаса құр өзі не құдыретпен бар болады. Содан байқаңыз, дүниенің бәрі Алла тағаланың жаратқаны екен.
х

Қабырда жауап сұрамақ және әлімсақ дегеннің мағынасы.

    Адам өлгеннен кейін Мүңкір-Нәнкір деген періштелер келіп сұрақ алады. Сонда құдайың кім, дінің қай дін, пайғамбарың кім деп сондайларды сұрайды. Мұның жауабы осы күннен ұғып жатқа үйрену керек. Қабырға кірмек ахыреттің алғашқы есігі есепті. Сонда түзу жауап бере алсақ, Алла тағаланың жарылқағанының белгісі сол. Құдайым барша ғаламды жоқтан бар қылып жаратқан. Серіксіз, мінсіз, жалғыз Алла тағалам, пайғамбарым ақырзаман пайғамбары Мұхаммед Мұстафа Салиалла Ғалиссалам…… дінім ислам діні, кітабім-Құран, қыбалам байтолла, итағатта яғни иман турасында мәзһабым һәлсунат уажмиет, яғни пайғамбарымыздың сүнатымен болған құм ғибадатта мәзһабым Имам ағзам Ғаниярахметолла оның шын аты – Нұғыман Мұхамед Ғалисаланың атымен, Ибраһим Ғалиссаламның милатынанмын, бұның себебі ислам дінінің басы Ибраһим пайғамбарымыздан басталатынын аятта айтқан: «Еріңіздер Ибраһим Ғалиссаламның милатына  деген анық алимсақтан бері мұсылманмын». Бұл алимсақ дегенді біздің қазақтың көбісі білмейді. Мұны анықтай ұғу керек. Құдай тағала Адам пайғамбарымызды жаратқаннан кейін кияметке дейін қанша адам баласынан қанша жан жаралатұғын болса солардың бәрінің жандарын адам пайғамбардың арқасынан шығарып алып оларға ақыл, ерік беріп бәрінің де сұраған, яғни, мен сендердің құдайың емес пе деп, сонда «Қалуабли» (3-яғни бәрі де айтты), рас, бізді жаратқан құдайымыз сенсің деп, сол иманды кітапта иман фатри дейді. Сол себептен кәпірлердің жасында күнәға батпай өлген балалары пейішке кіреді. Бастапқы фатри иманын бұзбай өлгені үшін және сонда барша жандардан алла тағала уәде алған. Дүниеге адам болып келгенде сол иманын бұзбай құлшылық қылып күнәдан таза болып Алланың бұйрығына мойынсұнуға сол уәденің аты алимсақ дейді.
Аятта: «Анық алды Алла тағала сіздерден уағданы сол уағданы бұзбай мұсылман болсаңыз» деген (Шура-23). Енді бұл дүниеге келгенде солардың бір талайы уағдасын бұзбай таза мұсылман болды. Бір талайы дүниеге алданып шайтанға еріп, антын, уәдесін бұзып кәпір болды. Бір талайы иманын бұзбаса да, нәпсіге еріп біз сықылды күнәһар пенде болып бір Алла өзің кеш, жарылқа деп зарлап жүр. Алла тағала күнәмізді өзі ғафул қылсын. Амин.

Кәпір болатұғын күндерден сақтанбақ

      Зинһар кәпір болатұғын істерден қатты сақтану керек. Әуелі қалжыңмен болса да, ашу мен болса да ешбір жолмен Алла тағалаға серік қосу жарамайы. Көбінесе адамның өзі кемшілігінен болған бір нәрсені құдайдан құдіреті деп сенеміз. Жаманды көрсе біреу тіпті бүйткенше жаратпай-ақ қойса жетеді дейді. Құдай сақтасын бұл тіпті жаман сөз. Бір нәрсені сындырып, яки бүлдіріп алған кісі де әй, құдайдың ісі деп айта салады. Құдайдың тағдырынсыз ешнәрсе де болмаса да, сөздің мағынасын жаман қылып айтуға жарамайды. Өзімнің епсіздігімнен яки білімсіздігімнен себеп болды деу керек. Қайдағы жаман істі өзім қылдым деп мақтанып залал яки жаман болған нәрсені құдай тағалаға, яки біреуге жабатынымыз қатты ақымақтық. Аятта: «Қашан біз адамдарға рахметімізді татырып жақсылық берсек мақтанып қуанады. Егер бұрынғы қылмысы үшін бір қайғы көрсе, берген нығметімізді ұмытып шүкір қылмайды» деген (Әлмағда-7). Және күнәһәр ауыз боқтығынан сақтандырамыз. Мұсылман адамның аузы иман тасбиғының орны. Сосын кез келген көріпкел, бақсыларға бал аштырудан қатты сақтану керек. (Бұл жерде қандай пенде екені белгісіз, базарларда т.б. карта және әртүрлі заттармен пайда табу мақсатымен іс қылатын пенделерге.) Егер де оған нансақ кәпір боласың, нанбасақ керегі не. Одан басқа ермек жоқ па? Аятта: «Арақ, ұтыс ойын, құдайдан басқаға шоқынған және бал ашқан бұлардың барлығы харам шайтанның жұмысы» деген (Әлмағда-7). Осы аятты ести тұра, іс қылған жарай ма. Ондай Кісі анық мұсылман деп айта алмаймыз. Нанғаным жоқ әшейін қыламын деген кісіге сене алмаймыз. Нанбағаны рас болса аулақ жүрсін.
Пайғамбарымыздың мынандай хадисы бар «Кімде-кім бір нәрсені харам қылса яки харам қылдырса яки бал ашса, сиқыр қылса, яки сиқыр қылдырса олар менің үмметтім емес. Және біреу сол сиқыршыға бал ашқызып соның айтқанына көнсе, нанса анық кәпір болады Құранға нанбағаны үшін» әрине бұл жерде Құран аяттарынан басқа неше түрлі аяттарды пайдалану сиқырға апарып соқтырады деп отыр.
Пайғамбарымыздың хадисы: «Ей Алланың құлдары, ауруларыңызды емдетіңіз. Алла тағала дауасыз еш нәрсе науқас жаратқан жоқ. Жалғыз кәрілік, ажалдан басқа», -деген.
х
Ажал туралы.

      Адам туралы бір ажал мен өлімді, бірақ Алла тағала пейішті сауап іс қылған пендесіне дайындаған сықылды ажалды да себепке байлаған. Не сол адамның өзі себеп, не басқа бір нәрсе себеп болады. Және сол себепті Алла тағала болсын десе болады, әйтпесе болмайды. Және қай адам қандай себеппен өлетұғынын Алла тағала бұрыннан білді. Алла біліп тұрған соң ол пенде өлмей кетуге бола ма?- деген кісінің дауы сықылды орынсыз сөз болады. Және Алла тағала кейбір пенденің ғұмырын ұзын кылады, кей пенденің өмірін қысқа қылады. Мысалы, оның залалы біреуге тие бермесін деп, яки күнаға бата бермесін деп, яки сондай өте бір себептермен осындайларды не себептен олай қылғанын біз тексеруге болмайды. Оны біле алмаймыз деп жоғарғыда айтылады. «Енді ұқтыру үшін жоғарғыдағы аяттағы істі айтайын, аятта айтқан: «Ол баланың ата-анасы мұсылман еді. Егер тірі жүрсе ата-анасын бұзықтыққа ертер деп өлтірдім. Алла тағала ата-анасына онан жақсы бала берер едім деп» (Таһар – 16). Бұл аяттың себебі Мұса Ғалиясалам Қызыр Ғалиясаламға еріп жүргенде, Қызыр Ғалиясалам бір баланы өлтіріпті. Алла тағаланың білдіруінше ол бала ер жетсе ата-анасын бұзады һәм өзі де күнәға батпай өлсін деп, енді осыдан байқарсыз. Аятта: «Ажал келсе бір сағат кейін де қалмас, ілгері де болмас»  деген (Ахрап – 8 пара). Пайғамбарымыздың «Сақтанбақтан пайда жоқ» осындай ажал туралы айтқан. Және пайғамбарымыз бір хадисі жоғары аятқа қарсы сықылданатыны бар. Ол қарсы емес, шешуі бар. Ол хадис: «Яғни садақа бермек ауруының халін сұрап, туысқандарын зиярат қылмақ ғұмырының арттырмағына себеп болар»  деген.

     Бұл хадис жоғарғы аятқа қарсы болмайтұғын аяттағы сөз қашан Алла тағала бір адамды белгілі уақытта өлсін деп ұйғарса оған ешкім бөгет те болмайды, онан ілгеріде өлтірмейді деген. Бұл хадистегі сөз құдай тағаланың қыл деген істерін қылып сауапты болып жүрсең рахметіне жолығып, бәлелерден құтылып, ғұмырың рахатты болып ұзын ғұмырға есеп болар деген сөз. Құдай тағаланың бекітіп қойған ажалы тоқтайды деген сөз емес. Аятта «Өздеріңізді өзіңіз өлімге салмаңыз» деген. Және пайғамбарымыз бір кісі көлігін байламай түгел қылдым дегенде «фид откул» — мағынасы «Көлігінді байлап қой да, сонан соң түгел қыл» деген. Енді байқадыңыз ба, біз бір зиян істерден сақтануға бұйырылғанбыз, соның ішінде ажалдан да сақтануға іске ұмтылып олардың орнына келер-келмесін бір Алланың өзіне тапсырып қоймақ түгел деген осы. Онан басқа мен құдайға түгел қылдым деп шалқаңнаң жатсаң, күнәһар болып аштан өлесің. Сол себептен Шайх Сағди айтқан: «Кісі ажалсыз өлмейді, сонда да ажалсыз өлмеймін деп айдаһардың аузына кірме»  деген.

Адам өзін таныса, құдайды да танымақ.

     Адам өзін таныса, жаратқан Алласын да біледі. Алланың әміріне де мойынсұнады. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан «…пенде өзін анық білсе, Алла тағаланы да анық білер»  деген. Және Ғайса Ғалиасалам айтқан: «Біреудің көзіндегі шөпті алмақ болсаң әуелі өз көзіндегі ағашты алып таста» деп. Мұның мағынасы: «Өз мініңді тазартсаң, кісінің мінін айтып ұқтыруға, кісіні түзетуге сонда жарарсың» дегені. Енді адам өзін-өзі білмекке, әуелі жоғарғыда айтылған қайдан жаралдым, түбінде не болмакпың деген үш сөзді ойласа керек! Онан соң басыма не пайда, дүние ахиретіме не пайда, не іс қылып жүрмін, халыққа не пайда келтіріп жүрмін. Біреуге, яки өзіме зиян қылғаннан саумын ба деп ойлау керек! Өйтіп өзін-өзі тексермей жүре берген адам жай мал, аңнаң да төмен болады. Аятта: «Ол ақымақтар төрт аяқты хайуан сықылды бәлкім онан да жаман, олар түк білмейтұғын меңіреулер» деген.
Бұлардың хайуаннан төмен болатұғындығы хайуандар білімсіз болса да көбінің зияны өзгеге тимейді. Адамның зиянкестерінің зияны бірталай халыққа тиіп ел бүлдіреді. Енді байқадыңыз ба, адам өзін-өзі танымақ деген жаратқан иесінің құлы екенін және ғибадат үшін жаралғанын біліп, өзін-өзі тексеріп, зиянды істен қашып адал, пайдалы істі қылуға тырыстық.

Адам хақы менен хайуан хақы.

       Алла тағаланың құлы екеніңізді білген соң адам хақы деген жалғыз мал хақысы ғана болмайды. Адамның мал хақы бар, абырой хақы, мұсылмандық дін хақы бар. Не денесіне, не абыройына, жанына, не ғибадатына, не малына, не көңіліне бір зиянды орынсыз тигізсеңіз бәрі адам хақы болады. Аятта: «Алла тағала залымдарды жек көреді» деген. Залым деп зиянкес адамды айтады. Және пайғамбарымыздың хадисі «Бір күнә бар, тіпті кешірілмейді, бір күнә бар қалдырылмайды, бір күнә кешіріледі. Әуелі кешірілмейтін күнә деген Алла тағалаға серік келтірген, Соңғы кешірімді деген бұйырған ғибадатын қылмаған». Енді қалдырылмайды деген күнә адамның адамға қылған залымдығы. Мұны иесі разы болып кешпесе, Алла тағала кешуі қиын іс адам хақы болады. Хайуан хақынан да сақтану керек. Хайуан хақысының да жолы қиын болады. Пайғамбарымыз айтқан: «Егер хайуанға орынсыз қылған істеріңіз кешірілсе, талай көп күнәңізден құтылар едіңіз» деген. Бұл хайуан хақы деген орынсыз жерде ұрып, халінен артық жүк салып оны тарта алмаса, соғып қинайсыз. Және не үйреткен емес, не қатты қысылмай тұрып орынсыз қинай шаршатып жүре алмай қалса ұрып, қамшылап, кейде тепкілейсіз, кейде сүрініп кетсе де ұрасыз. Яғни қатты керек болмай тұрған кезде не жас баласын, не буаз күнінде орынсыз өлтіресіз. Болмаса бала болған соң жұмыртқасын сындырасыз. Осындайлардың бәрі де обал. Бәрі де хайуан хақы және бұл хайуан түгіл жансыз нәрсеге ашуланып, не боқтап, не сындырып, не ұрып тастайтын істеріміз ойымызға түскенде ұятты еске қалдыру керек. Әлбетте ақымақтықтың ең жаманы осы хайуан мен жансызға ашуланбақ.

      Біздің халықта өтірік ант пенен өтірік туралы қалып сақталынбайды. Құдай сақтасын бұлардың жолы өте қиын. Өтірік түгіл шынға да бет алдына ант іше берген жарамайды. Аятта айтылған: «Алла тағаланың атын орынсыз қолжаулық қылмаңыз, антыңызбен» деген (Бақара – 2 п) және аятта «Алла тағала антын бұзғандарды жек көреді» деген (Әнфал – 10 п). Және бір аятта: «Кейбір адамдар сөзіменен дүние істерінде сені таңқалдырар және ойымдағым сол деп Алла тағаланы күнә қылар өтірік. Ондайлар мұсылмандардың қатты дұшпаны» деген. Және бір аятта: «Ол өтірікшілерге қияметте қатты азап бар, айтқан өтіріктер үшін» деген. Және бір аятта: «Жиіркеніп қашыңыздар өтіріктен деген. Енді Құранда өтірік ант пенен өтірік туралы қандай жаман дегенін ұқтыңыз, мұнан соң ақылмен ойлайтын дәлел айтайын. Өзіңізді біреу өтірік антпенен алдаса жақсы көресіз бе? Яки өтірік ант беріп бір зиян келтірсе, яки бір пайдаңызды кетірсе жақсы көресіз бе? Немесе сізге зиян болмаса да өтірікке ант ішкенін білсеңіз мұнан былай ол кісінің сөзіне нансыз ба? Егер нансаңыз оныңыз ақымақтық болмай ма? Және антсыз-ақ біреу өтірік айтып алдаса жақсы көресіз бе? Ақырында бұл өтіріктің ешбір төлеуі жоқ намаздай қазасы, оразадай кәфәрәті жоқ. Өтірікпен құтылуға жолғыз-ақ «сол сөзім өтірік еді» деп қайтадан өзіне-өзіне куә болып есіткен жанға қайта айтып, сол өтірігімен тарттырған зияны болса оны не малмен, не сөзбен разы қылмаса өтіріктің онан басқа төлеуі болмайды. Шариғатта өтірік айтуға бір аз ғана жерде ғана рұқсат бар. О да ешбір мүмкін болмағанда екі кісіні жақындастырып араздығын қалдыруға, бірінің қатты сөзін біріне айтпай, жақындық сөзбен оңдап айтқан сияқты және кішкене баланы оқуға көңілдендірген сықылды жерде және жанға немесе дінге қас болатұғын жерде, кәпірлерді алдап құтылған сияқты. Осындай орындарда ғана рұқсат қылған. Басқа болмайды.

Әр түрлі залымдықтан және жаман мінезден сақтанбақ

     Алла тағала тыйған әр түрлі залымдық пен жаман мінезден сақтану керек. Аятта: «Бірініздің малыңызды біріңіз бұзықтықпен жемеңіз» деген. Және бір аятта: «Кімде-кім жетімдердің малын залымдықпен жесе, анығында олар от жеген кісідей тең күйеді, олар дозақтағы отқа» деген (Әлниса–4 п). Және бір аят: «Әр түрлі бәле келсе құрғақта мейлі дарияда болсын ондай бәлелердің болмағы, сол жердегі халықтың зұлымдық бұзықтық қүнәларының себебінен, қайбір бұзықтықтарының жазасын дүниеде тарттырмақ үшін» деген. Және пайғамбарымыз айтқан хадис: «Кім-де кім күші мен көптігіне сүйеніп жүріп өлсе, ол менің үмбетім емес» деген. Және бір аят: «Ей мұсылмандар, мазақ қылмаңыз ешбір құлды, кім біледі ол құл мазақ қылушылардан жақсы шығар және бір ұрғашы бір ұрғашыны мазақ қылмасын. Кім біледі ол ұрғашы өзінен жақсы шығар» деген (Һажрат–16 п). Яғни Алла қасында мазақ қылушыдан мазақ болушылар жақсы болып жүрмесін. Және бір аят: «Өздеріңізді өзіңіз қорлап, мінездемеңіз және жаман ат қойып лақап қылып шақырмаңыз ит, доңыз, кәпір дегендей. Иманды болған кісіге ол тіпті жаман атақ. Егер де осындайлардан біреу тәубе қылмай өлсе олар нағыз залым» деген (Һажрат–16 п). Және бір аят: «Біріңізді-біріңіз тінтіп ғайып қарамаңыз. Ғайбат қылмаңыздар, жақсы көресіңдер ме? Өлген туысқандарының етін жегенді бұл сондай күнә» деген (Һажрат–16 п). Және бір аятта айтқан: «Жүрмеңіздер жер бетінде тәккаппарланып, өйткенімен жерді жарып жібере алмассың, һәм кекірейгенмен таудан ұзын, зор бола алмассың» деген (Һажрат – 16 п). Және бір аят: «Жәрдемші болмаңыздар ешқашан күнә менен дұшпандық, залымдыққа» деген.

     Енді жоғарғыдағы аяттардан байқаған шығарсыз барша жаман міңездерден тыйылуға міндетті екенімізді және ақылға да лайығы жоқ. Себебі осы айтылған істердің бірде-бірін өзіңізге өзге біреу қылса жақсы көрмейсіз. Бұлардан басқа да жаманшылық істер толып жатыр. Мысалы, біреу малыңызды ұрлап, тартып алса жақсы көрмейсіз. Біреу бір ұрғашыңызға барса жақсы көрмейсіз. Сондай өзіңіз жек көретін нәрсенің ешбірін өзгеге қылмаңыз, Алланың тыйғанынан тыйылған ақылдың ұнағанын қылған боласыз және өзіңе біреу тәкаппарлық қылса қалай көресіз. Алдаса қалай, немесе біреу арақ ішіп ақылынан адасып аузына келгенін сөйлеп саңдалып жүрсе, оны қалай көресіз. Біреу ысырап қылып малын шашып жүрсе немесе сараң болып бишараға қараспаса жақсы көресіз бе? Ойлаңыз, өзіме біреу сөйтсе қайтар едім деп ойлау керек. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «Өзің не нәрсені жақсы көрсең, өзгелерге де соны қыл» деген.

Адам жақсы мінезді болмақ

     Адам жақсы мінезді болуға тырысу керек. Әуелі ынсапты болу керек. Ынсап деген әр іске аспай кеш қылмай орташа болмақ. Әділет деген де осыдан шығады. Әр істің орнын тауып істемек те осыдан шығады. Аятта: «Алла тағала әділдік қылғандарды сүйеді» өл деген (мәдже). Және аятта: «Қашан да болса әділ сөйлеңіз, егер жақыныңыз үшін болса да, яғни жақындыққа қарамай» деген (Әнғам – 8 п). Және бір аятта: «Садақа қайыр қылуға қолыңды мойныңа байлаулы сықылды да қылма және біржолата алақаныңды ашып та жіберме. Өйтсең малыңнан айырылып табаланып, қайғыланып отырасың да қаласың»  деген. Және аятта: «Өлшеусіз ысырап қылған кісілер шайтанның туысқаны. Шайтан Алла тағалаға кәпір болған» деген (Ісра – 15 п). Пайғамбармыздың бір хадисінде «Кім артық аспай, кеш қалмай орташа болып жүргендерден» деген. Енді рахымды болмақ туралы аят: «Кешірімді болыңыз, жақсы жолға бұйырыңыз, жуан бұзықтардан аулақ болыңыз» деген. Және аят: «Кімде-кім ісім құдай үшін деп мұқтаждарға қарыз берсе Алла тағала ондай екі есе беріп ол үшін үлкен зор сауап берер» деген (Ағраф – 4 п). Және бір жоғарғыда айтылған хадис: «Өзің нені жақсы көрсең, өзгеге соны қыл» деген. Және бір хадис: «Кешірімді болыңыз, сізге де кешірімді болар Алла тағала» деген. Және бір аят: «Бұзбаңыз садақаңызды міндет қылып, яки ренжітіп берген садақадан артық» деген. Және бір пайғамбарымыздың хадисі «Үш түрлі іс қылғанның Алла тағала нысабын жеңіл қылып пейішке кіргізеді. Бірі сені біреу құр қойса да сен оны құр қойма. Бірі біреу саған залымдық қылса да, сен оған кел» деген. Пайғамбарымыз айтқан: «Барша мақұлық Алла тағаланың мақұлығы, оның ішінде Алла тағалаға сүйіктісі мақұлықтарына пайдасы тигені» деген. Және бір хадис: «Халықтың жүретұғын жолындағы бір тікенді алып тастаған кісінің Алла тағала бұрынғы соңғы күнәсін кешіреді» деген. Және бір хадис: «Адал уәдесін бұзбаған — иманның белгісі» деген. Және хадис: «Сіздер адамдарды малмен өзіңізге қаратып ала алмассыз, бірақ жылы жүз жақсы мінезбенен қаратып аласыз» деген және аятта: «Ешқашан жақсылық пен жамандық бірдей емес, кетіріңіздер жамандықты жақсылықпен, яғни жамандыққа жақсылық қыл, сонда дұшпаныңыз достық болып дәл жанқияр досыңдай болар» деген (Фасят – 24 п) Және Алла тағала пендесіне сабырлы болашақты бұйырған. Аятта: «Анығында Алла тағала сабыр қылушыларменен» деген (Анфал–10 п). Және бір аятта: «Егер сіз жүз сабырлы кісі болсаңыз екі жүз сабырсыз кісіні жеңесіз. Егерде мың кісі сабырлы болсаңыз, сабырсыз екі мың кісіні жеңесіз. Алла тағаланың рұқсатымен Алла тағала сабырлылармен» деген (Анфал – 10 п) Және Алла тағала пендеге пендеден қорықпа деп бұйырған. Онда тіпті Алла тағаланы ұмытқан болып кетеді. Аятта айтқан: «Ол залымдардан қорықпаныз, менің қаһарымнан қорқыңыз, сонда сендерге толық нығмет беремін һәм тура жолды табасыз» деген (Анфал – 2 п). Және Алла тағала біреуге біреу орынсыз зиян келтірсе, өзіндей ғана іс қылуға рұқсат қылған, олай болса да сабыр қылып кешкеніңіз көп сауап болар деп айтқан аятта: «Біреу сендерді қинап ренжітсе, дәл сондай орайын алуға рұқсат бар. Егер де кешіп сабыр қылсаңыз» деген (Анфал–14 п).

       Енді жоғарғы аят хадистерден байқаған шығарсыз, ынсапты, рахымды болмақ сабырлы болашақтың көп сауап екенін, ынсап, рахым, әдеп болмаса адамның өзге хайуаннан артықтығы болмас еді. Әдепті болмақ туралы: «Ал адай нас алқын». Мағынасы «Әдеп діннің жартысы» деген. Әдеп ұяттың өлшемі болса Пайғамбарымыз «Кімнің ұяты жоқ болса, соның иманы жоқ» деп өсиет еткен. Сабырлылық әр нәрсенің, істің немесе сөздің алды мен артын болжап және әрбір харекеттің ішкі сырын анық түсіне білгенде, соған байланысты әрекет етсе даналық болып аталады.

Әрбір адам ізгі істі істеуге ұмтылмақ

     Адамның бәріне де адал кәсіп қылып өзі һәм қатын-балалары біреуден тіленбестей тамағын, киімін, көлігін таппақ парыз. Сол себептен пайғамбарымыз айтқан: «Адал кәсіп қылмақ барша мұсылманға парыз, міндет деп және Алла тағала Құранда айтқан: «Ей, мұсылмандар, пайдаланыңыз берген адал ырзығымнан» деген. Және бір хадисте: «Жеңіз, ішіңіз, садақа қылыңыз, бірақ тәкаппарланып сәнденбеңіз» деген. Және аятта: «Ей мұсылмандар, пайдаланыңыз, яғни напақаландырыңыз адал кәсіп қылып тапқандарыңыздан» деген. Және бір хадис: «Кімде-кім адал ырзық іздеп шаршап келіп жатса күнәсі кешіліп көзі ұйқыға барар» деген. Және бір хадис: «Сіздердің ең жақсыларыңыз ахырет пен дүние үшін тастамай және дүниесін де тастамай екеуін де тең алып жүргендер һәм өзгелердің мойнына жүк болмай өзі мал тапқандар» деген. Және бір хадис: «Ғылымды Қытай жұртынан болса да ізде» деген. Бұл айтқаны Ғибадат ғылымы емес, дүниелік үшін керекті ғылымдар, ол үшін пайғамбарымыз Қытай жұртының Мажуси дінсіз халық екенін біледі. Ол ғылым дегені — өнер дегені ахирет ғылымы үшін айтқаны міне, бір хадис: «Ғылымның қадыры, пайдасы маған ғибадат нәфілден артық көрінеді. Діннің ең жақсысы тақуалық, яғни сақтану деген сөз. Тақуалық ғылымды түгел білмектен табылады. Сол себептен нәфіл ғибадаттан ғылым артық» деген. Бірақ ғылымды іздегенде де, аса байлық мал іздегенде мақсатын мақтанбақ, яки біреуден біреуді зор қылмақ болса дұрыс болмайды. Ондайға мақсатың әуелі өзіңді күнә менен кедейліктен құтқармақ, сонаң соң өзге жаққа ғылымның яки малының пайдасы тигізбек болсын. Пайғамбарымыз: «Дүние – ахиреттің егіні, мұнда не салсаң, онда соны орасың» деген ой. Не тапсаң ахиретте пайдалы іске жұмсаңыз.

Пайда келтірмек, зияннан құтылмақ

     Адам тіршілікте екі нәрсеге міндетті: Алла тағаланың бұйырғаны да сол екі нәрсе. Оны кітапта «Пайда келтірмек зияннан құтылмақ» дейді. Осы екеуі екі дүниеге бірдей болып табылса адамшылықтың толық болғаны. Оның көбінесе табылмайтұғұны кейбірі дүниеге тынышты болса да ахиретке теріс болады. Кейбірісі ахиретке дұрыс болса да дүниелікке теріс келеді. Соның мәнісің тауып, екеуінің бірдей зиянсызын тауып істеп жүру керек. Ол үшін дүние қазір тез өтеді, ахиретте пейішке кірсе де, тозақта қалса да біржолата қалғаны. Тіпті өлім де жоқ. Жоғалу да жоқ. Сол себептен дүниедегі бір күнгідей ғана рахат, яки құмарлық яки мақтан үшін құтылмас қақпанға түсуден құдай тағала барша мұсылмандарды сақтасын. Аятта: «Өздеріңізді-өздеріңіз күнә боларлық іске салмаңыз»  деген. Кімде-кім басына келген бәледен қашып құтылуға шамасы келгенше қам қылмай өлсе, осы аятқа қарсылық болады. Және дүние үшін қызығып біле тұра ахирет азабына жолықса да, бұл бір емес көп аятқа қарсылық емес пе? Және пайда келтіру үшін адал кәсіп қылмай құдай өзі береді деп жатпақ күпірлік болады. Егерде біреу сөйтіп жатып не аштан, не суықтан, не ыстықтан дегендей кемдікке ұшыраса аятқа қарсы болып қатты күнә болады. Сол себептен біздің қазақта мақал болып жүрген: «Алла тағала сақтансаң сақтаймын» дейді.

     Енді бұл жалпы манфағаттық мәзірет, яғни пайда келтіру үшін зияннан құтылады, әуелі өз басыңа онан ғылымың өнерің асса, одан маңайына, онан да асса барша халыққа қыласың. Шамаң келсе тамам, жаңға пайдалы іс қылып, және тамам жанды залалдан құтқарарлық іс қыласың, яки өнер шығарасың. Аятта: «Артқа қалып көпке пайдасы тиетұғын жақсы істерді қылмақ. Алла тағала қасында ең жақсы сауап, ең үміт сол»-деген сол (кәф-15п) және бұл тұста таза жүрмектікті қатты ескеру керек. Себебі таза жүрмеген кісі әр түрлі бәле-науқасқа кез болады. Және Алла тағалаға ғибадат қылып тілекті тілеп жүре алмайды. Бойы таза болмаған соң тілегі қабыл бола алмайды. Сол үшін пайғамбарымыз айтқан «біреу төсекте жатқанда қолында тамақ иісімен қолын жумай жатып бір бәлеге ұшыраса оны өзінен басқа ешкімнен көрмесін» деген. Және бір хадисінде: «Алла тағала көркем көркемдікті ұнатады. Таза Алла тағала тазалықты ұнатады. Көше қораларыңызды таза қылыңыз. Жаһиттерге ұқсап кір-кір болмаңыз» деген. Енді өзіңіз де ойлаңыз, таза болғаныңызды ақылыңыз қабыл көре ме? Сіздің маңайыңызға сап-сасық, үсті басы кір біреу келсе сонан жиіркенбейсіз бе? Жаман иіс-қоныстан кісі ауырып та қалмай ма? Және камеманфуғат мазіреттен біз түгіл даладағы аңның да хабары бар ғой. Мысалы суырдың іні қыс болғанда кіріп жату үшін жаздың күні қашып кіру үшін өрмекшінің торы шыбынды ұстап жеу үшін осындайлар жетерлік. Біз хайуаннан артықпыз деп мақтанғанда онымыз рас боларлық іс қылсақ жарайды ғой. Аятта: «Білгендер білмегендермен бірдей дейсіңдер ме? Әлбетте бірдей емес» делінген (Алзамур). Жоғарыда адам өзін танымақ деп айтылған аят: «Олар төрт аяқты мал сықылды бәлкім онан да жаман меңіреулер»-деген (ағрип-9п). Солай болғанымыз жарай ма? Әр істі істеуге мойыны жар бермейтін еріншектік ол адамды хайуаннан төмен меңіреу қылады. Орынсыз іске қызықтырып ұятсыз, қанағатсыз қылатын нәпсі, ол адамды хайуаннан ұятсыз, ынсапсыз қылып жібереді. Себебі адам құмарланған нәрсесін қоя алмайды. Хайуан бір мезгіл сабыр қылып өзі жемей тапқанын балаларына яғни ұябасарына алып келеді. Құстар кешке табылған бір кішкене нәрсеге қанағат қылып артық тамақ үшін аяғын шайнайтын аңға соқтықпай-ақ Құдайдан күтіп қонақтайды. Біздің адамзат ертеңі түгіл өмірі жетер-жетпесін білмейтін жылдарға шейін болсын деп мал, дүние жиямыз деп әлдене бәлеге ұшырайтыны ақылдылық па? Малды қанша болса да адалдап жиып, халық пайдасына ұстамақ қана жақсы. Бірақ құр көз тоймаған жаман іс…
х
Тәуба қылмақ, күнәдан тиылмақ.

     Ей достар, Пайғамбар, әулиелер болмаса пенденің күнәдан тазасы кем шығар. Сол себептен тәубаны білу керек. Нәжіс нәрсені сумен жуған сияқты. Күнәні тәубамен жумаса болмайды. Адамда үш түрлі тәуба болады. Оның бірі – шын тәуба. Ол мынау: бір адам нәпсісіне еріп бір күнәні қылды да, артынан ықыласымен қатты кейіп, өкініп, енді қайтып ондайды қылмаспын деп біржола тәуба қылады да, ол күнәні қайтып қылмайды. Мұны молдалар «тәуа насу» дейді. Аятта: «Ей мұсылмандар, Құдай тағалаға тәуба қылыңдар, қылмыс күнәларыңнан тәуба насух тәубамен» деген (Таһрим – 28 п). Екінші бір тәуба бір адам нәпсісіне еріп бір күнәні қылады да ішінен қатты кейиді, неге қылдым деп, әй, енді гәрі қылмаспын-ау десе де анық уәде қыла алмайды, нәпсісіне сене алмайды. Бірақ Алла тағалаға сол күнәдан тия көр деп жалынады да, кейиді де және қылып жібереді. Бұл тәубе бастапқы тәубедей емес, өйтсе де азаптан қатты қорқады. Рахметінен үміті бар. Алла тағаланың аятында: «Рахметімнен күдер үзбеңдер» (Әлламир – 21п) дегеніне қарағанда бұл да тәуба болуға мүмкін. Енді үшінші тәуба бар. Ол мынау: Біреу бір күнәні қылады да артынан тәуба қыла салып, онан соң және қылып оған және қылдым ғой, керегі не бірталай жандар осылай қылып жүр ғой деп көпті мысал қылып салақтау жүреді. Жоғарыдағы аятқа қарағанда Алла тағала қай күнәні кешемін десе де кешеді. Өйтсе де бұл соңғы тәубаны сенімді тәуба деп айтуға болмайды. Бірақ Алла тағаланың рахметі мол екені рас. Аятта: «Алла тағала өзіне мархабат қылуды ләзім қылды» деген (Рағыд – 13п) және бір аят: «Алла тағала не нәрсені жоғалтқысы келсе жоғалтар, не нәрсені биіктеткісі келсе биік етер» деген (Әлинса – 5п). Күнә яки қай сауапты да жоғалтамын десе жоғалтар, бекітемін десе бекітер лаухалмахфузда және бір аятта: «Кешпейді Алла тағала өзіне серік келтіргенді, онан басқа күнәнің бәрін де кешкісі келген пендесін кешеді» деген (Әнғам – 8п). Бірақ, осыған да тәуба себеп. Алла тағала дүниеде себепсіз нәрсе жаратқан жоқ. Пендесіне рахым қылмақ үшін ғибадат, дұға, тәуба бұйырған. Болмаса ол ғибадаттан Аллаға пайда жоқ. Қылмасаң Аллаға зиян жоқ.

      Әлбетте Алла тағала пендесіне рахымды аятта айтқан: «Алла тағала пендесінің бір жақсылығына он есе сауап береді. Егер жаманшылық күнә қылса өзіңдей ғана жаза тарттырады, онан арттырмайды» деген. Және бір аят: «Ол Алла тағала құлдарының тәубасын қабыл қылады, күнәларын кешіреді. Һәм не қылғандарыңыздың бәрін біледі» деген (Шура – 25п). Жоғарғыдағы аяттағы сөзден байқадыңыз, Алла тағала пендесіне бек рахымды екенін. Олай болса шама келгенше күнәдан сақтанып жүру керек. Егер де нәпсіні жеңе алмай күнә қылып жіберсе де, зинһар, тез тәуба қылу керек. Ақырында дүниелік мал жиған күнә емес. Адалдан жимақ парыз, бірақ Алла тағаланың қаһарын ескермей жүре берген соң қатты күнә. Сол себептен Сопы Аллаяр хазірет айтқан: «Дүниеге алданған құдай тағаланы ұмытпақ, қатын, мал, ақша, бала емес» деген.

     Мұсылман адамының қылатын істерінің бәрі сегіз түрлі болады. Оның төртеуі Шариғаттың қыл деп бұйырған нәрселері. Оны парыз, уәжіп, сүндет, мустағип дейді. Енді қалған төртеуі шариғаттың қылма деп тыйған нәрселер һәм қыл деп бұйырмаған нәрсесі оны: мұбах, харам (арам), мәкрух, мафсау дейді. Енді осылардың мәнісін әбден ұғып алу керек.
Парыз  Алла тағала Құранда біржолата осыны қыл деп анықтап бұйырған нәрселер: иман, намаз, ораза, зекет һәм қаж секілділер. Бұл парызға нанбай парыз емес деген кісі кәпір болады. Құранға нанбағаны үшін парызды біле тұра қылмаған кісі дозақта азап тартады. Тиянақты болса және парызды қылған кісі көп сауап алады. Уәжіп Құранның кейбір аятының мағынасына, қисынына қарап бұрынғы әулие машайықтар осы парыз болса керек деген нәрселер және пайғамбарымыз ғұмырында істеп қана қоймай, қылыңдар деп бұйырған нәрселері, мысалы құрбан шалған сықылдылар, мұны уәжіп емес деген кісілер кәпір болмайды. Бірақ біле тұра орындамай қойған кісі дозақта азап тартады. Қылған кісі көп сауап алады. Сүннәт пайғамбарымыздың әрдайым қылып жүрген ғұмырында бір, яки екі мәрте ғана қылдырған нәрселері. Азан айтқан сықылдылар. Бұл сүннәтті біле тұрып пайғамбарымыздың сүнәттарын қылу сүннәт емес дегендер кәпір болады пайғамбарымызға нанбағаны үшін. Егер де әдейі орындамай қойса, күнәһар болады, қылса көп сауап алады.
Мустахип деген пайғамбарымыздың кейде істеп, кейде істемей қалдырған нәрселері. Нәпіл намаз намаз оқылған сықылдылар. Оны қылмаған кісі күнәһар емес, қылған кісі сауап алады. Біреуге көрсету үшін, мақтан үшін болмаса, енді шариғаттың қыл демеген ісінің бірі мүбах деген. Мұны қылса да, қылмаса да пенде ерікті. Қылғанына сауап та жоқ, обал да жоқ, қылмағанына да солай. Бұл мүбах аң аулаған сықылды бәс салмай ат жарысқан сықылдылар. Бірақ мүбахты істеймін деп жүріп парыз, уәжіп ғибадаты қалса, онда күнәһар болады. Шариғаттың қылма дегенінің бәрі – арам. Ол Құранда біржолата осыны қылма деп анықтап айтылған нәрселер: арақ, өлексе, бауыздау, қан, арам хайуандар сықылдылар және ұрлық, зорлық, ойнас, өтірік сықылды, пара алған, өсім алған кезден яки таразыдан жеген, алдап алған сықылдылар, ондай анық арамды адал деген кісі кәпір болады. Құранға нанбаған кісі дозақта жаза тартады. Қылмай шариғат жолынан шықпаған кісі көп сауап алады.
Мәкрух  деген жоғарғы уәжіп сықылды. Құранның бір аятында мағынасына қарап бұрынғы ғалым машайықтар осы арам болса керек деп көбірегі айтқан нәрселер, ондайды мәкруе емес деген кісі кәпір болмайды, ғұзырсыз кісі дозақта жаза тартады, қылмаған кісі сауап алады.
Мәфсад деген ғибадаттың біреуін бұзатұғын нәрсе. Мысалы, оразада тамақ жеген, намазда сөйлеген сықылды нәрселер. Оны әдейі қылса сол ғибадаты бұзылып өзі күнәһар болады. Жаңылып істеп жіберсе жаза жоқ. Бірақ сол ғибадатты қайта істейді. Мысалы, намаз болса қайта оқиды. Ораза болса, күніне күн төлейді. Өйтсе де осы мафсадтан қатты сақтану керек. Бұл ескермеген салақтықпен көбейіп кетіп ғибадатты бұза береді. Сындырып алып жамай берген нәрсе жақсы бола ма? Зор күнә болып табылады. Салақ болмай сақтанып жүргенде шыққан қатаңызды Адам ғалейсаламнан бері қарай соңымыздан қалмай келе жатқан шайтанның алдауына ермеудің қамын қылсақ екен.

Әдет діннің жартысы- хайуаннан тағлым

«Піл мен маймыл»

     Пілдің бар жақсы көретұғын жемісін піл жүретұғын жерге шашып шұбатып соқпаққа шашып, оны тереңдеп барып тұйық жер қылып қойса, піл жемісті тере-тере тұйыққа қамалады. Сонда артын бекітіп қойып біреу ұрған болып, біреу арашалап алып әлгі жемісті беріп, үйір қылып алып көп жүк артып және ойнатып жетелеп жүреді.
Маймыл адам не қылса, соны қылуға құмар. Оны біліп тұрушылар маймылға көрсетіп торға орап, шырлап тұрып торды тастап кетсе маймыл да келіп оралып жатқанда келіп ұстап алып үйретіп неше түрлі ойын қылғызады. Енді бұл екеуі бірі нәпсісі үшін, тамақ үшін құл болды. Бірі не көрсе соған құмар боламын деп құл болды. Шайтан да бізді сөйтіп алдап дәндетіп үйір қылады. Күні бұрын сонан сақтану керек. Піл артына қарай шегіне білмегеннен ұсталды. Біз шегіне білеміз ғой. Шегініп қаралық. Маймыл құмарлығын қоя алмады, ұсталды. Бізде сабыр бар ғой, Аллаға сыйынып алдатпай әдет қылған күнәні қалдырып көрелік.

     Өткен бір заманда Мекке, Мәдинеге Құжаж деген адам патша болған. Елге мейірімсіз, қатты жүректілігінен Құжаж залым атанған. Сол Бағдат шаһарінде дұғасы қабыл болатын бір әулие бар деп естіп, соған барып; «Маған бір жақсы бата беріңіз!»,-десе, әулие: «Қолыңды жәй да, я құдай, осы кісінің батасын қабыл қыла көр деп тіле»,-депті. Құжаж әулиенің айтқанын айтып қолын жайса, әулие; «А құдай! Мына Құжаждың жанын ал!» депті. Құжаж; «Мұның қалай?» — деп ашуланса, әулие айтыпты; «Шырағым, бұл екі жаққа бірдей пайдалы бата. Сен өлсең, зұлымдық қылудан тыйыласың. Ел сенің зұлымдығыңнан құтылады. Алғашқы туыс – бір туыс, әдет екінші туыс. Алғашқы туысыңнан түзелуге болады. Әдетті тастап түзелу – сендей жуанның қолынан келуі қиын іс, бірақ шырағым, мен саған бір әңгіме айтайын, соны ұғып алсаң, сен де түзелер едің»,- депті де айтыпты; «Бұрынғы заманда әлі жеткенге күшпен, әлі жетпегенге айламен зорлық қылып, ел қақсатқан бір залым ұйқтап жатса, қасынан өтіп бара жатқан үш адамның бірі; «Мына залым кешке дейін оянбаса, талай момын зұлымдығынан аман болар еді»,- депті. Онда тағы біреуі; -«Тіпті, ертең де оянбаса игі еді»,- дегенде, қалған біреуі;-«Шынында, мұның осы ұйқыдан оянбай өлгені артық, сөйтсе тамам адам зұлымдығынан құтылар еді»-депті. Әлгі залым ұйқылы ояу жатып, сөздің бәрін естіпті де, өзінен-өзі «Үш кісі қауым деуші еді. Мынаның бәрі менен безер болды. Ойлап қарасам, тамам адам баласы бір бауыр, бір дене сияқты, әр адам сол дененің бір мүшесі, бір мүше аурулы, зиянды болса, тамам денені тынышсыздандырады. Мен аурулы мүше екенмін де, тамам адамды тынышсыздандырған екенмін. Мен не бұл адамдардың ортасынан кетуім керек, не болмаса баршаға жанға тынышсыз болатын залымдықты қоюым керек ғой»,- деп, бұрынғы мінезін тастап, түзеліп кетіпті. Шырағым! Мен керемет әулие емеспін. Әулиелік деген түзу жолмен жүріп, түзу ақыл айту болады. Менің саған соңғы берген батам — осы әңгімем. Мұны қабыл көрсең, сен де түзелерсің», -депті.
Насихатты тыңдаған адамның құлағында қырағы көзі болса, жүрегінде әділ тезі болса, сәті келген дәрідей ем болып, жаман мінезді жазады. Егер ондай болмай, құры ғана қуыс құлақпен тыңдаса, құмға сіңген сумен бір есеп болып, жалғыз тал жасыл шөп шықпайды. Қазақтағы тағы бір ауру атеизм ауруы. Сол аурудан жазыла алмай жүргендер үшін тарихын зерделеп салыстырып көрейік.

 

Өмір әр адамға Алланың берген сыйы екен. Бірақ денсаулықты сақтауды өзімізге міндеттеген. Егер оны күтпесек, кеселімізді мезгілінде емдетпесек, ертеңгі күні жаратушы ие алдында жауап береді екенбіз. “Ей Алланың құлдары, ауруларыңды емдетіңіз. Алла тағала дауасыз ешбір науқас жаратқан жоқ, жалғыз кәрілік пен ажалдан басқа” депті Мұхаммет пайғамбарымыз. Өзі де кезінде көзін сақтау үшін сүрме жағып, қан алдырып, дәрі-дәрмек ішіп жүрген. Іші жүрмегенде бал ішіп, ішіңді өткіз дейді екен.

Бір жолы басы ауырып, маза бермепті. Қала шетінде жалғыз басты емші кемпір бар екен. Соған көрінуге періште кеңес берген. Пайғамбар барғысы келмепті. Басы одан сайын қатты ауырыпты. Ақыры барған. Сонда кемпір тұрып: “Ей Рассула, келдіңіз бе? Алланың сіздің үстіңізден бізге бұйыртқан нәпақасы бар еді” депті.

Рухтың бар екендігіне дүние жүзі халықтарының көзін жеткізген сәуегей әйел, болгарлық Вангелия Пандеваның іс-әрекеті жұртқа мәлім. Ол туралы жер шарының көптеген, миллиондаған адамы біледі, газет-журнал беттерінде жарияланды, кітаптар шықты. Ол жарты ғасыр бойы өзінің сәуегейлік таланты мен адамзат баласы үшін игі қызмет атқарып келді. Болгар ғалымы, психоневрология маманы Лозоновтың зерттеуі Ванганың 1700 болжамының 70% астамы шындық болғанын көрсетті.

      Жалпы саясат туралы сөз болса, тек ел басқару деп щындығына, яғни сөз астарына тарихқа жүгінсек, саясат өте кең ұғымды қамтиды. Жеке от басының белгілі бір мүддесі ол да саясат. Себебі белгілі бір нәтижеге жету үшін белгілі мақсат жоспар алдын-ала жасалатын болса сол жоспарға байланысты өмір сүру ерекшелігін қалыптастырып бейімделіп өмір сүру саясат болып шығады. Енді әрбір ұлттың, елдің және мемлекеттердің өзіне тән саясаты болып соған байланысты бір-бірімен дау-дамайға түсіп немесе жақсылыққа жарысып жатады. Сондықтан заман өзгерісіне, табиғат құбылысына байланысты саясатты үнемі бейімдеп отыру шарт, болмаса тіршілік ету мәнісі жоғала бастайды. Енді осы үлкенді-кішілі саясаттар түп негізінде Алла тағала тарапынан түскен саясатқа тәуелді түрде өзгеріске ұшырап отыратыны жалпы көпшілікке беймәлім немесе ертегі болып көрінеді. Жалпы адамзат баласынан ұзақ өмір сүретін және өткен өмірден хабар беріп тарих кешенін жалғастыратын кітап, яғни кітапхана. Ал болашақты болжау да керек емес пе? Тек өткенінен өнеге алып қана қоймай болашақты болжай білген халық қана жер бетінде тұрақтап қалуға тиісті. Ал қалған халық өзгерістерге ұшырап бірімен-бірі қосылып немесе жер бетінен тұқымы жоғалып отырады. Осы өзгерістер алдын-ала құпия түрде жоспарланып кітап түрінде түсіріліп отырады. Адам баласына тек сол құпияны өз кезегінде шешіп отыру шарт. Сол кезектің уақыттың белгісі тіл болып табылады. Ал тілді дамытатын дыбыс.

     Дыбыс үндестік тек ғылымды және тілді кең көлемде меңгеру арқылы дамиды. Сондықтанда жаратушымыздың дін саясатынсыз адамзаттың өздігінен дамуы мүмкін емес. Қазақ елінің соншама нәубеттерді бастан кешіп, ақырында орысқа бодан болу осы саясаттың бір көрінісі. Егер де осындай сынақтар болмаса, үнемі соғыстар болмаса, өмір үшін күресте шыңдалып, өз бағытымызды таңдап ұлттық саясатымызды жүргізе алмағанда, бүл кезде отаны жоқ, туы жоқ елдер сапынан табылар ма едік, болмаса жер бетінен тоз-тоз болып жоғалып кетуіміз де мүмкін еді. Өткенің мен бүгінің шындық болып табылса, қалай және қайда бара жатқанымызды, яғни ақиқатты қалай анықтаймыз? Ол үшін жинаған қазынамыз білімімізді, яғни ғылыммен жаратушы тарапынан түсірілген қасиетті кітапты қайта талдау жасап, електен өткізетін кез келді. Құранға жүгінсек тура жол біреу болып, бірақ сол тура жолдың жеті даму кезеңі бар. «Сендерге үстеріңде жеті жол жараттым, тура жүрулерің үшін» деп ескерткен. Әрине бұл жер бетіндегі жол емес, себебі жер бетінде түзу тура темір жол да салу мүмкін емес. Осы жолдардың түсі ақ болып қазіргі таңда «Ақ жол» деп атап жүргеніміз сондықтан. Ал партиядағы «ақ жол» деп атап жүргендер «ит жоқта шошқа үрер» немесе «жаман иттің атын бөрібасар деп атар» деген аталарымыз кейігенде. Құдаймен жағаласып не опа табамын деп жүргенін кім білсін сондай елшілдердің, әрбір сөздің де сұрауы бар қашанда. Сол партияның арасынан болашағынан үміті бар, жанұясына сынақ келмей тұрғанда болашақ жастарымыздың, ұрпағымыздың алдында қызармай, дұшпанға күлкі болмай тұрғанда мүмкін бас тартар. Болмаса азып-тозып сынаққа түсері даусыз.

      Ақ-тың сандық, жарықтық, сызықтық мәні бар, ол ғылымда әзірше өлшенбейді. Сол құпия ақтың саны жеті. Ақ жолға салып ағарту тек жалғыз жаратушымызға тән шаруа. Ағару деп ес жүйесінің қалыпқа келіп, тағдырда өзгерістер болып, соған байланысты жандағы жақсылық қасиеттік өзгерістерді айтады. Ол үшін тән тазалығынан бастап жан тазалығын қалыпқа келтіру ғылымын меңгеру керек. Діннің негізгі саясатының бірі адамзаттың есін қалыпты ұстау немесе дамытып қоршаған ортаға сәйкестендіріп отыру. Дін мемлекеттен бөлек десеңіз, бізге естің керегі жоқ, яғни жынды мемлекет боламыз деген ұғымды тудырады. Шынында дінді ұмытқан мемлекет жындылар тұратын елге айналғаны қашан, бірақ оны көру үшін ойлы көз керек, ондай биікке жету үшін тағы өзіңнің есің дұрыс болу керек. Естің дұрыстығы негізінен тәрбиеге байланысты болса, тәрбие ата-анаға, тілге байланысты және тарихтан терең нәр алумен ғана өседі. Естің немен қоректеніп қайда тұратынын және қалай өзгеріске ұшырап ауру және емдеу шараларын меңгеру қашаннан адамзатқа берілген толық шешімін таппаған, тек ғайып түрінде түсіндіріліп ғылымы ашылмаған жұмбақтың бірі. Оған дәлел ес ауысу дерті «шизофрения».

     Діннің де жоғарғы көрінісі осындай үлкенді-кішілі дерттерді қалыпқа келтірумен бағасын алу керек. Тура жол деп есті қалыпқа келтіру ғылымы болып шығады. Демек, бүкіл «Суфизм» немесе әртүрлі діни ағымдар болсын есті дамытуға қандай әсер береді сонымен бағалану керек. Әрине қазіргі таңда жаратушыны осылай танисың деп, отырсаң опақ түрегелсең сопақ, ананы айтпа, мынаны жасама деп естияр азаматтың өзін өмірден түңілдіріп, не ғылымға не білімге септігі жоқ қаралай есі шығып кеткен дін топтары қаптап кетті. Адамзаттың дамуына, ғылымға, білімге, есті дамытуға септігін тигізе алмаған қандайда бір дін ұстанымы қисық жол болып табылады да, Ібілістің салған ылаңы деп түсіну керек. Ес дыбысқа тәуелді өседі. Сол дыбыстың ем-шипа рахмет болып келетінін екінің бірі түсіне бермейді. Құран сол таңба түрінде берілген құпия дыбыстар жиынтығынан тұрса, екінші жағынан құпия сөз ғылымы. Адам баласына ең қиыны сол сөздер арап сөзінің ішіне жасырылып, оны тек таңбалардың дамуымен ғана есеп арқылы анықтап мағынасын түсінуді бұйырған.
Адам баласы өзі дыбыс үндестігін қалыптастырып сөзді дамытып отыру мүмкін емес. Оған дәлел баланы ешқашанда өз ықтияр қабілетінен тыс ақын немесе жазушы, ғалым жасау ата-ананың еркіне берілмеген. Сол сияқты жындыны, мылқауды дұрыс сөйлете алмайсың. Ғайып оқытушыны қалам деп атап уақимен беріліп отырады. Сол берілген дыбыс қорын Рұх деп атағанымыз абзал. Болашақта алдағы басылымдарда есеп жүйелерін шығарамыз. Әр нәрсенің екі немесе төртке дейін сипаты болу шартты үкім, тек жаратушы ғана жалғыз. Сондықтан пенделер арасындағы Рұхты толық меңгерген адам арқылы келесі біреуге жоба болып берілу тәсілін қазақта Бата деп атаймыз. «Менің пенделерім бата алған қауым, Олардың қайсысының яғни біріншісінің яки соңғысының жақсы екені беймәлім.». «Кімде-кім дүниеден қайтқан әкесінің батасын алғысы келсе, әкесінің достарымен қарым-қатынаста болсын.» (186-х 768-х) деп пайғамбарымыз өсиет етіп кетіпті. Ойланған пендеге Алланың досы тақуа, әулие болса, жақсы әкенің де досы қашанда сол әулиелер болмақ. Қазақ тек әулиелер батасымен ғана өсіп-өнген. Мұсылман қауымы ішінде бата алған қауым қазақ екендігі «Жаңбырменен жер, батаменен ел көгерер» деп өмір сүру ұранына айналдырған қазақтан өткен қауым жоқ десе де болар. Ал пайғамбарымыз менің пенделерім деп ескертуінде демек үлкен астарлы сыр бар. Қазақтың ат жалына жабысқан бозбаласы да ауылының ақсақалының батасын алу үшін ғана өз басын өлімге де тіге білген. Олай болса жақсы азамат болып елге пайдаңды тигізгіп естияр болғың келсе, сол әулиелерден бата алайық!

       «Бедәуилерден, Алла жолында бергенін зиян есебіне алатын кісілер бар. Сендерге жаман дәуірлер күтеді. Дәуірлердің жаманы өздеріңе болсын. Алла толық естуші, анық білуші». (Тәубе 97-98.)

     Құдіретті жаратушымыз бұл жерде араптардың бәрін бірдей емес, берген мол ризықты елді бүлдіру мақсатында пайдаланатын адамдар шығатынын жаман дәуірлер болады деп, осы замандағы лаңкестік, мұсылманның мұсылманды өлтіруі, т.б. сияқты келеңсіздік діннің әлсіреуін меңзеп отырған сияқты. Демек біздің араптардан алып жатқан діни тәлімдердің ішінде бүлдіргіштік зиянкестік белгілер бар. (Кісі — адам баласының Алла тарапынан ақпарат жеткізуші күзетшісі.)
Енді Алланың мына белгісіне зер салып қарасақ; «Біз жаратқан адамдардан туралыққа бастап, шындық арқылы әділетті атқаратын топ бар» (Ағраф сүресі 181- аят) Осы аят үкімімен бір елге, қауымға ерекше үлкен мұғжиза беретінін, ақиқатты сол топ ашып беретінін айтып отырғаны жайдан-жай емес. Бұған да сенбей қарсы шығып үлкен дау-дамай болатындығын ескерте отыра, сонан соң Алла /.Т./ тағы өз тарапынан дәлелдер жіберетіндігі мына белгісінен көруге болады.
«Олар егер Құран арқылы таулар жүргізіліп, жер бөлшектеніп және өліктер сөйлестірілсе де (сенбейді). Алайда барлық іс Аллаға тән. Мүміндер аңғармады ма? Алла қаласа еді? Адамдарды тұтас тура жолға салар еді. Қарсы болғандарға Алланың уәдесі келгенге дейін қылықтарының салдарынан үнемі соққы жетеді немесе жұрттарының маңына түседі. Алла серттен таймайды». (Рағыд сүресі -36) Барлық жер бетіндегі істердің Құран арқылы ғана болатынын, оған қарсы шығып өліктерге құлақ аспағандарға үнемі жаманшылықтар келетінін ескерте отырып, Жер бетінде сондай елдерге апаттар жіберетінін білдіреді. Және Жаратқанның мына белгісімен «Ақ жолдың» ақиқат бастауы екендігіне леп белгісін қоюға болады. «Алла қайшылыққа түскен нәрселерін анықтау, қарсы болғандардың өтірікші екенін білдіру үшін (өліктерді тірілтеді, сөйлетеді).» (Нахыл – 39).

     Әрине Құранды өзі аударып оқуға құмар дін танушыны бұл аяттармен сендіру қиын, себебі ол үшін ондаған ғасыр бұрын өткен бір тәпсірші ескерту керек, онда да арап болуы шарт. Қиямет мезгілі жақындағанда «Ғайса жерге түседі, Мәді жерден шығады» деген аяттың төркіні осы аяттардан алынған емес пе екен? Енді неге қазақта сөйлеу керек? Қандай да бір нәрсенің немесе құбылыстың ғылымын, негізін білмесе онда ақиқаты да анықталмайды. Ақиқат қашанда тарихтан бастау алады. «Нақты болуға тиісті, болып жатқан құбылыстар мен білім, ғылым арасындағы сәйкестік ақиқат» деп аталады. Онда ақиқат бастауын әуелі тарихтан алған білімнен нақтылықтан бастап іздеу керек.
«Өлместен бұрын өл» деген дана қазақ. Мың өліп мың тірілген сан ғасыр сынақтан өткен, сонда да Аллаға деген шүкірлігін, қанша тілі өліп, өзі мәңгүрттеніп кетсе де қазақша екі сөздің басын құрай алмай жүріп, қайтқан кісінің 7-сін 40-ын беру, марқұм болған әжесін не ата-бабаларын көрсе аруақтар дұға дәметіп жүр деп, тәңертең шелпек пісіріп молда шақырып құран оқытып, дұға бағыштайды. Қазақты ұйыстырып қазақтың бірлігін сақтайтын осындай дала дәстүрімізді халқымызға кім жасап берген, кім оларды қанымызға сіңірген. Бұл игі салт-дәстүрлердің пайда болуына себеп болған көңіл көзді көреген біреулер көсем болып тұрды ғой. Бір заманда Арап тілінде айтылатын күрделі дұғаларды бал татыған қазақ тіліне айналдырған Алланың сүйген құлы Ахмет Ясауи бабамызды бірде-бір мұсылман баласы айналып өтпейік. Әлі бабамыздың еңбегі толық жарық көріп зерттелген жоқ. Жарық көргенінің өзіне тісіміз бата алмай жатыр.

    Абай атамыздың данышпандық көзқарасымен жазып кеткен философиялық тұжырымдары ғылыми тұрғыда тәпсірленген жоқ. Шәкәрім атамыздың ғылыми шығармалары ешқандай тәпсірсіз, қазақ тілін ұғына білген қазаққа қойын кітабына айналдырса да болады. Мәшһүр Жүсіп Көпей ұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Бұхар Жырау, т.б. бабаларымыздың еңбегімен, батырлар жырымен ұрпақтарымыздың құлақтарының құрышын қандырып өсірсек.
Құран Кәрімді Алланың үкімін шаң-шаң қылып жоғарғыға іліп қоймай соны жарысып оқып тәпсірлесек, талқыласақ. Қазақ халқында не бір дарынды ғалымдарымыз, сөз бен ой тереңдігіне сүңгіп еркін малтып жүрген дана бауырларымыз жеткілікті. Құран Кәрімнің әрбір аятының сандық мәнін, ерекшелігін қазақ тілінің толық сөздік қорын құрастырып компьютер арқылы толық аударуға ақылымыз жететін сияқты. Ал жоғарыдағы «Пайғамбарды мойындамаған мұсылманның» (Ағраф – 34) деп аудардым деп жүрген шала «ғалым» ағаларымызға:

Дүмшенің елемесе де мың қатесін,
Ғалымның кешірмейді ел бір қатесін

деп ескерткенді жөн көріп «Тілдер арасындағы айырмашылықтың қандай болғанына қарамастан, біз үнемі тілде бейнеленген оймен (біліммен) бетпе-бет ұшырасамыз. Сондықтанда білім қалайда тілде көрінісін береді. Ал «Ақ жол ақ жол емес» деп онсыз да қайда барып, кімнен ақыл сұрарын білмей сонардан із кесіп жүрген бауыр қандастарымызды үркітіп жүрген «діни сауаттыларға»: «Жақсылық ізгі ниет, тек жаңалықты түсінген адамдардан ғана туындайды» деп Абай атамыздан хабар береміз де «Жетіспейтін айғақтардың жоқтығы, адамға деген ескі көзқарастарға күмән келтіретін жаңа ашылымдар адамның мәні мен табиғаты туралы әртүрлі ортақ тұжырым қағидалардан «араби жаһанданудан» өз ұлттық мәртебесін өзге ұлттың дәстүрімен шектеу ұлттың азғындауын тудыратынын ескерткеніміз жөн».

    «Кімде кім жақсы дүр, жаман дүр ғибадат қылып жүрсе, оны ғибадаттан тыюға ауызымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа қалған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен». Әрине бұған қосып аларым жоқ. Ал арамызда «Аллаға сенетін ешкімнің ала жібін аттап күнә жасап жатқаным жоқ, өмір сүріп жатырмын»  деп жүргендеріміз де бар араларымызда. «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш бар. Оның қуанышы: елде бір жаманды тауып, я бір адамның бұл өзі қылмаған жаманшылығы шықса қуанады. Айтады: «Құдай пәленшеден сақтасын, о да адаммын деп жүр ғой, оның қасында біз сәулелі кісінің бірі емеспіз бе, оған қарағанда мен таза кісі емеспін бе?»  деп, оған құдай тағала айтып па пәленшеден тәуір болсаң болады деп? Я білгендер айтып па, әйтеуір өзіңнен наданшылығы асқан, я жаманшылығы артылған кісі табылса, сен жаманға қосылмайсың деп? Жаманға салысып жақсы бола ма? Жақсыға салысып жақсы болады – дағы. Жүз ат бәйгеге қосылса, мен бәйге алдым деген сөз болса жарар, алдында неше ат бар деп сұрар, артында қалған ат нешеу деп сұрағаны не сөз? Мен бес аттан, он аттан ілгері едім дегеннің несі қуаныш?
Енді жұбанышы: «Жалғыз біз бе, елдің бәрі де сүйтіп-ақ жүр ғой, көппен көрген ұлы той, көппен бірге болсақ болады-дағы деген сөзді жұбаныш қылады. Оған құдай тағала айтып па, көптең қалмасаң болады деп, көпке қаһарым жүрмейді деп пе? Көпке тұзағым жетпейді деп пе? Ғылым көпке келіп пе? Біреуден тарап па? Даналық көптен тарай ма? Бірден тарай ма? Көпке қорлық жүрмей ме? Бір үйдің іші түгел ауырса жеңіл тие ме? Жоқ жарымы ауырып, жарымы сау болса жеңіл тие ме? Жер білмеген көп адасып жүрсе, бір жер білетұғын кісінің керегі жоқ па? Көп кісі жолаушының бәрінің аты арығаны жақсы ма? Жоқ жарымы арыса, жарымының күйлісі жақсы ма? Жұт келсе, елдің бәрінің түгел жұтағаны жақсы ма? Жарым-жартысы аман қалғаны жақсы ма? Осы көп ақымақтың бір ақымаққа несі жұбаныш? Тұқымымызбен аузымыз сасық болушы еді деген жаман күйеу қалыңдығын жеңіп пе? Көңілін сол сөзі разы қылуға жетіп пе? Ендеше, көбіңнен қалма, сен де аузыңды сасыта бер деп пе?!» (Абай, жиырма үшінші сөз). Бұдан артық жауап табылмайды түсінген адамға. Ал арамызда дүниені тәрк етіп «тақуа» болдым деп тек маған ұқсасаң Аллаға жақындайсың деп құранды емес дүдәмәл бір тәпсір кітаптарды негіз қылып өзіне шәкірт іздеп шауып жүрген, мешіттерге түнеп діннен халықты үркітіп жүргендерге Алланың белгісімен:
«Кім Аллаға, ақиқат күніне, періштелерге, кітаптарға (Құран, Тәурәт, Инжіл, Зәбур), пайғамбарларға иман келтірсе және жақындарына, жетімдерге, міскіндерге, жолда қалғандарға, қайыршыларға мал сарп қылса әрі намазды толық орындап зекет берсе, өзара байласқан уәдесін орындаушы, таршылықта, қиыншылықта сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі солар тақуалар». (Бақара 177-аят.) Өмір сүру заңдылығын толық меңгерген алды мен артын жалғастыра білген шындықты тапқан, айтқан адам баласын тақуа, яғни шыншыл деп атайды екен. Демек «тақуалық жолға» түстім деп айту шындықты таптым дегенмен бірдей. Ал шындық тек ғылымды зерделеп, қасиетті кітаптарды терең меңгеріп түсініп және парыз істерді мүлтіксіз орындау арқылы ғана нәтижесін береді. Ол үшін пайғамбарлар, елшілер қиссасы мен өмірден өткен ғұламалар өмір баянын салыстырып оқысаңыз жеткілікті. Сол мысалдарды алыстан іздемей-ақ, жалғасты түрде қазақ ғұламалары мен батырлар, әулие-әмбилер және дана болған аналар тарихынан кездестіруге болады.
Ал дүниені тәрк етіп я жұмыс жоқ, я ғылым жоқ, я семья жоқ деп жүргендерге Алланың мынандай белгісі бар:
«Ал рақбаниетті (дүниені тәрк ету) олар өздері шығарды. Оны оларға жазбадық. Бірақ, олар Алланың ризалығын іздеу үшін шығарды. Сонда да олар оны да шын мәнінде меңгере алмады. Олардың ішінен иманға келгендердің бодауын бердік. Дегенмен көпшілігі бұзақылар» (Хадид-27) Демек тақуа болдым деп дүниені тәрк етіп немесе сопылық жолдамын дегендердің ішінен санаулы имандарын толықтыра білгендерге (Ілім мен білімді қатар меңгеру) бодау (аруақ қону) яғни бір ерекше қасиет берілген болса, енді сондай «жолшылдар» өзі қиналып әрең жеткен ізге салып, қаншама халықты адастырып жатқандар деп біліңіз. Олар шын мәнінде меңгере алмады деп ескерткен. Онда шын мәнінде меңгергендердің артынан тарихта қаларлық кереметтер көрсете білген және ем-шипа жасап халыққа жол көрсете білген шәкірттері, ізбасар әулиелер шығу керек емес пе? Және қандайда бір топтың ұстазының Құранды толық меңгеріп артында жазған кітабы қалу керек. Қанша уақыт өткенмен мәнін де, сөзін де жоймауы шарт. Тура жолдың негізгі белгісі ұстаздан қашанда шәкірт озу керек. Қандай да бір ғұлама болсын шәкіртін өзінен оздыра алмаса, онда ол Алла тағаланың ризалығына бөлене алмайды және тура жолды таба алмаған болып есептеледі.

    Ерекше хикметтер көрсетумен ғана тура жол дәлелі болып табылып және тура жолдың басты шарты; Есті қалыптастырып, сана өсіп, адам баласының ғайыппен тілдесу мүмкіндігі артып, ғылым-білімді дамыту шарт. Сондықтан қандай бір дін ұстанымы болсын сол жолмен жүрген, сол топтан шыққан ғалымдарымен ғана қадірлі, биік дәрежесі белгісі болып танылмақ. Тарихқа жүгінсек негізінен түркі әлемі Ясауи жолымен дамыған да содан шыққан «Нақшпанди» .т.б сияқтылар уақыт өте, әрі қарай дамытпақ ниеттен адасқан. Енді әрбір айтылған сөздің жауабы да сұрауы да бар, сондықтан төрелікті тек Құран аяттары арқылы ғылыммен айқындап шындығын іздеп көрейік.

       Жалпы ұлттарды бірінен-бірін ерекшелеп айқындап тұратын екі басты белгісі болу шарт. Бірінші – тілі болса, екінші – салты, яғни әдеті болады. Ал әдет діннің жартысы деген даналық сөз қалыптасқан шығыста. Қалған жартысы «САН+А» болып табылады. Адамзаттың сана-сезімі өзі өмір сүрген ортаға, ұлттық ерекшелігі тілге және тәрбиеге тәуелді. Қазіргі таңдағы басты айтыла-айтыла жауыр болған тақырыптың бірі халықтың сана-сезімін ояту керек деп, әйтеуір оның жолы білім екен деп жер жүзінің білімін балаларымызға ұқтыруға тырысып жатырмыз. «Балаға бірінші тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауына айналады.» деп Әл-Фараби бабамыз неге ескертті екен? Неге бай мемлекеттер ақша бөліп білім беріп сатып ала алмай жатыр? Әлде саналы болғысы келмей ме? Сана-сезім қалыпты болмаса бақыттың парқын түсіну мүмкін бе? Дінде иман деген ұғым сол сананың қалыптасу шамасын белгілейтін шама деп ұққан абзал болар. Енді иманы толық деген пенделерге Құран есептерінен аздаған мағлұмат беріп өтейік.

      Құран жалпы 10 бөлікке бөлініп 10 түрлі тән ғылымының санын береді. Арап тілінде онға бөлсек, онда тек пара арқылы 3 сүреден бөлініп тербелістік, қуатты ем-шипа көрсеткіші болып шығады. (Неге 3 сүреден? Кейінгі басылымдарда есебін шығарамыз). Құран ғылымы толық шешілу үшін арап тілінен екі есе одан да жоғары тілге аударылса ғана және әрбір арап сөзінің үш мағынадан төртіншісін таба білсек қана Құран ғылымы ашыла бастайды. Осы уақытқа дейін көп аяттардың жұмбақ болып келуі сондықтан болар және жаратушыдан дәлел үкім түспейінше ашылмайды да. Енді Құран сүрелерін 10-ға бөліп сызықтық бейнесін көрсетуге болады, егер сызықтық бейнесі болса есеп жүйесі де болу керек. Сол есеп негізі адам баласының он саусағында басты белгісі тұр. Егер де он санын ғарыштық тұрақты белгі деп қабылдап Құранды 10 сүреден бөлсек 13 жан білімі шығады. Екі алақанда 38 буын болып ортасында бір-бір «А»- дан белгі болып 40 шілтен немесе 40 әулие белгісі бар. Енді екі «Л» сыртта ғайып және ерен болып шығады. Адамзатқа берілген басты негізгі жоспар Ібіліс ғұламаны жеңу болып табылады. Енді он саусаққа орналастырсақ «ІБІЛІС-АДАМ» болып екі қолдың арасы екі теңіздің қосылу сипатын береді. Сол қол ащы су, оң қол тұщы су болып екеуін қосып бата тілейміз. Ғылымды меңгеріп қана Ібілісті жеңіп «бүтін адам» болып қана Алла тағалаға қосылуға мүмкіндік берілген. Қалай Ібілісті жеңу керек екені Сәни дәптерде жазылған.

     Сәни дәптер 13 кезеңнен тұрады, яғни жанның 13 даму сатысын көрсеткен. Барлығы 10+13=23 саны шығады да, Құранның 23 жылда түсу белгісін айқындайды. Демек Алла тағаланың нығметі арқасында Мұхаммет пайғамбарымыз Құранның 23 белгісін жан мен тәннің бірігу заңдылығын оңай меңгерген бірден-бір Адам ұрпағы. Ал пайғамбарлыққа дейінгі 40 жыл адамзатқа жаратушы тарапынан берілген толысу кезеңі болып, ғайып ерен қырық шілтеннен дәріс беріледі, жер анамен толық байланысу кезеңі болып саналады. Пайғамбарымыздан кейін үлкен еңбекпен сол ізбен жүріп өтіп, тағы 63 жыл жер астында өмір сүріп, көкпен байланысты түрде шариғат амалдармен Құран ғылымын дәлелдеп кеткен түркі ұрпағы Құл қожа Ахмет Ясауи «Көк тонды» бабамыз. Сондықтан енді сол 13 кезеңнің ішінде бүкіл шариғат, тарихат, мағрипат және ақиқатты табу амалдары бар. Қазақ халқына жаратушымыз екі түрлі де оқу жолын меңгеруді үйреткен. Қай жағының таңбасы басым болса ғылым да айқындылығы басым болатыны белгілі. Жалпы солдан оңға қарай оқу тәсілі; ғайыптан аныққа қарай жүру жолы болып табылады. Демек әуелі көктен белгі алып аян (гипотеза) арқылы болашағы болжанып, түсінігі (теория) аяттар арқылы қалыптасып ішкі сыры ғылыммен өлшеніп білімге (санға) айналса, өмір өлшемдері дамиды және түсінікті де болмақ. Ал арап тілін енді болашақта тек жанды тазарту, ем-шипа және ғайыпқа тылсымға көтерілер кілт «рахмет» түрінде ғана пайдалану қажет. Құран аяттарының басқа тілге аударып сөздердің құпия баламасын тектерін іздеу арқылы үгіті түсінікті болып, ғылымдық құпия сырлары ашылып, адамзаттың ғылымда өркендеп даму кезеңдері болады. Ал керісінше арап тілінің Құран аяттарынан басқа сөздер дыбыс үндестігі басқа тілді елдерге зияны тие бастайды. Ол да жаратушы тарапынан түскен үлкен сынақ!
«Құран аяттарынан ем-шипа және рахмет түсіремін оған қарсы зиянкестер артады» деген аяттың мағынасына мұқият зер салсаңыз, болашақта арап тілін оңды-солды пайдаланудан әсіресе түркі әлеміне келетін қауіпті аңғаруға болады. Оған әзірше көз жеткізу арап тілінің қасиеті ғылымда анықталмайынша мүмкін емес. Әзірше одан шығар жол тек Құран үгітін өз тіліңде меңгеру және өліктермен сөйлесе білу ғана деп біліңіз. Қандай дін танушы болсын тау-тас та, ағаш та, құстар, аңдар, бүкіл жаратылыс егелері Аллаға сәжде жасап, сөйлейтінін мойындағанмен, сол бүкіл қозғалысты қамтамасыз етіп тұрған адам жаны екенін және сөз тек адам жанына жазылғанын дәлелдеу үшін алда талай том-том кітаптар жазуға тура келсе, сонша дәлелді Құранның құпия асыл үкімдерін жоққа шығаруға дін танытушыға бір аяттың үштен бірі жетіп жатыр. Құранда Раббтан түскен сөзді немесе көктен соққан желді «уахи» десе, қазақта көркем сөзді «бата» деген. Әзірше «Жел тұрмаса шөптің де басы қимылдамайды» дегенді ырым етіп, сол дәстүрдің қазақта қалай жалғасын тапқанының нәтижесін, болмысын баян етейін.

     Жеті атасын білмейтін – ер жетесіз, жеті ғасыр тарихын білмейтін – ел жетесіз. Күніне мың да бір шүкіршілік айтып, өзінің санатқа кіріп сапқа тұрғанына жұбанатын, бабасының бертінгі атасының атына кір келтірмей, қалың қол аттанбай тұрып үлгергеніне қуанатын. Қазақ ол заман тұрмысқа шағынбайтын, бұтын артар жалғыз көлікті мініп шапса да, ханның қасына еріп қалың қазақпен бірге кетсе болды. Оған бақыт та сол, бақ та сол. Қазақтың руханияты терең еді ол кезде. Өзімшілдік, үй күшіктік деген жоқ, көпті көрсе арқасы қозып, есі кететін бойындағы барын салып жігіттілігін, тектілігін жұртына, жұрт билеген ел ақсақалдың алдында көрсетіп батасын алса сол жетеді. Ең үлкен саудасы қазақтың бата болатын. Басын өлімге тігіп көзге түсуге ұмтылғанының ақысы бидің батасы мен елдің пай-пайлап баласына сүйінгендей ғана. Ерлігі үшін ақша алу, сыйлық алу дегенді түсінде де көрмеген. Сол қазақ бүгін президенттің қолдауын айлық ақша көбеймесе тыңдағымыз келмейтін жағдайға жеттік. Сол ер бабаларымыздың, әулие аталарымыздың ұсақ ұрпақтары тұяғы қыбырласа аранын ашып ақша талап етеді. Тұяқ қыбырласа емес жай ғана тілеулес болуға, қарны тоймаса пейілі жоқ. Еліміздің тыныштығын тілеп патшамыздың аман отырғанына шүкіршілік қылудың орнына, басқа елдің айтағына еріп, өзінің аузы арақ сасып отырған мастығына қарамай өзіміз өсірген ұлы не технология білмейтінін, не үйленбейтін жасықтығына қарамай қыңыраятын болды. Жолдауды естідік, тамақ көбейді, семіретін болдық, енді бір үш жыл шыдасақ, әукеміз салбырап, ырсылдап әрең жүретін жағдайға жетеміз деп көңіліміз орнымызға түсіп отыр.

       Қазаққа жан ашып отырған азаматтарымыз парламентке өтпей қалдық, сүйектің майлы басынан құр қалдық деп шет жұрттың қолтығына кіріп, айтағына еріп өз еліне қарап үріп жатқандары қаншама. «Су ішкен құдығына түкіріп, одан болашақ өз ұрпағы ішетінін кім ескертер?». Сонда жақсылыққа жамандықпен жетер ме екен? Ойланайық, атадан онсыз да аз ұлтпыз. Тектілігімізді қалай табамыз? Абылайханның еліміздің төрт құбыласын тең ұстай білген рұхын, Абай атамыздың жерді ешқандай реформасыз-ақ кімге қанша, қалай жерді бергенде тиімді болатындығын қарапайым-ақ дәлелдей кеткен ғылымын, Абай рұхын, билеріміздің күрделі қиын шытырман оқиғаларынан оңай шешімін тауып шыға білген рухтарын, батырларымыздың елім-жерім деп мыңдаған қолға қарсы шығып жеңе білген рұхын, малдың соңында жүріп-ақ небір шешендік, мәнін әлі кезге дейін жоя алмаған сөз қалдырған бабалар рұхын қалай табамыз. Жаратушымыздың әмірімен сол мәңгілік келместей болған ата-бабаларымыздың рұхы сөйлеп жатыр. «Адам олар қаперсіз бет бұруда. Олар раббыларыңның өздеріне келген әр жаңа ескертуді мүлде ойыншық етіп қана тыңдайды». (Әнбия – 12). «Менің пенделерім бата алған қауым. Олардың қайсысының яғни біріншісінің яки соңғысының жақсы екені беймәлім». «Алла тағала ақирет күні адамдардың екі тобын назардан тыс қалдырады, олар; туысқандық тамырларынан арылғандар және нашар көршілікте болу». (х-186, 26) Қазақтың тамырына нәр беріп тұратын қандай да бір шешім қабылдау үшін әулиеге түнеп бата алатын дәстүрін пайғамбарымыз менің қауымым деп ескертіп өсиет етсе, Жаратушы иеміздің сыйлығы және ескертуі қазақ халқының тағдырына жазылғаны бекерден бекер емес. «Батаменен ел көгерер, жауынменен жер көгерер» дегендей өліктерді Алла тағаламыз сөйлестіріп, сонан алып жатқан шапағатқа тоқталсақ.

     Бабаларымыз өздерінен ғана мағлұмат беріп қоймай, тарихта жоғалып кеткен сіздің жеті атаңыз, сонымен бірге қасиетті өмірден өткен ұрпақтары жойылып та кеткен ата-аналардың аттары аталып қажет деп тапса қай жерде жатқандығын, сол жер белгілеріне дейін айтып дәлме-дәл тауып беріп жатыр. Болашақта тарихтағы көп деректерге түзету енгізесіңдер деп ескертеді.