Жаз шығып, жаманшылық жоғалғанда,

Тал гүлдеп, шалғын өсіп, оңалғанда.

Көлбеңдеп көкорайда күрілдетіп,

Орақшы пішен шауып шөп алғанда.

Бүлдірген, қарақатты тереміз деп,

Қыз-келіншек сай-сайға жоғалғанда.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.
Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
Бір білімді данышпан жан табалық.
………… …….. ………
Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
Аздап бері тым кетті құдай ұрып.
Білмегені білгеннің тілін алмай,
Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.

Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,

Арам айла, зорлықсыз мал табалық.

Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік

Бір білімді данышпан жан табалық.

…………  ………..  ………….

Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,

Жас бойға жаман атақ тағынбалық!

Таза ойлап, татулық іс табалық!

Жау жоқ, тіпті жауды сағынбалық!

«Абай» журналының екінші нөмірінде жарияланған ардақты Мәнен бауырымыздың «ұлтшылдық» деген мақаласына бір ауыз сөз айтқымыз келеді,– дейді Шәкәрім қажы.– Менің ұғуымша ол кісі: «ұлтшылдықтан мәдениет, мәдениеттен адамшылық туады»– дейді. Бұған дәлел керек қой?! Көріп отырмыз, ұлтшылдық пен мәдениеттің ең жоғарғы басқышындағы Европа, олар адамшылық қылып отыр ма? Менің ойымша әлі күнге шейін, асса ұлт, қалса өзімшілдіктен аса алған жоқ».

«Адам өмірін қалай түзеуге болады? Адам қайткенде тату тұра алады? Ойлы, саналы адамдардың ғасырлар бойы миын тыншытпай, өмірін сарп еткен, әлі де сан адамдардың арын қозғап, ойларын тыншытпайтын осы сұрақтар…Бізше, адам өмірін түзеуге, барлық адамдар тату тұруға негізгісі адал еңбек, ақ жүрек, арлы ақыл болуға керек. Дүниеде бұл үшеуі үстем болмай, адам баласына тыныштық, өмір сүруге мүмкіндік жоқ. Әрине, адам оқып, білім үйренуі қажет. Білімсіз-ғылымсыз өнер табылмайды. Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ. Сол тапқан байлықты барша адам баласының керегіне, пайдасына жарату керек. Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. Ал арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтанды білмейді және істемейді..» (Шәкәрім әулие).